Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Павлодарға келе жатыр. «Әкемтеатр» қойылымдары 10-14 мамыр күндері Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыкалық драма театрында сахналанады.

Қадірлі жерлестер, құрметті театрсүйер қауым, Алматыдан аңқыған жұпарды сезінгіңіз келсе, Алатаудан ескен самалмен тыныстағыңыз келсе, театр тартуынан кеш қалмаңыз.

Гастролдік сапар шымылдығы 10 мамыр күні Абайдың Қара сөздері желісімен жазылған «Қара» драмасымен түріледі. «Қара» драма-диалогындағы жалғыз кейіпкер – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға отыз бес актер пішін дарытып, жан бүркеді. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастырады. Қойылым ұлттық құндылықтарды, бейбітшілік пен келісімді дәріптейді.

11 мамыр күні көрермен назарына Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасын ұсынылады. Спектакль мәңгілік бірге боламыз деген Бүркіт пен Бәтестің тағдыры, Мүсәпірдей адамдардың мүсәпір халы арқылы халқымыздың қилы кезеңді тарихынан сыр шертеді… Бүркітті бай баласы деп мектептен шығарады, газетке жазады, әкесін түрмеге жабады, сүйгенін басқа біреу алып кетеді. Жаңа жауған аппақ қардай кіршіксіз махаббатты өмірдің дауылы неге шайқады? Жүрек тербер, көңіл толқытар қойылымда осы сауалға жауап табасыз.

Мұхтар Әуезовтің қазақ кәсіби театрының шымылдығын алғаш ашқан туындысы – «Еңлік-Кебек» трагедиясы 12 мамыр күні сахналанады. Бұл спектакльді театр халыққа сан рет ұсынған. Жаңа қойылым оқиғаларының негізгі желісі де Еңлік пен Кебектің махаббаты аясында өрбиді. Бұл от сезім екі жасты бақытқа емес, қасіретке бастайды. Өйткені ұлттық құндылықтарға, халықтың бүгіні мен болашағы үшін күре жол – Дала заңына кереғар. Сонда  жалқы мен жалпының үйлесімі қайтсе табылады? Заман сауалына жауап беруге тырысқан театр ұжымының өнеріне бірге куә болайық.

Ал, 13 мамыр күні Бернард Шоудың «Пигмалион» пьесасының желісімен «Сүйікті менің періштем» комедиясы қойылмақ. Спектакль жаны жоқ батпақтан жасалған мүсін нағыз суретшінің қолында биік өнер туындысына айналатыны жөнінде. Нағыз өнердің құдіретінде шек жоқ. Өнер ғана адамның рухани жанын оятып, әдемілікпен байытады. Спектакль ең кедей, білімі жоқ, қараңғы адам да талмай еңбек етсе, зиялы адамдардың қатарына ене алады деген идеяны ұлықтайды. Осы тұрғыдан алғанда, сауатсыз, гүл сатушы Элизаның білімді ледиге айналуы – болашақ қоғамда міндетті түрде орын алатын құбылыс.

Гастролдік сапар 14 мамыр күні түйінделеді. Бұл күні Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» драмасына  куә боласыздар.  Пьесада заманынан озып туып, соңына өшпес рухани мол мұра қалдырған, көрнекті ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың ақтаңдақты тағдыры баяндалады.  Халық жауы науқанымен екі рет ұсталып, қырық төрт жыл ғұмырының  он жылын түрмеде өткізген ақынның өмірбаяны аяулы жары Зылиханың  естелігі арқылы беріледі. Қиын-қыстау уақытқа, небір кедергілерге қарамай ерінің соңынан іздеп сан рет барған; өмір бойы Мағжан рухын ардақтап, өзінің соңғы демі біткенше ұлы ақын жырларының кейінгі ұрпаққа жетуіне бар күш-жігерін салған Зылиха…  Олардың ұлы махаббаты – кейінгі сан ұрпаққа өнеге.

Қадірлі жерлестер, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының Ертіс-Баян өңіріне жасаған тартуын қабыл алыңыздар. Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерге куә болғыларыңыз келсе, 10-14 мамыр күндері Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыкалық драма театрынан табылыңыздар!

Әзірлеген Е.ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий