Мұрат АЯҒАНОВ
Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы кезекті «соғыс» жарияланды. Ұрыста тұрыс жоқ. Жауапты мемлекеттік органдар мен Ертіс бойын жайлаған аудан-қалалардың басшыларында жаз бойы масамен алысамыз деп маза болмайтын түрі бар. Оның үстіне қансорғыштардың ізіне түсуде тәжірибе жиып қалған облыс әкімі Асайын Байханов: «Көктемде қолдарыңды кеш сермеп, шыбын-шіркей қанаттанып үлгерсе, маса емес, қандарыңды мен ішемін» деп сес көрсетіп отыр.
Соңғы жылдары Керекудің әкім-қаралары қансорғыш жәндіктерге қарсы күреске айрықша көңіл аударып, оған өңірлік деңгейде маусымдық маңыз берілетін болған. Мамырдың ортасын ала қанаттанып ала қоятын шіркейдің жолына ештеңе де бөгет бола алмайды. Қыбырлаған жан-жануарға жаудай тиетін бұл жәндіктен Ертістің бойын ен жайлаған елдімекендер қатты зардап шегеді. Шіркейдің адамдарды талауы былай тұрсын, қара бұлттай төніп келетін оның шабуылынан үй құстары, жас төлдер тырапай асып өліп қалады. Өрісте мал жайылудан қалып, көктемнен көтерем шыққан ірі қаралар шіркейдің зобалаңынан арам қатқанын да көргенбіз. Қысқасы, мамыр-маусым айларында еліміздегі ең ұзын өзен бойын қоныс еткен ауылдар мен шаһарлар үшін бұл қансорғыштар кәдімгідей үлкен проблема. Одан соң шілденің ортасына дейін ызыңдап есті шығаратын сары масаның әлегі ол бар.
Биология ғылымының докторы, профессор Қанат Ахметов – өңірдегі шыбын-шіркейге қарсы күрестің жайын жақсы білетін маманның бірі. Ғалымның ақыл-кеңес беруімен жыл сайын арнайы мамандар тобы әуелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, одан соң өңдеу шараларына кіріседі. Қанат Қамбарұлының айтуынша, шыбын-шіркейдің соңғы 50 жылда адамдар мен жан-жануарға жаудай тиіп, агрессиялық тұрғыда мінез-құлық танытуының өзіндік себептері бар көрінеді. Себебі бұл жәндіктер дернәсілге айналған уақытынан-ақ күйзеліс күй кешеді. Ғалым бұл өзгерісті былай түсіндірді:
– Ертіс – көбіне жазық далада ағатын үлкен өзен. Әдетте мұндай өзендердің бойында шіркей популяциясы көп болмайды әрі агрессорлық мінез-құлқы онша озбыр болмауы тиіс. Егер су айдынындағы табиғи процестер бұзыла бастаса, ондағы жәндіктердің күнделікті өмірлік салты да өзгеріске ұшырайды. Мұны айтып отырғаным, 1970-інші жылдарға дейін, яғни Шығыс Қазақстандағы каскадты су бөгеттері салынбай тұрып, Ертіс табиғи жолмен жылына 2 мәрте таситын. Әуелі қар еріп, мұз жүргендегі уақыт. Одан соң маусым айының ортасында, Алтай тауларында жатқан мұздықтар еріген кезде. Бірақ, ғалымдардың айтуынша, бұл екі тасу процесі табиғи болғандықтан баяу әрі білімсіз жүрген. Бұл ырғаққа өзенді тіршілік еткен балықтар мен түрлі жәндіктер, соның ішінде қансорғыштар да ғасырлар бойы бейімделіп кеткен ғой. Каскадты су қоймалары тұрғызылған соң, Ертіс жылына бір ғана мәрте, көктемгі мезгілде жасанды түрде таситын болды. Ол дегеніміз миллиондаған текше метр су бір мезетте бөгеттен жіберіле салады. Тасқын су жолындағы барлық шөгінділерді аударып, құм-қоқысты жол бойы шашып әкеледі. Судың бір мезетте күрт көбейіп, өзеннің өз кемерінен асуы ондағы жәндіктерді күйзеліске душар ететінін байқаймыз. Олардың кейбірі дұрыс дамымай қалады. Соның ішінде су жылып, дернәсілдері өсе бастаған болашақ шіркей түрлері өте ашуланшақ болып, яғни агрессиямен жетіледі. Сөйтіп өз дамуында қаншама қиындықты өткеріп, қоректену тапшылығына ұрынады. Әсіресе, аналықтары ұрықтанып, қанаттанған шақта аштық сезімін басу үшін бірден ақуыз іздей бастайды. Ал ақуызды алудың ең оңай жолы – жылы қандыларға жармасып, қанын сору. Жылы қандылар дегеніміз бұлар – тіршілік иелері, адамдар мен жануарлар, аң-құстар, дала тышқандары, т.б. Сөйтіп шіркейлердің үйірі жолында кездескен жылы қандыларды тарпа бас салып, талайды. Бұл жәндіктер тіпті, жетілу кезеңінде өзеннің көлеңкелі жерлеріне үймелеп, бір-біріне кедергі келтіретіні де мәлім. Әр тіршілік иесі өмірге келгенде соңына ұрпақ қалдыру миссиясын орындайтыны белгілі ғой. Бұлардың да қысқа тіршілік мәні ұрықтарын молынан салып кетуден тұрады,-дейді ол.
Шыбын-шіркейдің даму, қанаттану процесі сыртқы ортаның әсеріне тікелей байланысты. Яғни, күн күрт ысыса, өзен-көлдегі, шалшықтағы судың температурасы да жоғарылап, дернәсілдер тезірек дамып шыға келеді. Былтыр мамыр айының салқын болуынан шыбын-шіркейдің қанаттану процесі кідіріп, нәтижесінде Павлодар қаласының тұрғындары шіркейдің шабуылына аса ұшырай қойған жоқ. Жыл сайын көктемде қансорғыш жәндіктерге қарсы биологиялық және химиялық өңдеу шаралары басталып, ол жаз бойы жалғасатыны белгілі. Олардың қай уақытта іске кірісіп, қай кезеңде кідіруі тиістігін дернәсілдердің дамуын зерттеумен айналысатын ғылыми топ мүшелері белгілеп отырады. Ғылыми зерттеу жұмыстарының арқасында соңғы уақытта Ертіс-Баян өңірінде өңдеу жұмыстары жүйеге түсе бастаған. Алайда кейбір уақытта, мәселен 2017 және 2021 жылдары мердігерлер жұмысқа кеш кірісіп, шіркейлер ерте ұшып, жұртшылықтың мазасын алды. Арнайы топ мүшелері мен ендігі мердігерлер сондай кемшіліктерден сабақ алса игі.
Қ.Ахметов соңғы 20 жылда өзі бақылап жүргендей, шіркейдің дүрк етіп көтерілуі көктем-жаз айларында әр 7-8 күн сайын қайталанып тұрады екен. Жәндіктердің жұмыртқасы суда алғаш пайда болған кезде олармен күресудің еш нәтижесі жоқ. Павлодар облысында жыл сайын шіркейге қарсы «Бактицид» деп аталатын микробиологиялық препарат қолданылатынын айтып өтейік. Препарат дернәсілдер топтасқан су айдындарына әуеден, кемемен және жаяу жүріп шашылып, онымен қоректенген қансорғыштар ішегі бұзылып, қырылады. Яғни, биологиялық дәрі дернәсілдер өз бетімен қоректене алатын дамуының үшінші деңгейінде ғана нәтижелі. Мамандар бақылап отырады да, уақыты жеткенде «Бактицидті» шашып, оларды жояды. Дей тұрғанмен, шіркейдің популяциясын біржола құртып жіберу деген ойға сыймайтын дүние. Бекітілген стандартқа сүйенсек, егер әлгі биологиялық препарат шашылған жерлердегі қансорғыштардың кемі 80 пайызы қырылса, өңдеудің нәтижелі жүргізілгенін білдіреді. Ал қанаттанып шыққан шіркейлерді жою үшін кезекте химиялық, барьерлік өңдеу күтіп тұрады. Ол елді мекендердің айналасындағы шөптесін жерлерде, ағаш тоғайларында жүгізіледі.
– 2000-шы жылдардың басында Ертіс өзені бойын зерттеп жүрдік. Сонда бір дециметр аумақта шіркейдің 6 мың данаға дейін дернәсілі кездесетін. Өңдеу жұмыстары жыл сайын жүйелі жүргізіліп келе жатқанының нәтижесі болуы керек, қазір бұл норма 1 мың данаға дейін төмендеген. Негізі дернәсіл даму барысында төрт мәрте түлейді, содан аман өтсе ұшып кетеді. Тағы бір қызық айтайын, 2000-ыншы жылы Ертіс өзенінің Павлодар қаласы аумағында (ағыстан жоғары – 50, ағыстан төмен – 50 шақырымға дейін) осы жәндіктің 5 түрі кездесті. Ал 2007-2016 жылдар аралығында олардың 2 түрі мүлде жоғалып кетті. Жойылып кетті ме деп жүрсек, 2018 жылдары әлгі түрлері қайтадан пайда болыпты. Сөйтсек, олардың популяциясының белгілі бір түрлері азайып, өзгеріске түсіп отырады екен. Жоғарыда айттым, Ертіс – үлкен өзен. Мұндай орасан су айдындарында әрі кетсе бұл жәндіктің 10 түрі бар шығар деп есептеймін. Бұйыртса, биыл өзеннің Ресей шекарасына дейінгі аумағын зерттеп шығатын ойымыз бар, – деп жоспарымен бөлісті ғалым.
Шіркейден кейін ылаң салатын сары масаның да соңғы уақытта тым көбейіп бара жатқаны Ертіс өзенінің жайылмаларындағы табиғи баланстың бұзылуынан болуы мүмкін. Себебі Ертіске су босатылғанда көп судың екпінінен жайылмаларға су мол шығып кететіні бар. Ал сары маса жайылмаларда, шалшық суда, өзеннің ескі арналарында жылдам дамиды. Таяз сулар күн сәулесінен тез жылитындықтан дернәсілдер үшін дамуға таптырмайтын орын. Сары маса да шіркей сияқты қоршаған орта жайлы болса қазан айына дейін қанаттана беретін қансорғыш.
***
Айтып өтейік, Павлодар қаласында 2023-2025 жылдары шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстарын атқару құқығын «Хлебстрой» ЖШС конкурста жеңіп алды. Атауы біртүрлі болғанымен фирма қазынадан бөлінетін 450 млн теңгеге үш жыл бойы шаһарға қарасты саябақтар мен скверлерді, орамішілік аумақтарды және бау-бақшалардағы қансорғыш жәндіктерді құртуға құрал-жабдығымыз жеткілікті деп сендіріп отыр. Олар биылдың өзінде 8,8 мың гектар аумақты өңдеуі керек. Жергілікті тұрғын үй инспекциясының мамандары кәсіпорын қызметкерлері жүргізетін дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігі 80 пайыздан кем болмауы тиіс екенін айтады. Өңдеушілер 1 наурыздан бастап көпқабатты баспаналардың жертөлелеріне сұйық препараттар шашуды бастап кеткен. Алғашқы кезекте Толстой көшесіндегі №90, 92, 94, Қамзин көшесі бойындағы №82, 82/1, 100, 102, Павлов көшесі, 71, Катаев көшесі, 55, Павлов көшесі, 55, Геринг көшесіндегі №3, 4, Нұрмағамбетов көшесіндегі №12, 18/1 және тағы басқа тұрғын үйлер қамтылды.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева өңір бойынша биыл шыбын-шіркейге қарсы күрес шаралары 10 сәуірден басталып кететінін хабарлады. Өңдеу шараларының сапасын арттыру үшін қансорғыштан көбірек зардап шегетін Ақтоғай мен Тереңкөл аудандары және Ақсу қаласы бөлек жол карталарын әзірлеген. Проблемалы аймақтар облыс орталығында секілді әдіс-тәсілдерді жүзеге асырады. Жалпы аумағы 33,5 мың гектар жайылма ұшақтың көмегімен әуеден өңделеді деп жоспарланған. Ертіс өзені маңындағы суларға химиялық препарат себіледі. Әуеден және өзен үстіндегі улау жұмыстары аяқталған соң елді мекендер айналасында барьерлік өңдеу шаралары басталады. Ол көбіне шағын техника және адам қолымен жүргізілетінін ескерсек, біраз уақытты алатын процесс.
Облыс басшысы Асайын Байханов үшін қансорғыштармен күрес жаңалық емес екенін жоғарыда жаздық. Себебі бұған дейін ол облыс әкімінің орынбасары болып тұрғанда және кейін Павлодар қаласына басшылық жасағанда бұл іспен тікелей шұғылданған. Сондықтан әкім бұл істің ұңғыл-шұңғылын жақсы түсінеді. Жуықта өткен бір жиында Асайын Қуандықұлы дезинсекциялық шаралар өз деңгейінде жүрмесе, ғылыми топ пен мердігерлердің, өңірлік басқарма басшыларының қанын қанатты жәндіктер емес, өзім ішемін деп қорқытты. Ал ауа райын болжаушылар биыл Ертіс бойына көктем ерте келеді дейді. Ендеше бұл жауапты іске қатысы барларға сәттілік тілейміз!