(«Мен сізден қорқамын» драмасы негізінде)
Оралхан Бөкей ‒ ойшыл жазушы, еркіндікті, рух тәуелсіздігін қолай көрген суреткер. Сол ойшылдық, сол психоанализ драмаларында да көрініс тапқаны ешкімге жасырын емес. Ол кейіпкерлерін алыстан іздемейді: өзі көрген, өзі таныған, өзі зерттеген, өзі білетін, тұрмысы ‒ қарапайым, жаны ‒ күрделі кісілер. Бұлардың сапында: жылқышы, мал шаруашылығының бригадирі, журналист-практикант, тракторшы жігіт, сауыншы қыз, бөлімше басқарушысы, сиыршы шал, теміржолшы, түрксібші, сақалды жұмысшы, кексе жұмысшы, бала жұмысшы, ғылым кандидаты, аспирант қыз, көше сыпырушы, гитаралы жігіт, төменгі балкондағы интеллигент, милиционер, көмекші жылқышы, соқыр қыз, бұйра бас жігіт, даяшы қыз, музыканттар, маралшы жігіт, әнші қыз, т.б. бар.
Классик жазушы Әбіш Кекілбай Оралхан туралы былайша ой қорытады: «Кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар: жасқа – ақыл, кәріге – қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады». Ал, Шерхан Мұртаза: «Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бірде-бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын. Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер», ‒ дейді.
Оны мына дүнияның физикалық қабатымен қатар, метафизикалық құбылыстар, мифологема да қызықтырғаны қарақты көзге белгілі. Автор галереясында, оның әдеби әлемінде полтергейсттік, фантомдық сипаттағы көркем бейнелер де көптеп ұшырасады. Мәселенки, әкелер рухы, Корчагин, Сәкен, Мәншүк елестері, Қар қызы (Алмажан), елес қыздар, қорқынышты дауыс, тракторшының рухы, мылқау кемпір, жесір әйел, жұмбақ адам, делқұлы, Аспан-Қыз тақылеттес қаһармандар шығармаларына шырай кіргізіп тұр.
Қаперде ұстарлық нәрсе, қаламгер драмалары мазмұндық тұрғыдан біртектес емес. Мысалы, романтика, лирика, ностальгия орнын аңызбен астасқан мистикалық сарын басса, ал эскапизм патетикаға, психологиялық драма әлеуметтік коллизияға алмасып жататыны аян. Сол себепті де, Оралханның туындыларын біржақты талдау ‒ әуелі, қаламгер еңбегіне, сонан соң көркем мәтінге үлкен қиянат, обалды іс. Көркем шығарма ‒ көңіл айнасы, жан проекциясы, рух сәулесі, сезім нұры, ой тозаңы. Оралханның жан-ділі қандай күрделі болса, пьесалары да белгілі бір қалып-штамптардан ада. Осы тұрғыдан келгенде, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков әдебиеттегі әріптесі, әрі қатарлас-қанаттасы туралы былай дейді: «Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш-өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді». Көркем шығармадағы есім-сой ‒ пошым, түр-тұлға мен ішкі мазмұн үйлесімі. Автор өз кейіпкерлеріне ат қойып, айдар тағарда кездейсоқтыққа бой ұрмайтыны сезіледі. Айталық, Бозтайлақ, Жан, Қаражан, Анар, Ұзынтұра, Қарлығаш, Қоңқай шал, Қамбар, Омар, Оспан, Таңатар, Ақай шал, Сара, Кан, Жағырапия, Автор, Батыр, Анна, Мен, Ақтан, Қаратан, т.б. Оралхан бас-аяғы жетіден аса пьеса жазғандықтан түсін түстеп, атын атасақ еш артықтық етпес, бұлар: «Құлыным менің», «Қар қызы», «Зымырайды поездар», «Бармысың, махаббат?», «Екі әйелдің әңгімесі», «Текетірес», «Мен сізден қорқамын». Біз соңғы шығармаға аз-кем тоқтала кетсек деген ниеттеміз. Ерекше айта кетерлігі, драмашы «Мен сізден қорқамынның» жанрын «екі бөлімді қиялнама» деп айқындаған-ды. Сондай-ақ, суреткердің қуатты қаламынан шыққан «Бармысың, махаббат?» туындысының жанры ‒ «драма-триптих». Ол триададан (III) бас құраған: 1.) «Өліге бақыт керек пе?», 2.) «Жанар», 3.) «Жұмбақ шал».
«Мен сізден қорқамында» 7 негізгі: Тасжан ‒ архитектор жігіт, Бота ‒ қазақ қызы, Вайра ‒ латыш қызы, Алтай ‒ Тасжанның ауылдағы досы, Ақапа ‒ кемпір, Ақ қалпақты еркек ‒ Ақапаның баласы, Аспан-Қыз ‒ елес және 10-нан аса қосқалқы кейіпкер: Дүрбілі еркек, Көрші әйел, Даяшы әйел, Биолог, Астроном, Дәрігер, Күзетші шал, Ауылдағы шал, ресторандағы жігіттер мен қыздар қатынасады. Драма «Тасжанның түсі» (Бірінші бөлім), «Шегініс» (Екінші көрініс) бөлімдерінен және жеті көріністен тұрады. Туынды преамбуласы онейрологиялық мазмұнда басталған. Шырт ұйқыда жатқан Тасжанның түсіне Аспан-Қыз енеді. Автор жігіттің аузына: «Маған дүниенің кілтін бер. …Жер бетіндегі өлім атаулыны аластап, тек қана мәңгілік ғұмыр сыйлар едім, адамдарға» деген сөз салады. Оның утопиялық тілек-ұсыныстары елес қызды қанағаттандырмасы анық. Десек те, қаламгер бізге үміт сыйлайды. Пьеса ақырында: «Фараби атындағы творчество үйі, 1985 жыл, февраль» деп жазылған-ды. Бұл ‒ Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінен бір жыл бұрын жазылған туынды. Ақапаның: «Талабы таудай…. қабілеті қандай… мінезін айтсаңшы ‒ мінезін, түбіттей жұмсақ, маңғаз да майда… Уһ! ‒ жалған-ай! Жақсыны жасыққа жығып берген жазған-ай…», ‒ деп аһ ұрған, өзек өртер өкініші де орынды.
Уақиға телемұнара маңы, Көктөбенің етегіндегі жеке меншік үйде басталады. Жаман түстен шошып оянған Тасжанның көңілінде ‒ алаң көп. Көршінің: «Медеуден сел ағатын болыпты…», ‒ деген хабары да елдің зәресін ұшырғаны сөзсіз. Хронотоп жылдам ауысып отырады: ер жігіттің туған жері ‒ Алтай, тұмса табиғат, Тасжанның досы және оның Шал есімді шалғы қайрап отырған әкесі. Осы ретте, академик, тілші-ғалым Рабиға Сыздықтың мына ізгі сөзі көкейге қонымды: «Жазушы Бөкеев ‒ туған өлкесі ‒ әсем Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы! Оның шығармалары Алтай өлкесінің гимні іспеттес».
Автор тудырған мизансценалар бір-бірімен мидай араласқан, нәтижесінде органика күшейіп, арадағы байланыс мығымдана түскені рас. Жарық сөніп, қайта жанғанда Тасжан мен Алтайдың балық аулап отыруында зор мән бар. Екеуара диалог нобайы ‒ отбасы, бақыт, адамның еркі, арман, өмір, достық. Мұнда авторлық «мен» айқын көрінеді. Оралхандық ой-толғаныс, Оралханға тән рефлексия сұлбаланады. Сондай-ақ, әлгіндей пәлсапа драманың өне бойында өріліп, әр-әр жерінде, қадау-қадау айтылады. Тасжанның өзді-өзіне: «Мен кіммін, осы?» ‒ деп сұрақ қоюында да қалың астар, тұлға-персонаның идентификациялық кодын іздеуге деген талпынысы жатыр. Дуалистік бастау ‒ екі Т, айқын аналогия («Атау кередегі» («Қауіпті будан») Таған да: «Неге біз осы…», ‒ деп басталатын құлаш-құлаш монологтарында адамзат құндылығы, адам ары, тұтастай болмыс туралы ой жүгіртетіні бар еді ғой). Жоғарыдағы пікірімізді белгілі театр режиссері, ұстаз Әубәкір Рахимов те қуаттайды: «Текетіресті» мен 1979 жылы қойдым. Мәскеуде диплом жұмысын қорғауым керек болып, Райымбек Сейтметов ағамыздың ұсынысымен осы спектакльді сахналауға дайындалдым. Жаңа ой туа қалса, бірден Орекеңе хабарласып, пікірін білемін. Мәселен, драмадағы Делқұлы бейнесі «Мұзтау» шығармасындағы Асан шалдың бейнесімен астасады ғой. Оны автор пьесада жағымсыз кейіпкер етіп алыпты. Ал, мен Делқұлыға философиялық қырынан келдім. Бұл ойым Оралханға бірден ұнады» («Дөңгелек үстелді» жүргізген Назерке Жұмабай. Оралханның драматургиясы // Қазақ әдебиеті. ‒ 2013. ‒ 24 мамыр, 10 б.).
Басты кейіпкер уақыт пен кеңістік тұрғысынан алғанда емін-еркін көшіп-қонып жүреді. Алтаймен бірге балық аулап отырған жігіт жарық сөніп, қайта жанғанда «қалада, темір төсектің үстінде шалқасынан жатады».
Ақ қалпақты еркектің үйіне достары: Биолог еркек, Медик еркек, Астроном бір дастарқан басында жиылғанда да кесек-кесек әңгімелер айтылады: өмір, өлім, әл-ауқат, тұрмыс-жай, ғылыми жаңалық, жастар, тарих, бейбітшілік… Өзі ‒ ширақ, сөзге ‒ жүйрік, ой-қиялы ‒ ұшқыр Тасжан тағы да сол маңнан табылады. Осы кезде: «Тағдыр тауқыметін ең көп тартқан ұрпақ ‒ Ұлы Отан соғысының ұрпақтары» деген сөз айтылады.«Біз білеміз сағыныштың салмағын / Біз білеміз жалыныштың зарлы әнін! / Біз білеміз бір анадан туса да / Өгей өскен ағалардың арманын» деп ақтаңгер ақын Жарасқан Әбдіраш «Соғыстан соң туғандар» туындысында жырлағандай, Оралхан (1943-жылдың 28-қыркүйегінде туған) ‒ Екінші Дүниежүзілік соғыс тұсында туған ұрпақтың белді өкілі, әрі оның буынындағы әр қаламгердің отбасын да қызыл қырғын оты шарпығаны белгілі. Сондықтан, биографиялық автордың да ара-тұра төбе көрсетуі ‒ заңды құбылыс.
Басты қаһарман планетарлық мәселелерді қозғайды: жасуша, Жұлдыз, Күн, Айдың жаратылуы, физиология, нерв жүйесі, ми, қоғам, ұйқысыздық… Архитектор-сәулетші бола тұра энциклопедиялық білімі бар Тасжан Тасболатов пен Федор Достоевскийдің «Идиот» («Идіотъ») атты «полифониялық романындағы» (М. Бахтин енгізген пән сөз) князь Лев Николаевич Мышкин арасында ұқсастық бар, екеуін де қоғам түсінбейді, есі ауысқан, жынды, делқұлы деп кемсітеді. Расында да, солай ма? Жоқ, олай емес қой. Көктөбеге жаңбырдың ерекше сіркіреуі де бекер емес. Тасжан мұны адамдардың күнәсінен тазаруымен байланыстырады. Ол «жасынды тауып алып, Қантәңірінің басына шығып, кірпік қақпастан қолына ұстап тұрса, әлемде бірде-бір мылтық атылмайды» дегенді көксейді. Мұраты ‒ әлемде соғыс болдырмау, баланы жетім, әйелді жесір қалдырмау. Әсілі, әлгіндей қылық елге донкихоттық боп көрінгенімен де, бұл ‒ көптің көкейінде жүрген нәрсе. Әсіресе, Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қырғиқабақ-дүрдараз жағдайда аталған драманың өзектілігі одан сайын арта түсері анық. Уақиғаның негізгі бөлігі Көктөбеде өтуінде де бір гәп бар. Өйткені, семиотикаға сәйкес тау бірнеше мәнге ие. Мәселен, бұл бір жағынан тәкаппарлықтың, менмендіктің, екінші жағынан тазарудың нышаны болса, ал үшінші жағынан Жаратушыға тән қасиетті, рухты, биіктікті білдіретін белгі.
Тасжан басқа қаладан ұшып келген соң танымайтын әйелді құтқарамын деп басы бәлеге қалады. Автор осы жерде жігіттің аңғалдығын, тазалығын, адам баласынан әлі де үміт үзбегенін көрсетеді. Ол кафеде Латвияның Елгава қаласынан жеткен Вайрамен танысады, сол жерде 5 жігітті жайратып тастайды. Драматург өз образын жаңа қырынан ашады, оны қоюлату үшін түрлі бояулар қолданады. Тасжан ‒ жомарт, нағыз ер, арқа сүйер азамат ретінде суреттеледі. Теңіз жағасында ойға батып отырған жігіттің көк көйлекті мұңды қыз ‒ Ботаны көріп есі кетеді, екеуінің арасындағы диалогта поэтизацияның екпіні ерекше күшті: «… Ал, мен сізді қонақ үйдің терезесінен ылғи көремін. Күн шығып келе жатқанда бота жетелеп теңіз жағасымен өтесіз. … Айналайын теңіз қызы, атыңды айтшы! Қайдан ғана іздеп табамын, сені?!». Әйел муза-сағым ұқсап көзден ғайып болады. Сөйтсе, бұл кейіпкердің түсі екен. «Мен сізден қорқамын» қиялнамасында 3 элемент ерекше көзге түседі: бірінші ‒ әйел заты, екінші ‒ түс мотиві және үшінші ‒ шизофрениялық дискурс. Соңғысы сау адамның сандырағы, я есерсоқтың есті сөзі дегенге саяды. Мұнымен қатар, найзағай, түн, күн, теңіз символикасы да менмұндалайды. Теңіздің қандай нышан екені Аспан-Қыздың аузымен айтылады: «Теңіз дегеніміз ‒ арманда аттанған қыздардың көз жасы…». Еркек өзін ешкімге не пайдасы, не зияны тимейтін тасбақаға теңейді, жер бауырлаған, түкке керегі жоқ кәдуілгі тасбақаға…
Драма соңында Тасжан Ботаны қайта көреді. Кейіпкер элегияға толы осы сәтті не өңі, не түсі екенін айыра алмай қатты қиналады. Бота ‒ «жұмбақ адам» болса, Тасжан ‒ «дүниеден жалыққан, қателесе-қателесе қайта жаратылған адам». Пьесаның атауы ‒ «Мен сізден қорқамын». Ал, бұл ‒ Ботаның өз репликасы. Қыз аққан (лейкемия/лейкоз) ауруына шалдыққан-ды. Бота ‒ жігіттің санасында, қиялында, өзге бір кеңістікте тіршілік кешетін бейне. Суреткер ойдан шығарылған образға тірі адамға тән қасиеттерді дарытқан. Бота ‒ перітектес қыз. Ол жігітке өзі шығарған «Жетім бота» деген күйді шертіп береді. Драматург екеуіне қатысты «рухани жар» деген сөзді қолданады. Бұл құбылыс ‒ платондық махаббатқа ұқсас өзгеше бір категория. Бас кейіпкердің өзіне-өзі берген анықтамасы мынадай: «Мен баяғы ‒ бала кездегі ‒ Тасжан емеспін. Мүлдем бөтен біреумін. «Жаны» жоғалып, тек «Тасы» ғана қалған… (Отты көсеп, сәл ойланады)». Ақапаның да, Тасжанның да, Ботаның да бойынан жансебілдік, шыдамдылық аңғарылады. Автордың көркем бейнелері бір қарағанда көнбіс көрінгенімен, әрқайсысы іштей тағдырға, қоғамға наразы. Орталықтан жырақта жүрген жандардың ішкі айғайы, ішкі сілкінісі сүт бетіне шыққан қаймақтай ап-анық көрінеді. Әлемді сақтау ‒ әр адамның міндеті. Қазіргі кезде Жер планетасы экономикалық, саяси, рухани, діни, экологиялық дағдарысты басынан өткеруде. Әлемді сақтау үшін адам алдымен өзін-өзі сақтау керек. Соғыс, террор, геноцид, аштық, түрлі катаклизм орнын мейірімділік, бауырмашылдық, достық, әділдік, мораль басса, Әлем өзгереді, адамзат өзгереді. Әр адамның миссиясы ‒ Әлемнің өркендеуіне өз үлесін қосу. Біз де Жер планетасының тұрғыны ретінде мына әлемге өзгеріс, тұрақтылық әкелгіміз келеді. Тасжанның жан түкпірінде де осындай ойлар жасырынған. Драма Аспан-Қыздың қорытынды сөзімен аяқталады: «Монданақтай жер шарын мәңгілік махаббат, оның өзінде Сіздерге әзірше беймәлім Аспан-Қыздың дара махаббаты ғана сақтай алады. Ал, ол, ғарыштың, әйтеуір, бір түкпірінде самғап ұшып жүр». Ежелгі Римдегі Сатурналии мейрамы кезіндегі patricius пен құл тең дәрежеде дәурен шегетініндей, Оралхан тудырған образдардан да еркіндік, теңдік лебі еседі. Ол драмаларында адамның әлеуметтік, рухани, жан дағдарысын этиологиялық тұрғыдан саралайды, мәселенің шығу тегін, себеп-салдарын іздестіреді, соған өздігінше жауап береді, бұл ретте оның авторлық концепциясы ‒ айқын. Оның шығармаларынан ауылдың исі аңқып тұрады, себебі бұнда қазақтың қоңыр тіршілігі көрініс тауып, шалғайдағы шал, кейуана-кемпір, қатардағы шаруа, жұмысшы-қызметкер өмірінің біз білмейтін, ел көп ести бермеген тұстары ашыла түседі. Біз жоғарыда тізбектеп шыққан шығармалардың қай-қайсысы болсын сахнаға сұранып тұр және бұлар ‒ өзектілігін де, өзегін де жоғалтпаған өр дүниелер. Тек қойсам, сахналасам деген режиссер, осыны ойнасам, өзімнің қоржынымды жаңа образдармен толықтырсам деген артист болса. Сөз соңында, көсемсөзші, театр сыншысы Назерке Жұмабайдың «Қазақ әдебиетіндегі» (2013 жыл, 24 мамыр) дөңгелек үстеліне Алаш жұрты танитын қос тарлан қатысқан-ды, енді содан үзінді келтірсем деген ойдамын:
«Әшірбек Сығай: – Әрине, оған алғашқы сүрлеу оңай болмады, жолы ауыр болды. Академиялық сахна жас авторға «күткеніміз сен едің, келе ғой» деп құшағын айқара ашқан жоқ. Мен мұны ашық айтайын, әсіресе, есімі елге белгілі ақсақал драматургтеріміз өзінен басқаның сахнаға беттеуін жақтырған жоқ. Сол аты белгілі қазіргі әдебиетіміздің тарихына алынған кісілер Орталық Комитетке дейін барып, жыбырлап, сыбырлап, күбірлеп, жолын бекіткісі келді. «Түн жарымында гитара ұстап, жұрттың тыныштығын бұзатын бұл не желпініс? Саяжай дегенді қайдан тапқан? Шолақ шалбар киген кейіпкерлерден жастар қандай тәрбие алады? Түсініксіз әуендер, желікпе сезімдер көрерменге кері ықпалын тигізеді, бұл біздің драматургияға жат» – деп өре түрегелді. Барлығы лап қойды. Қазір ол кісілер де қайтыс болып кетті. Содан кейін іле жастарға жол ашылды. Өз буынының ішінде драматургияның қасаң шекарасын бұзып, жаңа леппен екпіндете, құйындата, құйғыта келген осы Оралхан болатын. 1975 жылдары қатарға Дүкең – Дулат Исабеков қосылды. Іле ортаны Роллан Сейсенбаев, Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқайлар толтырды. Драматургиядағы жастық жалынға, жаңалыққа толы жылдар басталды да кетті.
Нұрқанат Жақыпбай: – Оралханның драматургиясы «Құлыным меніңнен» басталды ғой. Ол біздің жастық шағымызбен тұспа-тұс келген кезең. Сонда «Құлыным менің» қанша рет қойылса, сонша рет театрға келетінбіз, жалықпайтынбыз. Қойылымның біздің жанымызға жақын болғаны соншалық, бар мұңымыз бен еркелігімізді көтере алатын да осы спектакль сияқтанып тұратын. Кейінірек кәріс режиссері Мең Доң Уктің режиссерлігімен «Қар қызы» сахналанатын болды. Әуелде Нұржан деген жалғыз-ақ кейіпкер болатын. Соңғы нұсқасында Оралхан Нұржанды Бақытжан, Аманжан, Нұржан есімді үш кейіпкер етіп шығарды. Маған бұйырғаны Бақытжан рөлі болды. Нұржан мен Аманжанды ойнау міндеті Досхан Жолжақсынов пен Алтынбек Кенжековке жүктелді. Қар қызын Шолпан Сіргебаева ойнады. Ал, Қоңқай шалдың бейнесі Қасым Жәкібаевтің нұсқалауында қазақ сахнасындағы жаңалық кейіпкер болды. Сонда бір таңқалғаным, спектакль сахнада қанша рет ойналса, Оралхан сонша рет өзі қатысып, қойылымның бел ортасында жүретін. Артық-кем тұсын айтып, актерлер ойыны жайындағы өз пікірімен үнемі бөлісіп отыратын. Ол кездің адамдары да, мәдениеті де бөлек еді ғой. Бірі-бірінің жетістігіне шын қуанып, шын тілеулес бола алатын. Оралхан, Сағат, Баққожалардың барлығы сондай жандар еді. Спектакль қойылғаннан кейін, таң атқанша той болатын, түні бойы қыдыратынбыз».
Әлібек БАЙБОЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының,
«Қыр баласы» ҚҚ мүшесі,
Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты,
жазушы-драматург, әдебиеттанушы,
сыншы, аудармашы.