Биыл – Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ашылғанына 60 жыл толды. Аталған мерейтойға орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Әуезов феномені: ұлылар үндестігі» атты жылжымалы көрме ашылды. Көрме 13-14 желтоқсан күндері жұмыс істейді.

1961 жылы 10 тамызда ҚазКСР Министрлер Кеңесі жазушы Мұхтар Әуезовтың есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында оның тұрған үйін мұражай ету туралы Қаулы шығарды. Ал, 1963 жылы 28 қарашада Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйі есігін айқара ашты.

Бұл үйдің жобасын Г.Герасимов деген сәулетші жасаған. Үйде жеті бөлме бар. Оның төртеуі – бірінші қабатта. Онда қонақ бөлмесі, ас бөлмесі, жұмыс кабинеті және жазушының қарындасы Үмияның бөлмесі орналасқан. Қалған үш бөлме – екінші қабатта. Онда Мұхтар Әуезов пен Валентина Николаевнаның бөлмесі, сүйікті қызы Ләйләнің және ұлы Ернардың бөлмесі орналасқан.

Екі қабатты бұл үйде Мұхтар Омарханұлы өмірінің соңғы он жылын өткізді. Осы үйде қаламгер «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу жолындағы ұзақ жылдарға созылған қажырлы еңбегін аяқтады.

Көрменің ашылу салтанатына Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдері қатысты. Жәдігерлермен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Салтанат Мұқатаева таныстырды.

Салтанат Амантайқызының айтуынша, көрменің ашылуы – «Әуезов үйі» мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің араындағы шығармашылық байланыстың жарқын көрінісі.

– Көрмеге 130 жәдігер қойылды. Құнды жәдігерлер қатарында «Еңлік-Кебек» пьесасының 1922 жылы Орынбарда шыққан басылымы, 1942 жылы шыққан алғашқы «Абай» тарихи романының түпнұсқасы бар. «Абай» кітабын парақтасақ, жазушының өзі енгізген түзетулерін көруге болады. Жазушы бқл кітапты сүйікті қызы Ләйләға сыға тартқан. Кітаптың бірінші бетіне: «Моей надежде и радостей, самой моей любимой Лилюсинке. С крепкой верой в твое светоле будущее. Папа. 2/VII – 42», – деп қолтаңба қойылған. Мұхтар Әуезовтың шапаны да – музей қорындағы ерекше дүние. Бұл шапанды 1957 жылы 60 жылдық мерейтойына орай туған жерінде өткен кездесуде жазушының иығына жерлестері жапқан», – деді Салтанат Мұқатаева.

Бұдан бөлек көрмеге «Әуезов үйінде» сақталып келген ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 1939-1941 жылдардағы араб, латын, кирилл қарпімен басылған «Абай» романының қолжазбалары, «Абай» романына 1949 жылы берілген І дәрежелі Сталиндік сыйлықтың, 1959 жылы берілген Лениндік сыйлықтың көшірмелері, өзге де марапаттары мен М.Әуезовтің кастюмі, портфелі, 1910 жылғы «Сауат ашу» дәптері, алғашқы оқыған кітаптары, фотосуреттері қойылған.

Сонымен бірге, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, халық мұрасын жинаушы, аса көрнекті фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты қолжазбалар көшірмелері назарға ұсынылды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты баспа өнімдерінің кітап көрмесі де жұртшылықтың . Кітаптардың қатарында «М.О.Әуезовтің Абай және текстология мәселелері туралы қолжазбалар», «Абай ілімі – ұлттық рухани-мәдени коды», «Абай дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиеті», «М.О.Әуезовтің Қазақстандағы әдебиеттану және әдеби сынның дамуы мен қалыптасуындағы рөлі» сынды жинақтар бар.

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ермек Ханкей «Әуезов үйінің» ғылыми жұмыстары туралы баяндады.

– Әуезов феномені дегеніміз Мұхтар Әуезов шығармашылығын жаңа қырынан, Тәуелсіздік көзқарасы тұрғысынан қарауды талап етеді. Бұл арнайы бағдарлама, ғылыми жоба аясында инститтың ғылыми қызметкерлері мен музейдегі әуезовтанушылардың қатысуымен жүзеге асырылады.

Әуезовтың қазақ әдебиетіне, әдебиет тарихына, әдебиеттің түрлі саласына сіңірген еңбегі, қызметі, қайраткерлігі – біздің рухани мәдениетіміздің, әдебиетіміздің дамуы үшін құбылыстық деңгейде үлес болды.

Осы құнды дүниелерді зерттеу, жарыққа шығару – біздің негізгі міндетіміз. Әуезовтану бөлімі «Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны», «Әуезовтің қазақ әдебиетіндегі тұлғасы», «Әуезов шығармаларының текстологиясы» секілді түрлі-түрлі тақырыптардағы көптеген ғылыми монография дайындады. Әуезовтың академиялық 50 томдық жинағы шықты. Кеңестік кезеңде Әуезовтың өзі тірісінде кейбір әңгімелері жарыққа шығарылған жоқ, оны толық зерттеуге мүмкіндік болмады. Енді міне, Тәуелсіздік жылдарындағы біздің жеткен жетістігіміз Әуезов шығармаларын толық зерттеу, зерделеуге қол жеткізуіміз, – деді Ермек мырза.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу