Жақында Май ауданының талантты тұлғалары Шахан Мусин мен Мұқсихан Заитовтың шығармашылығына арналған мерейтойлық шаралар өтті. Зиялы қауым алдында Май елінің тума таланттары жайлы естелік айта келе аталған ұлылармен қатар Мерзихан Шайхин, Рахметхан Нұрбасаровтарды да ұмытпау керек, таныту бүгінгі ұрпақ алдында парыз дегенді айтқан болатынмын. Уәде – Құдай сөзі демейді ме?! Бүгін міне әнші, сазгер Рахметхан Нұрбасаров туралы қалам тартуға бел будым.

…Мен төртіншіні бітіріп, бесінші сыныпқа аяқ басқан жыл. Жаймашуақ жаз мезгілі болатын. Ауыл баласы үшін оқудан босағанымен жұмыстан каникул болмайтыны белгілі. Бақша суару, балапанға тамақ беру, жапа соғу сынды шаруаларымды тындырып, балық аулауға бармақшы болып жоспарладым.

Қолымда бұзаусирақ болмаса да соған жақын, қайқиып әбден кеуіп қалған шортан қармағым бар. Тоғайды бетке алып орталық көшедегі дүкеннің қасынан өтіп бара жатқанмын. Ауыл маңынан бұрын-соңды байқамаған «Концертный» деген жазуы бар автобус тоқтай қалды. Оған мән беретін мен жоқ, көлікті артынан айналып өте беремін дегенде ішінен шашы иықтан келетін, бұйра, жезмұрт біреу секіріп түскенде болды. Жейдесінің түймесі ашық дәу ағай «әй-шәйға» қарамастан:

-Әй, балақай бері кел,- демесі бар ма?

Бала күнімізде үлкендер бәрімізге бөтен көлік көрсең, бөгде адам шақырса жоламаңдар,- деп құлаққа құйып тастаушы еді ғой. Қармағымды тастай сала үйге қарай зытып бергім келді.

Қарны дәу болса да жүйрік екен, әлгі ағай қуып жетіп ұстап алды. Шешеміз айтатын «қансорғыш» осы емес пе екен деп зәре-құтым қалмады. Несін жасырайын, жылап жібердім.

-Өй, еркек жылай ма екен? Ойбу, барып тұрған ынжық болдың ғой,- деп қояды әлгі жалбыр шаш ағатай.

Өзі де зуылдап қалған неме екен. Аузы-аузына жұқпай бірдеңелерді айта жөнелді. Бірін ұқтым, бірін ұқпадым. Әйтеуір ауылдағы клуб меңгерушісінің үйі қайда?-дегені есімде. Жанталаса жол сілтедім де, бағана лақтырып кеткен қармағымды жиып балыққа кеттім.

«Қара өткелді» айналып, көл жағалай күнделікті өз орныма жайғастым. Он бес шақты шабақ ұстадым, екі-үшеуіне шортан бастырып едім, жалғыз шорағай ілікті. Қалған екеуін менен айласын асырған шортан іліп кетті. Сол олжаны қанағат тұтып түс ауа үйге қайттым.

Мына қызықты қараңыз. Әлгі кәнсерт қоятындардың автобусы біздің аулада тұр. Үйге кірсем ас үйде оншақты адам дастархан басында отыр. Үлкен әпкем кітапханашы болып істейтін. Анам бар, көрші келіншектер бар бәрі құдды бір даяшыдай қонақ күтіп әлек. Көзім шарасынан шыққандай болды. Аң-таңмын. Шешем болса қонақтарға сәлем неге бермейсің деп «ұрсып» қояды. Не дерімді білмей мелшиіп мен тұрмын. Бір кезде әлгі бұйрабас ағатайым:

– Е, бұл менің досым Жұмабек қой. Біз онымен таныспыз, достасып та үлгердік,- деп қалды.

Ендігі жерде таңқалу кезегі анама жеткендей.

– Егер Жұмабек досым болмаса біз адасып кетер едік,- деп қояды.

Ішімнен шағын ауылда адасатындай не көрініпті деп ызаланып қоямын. Таңғы кездесуден кейін жақтырмай, ұнатпаған түрім ғой баяғы. Не керек ас ішілді. Әңгімесі бітер емес. Біраз көсілді. Бірте-бірте мен де үйренісіп келемін. Қасындағылардың бірі де «қара жаяу» емес екен.

Енді ұқтым, бұлар облыстық филармонияның әртістері екен. Біздің ауданға гастрольдік сапармен келіп, ауыл-ауылдарда концерт қойып жүрген көрінеді. Жетекшелері сол бұйрабас ағам – Рахметхан Нұрбасаров. Қасында жұбайы, әртіс Бану Нұрбасарова, термеші Үміт Айтмағанмбетова деген кісілер болды. Түстен кейін репитиция жасады. Кешкісін концерт қойып болған соң бәрі жиналып тағы біздің үйге келді. Ауылдың бастықтары бар, маман-қызметкерлері бар қонақтарды күтті. Қыстан шыққан соғымнан қалған сүр асылды. Кешкі ас думан-тойдай өтті.

Ауданымыздың өзен бойын жағалай орналасқан ауылдарын аралап шыққанша апта өтті. Сол уақыт бойы филармония әртістері біздің үйде тұрды…

Бұл таныстығымыз туыстьыққа ұласқандай сезілді маған. Бану апамыз бен Рахметхан аға демалыс уақыттарында қонаққа келетін. Отбасылық мерекелердің сәнін келтіріп, басы-қасында ұйымдастырушыдай жүретін. Кенже әпкем тұрмысқа шыққанда той тізгінін өздері ұстағаны да есімде.

Бану Нұрбасарованың негізгі мамандығы  – бухгалтер. Дей тұрғанмен тума талант актриса еді десем, ол кісіні көзі көргендер менімен келіседі деп ойлаймын.

– Біздің Банужан аңқылдаған ақжүрек еді-ау. Бауырым екеуі 1969 жылы отау құрды. Қаланың қызы болғанымен көрген-түйгені, алған тәлім-тәрбиесі ерекшетұғын, сонысымен де біздің отбасымызға бірден сіңісіп кетті. Кез-келген жұмысқа епті еді. Рахметхан екеуі бір-бірін түсінісетін. Жакзмышқа амал бар ма?! Ерте кетті арамыздан,- деп еске алады қайын апасы Гүлжанат Нұрбасарқызы.

Келіні туралы сөз қозғағанда Гүлжанат апамыздың да ет-жүрегі елжіреп, көкейіндегі сағыныштан жылап тұрғандай көрінді маған. Сол қимастық қой.

Рахметхан ағамыз өзін өмірде өте көңілді, әзілкеш көрсеткенімен тағдырының оңай еместігін жақсы білеміз. Ұлтым деп соққан жүрегінің кеңдігі оны қара уайымға салдырмай, барынша жігерлендіріп, намысын қайрап берді. Әйтпесе, 1969-70 жылдары жиырмадан енді асқан жігіттің саяси көзқарасы үшін қудаланғаны, өмірде де, өнерде де өзіндік бағаланбауы Рахметхан сынды талайларды «сындырып» тастады емес пе?! Ағамыз мойымады, күресті. Бұл ретте жаңа құрылған отаудың шаңырағын шайқалтпай, отағасына зор қолдау көрсеткен Бану апамыздың да көзсіз ерлігін атап өтпеске болмас.

Жақсыны көре білген де жақсы. Көре білгенде де тану, көкірек көзбен көре білу екінің бірінің қолынан келе қоймас, сірә. Қазақтың қоғам және саяси қайраткері, этнограф-ғалым  Өзбекәлі Жәнібеков Торғай өңірінде басшылықта болғанда ауыл баласы Рахметханның өнеріне тәнті болып, арнайы шақырумен «Шертер» ансамбліне жұмысқа алдырады. Шерхан Мұртаза: «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді»,- дейді.

Расымен де өнерді шындық деп қарауымыз керек. Дарынды тұлға ғана өмір ақиқатын өнер арқылы көрсете алады. Өнер адамның ішкі әлемін нұрландырады, жанына жылу құяды.

Жалпы бұл ағамыздың өнер аспанында биік қалықтауы да тегін емес. Май өңірінде Бектұр ұрпақтарының қай-қайсысы болсын өнерден кенде қалған емес. Бектұрдан – Шайхы, Күлшәріп, Әбілқас, Нұрбасар деген төрт ұрпақ тарайды. Ал, олардың ұрпақтары Мерзихан Шайхин, Рахметхан Нұрбасаров пен Алтынбек Бектұров марқұмдар бұқараға таныстыруды қажет етпейтін есімдер.

Ертіс-Баян өңірінің даңқты тұлғаларының бірі Рахметхан аға алпыстан асқан шағында бақилық болды. Жиырмадан астам әні қалды. Алтын қорымызды толықтырды. Аймағымыздың мәдениетін дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар оның аты өшпек емес. Дарынды әнші, талантты сазгер, Рахметхан Нұрбасаровтың өзі өлгенмен, аты өлмейді. Ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып жалғаса бермек. Рахметхан ағамыз жайлы айтылар ойдың бір парағы ғана бұл. Тағдырлы тұлғаны тұңғиықтай тереңнен бойлап зерттеп-зерделеу келер ұрпаққа аманат болып қалмақ.

Жұмабек СМАНОВ.

Пікір үстеу