Құрметті оқырман! Шуақты Көктемнің шырайлы мерекесі, шұғылалы мейрамы құтты болсын! Асыл әжелерімізді, ардақты аналарымызды, аяулы әпке-қарындастарымызды, қадірлі жеңге-келіндерімізді, сыйлы құрбыларымызды, ерке сұлуларды, қылықты аруларды құттықтай отыра, жан арайын төккен нәзік жанды, қайсар рухты ару-аналардың шығармаларын өздеріңізге тарту етеміз. Қабыл алыңыздар! Оқитындарыңыз – ақын Гүлсана Медеубайдың «Мен – көктеммін шырайланған…» өлеңі.

***

Мен кіммін?!

Мен – көктеммін шырайланған,

Шырайлы гүл көктемді құрайды арман.

Қаласам, күнмен бірге шуақтанып,

Жаңбырға еріп кейде жылай салам.

       Мен кіммін? Мен – пендемін қиялдаған,

       Қиялым кейде мені жиі алдаған.

       Пендемін періштеге қолым созып,

       Мынау жалған дүниеге сыя алмаған.

Шөлмін – мен, шамырқанып шаңға бөккен,

Жантағын жаз аптабы жалмай өпкен.

Қаңбағын қуалаған желге тосып,

Бір тамшы жаңбыр суын аңсап өткен.

        Мен кейде буырқанған теңіз едім,

        Тұншыққан тыныштықтан ем іздедім.

        Толқындап жағаға атқан жыр-жаныма

        Дауасы болмаса егер неге іздедім.

Мен кіммін?

Мен – даламын дархан көңіл,

Ас та төк несібесі, ағыл-тегіл.

Бұлағы, майтопырақ, жасыл жайлау,

Жауыны да, самалы бәрі – тегін.

           Мен кіммін?

           Асқақтаған арманмын – мен,

           Биік тұрған әрқашан жалған күннен,

           Жалын жастық көңілін шарықтатып,

           Жолына жақұт төгіп, маржан ілген.

Гүлсана МЕДЕУБАЙ,

ақын.

Пікір үстеу