Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy

Оқырман назарына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуанышбек Шармановтың ойтолғауларын ұсынамыз.

БІЗДІҢ ТАҒДЫР ЕКІ ЖҮЗДІ  ҚАНЖАР  СЕКІЛДІ

Суық ақылдың миды тоңдырып жүректен жылу іздейтін тұстары да болады екен…

Пешенеге жазылған ғұмырдың қысқалығын біліп тұрып, пенделіктің қалмайтынын қайтерсің…

Сырты – бір қоңыр бағылан, Іші – бір кекті қабылан…

Сыртым  – тыныш, ішім дүлей ақ боран. Аса даналықпен бекіткен Алланың заңын өте жақсы біліп тұрсам да білмегендей қиыс басқым келеді де, селт етіп қайта есімді жинап, жиғанымды сол сәтте қайта шашып сенделіп жүрмін!

«Олардың кейбір қылықтарын көтеру мүмкін емес.  Олар кейде ардың өзін аттап өтеді»,  – дейді неміс  философы Шопенгауэр. Мүмкін солай шығар…

Өзімнен-өзім шошына жиіркеніп, өзімнен-өзім жеріп жүрмін. Айналам да суық. «Бейшара» деп аярлық көзбен қарайтындай, ішім мұздап кетеді.

Қорқып тұрам орнымнан, қорқып жатып,

Толқын кетіп барады, толқындатып.

Бәрі келіп тоғысып, Жүрегімнің

Жағалауын тебеді солқылдатып.

Менің де жайым осы боп жүр, жақсы дос!

Жүректің пернесін қанша бассаң  да көкірегің ашылар күй тыңдай алмай күйісің кетті-ау! Біздің тағдыр екі жүзді қанжар құсап қалай аунатсаң да қылпылдап, тиген жерін қопарып кетіп жатқанын жүйке жүйеңмен сезген боларсың…

БІЗ ӨЗІМІЗ  ЖАСАДЫҚ!

Таңда көрсеткен ілтипаты түске жетпейтін, адалдығы кезең аспайтын, тәрбиеден мақұрым  ұрпақ қайдан келді? Әрине, көктен түскен жоқ қой. Біз өзіміз, азғынның ісін мәдениет деп жүріп, азғырушының сөзін әдебиет деп жүріп жасадық.

ЖАРНАМАНЫҢ ЗАМАНЫ

Бұл заман жақсы мен жаманды, қымбат пен арзанды, керекті мен керексізді оп-оңай шатастырып алатын жарнаманың заманы болды. Кімнің жарнамасы  күшті болса, соның аты бәйгелі болып, темірін жездей, жезін алтындай қылып жүрген уақыт. Бақылауға бағынбайтын, ретке көнбейтін осы бір бәле адамдықтан аттап өткенде, адалдықты таптап өткенде өтірік шындай болды, ақсақ тыңдай болды. Таланттыны талантсыз  өрлетпеді. Ақылдыны ақылсыз сөйлетпеді. Білімді арзан қалдық. Ғылымды жалған қалдық. Терлемей мал табуға, лайықсыз атақ алуға ұялмадық.

ҚИЯЛМЕН СЫБЫРЛАСУ

Бала кезде керемет  тәтті  қиялдар сені тербейді. Сен өзіңнің қандай  ұлы адам  болатыныңды  көз алдыңа елестетесің. Осындай боламын деп сыбырлайсың. Қиялыңда саған  сыбырлап «Иә, сөзсіз боласың!» дейді. Келе-келе сенің даусың қаттырақ шығып, оның жауабы алыстан, ақырын талып естіледі. Ақырын естілген сайын сен қатты айғайлайсың. Біраз уақыттан кейін ол саған мүлдем тіл қатпай қояды.  Болды. Енді сен де айғайламайсың. Ағыспен кетіп бара  жатқан қайығыңды асау толқындар төңкеріп кетпесе екен деп жанталасасың. Ал қайық ішінде қиялымен сыбырлап сөйлесіп жас бала отырады. Бәлкім сен оның қиялын естисің, бәлкім жоғалтқан өз қиялыңды оның қасынан көресің, әйтеуір осы кезде ескек ұстаған қолың қарысып қалады. Жанталасқанның үстіне жанталаса бересің.

РУХ МЕН ОЙ

Шындығында адам   көзімен  көрмейді,   құлағымен естімейді, бұлар бір құрал іспетті. Рухтың құралы.  Рухыңмен көресің, рухыңмен естисің. Рухың самғап  мәңгілік мекеніне кеткенде немесе балбырап ұйқыға батқанда көзің бола тұра көрмейсің,  құлағың бола тұра естімейсің. Енді осы жерде бір қызық нәрсе бар. Кейде бір ой құрсауына түсіп кеткенде көзің бақырайып отырып алдыңда тұрған адамды көрмей  қаласың, жаныңда сөйлеп отырған жанның сөзін естімейсің. Өйткені қалың ойдасың. Ендеше, көз арқылы көретін, құлақ арқылы еститін нәрсе  «рух» болса, рухыңды басқаратын нәрсе «ой». Сондықтан  ойдың таза болуы, үнемі жақсы нәрселерді ойлау өте маңызды болмақ. Ойың қандай болса сондай нәрселерді көресің, естисің. Ойың қандай болса аузыңнан сондай сөз шығады. Сөз өз кезегінде өміріңе әсер етеді. Бұны қазақ «Ойың сөзіңе, сөзің өзіңе айналады»,  – дейді.

АҚ АДАЛ АДАМ

Мен тұратын бес қабатты үйдің бірінші қабатында жастары сексеннен асқан ата мен апа тұрады. Ағайынға қадірлі, ұрпағына ұлағатты адамдар.  Апамыз бес уақыт намазын, оразасын қаза қылмайтын адам. Аздаған емшілігі де бар. Бірақ ол үшін ешкімнен ақы алмайды. Берсең ренжиді. Тіпті рахмет те айтқызбайды. «Ауруды беретін Алла, шипасын да Алла береді. Маған рахмет айтпаңдар»,  – деген сөзін естігенде, рахмет айтпаса ренжитін, жақсылықтың бәрі бақай есеппен  жасалатын бұл қоғамда  осындай адамдардың әлі де барына таң қаласың.

– Атам да, енем де жастары сексеннен асқанда қайтты.  Екеуі де бірде-бір рет зейнетақы дегенді алмады. Өз еріктерімен бас тартты. Ол сіздерге тиесілі ақша ғой деген балаларына: «Бізді асырай алмасаңдар айтыңдар. Онда алайық. Әйтпесе өкіметтің мойнына масыл қалмаңдар», – деді. Сонымен ол әңгіме қайтып қозғалмады, – деді апа, бір әңгімелесіп отырғанда.

ҚАЙЫРЫМДЫ ІС, ҚАЙЫРЛЫ ДӘСТҮР

Алты-жеті жаста болсам керек. Ел жайлауда отырған кез. Әкем  қойшы болатын. Жайлаудың қоңыр салқынына кеудесін тосып, көк шөпке сұғына кірген қара қойдың шетінде қара көбейтіп әкемнің қасында жүр едім. Бір ме- зетте астындағы атының екі танауын делдитіп, борбайлата қамшылаған біреу кезең астынан екпіндей көтерілді де, сол екпінімен қасымызға келіп бірақ тоқтады. Асығыс секілді. Атынан секіре түсіп, аман-саулықтан кейін бірден келген шаруасын баяндап жатты. Әкемнің жүзі өзгеріп кеткендей болды. Маған қойды иір деп бұйырды. Шырқ иірілген қойдан таңдап түстемей шетіндегі біреуін сирағынан сүйреп әлгі жолаушының алдына өңгеріп берді. Сол-ақ екен асығыс жолаушы «шу» деп қалды.

– Әке, бұл кім? Қойды неге бердіңіз,  – деймін таң қалып.

– Бақытбектің  малы кем дейді, соған жылу жинап жүр, – деді. Осы көрініс көз алдымда жақсы сақталыпты. Ал «жылу» дегеннің не екенін әкемнен сұрадым ба, сұрамадым  ба, білмеймін. Бірақ бұл сөздің мағынасын көп ұзамай-ақ түсініп кеттім. Қалай түсініп кеттім, тағы да білмеймін. Мүмкін жиі естігеннен болар. Ол уақыт, ел тәуелсіздік алғаннан кейінгі ауыр кезеңдер екен. Ел арып, жұрт жұтаған сол бір қиын шақтарда осы «жылу» сөзі, «жылу» дәстүрі қанша жанға демеу, қанша жанға қуат беріпті. Ағайын арасына өлшеусіз жылылық, қаны бір қазақ баласына береке, бірлік сыйлапты. Берген адам бердім деп шалқаймайтын, алған адам алдым деп еңкеймейтін не деген жақсы сөз, қайырымды іс, қайырлы дәстүр. Недеген ниеті жақсы адамдар…

КЕҢ ПЕЙІЛ

2005 жылы орта мектепті аяқтап, студент болуды аңсаған Біздер, қиял құсының қанатына жабысып қалаға тарттық. Он бір жыл бойы, бір сыныпта бір үйдің баласындай болып кеткен едік, әп-сәтте бақсының құмалағындай жан-жаққа шашыла бастадық. Біздің ауданға (Тарбағатай ауданы) ең жақыны болғандықтан көбісі  Семейге  кетті. Аралық жол 400 шақырымды құрап тұрса да Алматы, Астанамен са- лыстырғанда іргеңде тұрғандай көрінеді. Менің әуелгі арманым алыста болса да Алатаудың етегі еді. Бірақ тағдыр жолымыз басқа  тармақта екен. Алла қалады, дәм жазды, бірақ күннің ішінде, ешқандай жоспарда  болмаған, мен түгілі менің ата-анамның да түсіне кірмеген, туыс-туғаннан, таныс-тамырдан дымсыз бір сөзбен айтқанда ешкімім де жоқ Павлодар облысына, бірге оқыған бір досымды қара тартып, тәуекелдің тұлпарымен аттанып кеттім. Бізді сол досымның нағашы апайы, орта бойлы Бибігүл деген кісі қарсы алды. Мені жатсынбады. Танысындай жылы шырай танытып, туысындай құшақ  жайды. Студенттік  өмірімдегі  алғашқы жылдың көп бөлігін сол үйде өткіздім. Күйеуі де атына сай Мырза жігіт еді. Қыңқ деп үн шығармады. Өздері жалдап тұрып жатқан қуықтай екі бөлменің бір бөлмесінде – үш баласымен өздері, екінші бөлмесінде – төрт студент. Екеуі – біз, екеуі – сол үйдің тағы бір туысқандарының балалары. Көп ұзамай алтау болдық. Бірақ Бибігүл апайымыз бен

Мырза ағамыздың пейілі шынымен кең еді. Тұрақты жұмыс таба алмаған күйеуі анда-мында жалданып жүретін. Өзі де базарда жалданып сатушылық қызмет атқаратын. Тапқандары күн сайынғы нан-шайдан артылмай жатады. Пәтер ақысын бере  алмай талай мәрте қиналғандары есімде. Сонда да кең көңілдері бір тарылмай, төрден есікке дей- ін домалап жатқан студенттердің ешқайсына «Үйді босат!» демеді. Басқаны қойшы, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мені де бір ауырсынбады. Қазір ойласам  қатты таң қаламын. Кең сарайда  тұрсаң  да  туысың түгілі туғаның симайтын, ата-анаңның өзі қабағыңа қарап айналшықтап қалатын бүгінгі заманда осындай кең пейілді адамдардың өмір сүріп жатқаны қандай жақсы. Бұл жақсылықтарын  тірі де ұмытсам, кешірілмейтін қиянат болар. Ұмытпаспын. Ол кісілерге Алла жәрдем етіп, қайырымды істерінің қайырын берсін!  Бізге жасаған   жақсылығы бала-шағасының  алдынан шығып, келер жері кең болсын деймін!

АҒА

Студент кезім ғой деймін. Құрылыс жинақ банкіндегі, «Үйленгендеріне екі жыл толмаған жас отбасылармен келісім шарт  жасалмайды» дегенді көріп  қатты таң қалғанмын. Сөйтсек, еліміздегі шаңырақ шайқалу мәселесінің 70-80%-ы үйленгеннен кейінгі екі жылдың аралығында болатын көрінеді. Қызық, бірақ, шындық. Өз өмірімді ойладым. Иә, шағын мемлекеттің іргесін бекітіп, үй боламын десең, үйіңнің таға- нын қалайтын  уақыт – осы. Ал осындай ең маңызды нәрсе, үлкен өмірден еш тәжірибесі жоқ, бірі албырт, бірі нәзік, жаңа ғана бір-бірін жақын тани бастаған екі жас адамның қолынан келе ме? «Үйлену  – оңай, үй болу – қиын». Мұндай қиын шаруаны ешкімнің көмегіне сүйенбей, қолдау көрмей көтеріп кету, ол деген ілеуде біреудің болмаса, оның өзінде қиын-ақ…. ата-анаңның демеуі, ағайынның алқалауы, жақын таныстарыңның жан-жақты көмегі – осының  бәрі Ұлы Раббыңның жек көретін ісінен сені аман алып қалмақ. Әлқисса…

Ата-анадан алыста, ағайыннан жырақта жүрген менің жағдайымдағы осы бір қиын сәттерде ерекше көмек көр- сеткен Асығат есімді ақын ағамыз болды. Үйге жиі келетін. Өз үйіне де қонақ қылып жиі шақырады.  Бұрыннан солай араласып жүрген адамдай, тіпті кейбір аптада бір-бірімізді көрмей қалатын күн болмас еді. Үйге келіп азан шақырады.

Сосын, кейде үнсіз, кейде әдемі әуендетіп намаз оқитын.

«Жас үйленген адамға тиын-тебен керек қой», – деп, мен қатысқан бәйгелерде де маған тілекші болып, жан ұшырып жүретін. Алыс-жақын сапарларға  да көбіне бірге шығып едік. Кейде мен ол кісіге ілесемін, кейде тескері. Жол-жөнекей мешіттерге тоқтаймыз. Ағамыз құлшылық қамымен ішке енеді. Ал мен қабылайлап сыртта тұрамын. Жүр деп жетектей сүйреп, қинамас еді. Сөзбен де сөкпейтін. Үйде, түзде қаншама  рухани әңгімелер айтамыз.  Рухани кештерге барамыз. Мәуліт дегеннің не екенін ең бірінші осы ағамыз арқылы білдім. Кейін дінді де. Осылай, аз-ақ уақыттың ішінде менің өмірім түбегейлі өзгерді. Батысым шығыс болды, шығысым батыс болды.

Кейде ойлаймын, Асағамыз ақыл-парасатымен, жоспарлы түрде осылай жасаған-ау  деп.   Егер бұлай болмағанда… ақын болам деп кеуде керген, жеңілтектеу едім. Университеттің 4-ші курсын бітірмей жатып отау құрдым. Желпініп тұрған жиырма екі жас. Әлде қалай болар едік?… Жас қабырғам қайыспай, жас отаудың шаңырағын шайқалтпай көтере алар ма  едім? Еңсесін түсірмей, іргесін бекіте алар ма едім? Өмірдегі бір қуанышым – осы. Туып, туыспасақ та, жүріп туыстық. Үлкен шүкірлік етемін!

Иа, Раббым! Маған әр кезде рухани қайырымдылық көрсеткен, осындай ағаларыма Өзің пана болғайсың! Сол ағалардан алған керемет үлгіні, соңымыздан ергендерге өз дәрежесінде көрсете алмай келе жатқан бізді кешіргейсің, әмин!

ЖАРАСЫМ

Егер, ана бір жер астында жыбырлап жүрген жауын құрты, аяқ астынан ақылды болып кетіп: «Өзіме бір тиын пайдасы жоқ, осы жұмысты несіне атқарамын» деп топырақты өңдемей қойса, немесе, көбелектерге қойылған программа  жойылып, қалау еркіндігімен ақыл берілсе, сүйтіп ол ақылға  салып:  «Өзі үш-ақ күндік өмірімде гүлден-гүлге тозаң тасып не азабым» деп, Алланың бұйрығына қарсы шығып, өз жұмысын атқармай қойса, не болар еді? Тіпті, өзі түсінбейтін жұмыстарды керемет адалдықпен атқарып жатқан тіршілік иелері бір сәт болса да өз істеріне салғырт қарайтын болса, жер әлемінің тамаша тәртібі бұзылып, ғажайып дүниенің астан-кестеңі шықпай ма?

Ендеше, біз неге Алланың бұйрықтарына құлақ аспай, тіршіліктің тәртібін бұзамыз. Сосын, періштеден қадірлі басымыз хайуаннан төмен түсіп, «заман азды, заман азды» деп зар қағамыз. Мың жерден зарласаң да, Алланың заңы орындалмаған жерде, заман да оңалмайды. Оңалтамын деу – алтын өміріңді қор қылатын әурешілік, құр босқа шапқылау ғана.

ҚАЙДА  БАРА ЖАТЫРМЫЗ?

Байқап тұрсақ, қашанда алдыңғы толқын кейінгі толқынға өкпелі.  Мал  табуына  емес,   руханиятының кедейлігіне, имансыздығына.  Бұл осылай жалғаса беретін шығар. Өйт- кені, қияметке бара жатырмыз ғой…

ӘР  САҒАТ – ӘРБІР КҮНІҢІЗ

Әрине іші-сыртың бірдей болып, ұялмай, өлімді шаттана қарсы алу үшін оған дайын болу керек. Сонда қалай дайын боламыз? Мысалы: бүгін бір көлік келіп, Сізді бір жерге апаруы керек. Сіз оның қай сағатта келетінін білмейсіз. Ондай жағдайда не істер едіңіз? Есіктің аузына жүгіңізді дайындап қойып, киіміңізді киіп алып, қашан келер екен деп күні бойы сол көлікті тосумен болар едіңіз ғой. Ал, енді ойланыңыз. Бұл өмір – Сіздің  бүгініңіз.  Әр сағат – әрбір күніңіз. Кез-келген сағатта өлім дейтін көлік келеді де, Сізді алып кетеді. Иман-жүгіңізді  дайындап, құлшылық-киіміңізді киіп тұр- сыз ба?! «Бұл дүниеде жат жерлік немесе жолаушы секілді бол» (хадис).

КӨҢІЛ

Әкім  Таразидың  «Үкілі жұлдыз» фарс-трагедиясындағы «Көңіл сәби емес қой, сүт беріп алдай салатын» деген бір сөз көпке дейін ойымнан кетпей жүрді.

Рас, кейде өз көңіліміз тоқ болса болдыға басып, өзгенің көңіліне қарамай,  боқ дүние үшін жақындарымыздың жанына жазылмас  жара  салып жатамыз. Ал, шындығында Абай данамыз айтқандай: «Қай қызығы татиды қу өмірдің, татуды араз, жақынды жат қыларға.»

УАҚЫТ

Адамдарға уақыттың жетпейтін себебі: олар бар уақытын ешқашан, ешкімге жетпейтін нәрсеге жұмсайды, яғни – ақшаға.

ҰЛАҒАТ

Шәкәрім  қажы Сәбит Мұқановқа жазған бір хатында:

«Өз ақылым қабыл алмағанды кiм айтса да терiс көрем. Бiрақ, ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кiм болса да бас  ұрам.  Мақтанып кеттiм дейдi –  мақтан  емес,  iздегенiм тәмам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмаймын. Ерiксiзбiн»,   – депті. Іздегені тәмам адам пайдасы. «Адамзаттың бәрін сүй…» деген Абай мектебінің иісі аңқып тұр ғой, шіркін!

ОҚУ ЖӘНЕ УАҚЫТ

45 жасында қайтыс болған Ислам ғұламасы Имам Науауи ғылым-білім алуға, ғибадаттарын атқаруға уақыт жеткізу үшін, күніге тек қана сәске уақытында ғана, бір-ақ рет тамақтанған екен.

Шейх Фахраддин: «Аллаһқа ант етейін, тамақ  жеген уақыттарымда ғылыммен айналыса алмағаныма қатты өкі- нем. Өйткені, уақыт қашан да қымбат қой», – деген.

Имам Әбул Уәфа Әли ибн Ақил былай деген: «Мен ас ішетін уақыттарды қысқарту үшін қолымнан келген барлық мүмкіндікті қарастырамын. Тіпті, көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеңіз, шайнауға да уақыт кетіп қалады. Содан барып жазуға, оқуға көп уақыт таба алам».

Имам Малик болса, көбірек ғылым-біліммен айналысу үшін үш күнде бір-ақ рет әжетханаға баратындай тамақ жеуді қысқартқан.

Ибну Рушд үнемі кітап оқудан бас алмапты. Кітап оқымай өткізген өмірінде екі-ақ түні болған екен: біреуі – үйленген түні, екіншісі – әкесі қайтыс болған түн.

Фахраддину-Рази дастархан басында да бір жағынан тамақ  жеп, екінші жағынан шұқшия кітап оқитын. Үйінен шығып мешітке жеткенше көлікте отырып шәкірттеріне сабақ берумен болатын деседі.

Медицина саласында өте құнды еңбектер қалдырған, қан айналымының заңын ашқан  ғалым Ибну-Нәфс жазу кезінде қолындағы қаламның  сиясы бітіп қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін қасына бірнеше қалам қойып, солардың кез-келгенімен жұмысын ары қарай жалғастыра беретін.

АЗАТТЫҚ

Сталин саясатының ысқырып тұрған шағында ауылдағы бір шала белсенді баласының  атын «Сталин» деп қойыпты дейді. Бір күні үйіне лауазымды қонақтар келіп, мәре-сәре болып ас ішіп отырса, үлкен қызы даладан жүгіріп кіріп:

– Мама,  мама,  Сталин бұтына сиіп қойды, – десе керек. Отырғандардың көзі шарасынан шығыпты. Ойпырмай, Сталин жолдасты осынша қорлағаны қалай?! Астың дәмі қалмапты, кештің сәні қалмапты. Ал ертеңгі түні ол байқұс тұтқындалып, «халық жауы» деп атылып кетіпті.

Бейбіт күнде батыр көп. Өзінің бар мәселесін өкіметтен көріп, аузына келгенді ақтарып, тіліне келгенді түкіріп, патшаны жерден  алып жерге  салып жүргендерді көргенде осы әңгіме есіме түсе береді. Алшаң-алшаң бастырған азаттық-ай дейсің!

ЖАЛҒАН НАМЫС

Бүгінгі адамдардың жалған намысшылдығы сондай, ақшасы жоқ болса да әмиян ұстап жүруге тырысады.

ТӘРБИЕ

Медресе  бітіргеннен кейін «Мәшһүр Жүсіп» атындағы орталық мешіттің сауат ашу курсында біраз уақыт құраннан сабақ бердім. Сонда байқағаным, бір адамдардың талабын арттырып, жігерін жану үшін удай тіліңмен соққылап, намысына тиуің керек екен. Ол сонда дүр сілкінеді. Өзінің қолынан бір нәрсе келетінін дәлелдегісі келеді. Және бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайды. Бұл, әсіресе, спортқа жақындау, ішкі рухы мықты жігіттерде көбірек кездесетін сияқты. Ал, осы әдісті келесі бір адамға қолдансаң, оның жаны жүдеп, тауы шағылып,  тіпті тұрған биігінен төмендеп кетуі мүмкін.  Бұл, әсіресе,  өнерге  жақындау, көңілшектеу жігіттерде болады. Мұндай жандарға көңіліңнің толмай тұрғанын білдіретін бір көзқарастың өзі жетуі мүмкін. Әйтпесе, тез сынады. Сосын бастаған ісін орта жолдан оп-оңай қалдырып кете береді. Осыған қарап, әрбір ер баланы кішкентай күнінен спортқа жақын қылып, істеген ісін соңына дейін жеткізе алатын төзімді қылып тәрбиелеу керек екен деп ойладым. «Балаңды аясаң – аяма» дейді екен ғой дана қазақ.

НӘПСІ

Әлем  өте қатты жылдамдықпен дамып  барады.  Дамытып жатқан адамдар.  Бірақ, бір қызығы әлемді дамытып жатқан сол адамдардың өзі өте қатты жылдамдықпен артқа кете бастады. Неге бұлай деп ойлай беретінмін. Сөйтсем, мәселе  мынада екен. Адам өзіне қаншалықты жағдай жасаған  сайын соншалықты нәпсісі семіре  бермек.  Яғни, киімнен тартпай, тамақтан қақпай,  басқа  да тән ләззатынан шектемей, бір сөзбен айтқанда барынша нәпсіні күтіп-баптайды. Әбден күтімі келісіп, күшейген нәпсі ақырында адамның өзіне қарсы шауып, табанына салып құл қылады. Сөйтіп нәпсінің сырын, иманның құнын білмейтін байғұс  адам  жақсылық жасаймын  деп жамандыққа ұшырап, күн сайын хәлі нашарлап, әбден азып-тозып, сасып-бықсып кетеді. Бірақ бұл хәлі өзіне ұнайды. Үлкен даму деп ұғады. Жан шошытар арсыздық пен ұятсыздықты, азғындықты,  еркектің әйелге, әйелдің еркекке  айналуын және осылардың сахнаға шығып елге үлгі болуын зор мәдениет деп түсінеді.

Қуанышбек ШАРМАНОВ,

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір үстеу