Құрметті оқырман! Шуақты Көктемнің шырайлы мерекесі, шұғылалы мейрамы құтты болсын! Асыл әжелерімізді, ардақты аналарымызды, аяулы әпке-қарындастарымызды, қадірлі жеңге-келіндерімізді, сыйлы құрбыларымызды, ерке сұлуларды, қылықты аруларды құттықтай отыра, жан арайын төккен нәзік жанды, қайсар рухты ару-аналардың шығармаларын өздеріңізге тарту етеміз. Қабыл алыңыздар! Оқитындарыңыз – жазушы, журналист Эльмира Абетжанованың «Жалғыз алма» әңгімесі.
Жалғыз алма
Тамағымды тұмшалаған ісіктен ояндым. Қара терге түсіп, сандырақтап жатқанға ұқсаймын. Басыма мұздай шүберек, тамағыма ыстық тұз басып анам жарықтық жанымда бәйек боп жүр. Терезеден соққан жел тұла бойымды тентіретіп бара жатқандай. Ызғарлы жел ысқырып қояр емес. Пештің оты шоққа, сосын жоққа айналды. Мамам барып күлге айналған үйіндіні көсеумен түрткілеп қойды. Оның өзі дертті денеме жылу беріп, бала жүрегіме үміт сыйлайтындай.
Таңмен таласа оянсам, тас боп тұрған денем сәл жібіпті. Мамам қасыма келіп: «Не жейсің?», – деп сұрады. Шіркін, менің жегім келетіннің бәріне қол жеткізе алсаң… мүмкіндігің болса… табыла қалса… шаршаңқы көздерім қабырғаға қадалып, үнсіз жаттым. Сенімсіздеу үнмен: «Мам, алма… алма жегім келеді», – дедім. Ол тұрған жерінде қақшиып қалды. Мен теріс айналдым…
Жоқ, ренжіген жоқпын. Бұл өтінішім қисынсыздау болды. Осынау боранда алманы қайдан табады? Бүйткен тілегім құрысын…
Кешкісін маматайым жұмсақ қолдарымен бүрісе бастаған бір алманы кеуде тұсыма тақады. Құдай-ау, түсім шығар. Оянбаған болармын… жоқ, иісі мұрнымды жарып барады. Жалма-жан жеуге ұмтылдым да, тартынып қалдым.
Қазір жеп қойсам, не қызығы қалады? Бүгінше шыдайын, ертеңге қалдырайын, иісіне қандығайын, қолыма ұстайын… қақ бөлінген жемісті екі күн жедім. Дәмін-ай, рахатын-ай! Қар құрсауында қалған ауылдан табылғаның-ай. Кім берсе де, өз баласының аузынан жырып, жүрегінен жұлып берген болар?!
Шіркін, адам түгілі алманың қадіріне жете білген бала едік. Біреу сенер, біреу сенбес, біздің уақыт сондай-тын. Тамақ жоқ болса да, рухани тоқ болдық…
Жалғыз алмаға жаутаңдап жатқан жылдарымды еске алсам, уақытты кері шегіндіргім келеді. Біздің заман жоқшылығымен құнды ма еді?!
Эльмира АБЕТЖАНОВА,
жазушы, журналист.