Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy

Кеше Ертіс-Баян өңірінің өлеңсүйер қауымы, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Аспанбек Шұғатайдың «Баян. Мен. Таулар» кітабының тұсаукесеріне арналған шығармашылық кешке куә болды.
Кеш шымылдығы «Ұлылар ұлағатын ұлықтау» қойылымымен түрілді. Аспанбек ақын Бұқар жырау Қалқаманұлына, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған өлеңдерін оқыды.

Көрерменге ерекше әсер еткен көріністен кейін «Баян. Мен. Таулар» кітабының тұсауы кесілді. Бұл мәртебелі міндетті ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы мен Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, кітап кейіпкерлерінің бірі – Мұрат Рахметов атқарды.
«Бұл кітап – Аспанбектің үнемі ізденетінінің, талмай еңбектенетінінің, әрқашан ой арқалап жүретінінің дәлелі», – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Жерлестер алдында Аспанбек кітапқа енген ғазалдарын, жыр кешіне арнайы жазылған «Павлодар» өлеңін оқыды, «Арманда, арман, арман-жыр» толғауын орындады.
Жерлестер алдында белгілі әншілер Тоқтар Серік пен Еркін Нұржан өнер көрсетті. Қарағандылық ақын Дидар Қами кеш иесімен сөз сайыстырды. «Беу, жігіттер!» халық ансамблі туған жерден жеткен ән-сәлемді тарту етті.

***
Айтыс өнеріндегі тәй-тәй қадамынан бастап, бүгінгі нық адымына дейін өлеңнің өрнектісін, жырдың өткірін, сөздің сүбелісін, ойдың ордалысын бойына жиған Аспанбек – академик Қаныш Сәтбаевтың «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген сәулелі сөзін бойына бойтұмар еткен, болмысына бөгенай тұтқан азамат. Бұл сөзіміздің дәлелі – «Баян. Мен. Таулар» кітабы.
Бұл шығарма – 150-ге жуық жеке дара өлең-шумақтан тұратын біртұтас портреттік поэма. Бұнда осыншама тарихи тұлғаның, тау тұлғаның бейнесі өлеңмен бедерленген.
Бұл кітапта автор тау-тұлғаларды жырлап қана қоймай, өткінші өмірдің қадірін білуге үндеп, жалған дүниенің мәні – ата-бабалардай ұлтқа қызмет ету, халыққа пайда тигізу екенін ұқтыра түседі.
Кітаптың тағы бір ерекшелігі – өлеңге арқау болған әр тұлғаның суреті қоса берілген. Суреттерді салған – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабаев.

Аспанбек ақын «Баян. Мен. Таулар» кітабында қазақтың қара өлеңіне тән кестелі тілді, ойлы тіркестерді молынан қолданған.
Кітаптағы:
«Қырға қарай асығып құлын-көктем,
Тұяғының іздерін туынды еткен.
Дүниеден озғандар көп болғанмен,
Кімдер бар дүниені қуып жеткен…»,
Немесе:
«Дүние тұрмайды екен бір қалыпта,
Тағдыр жайлы әңгіме құрмадық па?
Алдыңда күтіп жатқан қара түнге,
Қамданғаның дұрыс қой күн жарықта…»,
Сондай-ақ,
«Бір күні тайып кетер тағынан күн,
Сағымға айналғанда сағынар кім?
«Өмір» деген төрт әріп болғанымен,
Әр түрлі түсінеді мәнін әркім…», – деген секілді шумақтар фәни-күннің бет-бейнесін, жалғанның ажарын айқындап, өмір мәнінің астарын қалыңдата, бояуын қоюлата түсетіндей.
Бұл шумақтарды бүгінгі күннің тынысына үндес ғибрат өлеңдер деп бағаласақ жарасатын секілді.
Ақын тарихи тұлғалар бейнесін сөзбен сомдауда да тапқырлық танытқан. Мысалы, Олжабай батыр туралы өлеңде батырдың бар болмысын:
«Сарыала туман бірге Ер Олжабай,
Сарырарқамды көтеріп жүрген екен», – деген қос тармаққа сыйдырып жіберген.
Ал, Қамар Қасымов жайлы толғанғанда:
«Нағыз қазақ – домбыра демеуші ме еді,
Сол қазақты жасаған – Қамар атам», – деп оның қазақ ұлт аспаптарын жасау, жаңғырту, сақтау жолындағы ересен еңбегін асқақтата жыр етеді.
Археолог Әлкей атамыздың сағым құшқан сары даланы кезіп жүріп, жанталаса жүріп еткен еңбегін айта келе:
«Түзде жорту дегенді алғыр арлан,
Үйреніпті Әлкей Марғұланнан», – деп жырлайды.
Автор тұлғаларды тек мақтап, мадақтап қана қоймайды. Оларды өскелең ұрпаққа, жас буынға үлгі ете сөйлейді. Ұлттық рухын жоғалтуға айналған, намысын нанға айырбастауға даярларды сынай сөйлейді.
Мысалы, Жасыбай батыр Өмірұлына арнаған өлеңінде:
«Жас ұрпақ қадіріңді біле ме екен?
Жасыбай деген кезде, көлді еске алған», – деп, жылтыраққа алданған, арзанға арбалған көп жастың бойындағы үлкен кемшілікті сынайды.
Одан бөлек:
«Әңгіменің үлкені өмір еді,
Әулиенің үлкені Қоңыр еді.
Баянтаудың көп еді бөрілері,
Солардың қалғандай тек теріледі..», – деп ұлылыр ізін басқан бүгінгі қауымды ұсақталмауға шақырады.
Осы шумақ – қабырғаны қайыстырардай ауыр. Кейде өзіңді қамшылау үшін, жігерлену үшін осындай сөздер керек. Осыны оқып алып, «Бұл сөз маған қатысты емес» деп айта алмай тұрмын. Терідей тапталып, босағада жатпау үшін қайрат керек. Айбат керек…
Сондай-ақ, ақын:
«Ақбеттің адам түгіл ақ қайыңы,
Ақ найза болу үшін жаратылар», – деп туған жердің ерлерін де көтере жыр етеді. Осы шумақты оқығанда арқам қозды, жігерім жалындады.
Ақынның мұраты да – осы.
Оқырманды сөз құдіретпен ойға жетелеп, шыңға бастау.
Бұл кітапта жер-су атаулары Баянаула, Ақбеттау, Қызылтау болғанымен, өлең-жыр Баянауыл ауданына ғана қатысты деп қабылдау дұрыс емес секілді. Ақын туған жерін жыр ету арқылы, туған елін асқақтатуға талпынған. Онысы нәтижесіз емес секілді. Бағасын оқырман берер.

P.S:
Жыр кешінің тізгінін ұстау маған бұйырды. Ақын мен оқырманның ортасында байланыстырушы болып тұрып, перзент пен халқының арасындағы ықылас ұшқынына, махаббат жалынына куә болдым. Бүгінгі сөзімді сахнада тұрып сезінген бір оймен түйіндейін:
Кешке әсер сыйлау үшін түрлі жарық құрылғылары орнатылды. Оны «Пушка» дейді екен сахна қызметкерлері. Халық алдында тұрғанда сол жарық тура бетке түсіп, көзді қарықтырып жіберді. Алдымда отырған көрерменді толық көруіме кедергі жасады… Себебі, ол жасанды жарық.
Ал, ақын сөйлеген сайын, өлең оқылған сайын сөз-құдірет көзімнің алдын анық қыла түсті… Өйткені, ол – табиғи жарық, жанды жарық.
Сөз-сәуле сөнбесін.

Еламан Қабділәшім

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Пікір үстеу