Pavlodar, KZ
26°
Ясно

Қараша айының соңында Парижде қазақ поэзиясының Франциядағы күндері өтті. Шараға ақындар — Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Танагөз Толқынқызы, «Күміс қалам» әдеби сыйлығының иегері Айзада Рақымжанова, Баянауыл тумасы – Қазақстан Жазушылар одағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы сыйлығының иегері Жанаргүл Қадырова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Медғат Манапов, жас қаламгер Дастан Қастай, режиссер Қарлыға Хасен, суретші Айтжамал Тастамбекова және дизайнер Ардақ Тастамбекова қатысты.

Парижді бетке алған шығармашыл топ Варшавада аз ғана аялдап, арман қала – Парижге ат басын тірегенде, әуежайда Франциядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің көлігі күтіп тұр екен. Жүргізуші Алдияр атты жігіт жолаушыларды жол бойы түнгі Парижбен таныстырып отырды.

Келесі күні түске дейін Эйфель мұнарасын тамашалаған топ кешкісін «Франциядағы қазақстандық күзі» мәдени маусымы аясында Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінде өткен «Күзгі рандеву» кешінің қонағы болды. Анонсы Елшіліктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарқ еткен кешке поэзияға ғашық жандар Париждің түкпір-түкпірінен жиылып, кеш еркін форматта өрбіді.

Қазақстандық меймандар үшін Елшілік қызметкерлері фуршет әзірлеп, қонақжайлық ілтипатын жасады. Қазақ поэзиясынан сусындауға келген көрермендер ішінде Құранды тұңғыш рет қазақ тіліне тәржімалаған дін және қоғам қайраткері Халифа Алтайдың баласы Абдулсәмет Алтай мен жұбайы бар екен. Сондай-ақ, қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновтің қызы, Елшілікте қызмет ететін Айнар Айбергеновамен танысуымыз да осы сапардағы қазыналы сәттердің бірі болды.

Таңғаларлығы, «бас жағында сөз сөйлейді де, кетеді» деген Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова кешке бастан-аяқ қатысты. Өн бойы қарапайымдылық пен жылылыққа толы Гүлсара Мерейқызы әнші Медғат Манаповтың үстіндегі киіміне тамсанып, «Сізді Елисей алаңымен алып жүріп, киіміңізді жұртшылыққа көрсететін екен!», – деді.

Сенаны сол күні алғаш көрген Медғат Жанайдарұлы болса Эйфельге еркелей аққан өзенді Ертіске ұқсатып, Естай атамыздың «Жай қоңырын» әуелетіп әкетті. Медғат шырқаған Ақан серінің «Балқадишасы» мен халық әні – «Екі жиренді» де париждіктер ерекше ықыласпен қабылдады. Гүлсара Арыстанқұловаға Естай ақынның портреті сыйға тартылды.

Қазақ поэзиясының Париждегі мейрамына жиылғандар арасында қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдері де көп келіпті. Бірақ поэзия мен музыка тілі бәріне түсінікті болды.

Осынау романтикалық кештің ғанибет рәсімі – қазақтың шашуын шашу маған бұйырды. «Қазақстан» деген жазуы бар шоколадты таласа-тармаса терген қонақтармен арамыздағы француз тілін жетік білетін ақын – Танагөз француз тілінде сөйлессе, басқамыз сағыныш пен ықылас тілінде ұғысып жаттық. Мен домбырамен орындаған Ілия Жақановтың «Толағай» әні де зор қошеметке ие болды.

Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының және Франциядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан осынау сапардың ұйытқысы кезінде Францияда білім алған Танагөз Толқынқызы мен режиссер Қарлыға Хасен екенін атап өту ләзім. Осыдан үш жыл бұрын Қарлыға Хасеннің режиссерлігімен Францияда Танагөз Толқынқызы туралы «Кішкентай ханзада» деректі фильмі түсірілген еді. Елшілікте өткен кеште франциялықтар фильмді тұңғыш рет тамашалады.

Кеште Айзада Рақымжанованың «Алтын тамыр» жыр жинағының және Дастан Қастайдың «Ымырт дистопиясы» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Дәстүрлі лентаны Елші Гүлсара Арыстанқұлова мен Абдулсәмет Алтай қиды.

Кешті жүргізуші Дастан Қастай франциялық өлеңсүйер қауым үшін викторина ұйымдастырып, белсенді қатысушыларға қазақ кәдесыйларын табыс етті. Сондай-ақ, Дастан – сазсырнайда, Қарлыға Хасен шаңқобызда әуен ойнап берді.

Сапар барысында, сондай-ақ, қазақстандық делегация Францияның Англет қаласында өткен Халықаралық FiFava қысқаметражды фильмдер фестиваліне қатысты. Кинофестивальға Қарлыға Хасеннің «Мен қалаймын…» көркем фильмі қатысып, шетелдік кино өнімдерімен иық тіресіп іріктеуден өткен болатын. Он жетінші рет өткен кинофестиваль қорытындысында осы қысқаметражды фильм де көрсетіліп, марапаттау кешінің шымылдығы Медғат Манаповтың орындауындағы қазақ әнімен ашылуы да бір ғанибет болды.

«Франциядағы қазақстандық күзі» мәдени маусымы аясында бұған дейін де түрлі шаралар өтті, олар жайлы қысқаша мағлұматтарды Франциядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің ресми парақшаларынан көруге болады. Мәдени маусым қазақ киносының V фестивалімен түйінделіп, фестивальда «Қыз Жібек» көркем фильмі, аты аңызға айналған ансамбль тарихынан сыр шертетін «Дос-Мұқасан» фильмі көрсетілді.

Атап өтерлігі, сапар барысында қазақ ақындары туралы деректі фильм түсірілімі қоса жүрді.

Жанаргүл ҚАДЫРОВА,

Астана – Париж – Астана.

Добавить комментарий