Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy
(жолжазба)
Раушан әже шөберелерімен

Алыс жолға шығар алдында түн баласымен таласып дөңбекшіп ұйықтай алмайтын, кебенек тиген туша құсап тынышым кетіп, жыны буған бақсыдай теріме сыймайтын әдетім бар. Ертең әулие Мәшһүр Жүсіп ауылына сапарлаймын деген түні кірпігім айқаспай қойғаны. Әншейінде жүріп келе жатқанда да қысатын зәнталақ қашты да кетті. Жұқарған жүйкемді өзім жеп қойған болуым керек, жолдың алдында іштей күйіп, сырттай суып, бастағы ойым да қырдан қашқан құр құсап бірікпей қойды. Таңға қарай көзім ілініп кеткен екен, бірақ екі сағаттық ұйқыдан қайыр бар ма? Жетіде жолға шығу керек.

Бір күн бұрын қызыл майын алып суытып, ұзақ жолға жаратып қойған темір тұлпар мінген сәттен жем жеп тұрған бурыл айғырдай бір мөңкіді де ала қашты. Басында тартпасынан да тітіркеніп тулап, буырқанып алатын бурылдардың әдеті ғой, біраз жөңкіліп қолтығы сөгілгесін барып бусанып қояды. Заты темір демесең, әй бірақ, көк темір де адамға біртүрлі бауыр басып алатындай. Ол сені, сен оны іштей түсінесің. Керекуден шыққанда күн ашық секілді еді, Сатыпалды қыстауынан (Ленин кенті) өткеннен кейін сырғыма басталды. Ызғыта басқан сайын ол да бұйралана күшейіп, құдды бір төте жолыңа көлденең тұрамын, тасқа тірелгендей тоқтатамын дегендей айбар шеге бастады. Бірақ жолға шыққан ниетіміз түзу, елең қылар біз жоқ. Алған бағытымыз Ескелді шатқалы, Мәшһүр Жүсіптің ауылындағы көкшулан ақын Жұмкен Сейітовтың қара шаңырағы. Торайғыр жайлауындағы демалыста бауыр-дос Жұмкеннің Тілегіне келін Мөлдірдің жүкті екенін көріп, «дүниеге келер қыздың кіндік әке-шешесі біз боламыз» деп сұранып алған едік. Уәдені жұтуға болмайды, уәде – Құдай сөзі. Болжамым қате кетіп, дүниеге торсық шекелі Айсерідей ұл келді, жай емес борандатып туды. Қырқынан шығар күні де борандатып жатыр. Болар бала бесігінде бұлқынар.

Біз желді, жел бізді қуып Екібастұз шаһарынан өткеннен кейін сырғыма біртіндеп боранға айнала бастады. Бесқауға ауылына дейінгі жолдың кей жеріне қар жиналып қалыпты. Бесқауғаның бүйірінен сол жаққа бұрылып, алғашқы асудан асқанымыз сол еді… Басқа әлемге тап болғандаймыз. Боран ұлып тұр. Ит пен құс құтыратын күн. Ескелдіге, Мәшһүр айтқан Иесікелдіге, жалғыз жол апаратынын білеміз, бақытымызға қарай ызғырық жел жауған ұлпа қарды күре жолдың бетіне жабыстырмай, үрлеп кетеді. Бір уақытта анадай жерден әулие атаның кесенесі құлақтанып көрінді де, боран одан бетер үдей түсті. Аттың құлағы көрінбейді десек артықтау болар, қосақтағы жолдас ат көрінбейтіні рас енді. Мәшһүр бабамыз да өз өсиетінде: «Бұл жердің бораны басқа жерден бөлек болады, жолаушыларға ықтау үшін екі бөлмелі үй салыңдар. Ішіне азық-түлік қойыңдар», – деп аманаттағанын оқығаным бар.

Шынымен де бұл жердің бораны бөлек болады екен. Ниет-тілегіміз түзу ғой, Ескелдіден асқан соң қарашыл аттай қарайып көрінген ауылға тарта бердік. Бет алысымыз қара жолдың үстіндегі шеткі үй. Бұл Арқалық ақынның жас күнінде өз қолымен салған үйі, көкдауыл ақын Жұмкен Сейітовтің қара шаңырағы, сарыбуырыл Тілек ақынның құт-қазынасы, Сейіт шалдың «сары балапандарының» ақшатыр сарайы ғана емес, Құдай Тағаланың құдыретімен дарыған ақындардың ордасы. Бұл үйден ой мен сөз ұстағандар, бел мен белес асқан толағай талайлар түсіп, аяқ созып, дәм жазып сусын ішкен. Қарапайым қазақы қасиеттің тереңіне бойлаған.

Қош көрдік

Үйдің сырты ала-құйын. Бораған қар есіктің ауласына жал-жал болып үйіліп қалған. Табалдырықтан аттағанымыз сол еді, үйдің іші мамыражай тірлік. Балалар бірін-бірі қуысып ойнап жүр, үлкендер жағы қонақ келеді де абыр-сабыр. Қазаннан түсірілген етті тегенеге салып үстін тонмен жауып қойса да, соғымның сүрінің иісі танауыңды қытықтайды. Дархан дала мінезді үйдің иесі Жұмкен ағаға сәлем беріп төс қағыстырып, алдымыздан шыққан ағайынмен амандық біліскеннен кейін келесі бөлмеде диванның үстінде тік отырған бәйбішеге сәлем бердік. Үстінде оюлы кимешек, басында ақ орамал, төменгі ернін жымқырып шөбере-жиендеріне масайрай қарап отыр. Бет жүзінде кәріліктің табы бар, әжім шимайлағаны болмаса көзі оқ, сөзі от, қимылы ширақ екені көрініп тұр.

Ақындар отбасы: Раушан әже, Жұмкен Сейітов, Тілек Сейітов

Бұл ақындардың анасы, шет кетсең шалма сөзбен шымшып, қалт кетсең қамшы сөзбен қапыда қатыра салатын Раушан әже. Бір әулеттің от анасы, бір ауылдың құт ажасы, бар қазақ әжелерінің көлеңкесі іспетті. Әдеппен басып амандастық. Шіркін, қазақы әжелердің иісі бөлек қой. Жалпы барған жерде кемпір-шалдың иісін аңсап, іздеп отыратын әдетім бар. Қарияларда екі түрлі иіс болады. Бірінші барлығына тән өзіндік табиғи иіс (мұны кемпір-шалдың қойнына жатып өскендер жақсы біледі), екіншісі қазақтықтың иісі. Сол қазақтың иісі Мәшһүр Жүсіп ауылындағы Раушан апаға тән. Амандық сұрасқаннан кейін жерде жатқан таяғын көтеріп:

– Таяғыңыз құлап қалыпты ғой, мына жерге сүйеп қояйын, – деп еңкейгенім сол еді.

– Е, жата берсін, өзім аламын ғой. Осы таяғымды ұстап Екібастың базарын күніне екі аралап, қатындарды тәртіпке келтіріп отырамын. Әйтпесе, құрғырлар құтырып кетеді. Жасымды, басымды сыйлайды ғой, әйтпесе мендей кемпір Екібаста аз дейсің бе? – деп бір жымия күліп алды. – Аналарды бағып отырған түрім ғой. Ана Медіғат дей ме, Седіғат дей ме, солары тентек. Ана сатымен «крәбаттің» екінші қабатына мініп кетеді. Құлап қала ма деп зәрем қалмайды, жаным ұшып кете жаздайды таза. Соны қарап отырмын, – дейді апай кейіп.

Кеюінің де себебі бар екен. Оны кейін білдік. Тілек біздің әкей Медіғаттың ұқыптылығына қызығып, сондай болсын деп ырымдап ұлының атын қоймақшы болыпты. Жұмкен атасы белгілі әнші Медіғат Манаповтың әкесімен табақтас болып, сол кісінің балаларына берген тәлім-тәрбиесіне тәнті болып, келесі немересінің атын Медіғат деп қоймаққа бел буыпты. Ол ойларын апаларына айтса, «баланың атын маған қойдырмадыңдар» деп ренжитіні айдан анық. Ақыры, Тілек қулыққа басып қайын атасына: «Баланың атын Медіғат деп нағашылары қойдық деңізші», – деп өтініпті. Осылайша әжейдің үшінші шөбересінің есімі қойылған. Ол туралы Раушан апай білмейді, білген күнде табан астынан үкімін шығарып, ит қоспай «итжеккенге» қуатыны белгілі ғой. «Медіғат дей ме, Седіғат дей ме» деп кейіп отырғанының бар себебі осы екен. Шіркін, бала көңіл қариялар-ай десеңші.

– Бар, шәй ішіңдер, боранмен алысып келдіңдер ғой. Әй, шәй беріңдер, – деп ауыз үй жаққа айғай салды бұйыра. Жұмкен ағамның қарындастары мен қыздары, келіні қонақ қарсы алу мен күтудің қыр-сырын әбден меңгеріп алған, ол үшін апайдың бұйрығы қажет емес. Бірақ апамның «приказына» қарсы келуге қайран бар ма? Осы үйдің отанасы Айман жеңгейдің біреуін екі бала жеп тауыса алмайтын ерекше жомарттықпен пісірген бауырсағына сары май жағып, ақ қаймақ қатқан шәйін ішуге қамданғанымыз сол еді. Айман жеңгей сары май нығыздалып салынған бес литрлік бөтелкені көтеріп алып келді де, біздің үйдің етасарына пышақ ұсынып:

– Мынаны өзің кесе ғой. Бұрын қарынға сақтаушы едік, қазір осындай пластикалық бөтелкеге сақтайтын болдық. Ыңғайлы өзі. Қазақтың ырымы ғой, өз қолыңмен қажетінше кесіп ал. Кеткен кезде салып беремін, – деді.

Мұндай ырымды бұрын естімеген де, көрмегенде екенмін. Таң-тамаша болдым. Қазақы дәстүрдің сақталғаны қандай керемет.

Шәй үстінде Жұмкен ағам өз мәнеріне бастады. Қай жылы, қай уақытта, қай ақынмен айтыста кездесіп, қай қайырымында қандай шумақ айтқанын аптыға ағызады. Қай жылы, қай уақытта, атаның басына келген қайбір қонақтарға қара өлеңін арнау еткенін екілене айтады. «Сенімен айтысқанда, есіңде ме, мен былай дегенде, сын былай деп жауап бердің ғой» деп өшкенімді қайта жаққандай болады. Ұмытпайтын не қылған жады десеңші… Миына диктафон орнатып алған ба деп қаласың. Даңғырлаған дала мінез, салдырлаған сері көңіл. Кеудесі өлең, көкірегі жыр. Жұлқынып тұр.

Бұрнағы жылдары бұл ауылда Мәшһүр бабамызға арналған айтыс өтіп, керекулік айтыскерлер осы үйге түсті. Түнгі екі-үшке дейін Жүкеңнің өлеңдерін тыңдадық. Айтудан ол қажымайды, тыңдаудан біз шаршадық. Ертең айтыс, миды демалдыру керек. Ақыры сылтау тауып жатып қалдық. Жын ұрғандай таңертең бестер шамасында ұйқым қашып далаға шықпасым бар ма. Сорым ба, бағым ба алдымнан Жүкең шыға келді. Жата бермей, несіне түлен түртіп түзге шыға қойдым деп өзімді жазғырғаннан не пайда? Малдарын өріске қосып келген беті екен. Қашан көрсеңде еріндері жыбырлап, шабыттанып жүретін әдеті емес пе. Мен де оң жамбасқа келген болуым керек, екеуіміз ауладағы орындыққа отырдық. Басқа тірі пенде жоқ. Таңсәрі, табиғат енді ояна бастаған шақ. Жамыраған қозының, мөңірегін сиырдың дауысы шығады. «Мен Құдайберлімен шыққанда былай дегенім бар» деп бастап алған ақын ағам алысқа шапты. Көзім жұмылып барады, үйге кірейік деп ұсыныс жасасам ренжіп қалама деп тілімді тістедім. Бір әдеті әңгімесін айтқанда адамды түртіп отырады. Көзім ілініп бара жатыр екен. Түртіп оятып алды. «Сосын маған Серік Құсанбаев былай деді ғой» дегені есімде. Әр жағын білмеймін. Ұйықтап кетіппін. Бір көзімді ашсам Жүкеағам атаның басына келген бір сенаторға арнау айтып отыр. Таңғы сегіздердің шамасы. «Мә, аға қатырыпсыз» дедім де орнымнан тұрдым. Беті-қолымды жумаққа ыңғайландым. Ағам таусылғандай болды, бірақ еркіне жіберсе тағы да шабатын түрі бар. Әй, Жүкем-ай, түбі жоқ керемет дарын иесі ғой.

Шәй үстінде әр нәрсенің басын бір қайырып отырып, сөз тағы да Жүкең жаққа бұрылды. Бірінші немересі дүниеге келгенде Жүкең: «Әр немереме бір-бір тал егемін», – депті. Бірер күннен кейін Тілек пен Мөлдірге ишара етіп үйдің сыртына жеті тал егіп қойған екен. «Біздің үйдің қасына ағаш шықпаушы еді, солардың бәрі жерсініп кетті» дейді өзі масайрап. Ертоқымның ар жағына жантая жатса бергі жағынан көрінбей қалатын шынашақтай ғана шалдың қулығына құрық бойламайды. Не деген әдемі жарасымдық. Аман жүр, шөберелеріңнің шаттығына бөленуге жазсын, жалпақ жұрттың жақсы адамы.

Арқалықтың соңғы жыры

– Апа, бір сөз айтамын, соған ұйқас айтшы, – деп салды немересі Тілек диванда алаңсыз отырған Раушан апайға әдеттегі еркелігімен.

– Кет әрі, кет деген соң, кет әрі! Ақын емессің бе, өзің тауып ал ұйқасыңды. Осы екеуі қосылып шығарса да, менің Гүлбаршынымның бір ауыз өлеңіне татымайды. Гүлбаршын ақын ғой, жазба ақын. Әкесі Арқаш та сондай болатын, ойланып, толғатып барып шығаратын. Менікі суырып салма ғой. Қонақ басында, шәй үстінде айта саламын, сол айтылған күйінде қалады. Өлеңдер көп еді, бәрі қалды ғой. Бір кітап емес, бірнеше кітапқа жүк болатын бар еді. Менің қонаққа барғанда өлең шығармаған құрбы-құрдасым жоқ. Сонда достарым: «Әй Раушан, айтқаныңды қайталаш, жазып алсын», – дейді. «Мазақ қып тұрсыңдар ма, ақымақ дейсіңдер ме?» деп жауап қатамын. Қазір ойланып отырсам олар ақылды, мен ақымақ екенмін. Сол айтқан өлеңдер ойда жүре ме, сексеннің алтысына келгенде қалды бәрі шашылып, – дейді ақындардың анасы өкініштің зілі басып.
Арада біраз үнсіздік орнады. Терезенің сыртында уілдеп соққан үттің бораны. Ызаланып жер тарпып, тырналап ұлыған иттей зәрені алып барады. Бір уақытта апай үйдің төбесіне көлденең салынған ағаш мәткелерге бір қарап алды да терең күрсініп әңгімесін бастады.

– Мыналар үйге, осы екі бөлмеге ремонт жасаймыз дейді. Мен өлгенше жасамайсыңдар дедім. Бейбітжан, төбедегі мәткелерді Арқалық екеуіміз өз қолымызбен салғанбыз. Осы үйдің кірпішін қолмен соғып қаладық, көрші-қолаң, дос-жаран көмектесті. Мен шалқамнан жатқан сайын осы бөрене мәткелерге қарап жатамын. Әне көрдің бе, мәткеде құрға арналған қайырылған шегелер бар. Арқашжан өз қолымен қаққан шегелер ол. Соған құр байлап, жеті баламды босандым ғой. Е, не көрмедік біз. Мен 1938 жылы тудым, Арқашжан 1939 жылдың төлі, бір жас кішілігі бар. Ол 35 жастан асқанда қайтыс болды да, мен 36-ға қараған шағымда жесір қалдым. Бес айдан соң тудым ана кенже қызды. Содан бері осы сәбилердің тілеуін тілеп келемін. Өмірімде жеті құрсақ көтердім, үшеуін жерге бердім. Ортадағы Жүке ағаң еркек баладан жалғыз, – деп әңгімесін өрістетіп келе жатқан уақытта сөзге тағы да Тілек араласты.

– Апа, шалыңды айта бермей, өлеңдеріңді айтсайшы, Бөжен жазып алсын, ертең газетке шығарады.
Апай немересіне алая бір сұқтана қарады. Қазір ұрсады-ау деп едім. Өйтпеді. Жанарында мейірім шуағы бар, жүзінен самал ескендей болды. «Мені Меккеге арқалап алып бар» десе арқасын тосуға дайын.

– Айтам ғой қазір, асығып-аптығып не көрінді? Арқалықтан Жұмкеш жалғыз, Жұмкештен мынау жалғыз. Тұқымың көгергір сол! Кішкене күнінде зілдей ауыр болды. Арқама мінгізіп аламын. Тақымы тастай, сары кенедей жабысып отырады. Алты-жеті жасына дейін арқалап жүрдім. Сондағы ойым, жер басып жүргенін көрген қатындардың көзі тиіп кете ме деген қорқыныш. Арқашымнан қалған тұяқ қой енді. Бірді айтып, бірге кеттім ғой. Тұрмысқа шыққаннан кейін біраз жылдан соң Арқалық ауырып қалды. Ішінен жара шығып, Алматыға емделуге кетті. Бір-бірімізге хат жазып тұрдық. Сонда жазған хаты ғой.

Арқалық ем іздеумен сандалады,
Көргенде дәрігер біткен таңғалады.
Жаутаңдап әрқайсына бір қараймын,
Қалайша осы дерттен жан қалады?

Құдайым беріп тұр ғой кеңшілікті,
Ішінен екі жара тең шығыпты.
Ағайын естігенің айып етпес,
Айтамын ойымдағы мұңшылықты.

Жараны бауырыңдағы алғыз деді,
Бардағы Алматыға жарғыз деді.
Жан Алла бір өзіңе сүйенемін,
Арқалық бір атадан жалғыз еді.

Жүруге Алматыға ерік берді,
Қасыма қайын атам еріп келді.
Құдайым қартайғанда лайық па?
Қолына таяқ, басына бөрік берді.

Көшесі астананың жарқыраған,
Бұлағы арнасымен сарқыраған.
Басына Алатаудың көз жіберсем,
Қарлары тұтасады-ау әр қиядан.

Өмірден бар көргенім үш құлыным,
Сендерді адам қылу өз ұғымым.
Алланың салғанына кім көнбейді,
Аурумен өтіп келед аз ғұмырым.

Астыма мінген атты ентелетсем,
Жөкөнім тірі жүріп еркелетсем.
Шиеттей үшеуің де жассың әлі,
Бұл дерттен олай-бұлай ерте кетсем.

Дәрігерлер табілетке күнде үйеді,
Ішкенде өкпе, бауыр, іш күйеді.
Бұл дерттен олай-бұлай кетіп қалсам,
Үш құлын маңдайыңнан кім сүйеді?!

Ерекше сені ойлаймын жан жолдасым,
Қосылған өзім сүйіп жар болғасын.
Ойласам алды-артыңда ешкімің жоқ,
Апырым, бір Жасаған өзі оңдасын, – деп егілетін.

Жанарын жас көмген кейуана ентігіп қалды. 35 жасында жесір қалу, өмірдің бұралаң жолында қия баспай, балапандарын қияға қанат қақтыруға да қаншалықты қайрат керектігі айтпаса да түсінікті. Ақын жүрегі, ана көңілі, сүйген сезім осы жолдарды жылдар бойы жадында сақтатыпты.

– Содан кейін мен оған қарымта хат жаздым.
Қалам алып хат жазайын жолдасым,
Аруақ қолдап, бір Алла өзі оңдасын.
Қысылғанда бізден жәрдем болмады-ау,
Не көрсе де көрді-ау сенің бір басың.

Барар жерім, басар тауым шамалы,
Бәрідағы бір жалғыздың амалы.
Ісіне мен құдыреттің көнем ғой,
Не болады балаларыңның заманы.

Жас басыңнан көрдің жара ауырын,
Жасағанда ауырды ғой бауырың.
Сені ойласам бұл жалғаннан қызық жоқ,
Жазылат(р) деп жұбатады ауылың.

Бірақ Құдайым мені ерте жылатты. Арқашым оңалмады, шиеттей балалармен жалғыз қалдым. Бірақ қанаттыға қақтырған жоқпын. Бәрін жеткіздім ғой. Ауылдың бәрі мені «ақын апа» дейтін. Өзім оқымасам да, тоқымасам да, жесір қалсам да, жасы болсын, кәрісі болсын бір пенде алдымнан кесіп өткен емес. Қарғам, жалғанда Жаратқан абыройыңды алмасын. Жердің жүзінде құрт-құмырсқа да жыбырлап жүреді. Құр жыбырлап жүргеннің керегі жоқ. Кісілік жойылмасын. Кісілік жойылмаса, бәрі де орнына келеді.

Талай өлең айтылып кетті ғой. Бәрі бірдей есте жоқ. Есімде қалғанын айтайын.
Өмірім жалғыздықпен менің өтті,
Жолдасым бұл дүниеден ерте кетті.
Жалғыздан жарылқа деп тіледім де,
Бір ұлға артып қалдым бар үмітті.

Еңбегім еш кеткен жоқ орны толып,
Жалғызым жарқылдап жүр ақын болып.
Елінің ортасында сайрандап жүр,
Басқадай болмаса да үлкен ұлық.

Сөзі бар орақ тілді безілдеген,
Анасы ақын бол деп әзірлеген.
Би болмас жалғыз жігіт қайда барса,
Халқымнан айналайын қадірлеген.

Үш жұрт


Раушан апайдың бір қасиеті сауал қойсаң жауар бұлттай көп күттірмейді екен. Көзін біраз жұмып отырады да, тізгіні босаған аттай шаба жөнеледі. Осы сәтті пайдалана отырып: «Апай, қайын атаңыз туралы не білесіз?», – деп сұрадым. Біздікі ұрымтал сәтті күткен ұры да сумақай сұрақ болды. Себебі бұған дейін қайын атасы Сейіт Ыбырайымұлы туралы архивтен тілдей қағаз табылған. Ол кісі 1928 жылдары кәмпескеге ұшырап, жер аударылған. Әкесі Ыбырайым алдына мал біткен жан екен, сол дүниесін баласына санап берген деген ақпаратты растап алу керек.

– Енем марқұм, қайын атамды «трудармияға» алған, сол жақтан оралмады, қайтыс болды» деп отыратын. Менің әкемнің аты Жұманбай Әділбекұлы, шешем Мәлике мына Біржанкөлдікі. Шешемнің Қабыш деген інісі болды, менің нағашым ғой енді, өте көріпкел адам еді жарықтық. Сол нағашым жасында өте көрікті адам болыпты. Бірақ әулие шығып, ішінен буып қысылып жатқанда әкесі жылап: «Құдайым-ау, бар болсаң Қабышымның жанын қалдыра көр, көзін алсаң да жанын қалдыр», – деп зарланып жалбарыныпты. Үмітін үзе бастаған атам көрін де қаздырып қойған екен. Оған Әбдірайым, Әбілда деген егіз ұлы құлап мерт болған. Сол зиратқа жерленіпті. Ал Қабыш тірі қалыпты, бірақ көз жанарынан айырылған екен. Әкесінің аңдаусыз айтқан тілеуі қабыл болса керек. Әулие қысып тұрғаннан кейін түрі бәрі өзгеріп, көркінен айырылыпты. Шешем айтатын: «Үйде қатар-қатар жатамыз, Қабыш түнде ешкімге айтпастан тұрып кетіп қалады. Жападан жалғыз таулардың арасына барып, өзімен-өзі көкке қарап, қолын жайып күбірлеп сөйлеп отырады». Бұл қылығын байқаған әкесі жын ауруы жабысқан деп байлап тастайды екен. Нағашым сонда да сандырақтап сөйлей беретін көрінеді. Бір күні нағашым сынық айна тауып алыпты, о кезде айна да жоқ қой, қайдан тауып алғаны белгісіз. Әлгі сынық айнаға қарап отырып «Сенің үйіңде бәлен бар, түген бар» деп дәл тауып айтады екен. Мұны көргендердің қаншамасы таңқалыпты.

Ол кісі өмірі көлікке мінбеген адам. Осы Жаңажолдан Баянауылға дейін жаяу барады екен. Қолында таяғы бар. Босағадан аттай салысымен менің шешемді көріп «тірі екенсің ғой» дейді де кері қайтатыны есімде. Соңынан біздер жүгіреміз, бәріміз баламыз, үйге алып келіп қондырамыз. Есімде бары, мына Қаражар, Қарашат деген жерлерде айна ашып жүрді. Өзімнен үш жас үлкен Ахат деген ағам болды. Сол екеуімізге де аяғын айқастырып отырып айна ашатын. Әлгі ағайыма: «Сен Раушаннан үлкен болсаң да одан бұрын кетесің» дейтін. Ал маған қарап отырып: «Бас кемшілігін көресің, қарағым, бас кемшілігін көресің. Жалғыз-ақ қалауыш бәкің болады», – дейді. Кәне, кәне деп айналасына қарасаң «Он жеті Ораз Бикеш, аман сақтау үшін» деп басталатын өзінің мақамына басады. «Иттің баласы саған көрініп тұр ма?» – деп жағыңнан тартып жібереді. Сол нағашымның айтқаны келді. Жалғыз бәкі дегені «Жөкем» ғой. Көрдің бе? Маған сол сөзді 11 жасымда айтқан. Нағашым көріпкел адам болды ғой. Зираты мына Бөлдейде. Айна ашып отырып енеме: «Әй, сендер Сейітті тоспаңдар. Аралтөбе деген жерде Сейіттің қабірін қазып жатыр, сол Аралтөбе деген жерде қалады. Текке іздеп әуре болмаңдар», – депті. Үлкен қайын ағам ашуланыпты. Арқалық екеуінің әкелері бөлек, шешелері бір, апаммен еріп келіпті. Сол кісі «соқыр неме, не деп сандалып отырсың» деп бір ұрып құлатқан екен. Сонда нағашым: «Ұра бер, ұрса бер. Бәрібір Сейіт келмейді, Аралтөбе деген жерде қалады», – депті сөзінен қайтпай. Айтқаны айдай келді ғой. Кейін мына Бірлік ауылынан Өмірәлі деген ақсақал айтты, Сейіт атаммен бірге абақтыда болыпты. Қайтыс болар алдында: «Әй, Өмірәлі, дәм жазып елге барсаң мына он сомдық қызыл ақшаны менің Арқалығыма апарып бер», – деп аманат еткен екен. Сол кісі елге оралғаннан кейін Арқалыққа болған жайдың бәрін сөз етіп, мұсылмандық жолмен өз қолымен жөнелткенін айтқан, сол ақшаның орнына бір жылқы берейін депті. Сонда Арқаш «маған ақша керек емес, әкем туралы үшбу хабар әкелгеніңізге рахмет» деген екен.

Міне, менің Қабыш нағашымның осындай қасиеті болушы еді. Ол қасиеті Елубай деген баласына қонған болатын. Ол әжемнің қолында өскен екен. Менен екі жас үлкен еді, қайтыс болып кетті. Осы ауылда «Раушан айран берші, шалап істеп берші» деп келеді. Туған нағашымның баласы ғой, Жұмкен сол үйде туған. Содан мен «малың бар, қатының бар, өздерің жасап ішпейсіңдер ме» деймін ғой қырсықтығым ұстап. Сонда «Бермесең бермей-ақ қой, ертең қара қытай қаптап келеді. Әне көрмейсің бе, Қарашоқының ар жағында қара қытайдың бастары қылтиып тұр, көрмейсің бе? Ертең соған қатын боласыңдар, айрандарыңды соған бересіңдер» дейтін. Әттең сол қасиетті ұстай алмады, ол оңайлықпен қонбайды ғой. Шынымен де қазір айналаны қытай басып кетті емес пе. Жарықтықтар, жатқан жерлері жайлы болсын! – деп күрмеді әңгімесін апай.

Келімді, кетімді кісі көп. Қонаққа арнайы шақырылғандардың бәрі апаға келіп амандасады. Әрбірінің хал-қадірін сұрап ойы бұзылады. Маған да ара-тұра бір қарап, саған айтарымды толық айта алмадым дегендей кейіп танытады.

– Өзім бір әкеден жалғызбын. Әкем бай болған адам. Аты – Жұманбай Әділбекұлы, – деп жалғады әңгімесін әжей. – Мына Баяндағы бұрынғы поштаның екі қабатты үлкен үйі қайда, сол менің үйім. Әкем де саясаттың құрбаны болып істі болған. Иген, Сәйпи, Пәуен деген жолдастары болды. Өз басым әкеден бес жасымда қалдым. Өгей әкенің бауырында өссем де, жетімдік көрген жоқпын. Иген деген жолдасы: «Сен Жұманбайдың жалғыз қалған баласысың ғой» дегенде екінші әкем қатты ренжіп, «балаға қайдағыны айтасыңдар» деп кейігені бар. Өз әкемнің атында 86 жыл бойы жүрмін. Жолдасым некеге тұрғанда «тегіңді өз әкеңнің атына жазғыз, аты қалсын» деген.

Әкем тосыннан ауруға шалдығып, 49 жасында қайтыс болып кетті. Баянауылда сауда саласында бастық болды. Жалпы атам Әділбек деген кісіден 12 ұл туған екен. Соның алтауы жастай өліп, қалған алтауы үйленіп барып өлген. Әжем босанғанда, ол кезде құрға босанады ғой, немене босанды деп сұрапты. Ұл бала деп айтса керек әжем құрдан құлап. Сонда атам: «Құдайым, құлыңнан несін аядың, соқыр қызыңды аядың ба», – деген екен. Сол он екі ұлдық он екісі де опат болды ғой.

Немерелерінен мен ғана қалдым. Екі ұлдан шөберелері бар. Е, балам, айта берсек әңгіме көп қой. Кісілер жиналып қалды, енді ана жаққа дастарханға бар, – деп Раушан апай тұруға ыңғайланды. Әрине, айта берсе екен деген тілек басым.

Сол күні Жұмкен Арқалықұлының шаңырағында немересіне арналып қазан көтеріліп, ән көрігі қызып, көңілді кеш болды.

Далада боран толастар емес, көлденең кездескенді көтеріп кетердей желдің де екпіні қатты. Бұл үттің бораны емес, құттың бораны деп жорыдық.

Бейбіт БӨЖЕН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

1 thought on “Ауылдың ажасы

Пікір үстеу