27 наурыз – Халықаралық театр күні
Ертіс-Баян өңірінің рухани қарашаңырағы саналатын Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры 1990 жылы 7 желтоқсанда ашылды. Театр шымылдығы режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпенов сахналаған М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен түрілді. Қойылым симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтіп, дирижері Болат Рахимжанов болды. Театрдың алғашқы директоры Бектас Тапалшинов болды.
Көрнекті театр қайраткері, сол кездегі Т.Жүргенов атындағы Алматы Өнер институтының ректоры Ә.Сығай театрға «музыкалық комедия және театр» бөлімінің бітіруші студенттерін жолдамамен жіберіп, актерлік құрам жасақтауға үлкен үлес қосты.
1992 жылдың 21 сәуірінде ҚР Үкіметінің қаулысымен театрға драматург, жазушы, ғалым, мемлекет қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілді. Ал, 2014 жылдың қыркүйек айында театр алаңында Жүсіпбек Аймауытов ескерткіші орнатылды.
Театр есігі ашылған сәттен бастап, бүгінгі күнге дейін ұлттық драматургиямен қатар, әлем классиктерінің үздік шығармалары қойылып келеді. У.Шекспирдің «Король Лир», А.Чеховтың «Шағала», Еврипидтың «Медея», И.Кальманның «Сильва», Д.Исабековтың «Әпке», «Мұрагерлер», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Актриса», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ә.Таразидің «Жақсы кісі», С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз», Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» және өзге де көптеген қойылымдар театрсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Театр тәуелсіздік жылдары 150-ден астам қойылымды сахналады.
Театр жетістіктері де көп. Атап айтқанда, театр 1995 жылы Египеттің Каир қаласында Халықаралық театрлар фестиваліне «Айман-Шолпан» спектаклімен қатысып, лауреат атанды. 2002 жылы Д.Исабековтың 60 жылдық мерейтойына арналған республикалық фестивальде «Әпке» спектаклімен қатысып, «Ең үздік режиссер» номинациясын Е.Тәпенов, «Ең үздік актер» аталымын Омар ролі үшін әртіс С.Бекболатов иеленді. 2004 жылы Қостанай қаласында өткен ХІІ Республикалық театрлар фестивалінде Еврипидтің «Медея» спектакльдегі Медея рөлі үшін «Ең үздік әйел ролі» номинациясымен ҚР еңбек сіңірген әртісі Ж.Чайкина марапатталды. 2017 жылдың сәуір айында Түркістан қаласында өткен Ж.Шанин атындағы фестивальде театр актері Бекболат Оқасов «Үздік ер адам ролі» номинациясын жеңіп алды. 2019 жылдың Семей қаласында өткен Ә.Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма таетрларының XXVII республикалық фестиваліне Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» драмасымен қатысып, қойылым режиссері Жангелді Садықов «Үміт» номинациясымен марапатталды. 2023 жылы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен КСРО Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған ІI республикалық «Сын – шын болсын» театр фестиваліне Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымымен қатысып, «Үздік ансамбль» номинациясын жеңіп алды. 2023 жылдың 2 қарашасында Мәскеуде өткен Халықаралық «Подмосковные вечера» фестивалінде «Ұждан» қойылымымен өнер көрсетіп, Гран-Приден кейінгі екінші жүлде – «Үздік ансамбль» номинациясын ұтып алды.
Жетістіктері бұнымен шектелмейді. Ұжым үшін ең үлген әрі басты оқиғалардың бірі – бірінші республикалық «Ертіс-Баян» театр фестивалі. Аталған фестиваль былтыр қыркүйек айында Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұйымдастыруымен Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық мерейтойына орай өтті. 11 театр, жалпы саны 288 актер қатысқан өнер додасында бегзада көрермен еліміздегі ең үздік туындыларды тамашалап, рухани ләззат алды. Мәдени майданның лебін сезінді. Фестиваль – қазақ театрлары арасында тәжірибе алмасып, достықты нығайту, актерлер мен көрермен арасында алтын көпір салу секілді биік үдеден толықтай көріне алды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек бастаған қазылар алқасы барлық спектаклді талқылап, бағасын берді. Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры «Ричард III» спектаклімен «Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесін» еншіледі.

Бүгінгі күнде театрға Арман Темірбек басшылық етеді. Көркемдік жетекші – Әділет Ақанов. Бас режиссер – Сергей Левицкий.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында Рауза Тәжібаева, Жұмахан Доспаев, Талжібек Атамбек, Бейбіт Шәнім, Бахаргүл Құрбанова, Кенжеғазы Қарымсақов, Гүлжихан Хамитова, Дәурен Әділ, Гүлжанат Омарова, Бек Тоқатов бастаған аға буын әртістердің ізімен Бекнұр Дастан, Бауыржан Егінбай, Бауыржан Манатбекұлы, Еркежан Төлеубек, Айзана Тасбулатова, Ақтілек Ақанова, Жасұлан Әмірхан қатарлы жас актерлер еріп келеді.