Асыл ӘБІШ
Жаңа Қазақстанға үлкен үмітпен бет бұрған біздің қоғам Парламентін де, Мәслихаттарын да жаңартып, осы аптада халық өкілдері іске кірісіп кетті.
Отыз жылдан артық қазынадан қып суырып, қырық өтіріктен бәйгенің алдын бермей, өз жұртын теспей сорған бұрынғы жүйеден әбден қажыған, ашынған қоғам ертеңі тағы ертегіге айналып кетпесе екен деп, жаңа бағдарға кәдімгідей сенім артып, зор үмітпен қарап отыр.
Бүгінгі қоғам бұрынғы қырық өтіріктің одан ары жалғасқанын еш көтермейді. Парламентте, Мәслихаттарда бұрынғыдай жолбикелер мен жолдыбайлардың, ноқталы құл болып, ұдайы бас шұлғып, ұйқы соғар маубастардың, жылтықайлардың, жымысқы-жылпостардың топтасуын көтермейді.
Парламент пен Мәслихат қоғамдық тұрмыс-тірліктің мәніне емес, өзінің сәні мен салтанатына бас ауыртып, сызылып сөйлейтін сылқымдар, мандатты маң басып жүру, паң болып күлу, жұрт алдына жылтырап шығу деп қана танитын қыртымбай-құлқындар отыратын жер емес!
Қаймана жұрт жайлы тұрмысқа, лайықты тірлікке қол жеткізгісі келеді. Оған бастау болар маңызды заң нормалары шұғыл және сапалы түрде әзірленіп, қабылдануы қажет. Қоғамның Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды көріп, сезінуі үшін осыдан басқа ештеңе де керек емес!
Бүгінгі балаларымыздың жағдайын толыққанды жасап, қажетін, мүмкіндіктерін толыққанды өтеп, лайықты қамтамасыз ете алмай отырып, бұрынғы тарихты қуалап, жиын-шара ұйымдастыру үшін қаржы төге беруді де азайтқан, екі шоқып, бір қараған абзал.
Әлбетте, тарихты түгендеу, бабалар есімін, ісін ұмытпау, кейінгіге ұлықтау – мәңгілік міндет! Бірақ оның да жөні мен жосығы, тәрбиеде түпкілікті тиімділігі болуы маңызды! Қысқасы, бюджеттің бір тиынын да жұмсар алдында жоғарыда атылғандай, екі шоқып, бір қарау, халықтың қалауын ескеру қажет дейміз.
Шыны керек, бұрынғы депутаттардың бәрі дерлік Халықтың қалаулысы болды десек, қоғам еш сенбейді. Әділі сол, олардың басым бөлігі Ақорданың, биліктің ғана қалаулылары еді. Енді жұртымыздың тек өз қалаулыларын, нағыз жанашырларын көретін уақыты жетті. Ендеше әр Депутаттық Сауал мандат иесінің жеке мүддесінен емес, тек өзін сайлаған халықтың ғана қалауынан туындауы, тиісті жерге жолдануы керек! Депутаттың оны-мұны мәселеде халық қалауынсыз, қолдауынсыз өз бетінше өлерменденуі жақсы бола қоймасы анық.
Жаңадан сайланған Депутат Ханым! Депутат Мырза!
Сіз – халық өз арасынан қалап, мұң-мұқтажымызды билікке жеткізеді, шешімін табуына жол ашады, заңдық тұрғыда қамтамасыз етеді деп жіберген өкіл-қызметшісіз. Басқа ешкім де емессіз!
Сондықтан өкіл-қызметші деген мәртебеге толыққанды лайық әрекет етіңіз! Сіздің бұрынғы қызметіңіз (Парламенттегілер) немесе қазіргі қызметіңіз (Мәслихаттағылар), лауазымыңыз, атақ-дәрежеңіз, экономикалық жағдайыңыз жұртқа түк қызық емес, қажеті де жоқ, мүлде маңызды емес! Өйткені, жоғарыда айтылғандай, Сіз тек халықтың атынан мандат алған өкіл-қызметші ғанасыз, ал мандаттың міндеті ауыр!
Сол бағытта жұмыс істеңіз, Сізден сол ғана күтіледі! Сәттілік!