Мұрат АЯҒАНОВ

Шарбақтыдағы Есілбай, Шалдай, Ботабас, Галкин, Шегірен, Арбаиген ауылдарының тұрғындарына жалғыз қойын сойса да  70-80 шақырым жердегі аудан орталығына сандалуға тура келіп тұр. Себебі Шегірендегі қасапхананың есігі құлыптаулы тұрғанына жылға жуық уақыт өткен. Аумақтық инспекция нысан талапқа сай емес деген сылтаумен мал соятын алаңды ашқызбай  отыр.

Жақын маңнан қасапхана таппай зар болған жұрт үшін қолдағы түлігін сойып, қалаға апарып өткізу үлкен мәселеге айналған. Ең жақын жердегі мал соятын алаң Шарбақты ауылында орналасқан. Ол Шегіреннен 80 шақырым жерде. Жеңіл машинаның жүк салғышына тией салатын зат емес, жүк көлігін жалдау үшін бұл екі аралыққа кемі 40-50 мың теңге сұрайды. Оның үстіне мал соятын алаңның қызмет құны бар. Амалы құрыған ауылдықтар ақ адал малын өз бетімен сойып, еш құжатсыз қалаға өткізбекке талпынғанда құқық қорғау органдарының қолына түсіп, айыппұл арқалап қалған. Осылайша мал өсірген ағайын бүгінде үлкен қыспақта отыр.

Есілбай ауылының тұрғыны Марат Иманғазиновтың айтуынша, Шегірендегі алаңда бұған дейін Шалдай, Есілбай, Ботабас, Галкин және Арбаиген ауылдарының төрт түлігі сойылып келген. Есепке алу құжатының жоқтығына байланысты ол бір жылдан бері қаңтарылып тұр. Ауыл әкімдігіне, аудан басшылығына бұл мәселе талай мәрте айтылғанымен, түйткілдің түйінін тарқатуға асығар емес.

– Былтыр күзде мал семірген уақытта қатты қиналдық. Шарбақтыға апарайық десек, шығынымыз бастан асып кетеді. Амалсыздан малды тірідей сатып алатын алыпсатарларға жем болдық. Біздің жағдайымызды жақсы біліп алған олар да төмен баға ұсынды. Тіпті қаладағы туысқандарымызға ет жіберуден қалдық. Осылайша түлігіміз талай жылғы еңбегімізді ақтамады, түк пайда көре алмай отырмыз. Қазір көктемгі мезгілде пышаққа ілінетін ірі қара аз емес, бірі көтерем, енді бірі батпаққа батып, амалсыз сойып тастаймыз. Оларды ет өңдейтін кәсіпорындарға апарып тапсырсақ аз-маз пұл түсер еді ғой. Алайда ауылдан оны ет күйінде алып шығуға рұқсат жоқ. Ал аудан орталығына жеткізу тиімсіз екенін айттым. Бұл аудандық ветеринарлық инспекцияның жауапсыздығынан орын алып отырған мәселе деп есептейміз. Аудан әкімдігі де мәселеге көз жұма қарап отырғандай. Есілбайда 600-дей тұрғын бар. Бәріміз малмен күнелтіп отырмыз. Мына жақта 25 шақырым жерде 2000 адам тұратын Шалдай ауылы бар. Олардың да мұң-мұқтажы осы,-дейді отағасы.

Жеке кәсіпкер Мұрат Тырмауұлы есілбайлықтардың проблемасын жақсы білетінін жеткізді. Туған ауылына жиі ат ізін салып, мал етін шаһарға жеткізе алмай отырған азаматтарға көмектеседі. Ет бизнесімен айналысатын ол үшін ауылда арнайы алаңның жоқтығы қосымша шығынға ұшыратып отыр. «Бір барғанда шағын жүк көлігімен аудан орталығына 4-5 ірі қара апарып сою қажет болады. Оны жеткізуге шамамен 50 мың теңге шығындаламын. Сондықтан мен үшін пайдасынан гөрі, шығыны басым болып тұр. Жергілікті аудан әкімдігі, жауапты мекемелер бұл мәселеге бас ауыртпайтындай көрінеді. Ветеринария бөліміне хабарлассам, ондағылар ауылдағы мал соятын алаңның иесіне сілтейді, ал қасапхананы ұстап отырған азамат бөлім рұқсат бермей отыр деп зар илейді. Есесіне ауылдықтар зиян шегіп отыр», – деп мұңын шақты кәсіпкер.

Негізі аудан бойынша небәрі 5 мал соятын алаң ғана бар. Оның бірі Шарбақтыда екенін жаздық. Қалғаны Орловка, Жылыбұлақ, Красиловка, Александровка ауылдарында орналасқан. Тұрғындар Александровкадағы қасапхана да талапқа сай жұмыс істемейтінін, жиі тоқтап қала беретінін айтады.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Шарбақты аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қайыржан Дәулетбаев  Шегірендегі мал соятын алаңның тоқтап тұрғанына иесі кінәлі деп санайды. Айтуынша, «Назарәли» ШҚ осыдан бірер жыл бұрын оны өз иелігіне алыпты. Алайда содан бері нысанның күйі қашқан. Аудандық мекеме ветеринарлық-санитарлық қорытынды шығарар уақытта қасапхананың маңайы қоршалмағанын назарға алып, есепке алу құжатын бермей қойған. «Қожайыны кемшілігін түзетеміз деп сөз бергенімен, іс жүзінде уәдесін әлі күнге орындамады. Талапқа сай болмағаны үшін алаңға өз жұмысын жалғастыруға рұқсат бере алмаймыз. Себебі ол заңсыздық болар еді. Иесі ауысқанға дейін нысан аудандағы өзге қасапханалар секілді тәуір жұмыс істеп тұрғанын атап өткім келеді»,- деп келтесінен қайырды ауданның бас ветеринары.

Мәселенің ізімен мал сою алаңының қожайыны, «Назарәли» ШҚ басшысы Нұржан Азаматовқа хабарластық. Ол шынымен алаңның стандартқа сай келмей тұрғанын мойындады. Былтырғы көктемнен бері ветинспекция тоқтатып қойған. Қазір шаруашылық алаңды толықтай өз меншігіне өткізу үшін құжаттарын рәсімдеу үстінде. “Құжат мәселесі біржақты болған соң қасапхана аумағын қоршауды қолға аламын, оған дейін жұмысқа кірісе алмайтынымыз анық”, – дейді ол.

– Былтыр ауданға құжаттарымды бірнеше мәрте апарып тапсырдым. Алайда ондағылар барлығын кері қайырды. Айналасын қоршауға қанша қаражат қажет екенін де білмеймін. Шамамен 0,9 гектар жерді қоршауым керек. Қазіргі күні жергілікті мал ұстаушы ағайынға қиын болып тұрғанын жақсы түсініп отырмын. Алайда құжат мәселесі шешілмей, малды союға қабылдай алмаймыз. Ол шамамен маусым айына дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан қазір бір ғана жол бар, ол – аудан орталығына апарып сою,- дейді Н.Азаматов.

Бәрін айт та, бірін айт. Ауылдағы ағайынның құтын қашырған осы бір түйткілдің түйінін тарқатуға осы уақытқа дейін аудан әкімдігі бейқамдық танытып келіпті. Бұл мәселе жайында аудан басшысы Әзілхан Әбеуовтің пікірін білмекке бірнеше мәрте хабарласып көрген едік. Алайда әкім телефон тұтқасын көтермей қойды. Соңынан көмекшісі хабарласқанымен, мардымды жауап ести алмадық. Тиісті меморгандарға талап қоймағандары да түсініксіз. Ал ветеринарлық қызмет өкілдері жағдайды шешуге көмектесудің орнына нысанның есігіне құлып салдырып тастағаны да жығылғанға жұдырық болып отыр.

Ендеше қайтпек керек?

Пікір үстеу