Археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, өнертанушы Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Руы – Арғын, Сүйіндік, Айдабол. Сауатын ауыл мектебінде ашқан.

Профессор, тарих ғылымдарының докторы Уахит Шәлекенов Әлкей Марғұланның ата-анасы өз заманына сай білімді болғанын айтады.

«Оның әкесі де, анасы да осал болмағанға ұқсайды. Олар өз уақытына сай білімді, шығыстың мәдениетімен таныс адамдар болған. Әкесі мен анасы баласының оқуына, рухани дамуына жәрдемдескен. 1920 жылы Ленинградқа барып оқу оңай емес еді. Әлкей Марғұланның ғылымға деген құлшынысы оның тегінде бар», – дейді ғалым сұхбаттарының бірінде. 

Білімге деген құштарлық

1919 жылдың соңында Павлодар қаласындағы мұғалімдік курсқа түсіп, оны тәмамдағаннан кейін туған ауылында мұғалім болып істейді. Білімін одан әрі шыңдау мақсатында 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға түсіп, оны 1925 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Осы жылдар аралығында «Таң» журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнiң редакцияларында қызмет атқарады әрі жазушы Мұхтар Әуезов пен ақын Мағжан Жұмабаевпен танысады.

Әлкей Марғұлан өз естелігінде досы Мұхтар Әуезовтің айтқан ақылын былайша есіне алады:

«1925 жылы Мұхтар маған “сен Семейде қалма, менімен бірге Ленинградқа жүр. Сол арада жоғары білім алып, ғалым болудың жолына түс” деді». 

Осылайша, 1925 жылы Әлкей Марғұлан Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург қаласы) Шығыс институтының филология факультетіне оқуға түседі.

Сондай-ақ Ленинград университеті мен өнер тарихы институтында да лекциялар тыңдап, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, қыруар әдеби және архив деректерін жинады. Осы жылдарда ол көркем әдебиет саласында да біраз іс тындырды. Қазақтың ғалымы орыс және шетел жазушыларының көркем шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Алаш қайраткерлерімен қалай танысты?

1926-1927 жылдары Әлкей Марғұлан КСРО ғылым академиясының академигі Александр Ферсман мен профессор Сергей Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография жұмысына қатысты. Экспедиция барысында ол Әлихан Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасады.

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Әлкей Марғұлан мен Мұхтар Әуезовті Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Халел Досмұхамедовтың, Мұхаметжан Тынышбаевтың шәкірті болыпты.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Әлкей Марғұлан өз естелігінде Мұхтар Әуезовпен бірге Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі үйіне қонаққа барып тұрғанын жазған:

«Мұхтар қызық! Әлекеңдердің үйіне байқап бару керек қой. Мен қырынып, галстук тағып, қандай сұрақ қояды деп дайындалып барамын. Кітапханада 3-4 күн отырамын. Сөйтіп, Әлекеңе сәлем беремін. Ал Мұхтар «Жүр барайық” деп бара салатын. Мен Мұхтарға «Олай баруға болмайды» деп ұрсатынмын».

1928 жылдан бастап Әлкей Марғұлан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды.

1929 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармалары туралы дипломдық жұмысын қорғап, институтты тәмамдады. Ол орыс география қоғамы архивiндегi Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжырымдар жасады.

Сұрқия саясаттың салдары

Институтты бітірген ғалым Қазақ КСР оқу ағарту комиссариатындағы жаңа алфавит комитетінде қызмет істейді, ал 1931 жылы Ленинградтағы мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасына түседі.

Жазушы Тұрсынбай Жұртбай осы жылдары кеңес үкіметі тарапынан ғалымның қудалауға түскенін айтады.

«1930 жылдан бастап Әлкей Марғұлан тарихшы, қазақ интеллигенциясының өкілі ретінде қуғынға түсті. Алаш қайраткелері ұсталғаннан кейін жас алашшылар бақылауға алына бастады. Міне, олардың қатарында Әлкей Марғұлан да болды. Қауіпсіздік комитетінің архивінде Әлкей Марғұлан «Мағжаншыл ғалым» ретінде тіркелді. Себебі, қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаев Ақ теңіздің жағалауындағы түрмеде жатқан кезде оған Әлкей Марғұлан барып, қаржылай көмектесіп тұрған. Қауіпсіздік қызметкерлері өз есебінде «Оның жырына табынатын студент Әлкей Марғұлан келіп кетті. Оны іздестірейік» деп жазды», – дейді ғалым.

Ал тарихшы, профессор, академик Манаш Қозыбаев кеңес үкіметі тарапынан қазақ ғалымы қысым көрсе де сабыр сақтап, өз халқына қызмет еткенін айтады.

«Әлкей Марғұлан – ғалымдар көшін бастағандардың бірі. Ол – қайраткерлікті жарқылдатып, шатырлатып, жекпе-жекке шықпай, бабымен, сәнімен, ғылыммен, өнермен жай басып, дәл асып жасаған жан», – дейді ол.

Тарих ғылымдарының докторы, ғалым Мәмбет Қойгелдінің бұл мәселеге қатысты өз айтары бар.

«Әуезов пен Марғұланның заманы күрделі, ауыр болды. Бұл уақытта Алаш зиялылары туралы ашық, еркін айтуға мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан оларға жаңа құрал іздеуге тура келді. Менің ойымша, олар сол құралды тапты. Мәселен егер еркін заман болғанда Әуезов Кенесары қозғалысы туралы үлкен шығарма жазушы еді. Оған ол даярлық та жасады. Кенесары қозғалысы туралы материал жинады, ізденді. Егер Әлкей Марғұланға ерік бергенде ол 18-19 ғасырдағы Қазақстан тарихы туралы ғылыми еңбектер жазар еді», – дейді профессор.

Ғалым неге қазақтың көне тарихын зерттеді?

Биліктің қысымынан соң Әлкей Марғұлан қазақтың көне тарихын зерттей бастайды.

«Оған академик Қаныш Сәтбаев “Сен енді идеологиясы аз, қазақ архитектурасы мен археологиясының тарихын зертте. Мұнда саған идеологиялық қудалау болмас” деп кеңес берді», – дейді жазушы Тұрсын Жұртбай.

Тарихшы Мәмбет Қойгелді оның себебін былайша түсіндіреді:

«Неге Әлкей Марғұлан қазақтың көне тарихын, археологиясы мен этнографиясын зерттеді?» деген сұрақ туындайды. Ол Алаш зиялыларының жанында жүріп есейді. 1920-30 жылдары Қазақстанда жүргізілген репрессиядан кейін Әлкей Марғұлан қазақтың археологиясы мен этнографиясын зерттей бастады. Себебі, ол саяси тақырыптарды жазуға болмайтынын түсінді», – дейді.

Әлкей Марғұлан Оңтүстік Қазақстанда, Сырдария, Талас және Шу өзендерінің бойынан ежелгі қала мәдениетінің іздерін зерттеді.  Отырар, Тараз, Сайрам және Сығанақ қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен бірге сан алуан көне аңыз әңгімелер, ертегілер мен эпикалық жырлар нұсқаларын ел арасынан көптеп жинады.

Нәтижесінде қазақ ғалымы 1950 жылы Қазақстандағы көне қалалар тарихы туралы көлемді монографиялық еңбегін жазып шығады. Бұл шығармада бірінші рет көне Қазақстандағы барлық қала өркениеті мен негізгі сауда орталықтарына жан-жақты ғылыми сипаттама, терең талдау жасалды. Сондықтан Әлкей Марғұлан Қазақстандағы археология ғылымының негізін салушылардың бірі болып саналады.

1945 жылы ол «Қазақ халқының эпикалық жырлары» туралы докторлық диссертациясын қорғайды. 1960 жылы Әлкей Марғұланға профессор атағы берілді.

1959 жылы ол «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерiнiң шеберлерi» атты еңбегiнде қазақ халқының эпикалық жыр дәстүрiн дамытқан ақындарға, сал-серiлерге тоқталып, олардың сөз өнерiндегi орнын айқындайды. Бұл еңбек ғылыми танымдық тереңдiгiмен ерекшеленедi, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйiнбай, Жамбыл, Нұрпейiс, Иса сияқты ақындар шығармашылығы талданады. Марғұланның «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуiнде әдеби-тарихи және мәдени деректер молынан кездеседi.

Ғылымға қосқан өлшеусіз үлесі

Сонымен қатар Әлкей Марғұлан қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеулер iсiнiң дамуына үлес қосты. Қырғыз эпосын әлемге таныстырған Шоқан Уәлиханов еді. Кеңес заманында эпосты Мұхтар Әуезов зерттейді. Әлкей Марғұлан бұл дәстүрді жалғастыра отырып, «Шоқан және Манас» атты монографиясын жазады. 1957-1967 жылдары Марғұлан Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинайтын топқа басшылық етіп, 1958 жылы 5 томдық кітапты жарыққа шығарады.

Ал қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым өмірінің соңына дейін қарапайымдылығын жоғалтпаған.

«Мен өзімді ең әуелі өнертанушы, одан кейін Шоқанды зерттеуші, сосын барып қана әдебиетшімін, этнографпын, археологпын деп санаймын», – деген Әлкей Марғұлан өз естелігінде.

Ғылымға қосқан үлесі үшін Әлкей Марғұлан Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ленин, Еңбек қызыл ту, Халықтар достығы ордендерi және медальдерімен марапатталды.

Профессор 1985 жылы 12 қаңтарда 81 жасқа қараған шағында Алматыда қайтыс болды.

Sputnik дерекқорынан әзірлеген Жұмабек СМАНОВ.

Добавить комментарий