Ел экономикасының дамуында ойып алар орны бар Майқайың кентіның қойнауы кенге толы. Асылы кенге ғана емес-ау, тұнып тұрған тарихқа толы дегеніміз жөн болар. Көкірегі толы қазыналы Мұхтар Әбенов ақсақал бұл өлкенің әр тасының тарихын жатқа біледі. Бүгін атамыз жолы түсіп «Аiqara.kz» ақпараттық агенттігінде болып қайтты. Біраз сыр тарқасты.
Иә, Майқайың құрылысының алғашқы қазығы сонау 1840 жылы қағылғанын бәріміз білеміз. Кейін 1895 жылы өндіріс ошағы көпес А.Дерновтың иелігіне өтіп, кен-барлау жұмыстарымен айналысады. Воскресенскі тау-кен комбинатының қожайыны Қосым Пішенбаевты арнайы алдырып, барлау жұмыстарын сеніп тапсырған.
Ал бағы бар елге байлау, құт дарыған жайлау болған сол өңірдің бір кездері қарапайым ғана үлкен Майқайың және кіші Майқайың деген алқап болғанын біреу білсе, біреу білмес. Көнекөз қария әңгімесін осыдан бастады.
– Түгін тартсаң майы шығатын кенді өлке ХХ ғасырдың басында ағылшындардың ірі компаниясының басқаруында болған. Менің білетінім Екібастұз балқыту зауытының иесі концессионер Лесли Уркварт қожайын атанды. Ол қазақ шаруалары қолмен қазған кен байлығын Екібастұз қорғасын-қалайы зауытында балқытып, алтын, күміс құймаларды Англияға жөнелтіп отырған. Артынан Кеңес өкіметі орнап, ағылшындарды кен ошағынан ығыстырды,- дейді Мұхтар ата.
Әңгіме өте ұзақ болды. Ел аузында аңыз болып айтылатын Ұлы Отан соғысы кезіндегі әрбір он оқ-дәрінің 9-ы Қазақстанда жасалғаны туралы айтылды. Ойды ой қозғайды демей ме?! Бір кезде атамыздың жанары жадырап, ерекше бір шабытпен келесі оқиғаны бастап кетті.
– Майқайың шын мәнінде құт қонған мекен. Қашан да құтты қонақтар арылмаған жер. Кейінгі ұрпақ біле жүрсін деймін ғой. Кездескен жанның бәріне заманасының заңғар жазушысы болған Мұхтар Әуезовтің, қазақ ғылымының атасы Қанекең – Қаныш Сәтбаевтың біздің өңірге келгенін айтып жүремін. Қаныш Имантайұлы алғашқы рет 1948 жылы ат басын бұрған. Кейін 1959 жылы тағы да өңірімізді зерттеу жұмыстарымен келіп кеткен. Ал, Майқайыңда М.Әуезов 1958 жылы кенді өлкені дамыту жұмыстарымен жақын танысқан.
Қазақ елінің алтын қорын ілгерілетіп келе жатқан Майқайың алтын, күміс, мырыш, қорғасын, барит сынды құнды металдарға қалай бай болса, атамыздың да өн бойы тұнып тұрған қазына.
Менің жұмыс бөлмемде ақсақал екеуіміз біраз әңгіме-дүкен құрдық. Кешегі күнін еске түсірген сайын шабыттана түседі. Құлақтың құрышын қандырар әңгіме ұнап бара жатыр. Бір жағынан шаршап қалмаса екен деген ой да мазалап қояды. Қабырғадағы сағаттың тықылы тоқтамақ емес. Жүйрік екен. Көзді ашып-жұмғанша бір жарым сағаттың өте шыққанын байқамай қалыппыз…
– Тоқсанның екеуіне келдім. Саналы ғұмырымды босқа өткіздім деп ойламаймын. Бүгінгі сапарымда да қағазға қатталуға тиіс біраз дүниелерімді баспаға дайындап әкелдім. Бұйыртса тұсаукесерінде жолығайық. Сендер аман болыңдар, азаматтарым. Менің жасымды берсін, – деген ақ батасымен қимай қоштастық.
«Ғұмырлы болыңыз, Мұхтар ата. Ғасырлық тойыңыздың куәгері болайық» деп құшағыма бастым.
Лайым жақсы күндерде жолығайық.
Жұмабек СМАНОВ.