
Тарихи таңдау
Дәл бүгінгі күн – 2026 жылдың 1 шілдесі Қазақстан тарихында аса маңызды белес ретінде ел жадында қалмақ. Бүгіннен бастап жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция заңды күшіне енді. Бұл – мемлекеттің даму философиясының жаңаруы, қоғамдық сананың жаңа деңгейге көтерілуі және Қазақстанның келешек даму бағдарының қайта айқындалуы.
Конституция – егемен еліміздің құқықтық жүйесінің ғана емес, саяси дүниетанымының, қоғамдық құндылықтарының және болашаққа арналған стратегиялық бағдарларының көрінісі. Сондықтан да жаңа Ата Заңның қабылдануы біз үшін құқықтық реформаның кезекті кезеңінің жүзеге асып, мемлекеттіліктің жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің бастауы деуге толық негіз бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи оқиғаның мәнін ерекше атап өтіп: «Осылайша, біз жаңа Конституциямызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты», – деген болатын.
Бұл сөздердің астарында терең саяси әрі тарихи мән жатыр. Себебі жаңа Конституция бұрынғы құқықтық нормаларды өзгертіп қана қойған жоқ. Ол қоғамның даму логикасын өзгертетін жаңа қағидаларды бекітті.
Жалпыхалықтық референдум – халық еркінің көрінісі
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бірнеше конституциялық реформаларды бастан өткерді. 2026 жылғы жалпыхалықтық референдумның ерекшелігі оның мазмұнында ғана емес, қабылдану тәсілінде деуге болады.
Жаңа Конституцияны әзірлеу барысында мемлекет пен қоғам арасында кең ауқымды пікірталас жүргізілді. Арнайы Конституциялық комиссия құрылып, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ашық білдірді. Соның нәтижесінде дайындалған жоба халықтың тікелей дауыс беруіне шығарылды. Бұл – демократиялық мемлекет құру жолындағы маңызды тәжірибе.
Президенттің сөзімен айтқанда: «Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің Бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды».
Осылайша, Қазақстанда мемлекеттік шешім қабылдаудың жаңа саяси мәдениеті қалыптаса бастады. Мемлекет азаматтарға сенім артты, ал азаматтар ел тағдырына жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетті.
Жаңа құжат – жаңаша көзқарас
Конституцияны көбіне заңгерлердің немесе мемлекеттік органдардың құжаты ретінде қабылдайтын көзқарас қалыптасқан. Шын мәнінде, Конституция әр азаматтың күнделікті өміріне тікелей ықпал етеді.
Баланың білім алуы, дәрігердің ем көрсетуі, мұғалімнің еңбегі, кәсіпкердің кәсібі, журналистің сөз бостандығы, соттың тәуелсіздігі, мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі, инвестордың сенімі – мұның барлығы Конституцияда белгіленген қағидаларға сүйенеді. Сондықтан жаңа Конституцияның негізгі ерекшелігі – адамның қадір-қасиетін, қауіпсіздігін және құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде орнықтыруында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата Заңына арқау болған басты құндылық», – деп атап көрсеткен еді. Міне, осынау қағида жаңа Қазақстанның басты идеологиялық негізіне айналып отыр.
Әділетті қоғамның мызғымас іргетасы
Соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылған реформалардың барлығы өзара сабақтасып келеді. Саяси жаңғыру, экономикалық өзгерістер, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, сот реформасы, цифрландыру, білім беру жүйесін жаңарту, өңірлік даму – мұның барлығы жаңа Конституция арқылы бірыңғай жүйеге біріктіріліп отыр.
Осы тұрғыдан қарағанда жаңа Ата Заң – жеке құқықтық акт емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясының құқықтық өзегі.
Ел Президентінің: «Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата Заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды», деген сөзі де осыны білдіреді.
Әділетті мемлекет құру ісі тек заң қабылдаумен ғана шектелмейтіні белгілі. Ең алдымен мемлекеттік институттардың халыққа қызмет ету мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың тең мүмкіндігін қамтамасыз ету, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайту және заң үстемдігін күнделікті өмірдің басты қағидатына айналдыру мақсаттары тұр. Осы тұрғындан алғанда, жаңа Конституция тек бүгінгі буын үшін ғана емес, келешек ұрпақтың өмір сапасын айқындайтын ұзақмерзімді тарихи құжат болып саналады.
Бұл ретте Президенттің тағы бір маңызды пікірі ерекше назар аудартады: «Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін».
Бұл сөздер жаңа Конституцияның уақытша саяси құжат емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық негіз екенін аңғартады.
Адам – мемлекеттің ең жоғары құндылығы
Конституциядағы ең маңызды өзгерістердің бірі – адамның құқықтары мен бостандықтарының ерекше қорғалуы. Президент: «Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата Заңына арқау болған басты құндылық», – деп атап көрсетті. Бұл қағида мемлекеттік саясаттың бүкіл жүйесіне ықпал етеді.
Ендігі жерде кез келген мемлекеттік шешім ең алдымен адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне сәйкес қабылдануы тиіс. Бұл – құқықтық мемлекет қағидатының нақты көрінісі.
Заң мен тәртіп – жаңа қоғамдық мәдениет
Жаңа Конституцияның маңызды ерекшеліктерінің бірі – заң мен тәртіп қағидатының ұлттық идеология деңгейіне көтерілуі. Президент өз сөзінде: «Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек», – деп ерекше тоқталды.
Жалпы, заң үстемдігі деген тек құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты ұғым емес. Ол – әр азаматтың жауапкершілігі, қоғамдық мәдениет, мемлекеттік қызметтің сапасы, кәсіпкерлік ортадағы адалдық, білім беру жүйесіндегі тәртіп, көшедегі мінез-құлық мәдениеті және тағы басқалары
Мемлекет басшысының: «Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет», – деген сөзі осыны дәлелдейді. Демек, құқықтық мемлекет ең алдымен адамның өзінен басталады.
Білім, ғылым және инновация – Ата Заң құндылығы
Жаңа Конституцияның тағы бір ерекшелігі – білім мен ғылымның, жаңа технологиялардың стратегиялық маңызының нақты көрсетілуі. Қазақстан Президенті: «Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту… конституциялық міндет ретінде айқындалды», – деді. Бұл – Қазақстанның шикізаттық экономикадан білімге негізделген экономикаға көшу бағытының құқықтық кепілі.
Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен өлшенеді. Сондықтан жаңа Конституция интеллектуалды ұлт қалыптастыруға құқықтық негіз қалайды.
Цифрлық құқықтар мен жасанды интеллект – жаңа заманның талабы
Ақпараттық технологиялар дәуірінде адамның жеке деректерін қорғау ерекше өзекті мәселеге айналды. Осыны ескерген жаңа Конституцияда алғаш рет цифрлық құқықтарға қатысты маңызды нормалар бекітілді. Еліміздің Президенті: «Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітілді», – деп ерекше атап өтті.
Мұның өзі жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлық платформалар қарқынды дамып отырған кезеңдегі маңызды конституциялық жаңалықтардың бірі.
Конституциялық реформалардың жалғасы ретінде елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы кездейсоқ емес. Бұл қадам Қазақстанның технологиялық мемлекет қалыптастыру жолындағы ұзақмерзімді стратегиясын көрсетеді.
Жасанды интеллект ендігі жерде тек ІТ саласының мәселесі емес. Ол білім беру, медицина, мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы, өндіріс және қауіпсіздік салаларының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Жаңа Конституция осы өзгерістердің құқықтық негізін қалыптастырады.
«Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениеттің жаңа кезеңі
Экология мәселесі де жаңа Конституцияда ерекше орын алды. Президент бұл жөнінде: «Тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалды», – деп атап өткен болатын. Бұл – қоршаған ортаны қорғау енді тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналғанын білдіреді. Экологиялық мәдениет, қоғамдық жауапкершілік және еріктілік қозғалысы Қазақстанның жаңа даму моделінің маңызды бөлігі болып отыр.
Жаңа қоғамның құндылықтары
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір халқымыздың болмысы, құндылықтары, сана-сезімі, тіпті дүниетанымы өзгеріп жатыр», – деген болатын.
Шынында да, соңғы жылдары қоғамда заңға құрмет, еңбекқорлық, жауапкершілік, үнемшілдік, қоғамдық мәдениет секілді қасиеттерге деген сұраныс артып келеді. Жаңа Конституция дәл осы өзгерістердің құқықтық әрі идеологиялық тұғырына айналмақ.
Жаңа Конституция және Ұлы Дала мұрасы: тарихи сабақтастықтың жаңа белесі
Әрбір мемлекеттің Ата Заңы оның бүгінгі құқықтық жүйесін ғана емес, тарихи жадын, ұлттық дүниетанымын және болашаққа деген ұмтылысын да бейнелейді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның жаңа Конституциясы әлемдік конституциялық тәжірибеде сирек кездесетін маңызды ерекшелікке ие. Ол – мемлекеттіліктің қайнар көзін мыңжылдық тарихпен сабақтастыра отырып, ұлттық бірегейлікті конституциялық деңгейде айқындауы.
Көптеген елдің Конституциясында тарихи тамырларға қысқаша ғана сілтеме жасалады. Ал Қазақстанның жаңа Ата Заңында Ұлы Даланың сан мыңжылдық өркениеті мен қазақ мемлекеттілігінің тарихи жалғастығы ерекше мәнге ие болды. Бұл – жай ғана тарихи тұжырым емес. Бұл – ұлттық сананы нығайтатын, жас ұрпақтың тарихи жауапкершілігін арттыратын идеологиялық әрі құқықтық ұстаным.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихымен сабақтас екенін айқын көрсеттік», – деп атап көрсетті.
Бұл тұжырымның астарында терең ғылыми және саяси мән жатыр. Қазақ мемлекеттілігі аяқ астынан пайда болған құбылыс емес. Ол Сақ, Ғұн, Түркі Қағанаттары, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы арқылы үзілмей жалғасқан тарихи үдерістің заңды жалғасы.
Алтын Орда – мемлекеттілік мектебі
Соңғы жылдары еліміздің тарих ғылымында Алтын Орда кезеңіне жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Бұрын бұл мемлекет көбіне сыртқы фактор ретінде қарастырылса, бүгінде ол қазақ мемлекеттілігінің маңызды кезеңдерінің бірі ретінде бағалануда.
Президент бұл мәселеге ерекше тоқталып: «Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды», – деді.
Бұл пікір Алтын Орданы тек әскери держава ретінде емес, жоғары ұйымдасқан мемлекеттік жүйе ретінде бағалауға мүмкіндік береді.
Шын мәнінде, Ұлық Ұлыс Еуразия кеңістігінде құқықтық қатынастарды, халықаралық сауданы, дипломатиялық байланыстарды және мемлекеттік басқару мәдениетін қалыптастырған ірі өркениеттік орталықтардың бірі болды.
Қазақстанның жаңа Конституциясында осы тарихи сабақтастықтың көрініс табуы – ұлттық тарихи сананың жаңғыруының айқын белгісі.
Біртұтас ел идеясының құқықтық негізі
Президенттің: «Жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы Дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Өйткені біз – мемлекет ісінде «Мәңгілік Ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз», – деген сөзі ерекше назар аудартады. Өйткені «Мәңгілік Ел» – мемлекеттің ұзақмерзімді өміршеңдігін қамтамасыз ететін стратегиялық идея.
Конституция осы идеяны құқықтық деңгейде бекіту арқылы мемлекет дамуының тарихи сабақтастығын сақтауды бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналдырады. Бұл – әсіресе жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды кепілі.
Ең қастерлі құндылық – Тәуелсіздік!
Жаңа Конституцияның бүкіл мазмұнын біріктіретін негізгі идеялардың бірі – Тәуелсіздікті сақтау. Президент өзінің бағдарламалық сөздерінің бірінде: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі құндылық», – деп ерекше атап өтті.
Егемендік – барлық реформалардың, экономикалық жетістіктердің, әлеуметтік бағдарламалардың, халықаралық беделдің және азаматтардың әл-ауқатының негізгі кепілі. Тәуелсіз мемлекет болмаса, құқықтық мемлекет те болмайды.
Сондықтан жаңа Конституцияның әрбір нормасы ең алдымен мемлекеттің егемендігін нығайтуға бағытталған.
Татулық пен тұрақтылық – басты шарт
Президент: «Тәуелсіздікті сақтап, елімізді одан әрі дамыту үшін ең алдымен қоғамымызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет», – деп бірнеше мәрте айтты.
Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде қоғамдық келісімнің ерекше моделін қалыптастырды. Жаңа Конституция осы модельді сақтап қана қоймай, оны жаңа мазмұнмен толықтырады.
Заң үстемдігі, өзара құрмет, азаматтардың теңдігі, мәдени әртүрлілікке құрмет – мұның барлығы қоғамдық тұрақтылықтың конституциялық негіздері болып табылады.
Президенттің: «Қазір Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналды», – деген пікірі жаңа Конституцияның мазмұнын толық ашып береді.
Жаңа тұрпатты мемлекет дегеніміз:
– заң бәріне ортақ ел;
– азаматтардың мүмкіндігі тең қоғам;
– мемлекеттік аппарат халыққа қызмет ететін жүйе;
– білім мен ғылым бірінші орында тұратын мемлекет;
– цифрлық технологияларды еркін меңгерген экономика;
– әділетті сот жүйесі;
– жауапты азаматтық қоғам.
Жаңа Конституция осы қағидалардың құқықтық негізін қалыптастырады.
Президент қоғамдағы өзгерістер туралы айта келе: «Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады», – деп ерекше тоқталды.
Бұл қасиеттер бұрыннан халқымыздың бойында болғанымен, ендігі міндет – оларды мемлекеттік даму философиясының құрамдас бөлігіне айналдыру.
Өркениетті мемлекет заңдармен ғана емес, азаматтарының мәдениетімен де ерекшеленеді. Сондықтан жаңа Конституция қоғамдағы құқықтық мәдениетті, жауапкершілікті және өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Ата Заң – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік
Әрбір тарихи кезең келесі ұрпаққа қандай мемлекет қалдыратынымен бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ», – деген сөзі әр азаматқа арналған үндеу іспетті.
Әлбетте, жаңа Конституция – бүгінгі буынның ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да құқығын қорғайтын құжат. Сондықтан оны жүзеге асыру мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Егер әр азамат заңды құрметтеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінсе, Конституция қағаз жүзіндегі құжат болып қалмайды. Ол Қазақстанның күнделікті өмірінің басты қағидатына айналады.
Тарих көрсеткендей, ұлы мемлекеттерді қарудың күші емес, әділ заң, қоғамдық келісім және ортақ мақсат біріктіреді. Қазақстанның жаңа Конституциясы да дәл осындай құндылықтарды ту етіп, еліміздің келешек дамуына берік негіз қалайды.
Кез келген Конституцияның өміршеңдігі оның қаншалықты сапалы жазылғанымен ғана емес, қоғам өміріне қаншалықты терең ене алғанымен өлшенеді. Егер Ата Заң мемлекеттік мекемелердің немесе заңгерлердің ғана құжаты болып қалса, оның тарихи миссиясы толық орындалмайды. Ал егер оның қағидалары әр азаматтың күнделікті тіршілігіне айналса, онда Конституция шын мәніндегі қоғамдық келісімнің тірегіне айналады. Қазақстанның жаңа Конституциясының басты ерекшелігі де осында.
Мұндағы қағидаттар мемлекеттік басқару жүйесін ғана емес, қарапайым адамның өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның мәнін түсіндіре отырып: «Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды», – деп атап көрсетті. Бұл қағида мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін жаңа деңгейге көтереді.
Қоғамда көбіне құқық туралы көп айтылады да, жауапкершілік мәселесі тасада қалып жатады. Ал құқықтық мемлекет осы екі ұғымның теңгеріміне негізделеді. Конституция азаматқа құқық береді, бірақ сол құқықтарды тиімді пайдалану үшін әр адам заңға құрметпен қарап, қоғам алдындағы міндетін де сезіне білуі қажет.
Президенттің: «Әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек», – деген пікірі құқықтық мәдениеттің мәнін қарапайым әрі түсінікті түрде ашып береді.
Бұл – мектептегі тәртіптен бастап, жол қозғалысы ережелерін сақтауға, қоғамдық орындардағы мәдениеттен бастап, салық төлеуге дейінгі барлық қатынастарға қатысты қағида.
Конституцияда отбасы институтының маңызы ерекше сақталады. Себебі мемлекет ең алдымен отбасыдан басталады. Ұлттың тәрбиесі, құндылықтары, еңбекке көзқарасы, заңға құрметі де отбасыда қалыптасады.
Жаңа Конституция қоғамдағы тұрақтылықтың, өзара сыйластықтың және ұрпақ сабақтастығының құқықтық негіздерін нығайтады. Бұл ретте отбасының жауапкершілігі тек бала тәрбиесімен ғана шектелмейді. Ол – азаматтық сана қалыптастырудың да басты ортасы.
Президенттің заң мен тәртіп туралы айтқан ойларының түпкі мақсаты да осы – құқықтық мәдениет ең алдымен үйден басталуы тиіс.
Жаңа Конституцияда білім мен ғылымды дамыту конституциялық міндеттердің қатарына енгізілуі кездейсоқ емес. Бұл – Қазақстанның интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағыт алғанының айқын белгісі.
Білім саласына салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Жаңа Конституция осы ұстанымды мемлекеттік саясаттың тұрақты бағдары ретінде бекітеді.
Бұл өзгерістердің нәтижесінде білім беру жүйесі тек маман даярлайтын сала емес, елдің инновациялық дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналуға тиіс.
Кез келген конституциялық реформаның нақты нәтижесін ең алдымен келесі ұрпақ көреді. Сондықтан жаңа Конституцияның табысты жүзеге асуы жастардың құқықтық мәдениетіне, білім деңгейіне және азаматтық белсенділігіне тікелей байланысты.
Президент жастарға заңды құрметтеуді қарапайым тілмен түсіндіру қажеттігін бірнеше рет айтты. Бұл – құқықтық мәдениет мектеп қабырғасынан басталуы керек деген сөз.
Заңға құрметпен қарайтын, өз құқығын білетін әрі өз міндетін сезінетін жас буын ғана мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады.
Тарихқа көз жүгіртсек, әрбір ірі өркениеттің өрлеуі берік құқықтық жүйемен, қоғамның бірлігімен және ортақ құндылықтарға адалдығымен тығыз байланысты болғанын көреміз. Ұлы дала өркениеті де, Қазақ хандығы да, тәуелсіз Қазақстан да өз дәуірінде заң мен әділеттілікке сүйенген кезде ғана нығайып, өркендей алды. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы – мемлекеттің құқықтық жүйесін жетілдіру ғана емес, тарихи сабақтастықты сақтай отырып, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін», – деп атап көрсетті.
Егер заң үстемдігі күнделікті өмірдің қалыпты мәдениетіне айналса, егер әділеттілік мемлекеттік саясаттың ғана емес, қоғамдық қатынастардың да басты өлшемі болса, егер білім мен ғылым, инновация мен еңбек қоғамның негізгі құндылығына айналса, онда жаңа Конституция өз тарихи миссиясын толық орындайды.
Тарих алдындағы жауапкершілік
Ұлт тарихында әр буынның өзіне тиесілі тарихи міндеті болады. Бір буын азаттық үшін күреседі. Бір буын мемлекетті қалыптастырады. Ал ендігі буынның міндеті – сол тәуелсіз мемлекетті әділетті, құқықтық, білімді, қауіпсіз әрі өркениетті елге айналдыру.
Конституцияның әрбір бабы мемлекеттік саясаттан бастап, қарапайым азаматтың күнделікті әрекетіне дейін нақты көрініс тапқанда ғана оның құндылығы толық ашылады.
Қазақстан жаңа тарихи белеске аяқ басты. Бұл белес – құқықтың үстемдігіне негізделген мемлекеттің, жауапты азаматтық қоғамның және ұлттық құндылықтарды заманауи даму қағидаларымен ұштастыра білген өркениетті елдің жолы. Жаңа Конституция – осы ұлы жолдың құқықтық темірқазығы.
Оны құрметтеу – заңды құрметтеу ғана емес. Ол – Тәуелсіздікті құрметтеу. Ол – өткен тарихқа тағзым жасау. Ол – бүгінгі буынның жауапкершілігін сезіну. Ол – келер ұрпаққа қуатты, әділетті және кемел Қазақстанды аманат ету.
Сондықтан 2026 жылғы 1 шілде Қазақстан тарихында жаңа Конституция күшіне енген күн ретінде ғана емес, ұлттық жаңғырудың, құқықтық сананың және жаңа қоғамдық келісімнің басталған күні ретінде қалары сөзсіз.
Жаңа Ата Заңымыз құтты, берекелі болсын, ағайын!
Асыл ӘБІШЕВ.
