(Мүбәрак Жаманбалинов туралы талдау мақалаларға шолу)
«Едіреңбек елірді,
«Шайнаймын!, – деп – темірді»,
Трактордың аязда
Доңғалағын кемірді.
Құдай сөйтіп ұрғасын,
Есер кімді тыңдасын.
Жабысып қап еріні,
Қозғай алмай тұр басын» («Едіреңбек») деген өлеңдегі есер бала секілді, қадірлі оқырман, сіз де талай мәрте темірге тіліңізді жабыстырып алғаныңыз шүбәсіз. Мен де талай рет сөйткем.
«Жаздай інге тығылып,
Жатқан қызыл түлкіні,
Құйрығынан суырып,
Әкелді әжем бір күні» деген жұмбақты жарыса шешіп, жауабы «Сәбіз» екенін білгенде мәз болғаныңызды да сезіп отырмын.
Осындай шынайы көріністі, нақ бейнені, дәл суретті сөзбен бере алған ақын Мүбәрак Жаманбалинов қандай шебер суреткер еді. Бүгінде ақын есімі аз аталып, шығармалары сирек айтылатыны болмаса, ол өз уақытында қаламдастары мен замандастарынан лайықты бағасын алып үлгерген екен.
Мысалы, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев «Қалам қайраты» кітабындағы (Алматы, «Жазушы» баспасы, 1976 жыл) «О, бәрекелді!» мақаласында ақын өлеңдерін былай талдайды:
…Қарағай туралы көптеген ақынның өлеңі бар. Әр ақын әр қырынан кеп, тақырып поэзиясын табады.
Тілге тиек болып отырған бір-ақ ағаш, бір ақын қарағайдың туған жер топырағына тамырын терең бойлатып, дауылдарда құламай қасқиып тұрған жер топырағын суреттесе, екінші ақын қарағайдың мәңгі жасылға боянып, жастығын жоғалтпайтынына сүйсінеді, үшінші бір автор, қарағайдың атқан оқтай, тартқан сымдай тіп-тік тұлғасына, бойының сұңғақтығына көңіл аударады. Аз жырланбаған, аз шиырланбаған тақырып. Міне осыдан кейін өзіндігін таппаған ақын өнерін таныта алмас еді. Мүбәрак үш-ақ шумақтың көлемінде өзіндік өрнегін тауып кеткен.
Орманнан әкелінген қарағайды шебер тақтай ғып қиып, оны сүргімен тегістеп жасаған шкаф енді лирикалық геройдың төріне қойылыпты. Бұнда әлі жаңалық емес, жай хабар ғана сияқты. Автор өлеңін былай түйеді:
«…Бақытты екен анық бір
Аңсамайды орманын:
Құшағына алып тұр
Көсемдердің томдарын».
Жылымшы сөз емес – жылы сөз! Орынды мақтаныш. Өлі ағаштың өзіне бақытты деген оңды эпитетті беру де көңілге қонымды…
***
…«Марат пен сауысқан» деген екі-ақ шумақ өлеңді оқып көрелікші:
– Балалар!
Сауысқанға қараңдар!
Марат диктант жазғанда,
Дәл осылай алаңдар.
Сүйектен сөз өткендей,
Қызарақтап тұр Марат.
Сауысқан мазақ еткендей
Бір шоқиды, бір қарап.
Бұл – 1956 жылы жарық көрген алғашқы кітабы «Айна бұлақтан». Соның өзінде де піскен шығарма. Әрі қарапайым, әрі кішкентайларға берер үлкен ғибраты бар: сабақ үстінде сауысқан қусап, алақ-жұлақ қарама, сабағыңа зер сал! Осы идеяны автор ұтымды салыстырма арқылы көңілге қонымды берген.
«Әлгі», «Сосын» деп желкесін қасып, мелшиген Мұрат («Қоңырау кетті үзіліп»), екілік алғанын үй-ішіне білдіргісі келмей, күнделікті кереуеттің астына сүңгіткен оқушы («Нұралының айласы»), шешесіне иек артьш, үсті-басын күтпейтін салақ бала («Тимейді, қолы тимейді»), есептерін шешесіне шығартып, класта ұятқа қалған кержалқау («Танып қойды мұғалім»), ана тілін шала-пұла білетін, ала-құла жазатын окушы Қасым, былтырғы мұғаліміне сәлем бермеген ізеттен безген көргенсіз бала («Топтас»), класта жолдастарының сыбырына сүйеніп, жаман үйренген Нұралы («Сыбыр»), сумкасын шана етіп сырғанайтын «тапқыр» («Есербек»), «Өзіміздің класта бәрінде жығамын!» деп мақтанатын, сөйтсе әр класта екі жылдан отырған «сабаз» («Мықты») – мектеп өмірін әсерлі жырлаған туындылар…
***
…Қарлығашты бала туа сала көреді. Бәріміз де сөйттік. Көзге қанық, ойға танық сүйкімді құс, адамға үйірсек. Сексен жыл көріп өссе де сол құсты сөзбен суреттеп бере алмайтындар толып жатыр емес пе? Бізде Қарлығаш хақындағы өлеңдер де, Құдайға шүкір, баршылық. Ал Мүбәрак соны сипаттап, сегіз-ақ жол өлең жазған:
«Төсінде жайнаған,
Алқызыл шуақ тұр.
Епті қол байлаған,
Галстук сияқты.
Үп-үшкір қанаты,
Ұшындай қияқтың.
Қайшымен әсемдеп.
Қиылған сияқты».
Бұндай өлеңді түсіндіріп, бұтарлап бөлудің қажеті жоқ, жырды қайта-қайта оқып ләззат алу керек.
Мен суретші болсам, осы өлеңнің сипаттамасына қарап-ақ, Қарлығаш бейнесін қағазға түсірер едім…
«Таяққа ілген тымақтай» (Көкққтан), «Біреуте найза түйрейді, өзі содан күйрейді» (Ара), «Ат соқадан аумаған» (Шегіртке), «Өмірі шықпай үйден бір, өз үйін өзі сүйреп жүр» (Тасбақа), қардың бетінде әсем гүлдей жарқырайтын «Жасыл бауыр, көк қанат суық торғайлар» ғылыми да дәл, көркем де дәл бейнелеулер.
Неге десеңіз, бөбектерді көру зердесі (зрительная память) басымырақ. Ол айқын, ашық көріністі, өзгеден оқшау жарқын суретті, бөлекше бояуды ұнатады: ұзақ уақыт есінде тұтады…
***
…Өз басым осы күнге дейін біздің поэзиямызда итмұрын туралы өлеңді тек М.Жаманбалиновтан ғана ұшыраттым. Жидек теруге 40-50 шақты бала шыққан. «Итмұрындар самсаған қызыл шоқтай жайнайды, аузыңа салсаң-ақ үйіреді таңдайды». Өзін итмүрын деп бекерге атапты-ау. Өзі тәтті екен де, тек теру – шатақтау, әр тұстан «ойбайлаған» үндер шығады, өйткені саусақтарға итмұрынның тікендері қадалады.
«…Маған-дағы шөңгенің,
Бірнешеуін түйрепті…
Сөйте-сөйте ол мені
Ептілікке үйретті». Табиғат-ана перзенттерін тауқымет тарттырып, сынап та баулиды екен. Шығарманың идеясы күтпеген жерден, тосыннан түйілді…
Келесі үзінді ақын Сағи Жиенбаевтың Мүбәрак Жаманбалинов пен Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы» сериясымен шыққан кітабына (Алматы қаласы, «Балауса» баспасы 1992 жыл) жазған алғысөзінен:
…Мүбәрак өлеңдері бөбектердің, жас ерекшелігіне қарай бірте-бірте күрделіленіп, өсіп отырады. Әдетте бала өмірі ойыннан басталады ғой. Олар дүниенің бәрін ойын екен деп ойлайды. Мүбәрак балалармен «ойнай» да біледі. Келе-келе орман-тауға апарып, табиғат құбылыстарымен таныстырады. О кездегі айтары да басқарақ. Қиялын қозғап, қияға жетелейді. Ойландырады…
***
…Мүбәрак өлеңдері белгілі бір оқиғаға құрғанда, тіпті әрлене, нәрлене түседі.
Әлбетте, сәбилер күлгенді жақсы көреді. Күлкілі оқиғаларды іздейді. Әзіл-әжуа өлеңдерді тез қабылдайды.
Мүбәрактың бұл саладағы өлеңдері де ойнақы, сүйкімді көрінеді. «Балақан мен долана», «Екі сараң», «Сабақ алдында», «Айна мен Теке», тағы басқа жырлары көңіл сергітіп, көкірек көзін ашады. Тұспалдап айтса да, тура тиеді….
«Кез болып таң қалысты,
Екі ұзын сирақты.
Маңғазданып танысты:
– Мен – тырнамын.
– Жирафпын.
Жираф:
– Онда білдім, – деп,
Бас изеді Тырнаға.
Тырна да оған күлімдеп,
Былай деді ырғала:
– Аңдар маған таңдана:
«Неткен үзын сирақ», – деп,
Мазақтайтын.
Аумаған,
Ұшып жүрген Жираф, – деп.
– Е, мені де ендеше,
Кемсіткен-ді бір надан:
«Алпамсадай демесе,
Аумайсың, – деп, – Тырнадан».
Әрі қарай сөз таластырудың өзі артық болар, екі мықты бір-бірімен оңай түсіністі ғой…
***
…Мүбәрак Жаманбалинов – өлеңнің шағын түрін дамытуда да қыруар еңбек еткен ақын. Жиырмаға тарта жыр жинағының бәрінде де баланың тілін сындыратын, ойын ұштайтын, көңіл көкжиегін кеңейтетін осындай ұшқыр да ұтымды дүниелер көп.
Жалпы Мүбәрак Жаманбалинов жырларының өнбойында жақсылық атаулыға деген жан сүйсінісі аңғарылады. Ол ақынның өз жаратылысынан, азаматтық ар-иманынан, үлкен жүрегінен шығып жатса керек…
Ақын Есентай Ерботиннің «Ертіс бойлап ертеңге озған ақын» мақаласы «Ұлан» газетінің 1992 жылғы 28 қазандағы санында жарияланған. Онда автор Мүбәрак ақынның өлең жазудағы тапқырлығына, тақырып таңдаудағы ұтқырлығына ерекше тоқталады:
…«Теңізде жоқ,
Балықта бар.
Семізде жоқ,
Арықта бар».
Бұл жұмбақ өлеңді «Балдырған» журналынан кездестіреміз. Бірақ бастауыш класс оқушыларына да қатысты. Алты жасар бала үшін емес, 3-4-кластың оқушыларын ойландырады. Шешіп көрсек, «А, Ы, Қ» әріптері екен. Осы орайда бір жайға тоқтала кетейік. «Балықтың» теңізде болатындығы, «арықтың» семізге қатыстылығы ақынның жай жұмбақ өлең құра салмағандығын дәлелдейді. Жұмбақ өлеңді шеше отырып, «Балықтағы» әріптер «Теңізде» болмағанымен, балықтың өзі теңізде болатындығын біліп отырамыз. «Арық» сөзі «Семіздің» антонимі екенін, балық пен арық, теңіз бен семіз ұйқастарының өз орнын табуы, шеберліктен деп білеміз. Яғни ақынның еңбекқорлығының, ізденгіштігінің жемісі екені айқын көрінеді», – дейді Есентай Ерботин.
Ақын, халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты Аманжол Шамкенов Мүбәрак Жаманбалинов туралы мақаласын «Балдырған жайлы сырлар мен жырлар» деп атапты. Мақалада автор кейіпкерінің балалар әдебиетіне енгізген жаңалығы туралы баса айтқан екен. Ол қандай жаңалық екенін, бірге оқып білейік:
…Мектеп жасына дейінгі бөбектердің іс-тірліктері мен ұғым-түсініктері ақынның сан алуан өлеңдеріне арқау болған. Мәселен, шешесі «күн суып кетті, жер су, аяғыңнан сыз өтеді» дегенінде:
«…Жоқ, жоқ, апа, суға мен
Түстім жылы пимамен», – деп жауап беруі де, бөбектің өзінше тапқырлығын танытқандай. Немесе, шошып оянып:
«…Қалды олар арбасып,
Сол орманның ішінде.
Оқиғаның жалғасын
Ертең көрем түсімде», – деуі де бөбектің ұғымына сай жарасып тұрғандай. Осы жастағылардың жаттап алып айтуларына лайықты, ойнақы да жеңіл, әрі қысқа тақпақтарды (ақынның) барлық кітаптарынан кездестіруге болады.
Сонымен бірге, ақынның танымдық немесе тәрбиелік мәні бар өлеңдерінің орны өзгеше. Өзінің балдырған кейіпкерлерінің тек жақсылығын дәріптеп, не осал жағын мінеп қана қоймайды. Олардың ой-өрістерін кеңейтуге барынша ықпал жасайды. Ол үшін ақын өлең жолдары арқылы айнала төңірекпен таныстырып, яғни табиғаттан сабақ бергендей болады. Алғашқы түскен қардан бастап, аяздың сурет салғыш құдіретін, шаңғының кереметін, бұйра бұлттар мен күннің күркүрін, жаңбырдың нөсері мен бал бұлақтың сылдырын жырға қосады. Бұдан соң тоғайда өсетін түрлі жемістерді сипаттайды. Әрқайсының өзіне тән ерекшеліктерін атап, бейне жасайды…
***
…Ақын шығармаларын електен өткізіп отырып, балаларды ойландырудың жолы, тәсілі көп екенін аңғардық. Бұрын-соңды ешкімнен кездестіре қоймаған бір жағдайға тоқтала кеткіміз келеді. Мұнысы – жұмбаққа ұқсамайтын, бірақ баланы байқағыш, зеректік, тапқырлыққа баулитын топтама өлеңдер еді. Атап айтқанда, «Әріп қатесі», «Ұйқасын тап», «Бұл қандай сөздер?», «Бұл қандай әріптер?», «Бұл қандай сандар?», «Бұл қандай балықтар», «Бұл қандай құстар?» деген тақырыппен жазылған өлең шумақтары әрі қызғылықты, әрі тартымды. Бәріне тоқталмай-ақ, бір-екі мысал келтіре кеткеніміз жөн. «Әріп қатесі» деген топтаманың ішінен:
«Аспаннан көктемде
Нұр төгіп күн тұрды.
Алма да, көк тал да,
Шақша да құлпырды». Осы шумақ өлеңде бір әріп қатесі бар. Ол, әрине «Шақша» деген сөздің алғашқы әрпі, яғни «Ш» емес, «Б». Сонда «Бақша» боп оқылуға тиіс. Немесе, «Біздің байтақ Арқада, Жақсы өседі арба да», – дейді. «Арбаның» өспейтіні белгілі. «П» әрпінің орнына «Б» түсіп кеткен. Бұл «Арпа» деген сөз.
«Бұл қандай сөздер?» деп аталатын топтаманың бір шумағын оқып көрелік:
«Дұрыс оқысаң –
Адамның киімі.
Теріс оқысаң –
Айуанның бұйымы». Бірден айта қою оңайға түспейтін сияқты, біраз басты қатыруға тура келеді, бақсақ, бұл «Тымақ» деген сөз екен. Оны теріс оқысаңыз «Қамыт» болып шығады. Міне, осылай кете береді. Әр топтаманың өзіне тән сыры бар. Оны жете ұғыну үшін, ақынның кітаптарын қолға алып оқу қажет. Өйткені оның әр қайсысына берген сипаттамалары өте қызық. Бүлдіршіндердің ой-санасын өрбітуге көп себін тигізетіні сөзсіз. Мұндай тәсілді қолдану – балалар поэзиясына енгізген ізденгіш Мүбәрак Жаманбалиновтың жаңалығы дер едік…
Әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбеков «Балалар әдебиетінің бір бәйтерегі» («Қазақ әдебиеті» газеті, 1994 жыл) атты мақаласында Мүбәрак Жаманбалиновтың балаларға арнап шығарма жазудағы қыруар еңбегіне жан-жақты тоқталыпты және жазу шеберлігін ерекше атап өтіпті:
…Балалар өлеңінің танымдық сипаты мол болуға керек. Айту оңай болғанымен, орындалуы қиын талап. Сәл ірі айтсаң, өлеңді есейтіп жібереді, сәл сыбырлап айтсаң, балаға жетпей қалады. Мүбәрак ақын қиын мәселенің күрмеуін өзінше шешіпті. Ол табиғат құбылыстарын жырлағанда суреттей отырып суыртпақтап ой айтады. Ол аң, құс, жан-жануарлар жайында өлең жазғанда, танымдық сипатты тәрбиелік оймен бір қосып жымдастырып жібереді. Және бір табысы – бірін-бірі байытар, бірін-бірі тән ретінде аша түсер екі құбылысты өзара шендестіріп, салыстырып бейнелейді.
Табиғаты бір болғанымен, орындалуы әр басқа үш өлеңді мысалға тартамыз:
«Папам менің ойланып,
Боямақ боп қақпаны.
Ақтарды да қойманы,
Бір құты сыр таппады.
Жап-жасыл ғып қояды,
Бүкіл орман, даланы.
Соншама мол бояуды,
Көктем қайдан алады?» («Көктем қайдан алады?»).
Өлеңде қақпа бояуы мен дала бояуы сабақтастырылып, балақай папасы мен көктем келбеті салыстырылып отыр. Қақпа – нақты зат, дала – кең байтақ, табиғат көрінісі. Әкесі қақпа боярлық бір құты сыр таппады, ал кең дала көктемде құлпырып шыға келеді. Ақын жалпы, нақты затты айту арқылы жалпы кұбылысты назарлап, бейнелеп отыр.
Екінші өлең – «Күнбағыс».
«Бақшаның сәні де,
Көркі де – күнбағыс.
Күн ұзын бәрі де,
Қарайды күнге алыс.
Ұқыптап тараған,
Әдемі кекілді.
Ұстазға қараған,
Шәкірттер секілді». Қапелімде ойға орала қоюы қиын екі құбылыс ұштастырылған. Күнге қараған күнбағыс, ұстазға қараған шәкірт. Бірін-бірі аша түсерлік ұқсас құбылыстар. Өлеңде танымдық сипат та (күнбағыстың күндіз күнге қарап өсетіні) ұмыт қалмаған. Ұқсас құбылыстардың ұқсастырылуы, салыстырылуы арқылы жазылған «Күнбағыс» сырт баяндауға құрылса, «Көктем қайдан алады?» өлеңіңде бала мінезі, сәби тілі, таңданысы да қамтылған. Әлденеше көркемдік шарт жарыса орындалып, бір өлеңде жараса, жымдаса табысып жаста, шеберлік кепілі демеске әлің қайсы?
Ақында:
«Сенің атың – балапан,
Оның аты балақан.
Балапандар шоқуда,
Балақандар оқуда», – деген өлең бар. Осы өлеңнен бірнеше ерекшелік көзге қатар шалынады. Біріншіден, бұл ықшам өлең, шымыр шумақ. Соған қарамастан, ой аяқталған кәдімгі өлең. Екіншіден, сөз үнемдеудің тәуір үлгісі. «Балапан», «Балақан» екі реттен қайталанған. «Сенің атың», «Оның аты» – бұл да қайталау дерлік. Үшіншіден, техникалық жағынан сапалы орындалған өлең. «Сенің атың», «Оның аты» ішкі ұйқасты шымырландыра түссе, «балақан», «балапан», «шоқуда», «оқуда» сыртқы ұйқасты шегендеп ұстап тұр. Төртіншіден, тәрбиелік ой екі құбылыс шеңдестіріле өте ұғымды жеткізілген. Шынында, балапан тіршілігі – шоқу да, балақан міндеті – оқу ғой. Шеберлік сын дерлік шендестіру, ұқсастыру арқылы жазылған өлеңдердің танымдық сипаты жоғары, тәрбиелік ойы табиғи өріледі. Сондықтан, ондай өлеңдерді ақын даралайтын ерекшеліктің бірінен санау орынды…
Әзірлеген Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
Фотосуреттер «Елі ардақтаған ақын» мультимедиялық әдістемелік құралынан алынды.