Pavlodar, KZ
10°
Mostly Cloudy

Ертістің Павлодар өңірінің теріскейіндегі Тереңкөл ауданының атауы – тарихи атау. Кезінде бұл жерде Тереңкөл болыстығы болған. Аталған болыстықтың аумағына ол заманда қазіргі Ресейдің шекаралас аудандарының, Тереңкөл, Успен аудандарының басым бөлігі еніп тұрғанын тарихи деректер дәлелдеп отыр. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында осы болыстықта Ілияс Жанқараұлы қатарынан 5 мәрте болыс болып сайланып, ел басқару ісінде әділдігімен аты шыққан. Жанқара байдың ұрпақтарынан болыстық арылмаған деген сөз бар. Бозқозы 30 жыл болыс болса, одан кейін Ілияс Тереңкөлде – 15 жыл, Қараобада – 6 жыл, ал ең кіші інісі Құсайын 18 жыл болыс болған.

Жастайынан аса зерек, ел ісіне араласуға бейім болып өскен Ілияс Жанқараұлы Баянауылда Қамаридден Хазіреттен сауат ашып, 16 жасында Самарқандағы Шердор медресесіне барып оқыған. Кейін Петерборда білімін орысша жетілдірді. Ана тілінен бөлек, орыс және араб тілдерін жетік меңгерген.

Болыстық билігі 1886 жылдан басталып, үзбей 16 жылға жалғасқан. Патша Николайдың таққа отыру салтанатына қазақ даласынан барған делегацияға мүше болады. Екінші мерзімде жүргенде, 1891 жылы ақ патша мұрагері Николай Романов Ресей империясының қарауындағы аймақтармен танысу мақсатында қазақ даласына сапарлап келіп, Омбы қаласы мен Ертіс өзенінің жағасындағы қазақ ауылында болуды мақсат етеді. Қазақ даласында ақ патша мұрагерін Омбыдан он екі шақырым жердегі Ертіс өзенінің жағалауында күтіп алады. Өзен жағасында киіз үйлерден тұратын шағын қалашық пайда болып, солардың ішінде Тереңкөл болысы Ілияс Жанқараұлының да үйі болды. Патша мұрагері Жанқараұлының көрмеге арнап безендірген киіз үйінен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар – қару-жарақ, ыдыс-аяқ, ұлттық киім-кешек түрлері мен музыкалық аспаптарды тамашалайды. Тіпті, қызықты зоологиялық коллекция – бал арасы, құмырсқа, улы қарақұрт пен жыландар, одан бөлек, тас пен қола дәуіріндегі тұтыну заттары – балта, пышақ, қайла, өзге де заттарды кезіктіреді. Қазақ халқының тұрмысына қажетті заттарды көрген патша мұрагері бұл жәдігерлер туралы кітап жазуға кеңес береді. Ұлы мәртебелі қонаққа қазақ ауылының көш-керуенінен көріністер көрсетіледі. Сәйгүліктер жарысын тамашалайды. Патша мұрагері аттанып кеткен соң осы өлкенің генерал-губернаторы, барон Таубе сыйлы қонақты қарсы алуда белсенділік танытқан қазақтың би-болыстарын арнайы марапаттайды. Кейіннен қазақтың би-болыстары көрсеткен жәдігерлер Петербордағы мұражайға жеткізіліп, орыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Олардың ішінде патша мұрагерімен бірге суретке түскен қазақтың би-болыстарының суреті (оның ішінде Ілияс Жанқарұлы да бар) Петербор мұражайынан орын алады. Бұл тарихи оқиға туралы 1891 жылғы «Дала уәлаяты» газетінде жазылып, тарихшы Юрий Поповтың «Свет далеких имен» атты кітабында да деректер келтірілген. Бұл ұлттық құндылықтар Петербордағы Орталық мұражайда орыс халқына қазақ елінің тұрмысы мен мәдениетін таныстыруға жол ашады.

1905 жылы ол Қарқаралы петициясын әзірлеуге белсене атсалысты. Бұл құжатты 21 болыс басқарушысы мен 21 би дайындағаны мәлім. Қыр қазақтарының жерінен айрылып бара жатқанына төзбеген Ілияс Жанқараұлы дала генерал-губернаторы өткізген жиындарға талай мәрте қатысып, халық атынан cөз сөйлеген. 1901 жылы оның кіші інісі Құсайын Тереңкөл болысы болып сайланып, ал Ілиястың өзі 1908 жылы Қараоба болысы болып сайланады. Ал 1909 жылы ағайындылар қажылық жасау үшін Меккеге сапар шегеді. Ол сапардан қайтып келген соң екеуі Павлодар уезі бойынша алқаби болып сайланған.

Ілияс Жанқараұлы Ресей Мемлекеттік Думасына қазақ даласынан Әлихан Бөкейхановты сайлау алдындағы науқанда оның атынан ел алдында сөз сөйлеушілердің құқығын иеленген. Оның Алаш қозғалысына да белсенді қатысқаны айтылады. 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезінің делегаты болған. Съезді шақырушылар Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, С.Досжанұлы және осы съезге қатысушылардың ішінде М.Шоқай да бар еді. Сәкен Сейфуллин кейін айрықша құрметпен шақырылғандар арасында Жанқараұлын атағаны мәлім.

Ілияс Жанқараұлы бұл тұста 73 жаста еді. Қартайып қалғанына қарамастан, Алаш өкіметіне материалдық тұрғыдан көп қолдау жасаған. Аталған съезді ұйымдастыру шығындарын жабу үшін өз атынан 100 жылқыны Қарқаралы жәрмеңкесіне айдатады. Алаш үкіметінің бағдарламасы жасалғанда соңына қол қоюшылар арасында оның есімі 34-інші болып тұр.

Ілияс Жанқараұлы туралы жазылған құнды тарихи деректер мен естеліктер неге аз дегенге келсек, отызыншы жылдары қазақ даласында жаппай орын алған саяси қуғын-сүргін кезінде қауіп-қатерді сезген ұлы Мұрат Ілиясов құжаттарды жойып жібереді. Бұл кезеңде Мұрат Ілиясұлы Баянауылда прокурор болып қызмет атқарған еді. Бірақ Мұрат та қазақ зиялыларының басына түскен қауіп-қатерден құтылып кете алмайды. Елінен кетіп, Ресей аумағында бас сауғалап жүреді. Тектінің тұяғы 1945 жылы Кемеровода қайтыс болады.

Жанқара әулеті өткізген үлкен астар мен тойларда ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Қазанғап Сатыбалдыұлының ұрпағы Иса Бердалин және күш алыбы Қажымұқанның арнайы мейман болып қайтқаны айтылады.

Атап өтерлігі, Жанқара ұрпағының жазғы жайлауы – қазіргі Успен ауданы.

Жалпы ел арасында Ілияс Жанқараұлы Тереңкөлде дүниеге келді деген ұғым қалыптасқан. Ол сол кездегі болыстық атауға қатысты. Ол Тереңкөл болысында дүниеге келген.

Жарғақ құлағы жастыққа тимей ел қамын жеген Ілияс Жанқараұлы өз заманында ешкімді де бөле жарып қараған емес.

Ал бүгінгі күні, меретойын «ол тойламасын, сен тойлаға» салсақ, ұрпағының ұсақтанғаны.

Ірі болыңыздар, бар болыңыздар! Успен ауданына сәттілік, шашауын шығармай бір адамдай атқарып, тойды жоғары деңгейде өткізетініне сенім мол.

Ербол ҚАЙЫРОВ,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Суретте: бірінші қатарда, солдан оңға қарай бірінші Ілияс Жанқараұлы.

Пікір үстеу