Pavlodar, KZ
17°
Fair

Қадірлі оқырман!

«Бізге әдеби, көркем сын жетпей жатыр!», – деп дабыл қағамыз. Ал, егер қаламгерді сынап жатсақ, оның шығармашылығын емес, жеке басын көбірек нысанаға аламыз немесе мақтауын асырып жібереміз. Бұндай сын, пікір, белгілі бір деңгейде, шығармашылық иесінің аяғына тұсау секілді.

Бүгін «Aiqara.kz» жаңа жобаның тұсауын кеспек. «Өлең танысаңыз…» деп аталатын бұл жоба өлең танитын өрелі оқырманның пікірін, талқысын қажетсінеді. Назарыңызға авторы жасырылған өлең ұсынылады. Авторы кім екені, оны тану-танымауыңыз маңызды емес. Ең бастысы, өлеңге берілер баға, айтылар пікір.

Мархабат, мәртебелі оқырман!

Алғашқы өлең төмендегідей. Бұл туындыға қатысты ойларыңызды асыға күтеміз. «Ашық пікір алаңына» жазып кетіңіз.

***

Қаз тұрды ұлым – кереует жағалады,

Түртіп өтті бір ойды санадағы.

Құлайды…

Жылайды «Көтер!», – деп…

Қалай тез-тез

шауып кетеді ел-жұрттың балалары?!

       Мен жауап таппағандай сұраққа әлгі,

       Ұлым тағы қаз тұрып, құлап қалды.

       Ұмтылады қайтадан…

       Пендеге өмір

       жығылуды жазбаған бірақ, мәңгі.

Адамдыққа шын адал жүрек, санаң,

Болар, ұлым, өмірде тірек саған.

Жаның сенің – бақшасы ізгіліктің,

Жарасады сан алуан гүл ексе оған.

       Сынақпенен ширығар, шынында, адам,

       Өмірде Армен өлшенер құның, бағаң.

       Өзі тіреу іздеген қалт-құлт етіп,

       нағыз тірек екен ғой ұлым маған.

7 thoughts on “«Өлең танысаңыз…»

  1. Бұл өлеңнің тақырыбы тың, бірақ автор сезімдік таным арқылы оқырманға суреткерлікпен әсер етудің кілтін таба алмай, ақыл айтумен шектеліп қалған. Өлең арқылы ақыл айту дарынды өлең емес, cарынды өлең болады. Өйткені Марат Қабанбайдың “өлең ақыл айтқан жерде өледі” деген өте ұтымды пайымы бар. Сондықтан бұл өлең бір қарағанда тамаша өлең секілді болғанымен, дарынды өлең дәрежесіне көтеріле алмаған. Сарынды өлең деңгейінде қалып қойған. Оның үстіне өлең шумақтарындағы тармақтардың грамматикалық байланыстарында да кемістік көп. Ұйқас қуалаушылық басым!

  2. Бұл өлеңде баланың тұрып шауып кететінінде қателік бар. Дәл осы жолда суреттеу нашар қолданылған. Ақынның өлеңінің ұйқасы болғанымен суреттеу жағынан шыңдалу керек. Оқыған оқырманға әдемі болып көрінгенімен, сыни көзқарастарға басқаша болып көрінеді. Ақын тек ұйқас қуаламай мағынаның да жетер жеріне жетуі керек!

  3. Өлеңнің ішінде ұйқас қуалаушылық бар. Халыққа өтімді болуы үшін мағынасы да терең болуы керек! Ұйқас пен мағынасы бір-біріне сай емес! Суреттеуді де, жетер жеріне жеткізу керек. Жай адам өлең деп танығанымен, сыни көзқарасқа өлеңнің кемшілігі көрініп қалады!

Пікір үстеу