Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың? – деп басталатын өлеңінің соңғы шумағын Мұқағали ағамыз: «Өмірге, өмір жалғасып, анамыз жерге жармасып, бірде адам бірде қайың боп, сүрейік өмір алмасып» – деген сөздермен аяқтапты. Басқа ағаш емес тұп-тура ақ қайыңға қайырылады. Неге? Орындалуы мүмкін емес дер едік, ниет түсінікті. Көзінің тірісінде ақын ағамыздың өмір-тірліктегі басынан өткені көбімізге аян. Жүрген ортасынан Мұқағали деген аты емес, ақын деген затына сай сый мен күйді тақиясына тар көріп, жақсысымен жауластырып, жаманымен арбастырып өткен мұңлы, жырлы күндерін, жалақорлармен, жандайшаптардың жемтігіне қалдырып, өзіне беймәлімдіктен пана іздейді, адамнан емес, біз жансыз деп білетін тіршілік иесінен. Жүрегі – Алланың қазынасы ақын, жазушылар Тәңірдің аманатын пайғамбарлар, сахабалар мен періштелер һәм әулилерден соң пендеге жеткізушілер деген тәмсіл бар. Ендеше ақынның аузына осы сөзді Алланың өзі салып отыр. Неліктен? Даналығымыздың мұнарасы Абай атамыздың; «Алланың өзі рас, сөзі де рас» деуі, мынау фәни жалғанда ұшы қиыры жоқ тұңғиық терең, шексіз, шетсіз қиялдан туатын, ешкімнің өңінде көріп, түсіне кірмек түгіл, пенденің ойына да келмейтін құрғақ қияли сезім дегеніміз, түбінде бір бізге таныс кейіпте шынға айланып шыға келсе таңданбаңыз дегені болар ма? Талай, талай адамзат қиялы шындықтың шапанын киген бүгінде, ғылым түсіндіріп бере алмайтын ешқандай табиғи, физикалық, тағы басқа заңдылықтардан тыс өмір сүріп жатқан тылсым тіршілік түрлері бар. Ендеше түптің түбінде Алла аузына салған сөздің орындалып, өзі емес өзгенің, бөтен тіршілік иесіне, өзі жырлағандай ақ қайыңға айналу мүмкін екенін ақын аға қалай болжаған (тіптен өлгенен кейін болса да), жоқ әлде кездейсоқ сәйкестік пе? Осының төңірегінде нансаңыз да, нанбасаңыз да айтылмай жүрген әңгіме бар біздің елде.
…Жер шетінде үлкен соғыс басталғалы екі жылдан асқан. Бірінен соң бірі майданға аттанған ауыл азаматтарының бірі аяғын, бірі қолын беріп елге орала бастаған жүдең, жұтаң, бірақ ел іші ес жинай бастаған уақыт. Колхоздың жұмысын таңның атысы, күннің батысы, сол соғыстан оралған мүгедектер, әйелдер, шал-шақпыттар, ересек балалар атқарады. Қараағаш ауылында ұстасы, жасы елуді еңсерген шал деуге келе қоймайтын бірақ кәртәміш адам, 9-10 жасар баласымен 7-8 шақырым жердегі кеңшар орталығына таңсәріден жолға шықты. Маусым ортасына таяп қалған. Бірінің есебі бірінде, өткен қыста желтоқсан түкірік жерге түсірмейтін шыңылтыр аязды болып еді, енді міні маусым ортасына жетер жетпес аптап ыстықтар басталған. Шабындыққа шалғы түсетін мезгіл таяу, ұстаның жұмысы көп, сәскенің аптабына дейін ауылға оралу міндетті. Кешіксе колхоз бастығының кәріне ілігеді. Баламен жол жеңіл, әңгімеге серік – ертудің реті осы. Орталыққа жеткенде ауылдың темір-терсек қоймасы ашыла қоймапты. Осында басқа ауылдардан келгендер бар екен. Көптен көріспеген ұсталар радиодан естіген соғыс жаңалықтарын бір-біріне жеткізіп болғанша қоймашы келді. Алқанына сия қарындашпен жазып алған керекті саймандарын түгел алып, екі қапшыққа салып буып, түйді. Үйдің кенжесі болған соң қасынан қалдырмайтын баласы өкпелеп қалар деп ұсақ-түйекті қапшықтың түбіне салып, арқасына іліп берді, өзі ауырын арқалап келген ізбен жолға шықты.
Күн қос құрық бойы көтеріліп қалған, көк күмбезі шаңыттанып тұр, «үп» еткен леп болсайшы. Әкелі балалы келген жолдарымен Қараағашқа бет алған. Әке алда, бала артта. Аптап адым аштырмайды. Көзге көрінбейтін жанып тұрған от дерсің, бет қариды. Көріктің лаулаған отында шоқтай қызыл білем білем темір индерін қыпқызыл ұшқындарын жан жаққа шашырата ауыр балғамен төске жаныштағанда маңдайы ғана жипситін ұста, борша-борша терлеп келеді. Ертіс жиегі салқын ғой шіркін, саумалдай салқынды жиектей өскен қалың ағаш жібермейді-ау деп ойлап қояды ішінен. Жарқабаққа жабыса өскен қос қайыңға жақындап қалыпты. Бұл-жолдың жартысынан астамы. Біраз жүрген соң діңі тіп-тік, бір бірінен айырылып қалармыз деп қол ұстасқан жандардай қатар өскен қос қайыңның көлеңкесіне жайғасты. Әуелі баласының, сосын өзінің арқасынан қапты түсірді. «Ия, жас келіп қалған екен» – деді ұста, құрысып қалған иықтарын алма кезек баласына уқалатып. Он-он бес жылдың арғы-бергі жағы колхоздың ұстасы талай жаяулап өткен жол бұл. Бұрындары бұдан ауыр қапты арқалап осы маңға орталықтан жеткенде былқ етпейтін. Енді міні көлеңкеде ентігін баса алмай болжырап отыр. Тер айғыздаған маңдайын екі жеңімен алма кезек сүрте отырып, қос қайыңға қатысты қасіретті оқиға есіне алды…
Бұл осыдан 10 жыл бұрын, Қазақстанды аштық жайлаған жылдар еді. Нақтысы 1933 жыл болуы керек. Мына кенже ұлы туған жыл. Таңертеңімен әдетінше жаяулап жол тартқан ұста орталыққа жақын қалғанда бала ерткен әйел адамды жолықтырды. Әйел отызға жетер жетпес, қызы 11-12 жас шамасында. Екі ауыл тұрғындарын жатқа білетін ұста, мыналар аштықтан Керекудің арғы бетінен бергі бетіне, Ресей еліне ағылған жандар екенін анық білді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» аштықтан титықтаған қарақұрым қауым Ертісті жиектеп көшетін. Отбасымен ауғандар да болушы еді. Алдыңғы жылдың соңы, былтыр қаралары қалың болған, биыл өте сирек. Дегенмен аракідік кездесіп қалады. Екеуінің көздері түскін, жылт еткен сәуле көрінбейді, шүңірейіп ішіне кіріп кеткен, аяқтарын сүйрете басып, бірін-бірі сүйегендей болып келеді. «Қап, ауылға бара жатқанда жолықса ғой, үйден айран, бір уыс бидай болса да талшық етуге бірдеңе тауып берер едім» деп ойлады қапаланып. Кейін оралуға болмайды, жұмыстан кешігеді. Колхоз бастығы осы ауылдың тумасы болса да, оңбаған адам, аяу дегенді білмейді-ау, білмейді. Осыдан бір ай бұрын ауырып, жұмысқа шықпай қалған Ыдырысты «итжеккенге» айдатып жібергені есінде. Қолынан келер көмегі болмаған соң, ұялғанынан басын жерге салып, қастарынан ағып өте шықты. Көмектесер жан болмай, үміттері әбден үзілсе керек, олар да бұрылып қарамады. Орталықтан қайта оралғанымша жолда болар, үйден талғажау етер бірдеңе табармын деген ойда еді. Қоймадан темір терсегін тездетіп алып, жүгіре басып кері қайтты. Міне, бүгін өзі отырған дәл осы жерде ана мен қыз жарқабаққа сүйеніп отыр екен. Демалып отыр деп ойлады. Анасы қызын оң қолымен қапсыра құшақтап бауырына басып алған, екеуі де қозғалмайтын секілді. Бажайлап қарап еді, дем жоқ, өмірден өтіп кеткен. Жалғаның жамандығы емес туған даласының суретін ол өмірге ала кеткісі келгендей әйелдің көзі ашық қалыпты. Тұлабойы бордай езіліп, еңкілдеп іштегі жаңа үкімет келгеннен бері беріштеніп қалған мұң мен зар, қорлану мен қор болудан жиналған ащы запыранды сыртқа бір шығарып, ағыл-тегіл жылады дерсің солқылдап. Не жоқ дейсің ұстаның ішінде, «дін жолында жүр, үкіметке қарсы үгіт жасады» деп айдалып кетіп, итжеккенен оралмаған әкесі мен ағасы, соларды уайымдай құсталықтан өлген әжесі мен анасы, бастары істі болып, айдалып кеткен ағайын-туыс, ауылдастары, жалпы ел ішін тоздырған қайғы, қасірет. Енді міне, көз алдындағы ана мен баланың өлімі. Бейтаныс қос бейбаққа өмірінің соңғы сағаттарынада адам болып, қазақ болып қолұшын бере алмаған шарасыздығы да бар, бұның ішінде. Бұлай еркек болғаны құрысын, бұлай жеткізбейтін «коммунизм» дейтін бәлеге бағынышты, жалынышты етіп, қанша жанды зарлатқан заманы құрысын. Өзі білетін көсемдердің есімдерін, оларға колхоз бастығын қосақтап, жылай отырып сыбайды-ай бір оңашада. Мынау туған жерден пана таппай, жат жерден жақсылық іздеп, үміт жолында дәмі үзілген ана мен балаға, енді жасар жақсылығы ит-құсқа жем етпей жер қойнына тапсыру. Қолынан келері осы ғана. Жарқабақтан сәл төмен әдеттегіден кеңірек қабір қазып, құшақтарын айырмастан асықпай қабірге түсірді, әйелдің мойнына ілген, дорбамен көздеріне топырақ толмасын деп беттерін жауып, қос мұңлықты жер қойнына тапсырды. Мұсылмандық парызын орындап құран қайырып еді. Әкесі мен ағасын есіне алған ұста, басыма бәле тілеп алармын деп, бұл туралы ешкімге тіс жармады…
Кейіннен екі ауыл арасына қатынағанда осы жерге соқпай кетпейтін болды. Әрлі-берлі өткенде екі дүниеде сәбиін бауырына басқан Ананың басына дұға оқуды әдетке айландырды. Жерлегенен соң бір екі жыл шамасында ұстаны таң қалдырған, нанғысыз ғажайып жағдай болды. Қабірдің басына қос қайың өскін берген. Қайдан, қалай пайда болған, беймәлім. Айналасы екі-үш шақырым маңда қарасу жиегінде көктерек, шілік талдар, емен қаптап өседі, ал қайыңды көрген емес. Қатар қонған екі ауылдың біреуі отырғызып кетті деу ақылға қонбайды. Өзінен басқа орталыққа жиі қатынайтын адам жоқ. Заманы кері кетіп, бес парызын өтемеген демесеңіз, Алла ісіне шәк келтірмейтін, аузынан «бісмілләсі» түспейтін ұста, қос қайың ғайыптан, яғни Тәңірдің құпиясымен өскен деп ойлайтын. Құдайдың кұдіреті деген осы. Бүгіндер өз қолымен жерлеген қос мұңлықты саялап жүр. Бұрындар аңғармапты, әуелгідей емес, діңі жуандап, бойы биіктей түскен, көлеңкесі де толайым молайып қалыпты. Бұрын қоңырқай, күңгірттеу көрінетін қабығы әбден ағарған. Ұста қос қайыңның бірдей емес екенін аңғарды. «Бірі сұңғақтау көрінді. Бәрі дұрыс» дейді іштей сүйсініп, «биігі анасы ғой». Аналар қашан да ардақты, қашанда биік!
Саялы салқын көлеңкеден бойы жеңілдеп орнынан оңай көтерілген ұста, қабын арқалап күннің шіліңгір ыстығын елеместен баласы екеуі ауылға беттеді. Ал, Жер-ананың құшағынан қара түнектен жарық дүниеге қос қайың болып оралған Ана мен Бала, мынау фәни жалғанда жер бетінен мәңгі жоғалып кетпегендеріне ризашылық білдіргендей жүрек жапырақтары судырлап қала берді…
Ертістің терістігіндегі Северный ауылы мен Қараағаш ауылының ортасында зират бар. Жергілікті тұрғындар айтуынша ашаршылық жылдарынан бері аруақтар мекені, Ертіс жағалауына жақын, жарқабақтан біраз жоғары батысқа қарай. Қараағаш ауылынан жиектеп Северныйға жолға шыққан адам, зираттың тұсындағы жарқақбақта өсіп тұрған қос қайыңды көрер еді. Жаздың күндері Северныйдан Қараағашқа, Қараағаштан Северныйға бет алған жаяу, қос қайыңның көлеңкесіне дамылдап, сая табады. Бірақ, олар қос қайыңның дәл осы жерге неге өсіп тұрғанын ойланып көрген емес…
Самат Мәненұлы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Ертіс ауданы
