
Бұрын, Әлеуметтік желі болмаған кезде сенің әпербақан-ақымақ, есерсоқ-есалаң екеніңді тек отбасың ғана білетін еді…
Ар-ұятты кейінге ысырып қойған кей ағайын үлкен тұр-ау, кіші тұр-ау немесе үлгі-өнегеге зәру өскелең ұрпақ тұр-ау деп жатпастан, ауыздан шыққан әр сөзіне былапыт пен боқтық араластыруды әдетке айналдырып алғаны бір бүгін емес.
Тіпті, өз тілінде айтылатын былапыт біткеннің бәрін түгесіп тастағандай, мән-мағынасына қарамастан, «орысшалап» та тілі күрмелмей, жағы жаңылмай, көзін жұмып қойып бұрқырата жөнелетіндерді көріп те, естіп те жүрміз.
Ауыздан ытқыған екі сөздің арасына боқауыз қоспаса көңілі көншімейтіндердің, күлкісінің күйі қашып, ұйқысы дұрыс қанбай қалатындай көрінетіндердің қатары соңғы жылдары тіптен қалыңдап кетті, рас.
Былайша айтқанда, боқтық кейбіреудің сөздік қорындағы кездейсоқ тіркес емес, күнделікті тілдесу тәсіліне, тіпті өзін көрсетудің құралына айналды.
Боқтықтың «әліппесін» кім үйретеді?
Қазір жетіге толмаған бала жеті атаңнан бастап түп-тұқияныңа дейін «түгендеп», орысша-қазақша небір боқауыз сөздің астына алып жатса да, еш қыңқ демейтін әрі оған таңырқап-таңданбайтын болдық-ау деймін.
«Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген сөз бар. Сол сияқты былапыт естуге де бойымыз әбден үйреніп кеткендей.
Қала берді, біз, қазақтар, тілі енді-енді шығып келе жатқан баламызға кейде ең алдымен боқауыздың «әліппесін» үйретеміз.
Жүруге жаңа талпынған жас сәбиі бар қайсыбір шаңыраққа бара қалсаңыз, айналасындағылардың:
– Олай деші!
– Былай деші!
– Ағаны боқташы!
– Тәтені сыпыртшы! – деп, өздері үйреткен «белгілі-белгілі» сөздерді айтқызып отырғанын көріп-естисіз.
Бала оны былдырлап қайталаса, үлкендер мәз болып, қарқылдап күледі. Телефонға түсіріп, туыстардың ортақ тобына немесе әлеуметтік желіге таратып жіберетіндер де жеткілікті. «Осынымыз дұрыс емес-ау» деп ойланатындар шамалы.
«Мұнда бас жарылып, көз шыққандай ештеңе жоқ. Бала кезінде боқауыз айтқанның бәрі өмір бойы сондай болып кеткен жоқ қой», – дейтіндер де табылар.
Алайда адамның болашақтағы болмыс-бітіміне, мінезі мен адамгершілік қасиеттеріне балалық шақта сіңірілген тәрбие негіз болатыны белгілі. Дөрекі сөзбен тілі шығып, үнемі соны естіп өскен сәбидің мектепке барған соң бірден сыпайы, мәдениетті сөйлеп кететініне кім кепіл?
Үйде айтылған сөз балабақшаға барады. Балабақшадағы сөз мектепке жетеді. Мектептегі әдет көшеге шығады. Көшедегі дөрекілік әлеуметтік желіге көшеді. Осылайша бір отбасының ішінде басталған теріс дағды бірте-бірте қоғамдық құбылысқа айналады.
Ертең қит етсе шаптыға жөнелетін, тілдесудің орнына тілдейтін, пікір айтудың орнына балағаттайтын, ұр да жық, дөрекі азаматтар бала күнінде теріс тәлім тергендерден шықпағанда қайтеді?
Бала тәрбиелеп отырған ата-ана осы жағын мықтап ескеруге тиіс қой. Әсіресе әр нәрсені сән деп санап, талғамай қабылдап, шайнамай жұта беретін бүгінгі қоғамда ұрпақ тәрбиесіне аса абай болған жөн.
Еркек боқтаса – ашынғаны…
Негізі, дөрекі әрі былапыт сөйлеу ер адамдарға ғана тән деп түсінетініміз бар. Өкінішке қарай, бұл жағынан әйелдер қауымы да ерлерден еш кем түспейтін болды. Бесіктен белі енді шыққан жасы да, ақыл-кеңес айтып, үлгі көрсетеді дейтін кәрісі де кейде «сыпыртудың түбін түсіреді».
Күйеуіне немесе балаларына, қала берді, былайғы адамдарға шаптығып, жұрт көзінше боқауыз тіркестердің «бытырасын» қарша боратып жатқан әйелдерді де жиі кездестіреміз.
Қоғамдық көлікте, дүкенде, аулада, емханада немесе мерекелік дастарқанда әйел адамның аузынан ауыр сөз естілгенде, оның жаңғырығы ерекше жағымсыз сезіледі.
Неліктен?
Өйткені әйел – ең алдымен ана. Баланың алғашқы еститін сөзі де, бойына сіңіретін мінезі де көбіне анасына байланысты. Ана сөзі мейірімнің, ізгіліктің, сабырдың үні болуы керек деп қабылдаймыз.
Әрине, барлық тәрбиелік жауапкершілікті тек әйелге артып қою әділетсіз. Әке де баланың алдында сөйлеген әр сөзіне жауапты. Ер адамның үйде үздіксіз боқтап, ашуын балағатпен шығарып отыруы – ұлына да, қызына да көрсетілген өмірлік теріс үлгі.
Бабаларымыздың: «Еркек боқтаса – ашынғаны, әйел боқтаса – басынғаны», – деген сөзі бекер айтылмаған шығар. Мұндағы «басыну» әйелді кемсіту емес. Бұл – отбасындағы, ортадағы, қоғамдағы әдеп шекарасының бұзылғанын аңғартатын ескерту.
Алайда бір нәрсені ашық айтуымыз керек: боқтау еркекке де жараспайды, әйелге де абырой әпермейді. Ашыну да, басыну да адамның тіл мәдениетсіздігін ақтай алмайды.
Телефон «батырлар» қаптады осы күні. Әдепсіздік пен мәдениетсіздіктің ауқымды алаңдарының бірі әлеуметтік желі болып отыр.
Бұрын адам айтқан сөзі үшін қарсы алдында тұрған кісінің жүзіне қарайтын. Қазір экранның арғы жағында отырып, ешқашан көрмеген адамын қорлап, оның ар-намысына тиіп, отбасы мен ата-анасын тілдейтіндер көбейді.
Өз аты-жөнін жасырып, жалған парақша ашқан кейбір қолданушылар өзін жауапсыз, жазасыз сезінеді. Біреудің жазбасына пікір қалдыру үшін мәселенің мәнін түсіну де, деректі тексеру де қажет емес. Бірден адамның жеке басына тиісіп, түр-тұлғасын, жасын, отбасын, ұлтын немесе кәсібін қорлауға көшеді.
Әсіресе қоғамда қызу талқыланған оқиғалардың астындағы пікірлерді оқысаңыз, кей тұста жағаңызды ұстайсыз. Бір тарап екіншісін тыңдамайды. Дәлелге дәлелмен жауап берудің орнына боқтықпен басып тастауға тырысады.
Жасөспірімдер де әлеуметтік желідегі осы тілдік ортаны күн сайын көріп отыр. Олардың дені танымал блогердің дөрекі сөзін – «батылдық», тікелей эфирдегі балағатты – «еркіндік», қарсыласын қорлауды – «өтімді контент» деп түсінеді.
Әлеуметтік желі алгоритмдерінің табиғаты да өткір, жанжалды, ашулы жазбалардың тез тарауына жағдай жасайды. Байсалды айтылған пікір кейде көп қаралым жинамайды, ал айқай, төбелес, боқтық пен дау бірден жұрт назарын аударады. Нәтижесінде әдепсіздік пайда әкелетін өнімге айналады.
Адам неғұрлым дөрекі сөйлесе, соғұрлым көп қаралым алады. Неғұрлым арсыз әрекет жасаса, соғұрлым тез танылады. Осыны көрген жас буын танымал болудың ең оңай жолы – жұртты таңғалдыру, ашуландыру немесе қорлау деп ойлауы ықтимал.
Бұл – тек тіл мәселесі емес. Бұл – тұтас құндылықтар жүйесінің бұзылуы.
Жауапкершіліктің жүгі қандай?
Әлбетте, дербес мемлекет ретінде Қазақстанда интернет кеңістігі заңнан тыс аумақ саналмайды. Елімізде 2023 жылы қабылданған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң онлайн-платформа иелері мен пайдаланушылардың міндеттерін, заңсыз контентке қатысты шараларды және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды. Заң пайдаланушыдан өзі тарататын контенттің дұрыстығына мән беруді және Қазақстан заңнамасын сақтауды талап етеді.
Қоғамдық орында былапыт сөйлеу, азаматтарға қорлап тиісу және қоғамдық тәртіпті бұзу Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі ұсақ бұзақылық нормалары бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Әлеуметтік желідегі әрекет нақты жағдайға, таратылған материалдың мазмұнына және оның салдарына қарай әкімшілік немесе өзге құқықтық баға алуы ықтимал.
Бұған нақты мысалдар да бар. Қазақстанның мемлекеттік органдары жариялаған мәліметтердің бірінде TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, әдепсіз контент таратқан Астана тұрғынының ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны көрсетілген. Мемлекеттік орган мұндай әрекеттерді күн сайын кәмелетке толмаған балалар да көретінін ерекше атап өткен.
Демек, «өз парақшам – өз еркім, не айтсам да өзім білемін» деген түсінік дұрыс емес.
Жеке парақша көпшілікке ашық болса, ондағы әрекет те қоғамдық сипат алады. Еркіндік дегеніміз – ойыңа келгеннің бәрін жариялау емес. Еркіндік жауапкершілікпен ұштасқанда ғана құндылыққа айналады.
Сонымен қатар әрбір ауыр сөзді полиция мен сот арқылы шешу де мүмкін емес. Құқықтық жаза – ең соңғы амал. Басты мәселе – адамның ішкі мәдениетін қалыптастыру.
Заң адамды уақытша тыйғанымен, тәрбие ғана оны саналы түрде тоқтатады.
Кино мен әндегі «өтімді» боқтық та өрішіп тұр.
Осы күні қазақ киносы мен ән мәтіндеріндегі сөз саптасына да алаңдайтындар артты.
Кейбір фильмдерде боқауыз бен тұрпайы тіркестер кейіпкердің мінезін ашу үшін емес, көрерменді күлдірудің оңай амалы ретінде қолданылады. Кейіпкер аузына ауыр сөз салынса, зал ду күледі деген үстірт түсінік қалыптасқан.
Әрине, кино – өмірдің көркем бейнесі. Өмірде дөрекі адамдар бар екені рас. Сондықтан өнер туындысында жағымсыз кейіпкердің дөрекі сөйлеуіне мүлдем тыйым салу дұрыс болмас еді.
Бірақ мәселе – былапыттың орынды немесе орынсыз қолданылуында. Егер боқтық кейіпкердің психологиялық жағдайын, әлеуметтік ортасын немесе драмалық қайшылықты ашуға қызмет етсе, оны көркемдік шешім ретінде түсінуге болады. Ал тұтас фильм арзан күлкі үшін тұрпайы сөзге құрылса, ол өнердің емес, шығармашылық әлсіздіктің белгісі.
Ән мәтіндерінде де осы үрдіс байқалады. Ұйқас пен ой табудың орнына анайы сөздерді қайталай беру, әйелді немесе ер адамды қорлайтын тіркестерді «заманауи стиль» деп ұсыну белең алды.
Мұндай туындыларды балалар да тыңдайды, жаттайды, қайталайды. Әуені жеңіл, ырғағы тартымды болғанымен, мәтіні адамның санасына біртіндеп сіңеді.
Сондықтан кино мен музыка саласында жас ерекшелігіне сай таңбалау, эфир уақыты, платформалардағы ескерту, ата-аналық бақылау құралдары және кәсіби сын қатар жүруі керек. Бастысы, цензура орнату емес, шығармашылық жауапкершілікті күшейту қажет.
Әлем қандай жолды таңдап отыр?
Әлем мемлекеттері интернеттегі жүгенсіздікпен әртүрлі күресіп келеді. Бір ел қатаң жазаға басымдық береді, екіншісі платформалардың жауапкершілігін арттырады, үшіншісі балалардың қауіпсіздігі мен медиасауатқа көбірек көңіл бөледі.
Алайда халықаралық тәжірибеде жай ғана дөрекі сөз бен заңсыз контенттің аражігі ажыратылатынын ескеруіміз керек. Мемлекеттер, негізінен, қоқан-лоқы, кемсіту, өшпенділік қоздыру, қудалау, алаяқтық, терроризмді насихаттау және балаларға зиянды материалдар сияқты нақты қатерлерге қарсы күреседі.
Мысалы, Еуропалық одақтың Цифрлық қызметтер туралы актісі онлайн-платформаларға заңсыз контентті хабарлау тетігін түсінікті ету, шағымдарды қарау, шешімдерінің себебін түсіндіру және жүйелік тәуекелдерді бағалау міндеттерін жүктейді.
Ірі платформалар заңсыз контенттің, өшпенділік тілінің және жалған ақпараттың таралу қаупін талдап, оны азайту шараларын қабылдауға тиіс. Сонымен қатар олардың алгоритмдері мен модерация жұмысына қатысты ашықтық талаптары күшейтілген.
Бұл тәжірибенің маңызды тұсы – барлық жауапкершілікті қарапайым қолданушының мойнына артып қоймайды. Адамды ашуға, араздыққа немесе қауіпті контентке қайта-қайта жетелейтін алгоритм үшін платформа да жауап береді.
Ал Германияның желілердегі құқық қолдану тәжірибесі ірі әлеуметтік платформалардан заңсыз контент жөніндегі шағымдарды қабылдайтын қолжетімді жүйе құруды және оларды белгіленген тәртіппен жедел қарауды талап етті.
Талаптарды жүйелі түрде орындамаған компанияларға өте ірі айыппұл көзделді. Германияның бұл қадамы әлеуметтік желілердегі өшпенділік, жала, қорқыту және басқа да заң бұзушылықтарға платформалардың «біз тек техникалық алаңбыз» деп сырт айналуына жол бермеуге бағытталды.
Дегенмен бұл тәсіл сыннан да тыс қалған жоқ. Кейбір сарапшылар ірі айыппұлдан қорыққан платформалар даулы материалдарды толық зерттемей-ақ өшіріп, сөз бостандығын шектеп қоюы мүмкін екенін алға тартқан.
Бұл бізге маңызды бір қағиданы көрсетеді: тәртіп орнатамыз деп, орынды сын мен азаматтық пікірді тұншықтырып та алмау қажет.
Ұлыбританияның Онлайн қауіпсіздік туралы заңы әлеуметтік желілер мен интернет сервистеріне заңсыз контенттің қаупін бағалау, шағымдану мүмкіндігін жеңілдету және қолданушыларды, әсіресе балаларды қорғау шараларын енгізу міндетін жүктейді.
Қадағалаушы Ofcom органы талапты орындамаған компанияларға ірі көлемде айыппұл сала алады. Заңның тиісті міндеттері кезең-кезеңімен күшіне еніп, платформалардан заңсыз материалға тек жарияланғаннан кейін әрекет етуді емес, оның таралу қаупін алдын ала азайтуды талап етіп отыр.
Бірақ мұнда да пікірталас бар. Жас мөлшерін тексеру мен контентті шектеу тетіктері адамның жеке өмірі мен сөз бостандығына нұқсан келтірмеуі тиіс деген сын айтылады.
Сингапур елі интернеттегі жалған ақпаратпен күресте материалды бірден өшіруге ғана сүйенбейді. Кей жағдайда билік даулы жарияланымның қасына ресми түзетуге сілтеме орналастыруды талап ете алады.
Осылайша адам бастапқы жазбаны да, ресми түсініктемені де қатар көреді. Қайталанған немесе ауыр жағдайларда қолжетімділікті шектеу және басқа шаралар қарастырылады.
Бұл жүйені қолдайтындар оны жалған ақпараттың әсерін азайтатын тиімді амал деп санайды. Сынаушылар биліктің «ақиқат пен жалғанды» анықтаудағы өкілеті шамадан тыс болып кетуі мүмкін екенін де алға тартады.
Яғни әлемдік тәжірибенің бәрі мінсіз емес. Қатаң реттеудің әрдайым екінші жағы болады.
Ал бізде не бар һәм не қажет?
Қазақстан өзге елдердің заңдарын сол күйінде көшіріп алуға тиіс емес, әрине. Бірақ олардың тәжірибесінен пайдалы тұстарды алуға әбден болады.
Біріншіден, әлеуметтік желідегі заңсыз контентке шағымдану жолы қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Қолданушы қай мекемеге, қандай дәлелмен хабарласатынын білуі қажет.
Екіншіден, платформалардың қазақ тіліндегі модерациясын күшейту керек. Қазақша жазылған қорлау, қоқан-лоқы немесе араздық тудыратын сөз тіркестерін автоматты жүйелер жиі дұрыс тани бермейді. Тіпті боқтықты әріптерін өзгертіп немесе таңбалармен бүркемелеп жазу да кең таралған.
Үшіншіден, қайталама құқық бұзушыларға біртіндеп күшейетін шара қолдануға болады: алдымен ескерту, кейін контентті шектеу, парақшаның мүмкіндігін уақытша тоқтату, ал заң бұзушылық анықталса, жауапкершілікке тарту. Қазір бұл бағыт қолдыналы бастады.
Төртіншіден, кәмелетке толмағандарды қорғауға басымдық берілуі тиіс. Балаларға арналған аккаунттарда боқтық, қорлау, қатыгездік пен қауіпті әрекеттерді насихаттайтын материалдарға шектеу күшейтілгені жөн.
Бесіншіден, мектептерде медиасауат пен цифрлық әдепті жүйелі оқыту керек. Балаға интернетті техникалық қолдануды ғана емес, желіде өзін қалай ұстауды да үйрету қажет. Пікір мен қорлаудың, әзіл мен кемсітудің, сын мен жала жабудың арасындағы айырманы жасөспірім ерте түсінуге тиіс.
Алтыншыдан, блогерлер мен қоғамға танымал адамдарға қойылатын моральдық талап жоғары болуы керек. Миллиондаған көрермені бар адам «мен ешкімге үлгі болуға міндетті емеспін» деп жауапкершіліктен қашпауы қажет.
Жетіншіден, кино, музыка және ойын-сауық өнімдеріндегі жас ерекшелігіне сай таңбалауды нақты әрі қатаң сақтау керек. Ата-ана баласына ұсынылып отырған контенттің сипатын алдын ала білуге тиіс.
Сегізіншіден, мемлекеттік шаралар сөз бостандығын тұншықтыруға айналып кетпеуі керек. Билікті, қоғамды немесе белгілі бір шешімді сынау – әдепсіздік емес. Өткір пікірдің өзі дәлелді және жеке адамды қорламай айтылуы мүмкін.
Боқтықпен күресеміз деп сыннан қорғану – қате. Тілді заңнан бұрын тәрбие түзейді
Осындай жандарды тәртіпке келтіріп, тезге салудың уақыты келді ме?
Әрине, келді. Бірақ тезге салу дегеніміз – барлық адамның аузына құлып салу емес.
Қоғамға заң да, талап та, жауапкершілік те керек. Сонымен бірге отбасындағы тәрбие, мектептегі өнеге, өнердегі талғам және көпшілік алдындағы адамдардың жеке жауапкершілігі қажет.
Жүгенсіздік пен анайылық етек алған бүгінгі күні әлеуметтік желідегі әдепсіздік расында жағаңды ұстатады. Бірақ қоғамды жалғыз айыппұлмен мәдениетті ете алмаймыз.
Мәселенің түбі – адамның ішкі болмысында. Бала үйінде әкесінің аузынан боқтық естісе, көшеде соны қайталайды. Анасы жұрт алдында балағат айтып тұрса, қызы оны қалыпты құбылыс деп қабылдайды. Танымал блогер әдепсіздік арқылы атақ пен ақшаға жетсе, жасөспірім соның жолын таңдайды. Кино боқтықты күлкінің құралы етсе, көрермен оған бірте-бірте үйренеді.
Сондықтан өзгерісті біреуден емес, өзімізден бастаған жөн. Балаға «боқтама» демес бұрын, өз аузымызға ие болайық. Жастардан мәдениет талап етпес бұрын, оларға үлгі көрсетейік. Әлеуметтік желіде біреуді жөнге салмас бұрын, өз пікіріміздің тіліне қарайық. Өйткені ауыздан шыққан сөз – адамның ішкі әлемінің айнасы.
Сөздің киесі де бар, кесірі де бар. Ал адамның шынайы болмысы кейде оның үлкен мінберде сөйлеген ұзақ сөзінен емес, ашуланған сәтте аузынан шыққан бір-ақ ауыз тіркесінен танылады.
Асыл ӘБІШЕВ.
