Астанада Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының жетінші отырысы өтті.
Оның жұмысына «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігінің басшылығы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ халықаралық байқаушылары, Бас прокуратураның, Қаржы, ішкі істер және әділет министрліктерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, бейнеконференциялық байланыс арқылы елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды.
Күн тәртібіне сәйкес 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу мәселесі қаралды.
Баяндама жасаған ОСК мүшесі Азамат Айманакумов партияның Орталық сайлау комиссиясына ұсынған құжаттарының тізбесі және кандидаттарды тексеру жөнінде комиссия жүргізген жұмыстар туралы ақпарат берді.
«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі 47 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдаған сұрауларына сәйкес, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тексерілді. Партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатынан 18 кандидат бар, бұл жалпы тізімнің 38,3%-ын құрайды. Заңда белгіленген квота сақталған. Партиялық тізімге енгізілген барлық тұлғалар Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес келеді», – деп атап өтті Азамат Айманакумов.
ОСК мүшесі сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 88-бабына сәйкес, Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жалпы санының 1%-дан 3%-ға дейінгі дауысын алған саяси партиялар үшін сайлау жарнасы белгіленген мөлшердің 70%-ы көлемінде төленетінін еске салды. Осыған байланысты VIII сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында сайлаушылардың 2,3% дауысын жинаған Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы сайлау жарнасын заңнамада көзделген мөлшерде төледі.
Отырыс соңында Ортсайлауком мүшелері хаттамаларға қол қойып, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды.
Отырыстың қорытындысы бойынша партия басшылығы дәстүрлі брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
https://www.election.gov.kz/

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)