2026 жылдың 23 тамызында Қазақстанда жаңа Конституция негізінде алғаш рет Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің саяси жаңғыру үдерісіндегі маңызды белес әрі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған тарихи қадам.
Конституциялық реформалар аясында жүзеге асып жатқан бұл өзгерістердің басты мақсаты – халықтың еркін барынша айқын білдіретін, заң шығару қызметінің тиімділігі мен жауапкершілігін арттыратын жаңа саяси модель қалыптастыру. Сондықтан алдағы сайлау әрбір азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін айқындайтын маңызды науқан болмақ.
Осыған орай Aiqara.kz ақпараттық-әдеби порталында қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтардың пікірлерін жариялауды жалғастырамыз. Қоғам өкілдерінің басым көпшілігі Конституциялық жаңаруларды қолдап, елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың мемлекетіміздің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына және жарқын болашақтың қалыптасуына берік негіз қалайтынына сенім білдіруде.
Бүгінгі шығарылымда «Нұр Ана» қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрайымы Бақытжамал Шаханқызы Максилова мен Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, «Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешені» КММ мұғалімі Сәбит Әбдікенұлы Ибадуллиннің Құрылтай сайлауының тарихи маңызы, Конституциялық реформалардың мәні және ел болашағына қатысты ой-пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Бақытжамал Шаханқызы МАКСИЛОВА, «Нұр Ана» қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрайымы
– Биыл алғаш рет жаңа Конституция негізінде Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқанның тарихи маңызын қалай бағалайсыз?
– Бұл – еліміздің саяси дамуындағы маңызды белес. Конституциялық реформалар нәтижесінде заң шығару жүйесі жаңарып, халықтың еркін білдіретін жаңа институт – Құрылтай қалыптасуда. Бұл өзгерістер азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтады деп сенемін. Сондықтан бұл сайлау – жай ғана депутаттарды таңдау емес, елдің ертеңіне бағыт беретін тарихи қадам.
– Алдағы сайлаудан қандай нәтиже күтесіз?
– Ең алдымен, халқымыз белсенділік танытып, ел тағдырына бейжай қарамайды деп сенемін. Қазақстандықтар бірлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, жаңару мен кемел келешек үшін дауыс береді деп ойлаймын. Бүгінгі қоғамдағы оң өзгерістер азаматтарға үлкен сенім ұялатып отыр. Сондықтан Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің тұрақты дамуына серпін береді деп есептеймін.

Сәбит Әбдікенұлы ИБАДУЛЛИН, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, «Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешені» КММ мұғалімі
– Ұстаз ретінде Конституциялық реформалардың жастардың болашағына әсерін қалай бағалайсыз?
– Жастардың болашағы ең алдымен әділетті мемлекетке, сапалы заңдарға және тұрақты қоғамға байланысты. Конституциялық жаңарулар осы бағыттағы маңызды қадам деп санаймын. Заң үстемдігі нығайып, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігі күшейген сайын жастардың елге деген сенімі де артады. Бұл – болашақ ұрпақтың мемлекетке деген құрметін қалыптастыратын маңызды үрдіс.
– Құрылтай сайлауына байланысты ел азаматтарына қандай үндеу айтар едіңіз?
– Әрбір азамат дауыс беруді өзінің азаматтық борышы ретінде қабылдауы керек. Ел тағдырына бейжай қарамай, бірлігімізді танытып, мемлекетіміздің болашағы үшін саналы таңдау жасауымыз қажет. Мен халқымыздың даналығы мен ауызбіршілігіне сенемін. Алдағы сайлау жоғары деңгейде өтіп, еліміздің өркендеуіне қызмет ететін жаңа Құрылтай жасақталады деп кәміл сенемін. Қазақстанның бүгінгі даму бағыты мен жүзеге асып жатқан оң өзгерістері жарқын болашаққа деген сенімді күшейте түседі.
Әңгімелескен – Асыл ӘБІШЕВ.
