Академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі – бүгінде өңіріміздегі негізгі мәдени-рухани орталыққа айналды. Ертіс-Баян өңіріне ат басын бұрған көзі ашық, көкірегі ояу жан Қаныш Имантайұлының «шаңырағына» соқпай кетпейді.
Музей 1964 жылы қыркүйек айында қоғамдық негізде ұйымдастырылған. Ал, 1967 жылдан мемлекеттік басқарма қарамағында жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта музей 1973 жылы салынған типтік ғимаратта орналасқан. Бұнда Қаныш Сәтбаевтің тұтынған тұрмыстық заттары, киген киімдері, құжаттарының көшірмелері, фотосуреттер қамтылып, академиктің өмір жолы мен ғылыми қызметінен сыр шертеді.
Бүгін аталған музейге ерекше тарту жасалды. Баянауыл ауданы, Жұмат Шанинауылының тумасы, Қаныш Сәтбаевтың шәкірті, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалкен Жәміновтың академик ұстазымен бірге түскен суреті табысталды. Құнды сыйды профессор Қалкен Жәміновтың туған інісі – Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Нығмет Жәмінов сыйлады. Іс-шараға музей басшысы Қайыргелді Абылғазин және баянауылдық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жәдігерді табыстау рәсімінде Нығмет ақсақал Қаныш Сәтбаев пен Қалкен Жәмінов арасындағы ұстаздық-шәкірттік, аға-бауырлық, азаматтық қарым-қатыныс туралы естелік әңгімесімен бөлісті. Ақсақалдың айтуынша, Қалкен Жәмінов ұстазының есімін ұлықтауда көп еңбек сіңірген, академик музейінің ашылуына және ғұлама ғалым туралы кітап жазуға ықпал еткен.
– 1964 жылы,қазіргі Мұса мырза мешітінің ғимараты, мәдениет үйі болды. Соның бір бөлмесінде музей ашылған еді. Оны Баянаула халқы жақсы біледі.Музейдің тарихнамасында «Музейдің ашылуына құрылыс отрядында жүрген бірнеше студент себепкер болды» деп айтылып жүр. Бұл, әрине, шындыққа жанаспайды. Біріншіден, студенттер жұмыс істеуге жаз айларында ғана келеді. Олар тек құрылыс жұмысына атсалысқан. Ал, музейді ұйымдастыруға, жәдігер жинауға, жұмысқа қаражат табуға себепкер болған жандардың есімі көлеңкеде қалып отыр. Ол кез коммунистік партияның ықпалы жүріп тұрған заман болатын. Студенттер заттарды тасып, көтеріскен шығар – әбден мүмкін дүние. Олар тегін жұмыс күші болды. Алайда музейдің 3 жыл қатарынан қоғамдық негізде жұмыс жасап тұруына, қандай да болсын қаражат керек, не адамдарды жұмыс жасауға итермелейтін мықты ықпал керек. Музей директоры болып 1991 жылға дейін қызмет еткен Төлеутай Абильдин деген азамат қазір тірі болса, менің сөзімді жоққа шығармас еді. Ол кісіні жақсы білуші едім.
Сондықтан музейдің ашылуына қызмет еткен адамдарды есімдерін атайтын, олар туралы әңгіме қозғайтын уақыт келді. Осы сыйлықты табыстаудың басты себебі – музей тарихнамасындағы мәліметтерді түзету, музейдің ашылуына ықпал еткен нағыз жанашырлардың есімдерін алтын әріппен жазылып қойылуына ықпал ету.
Осы ретте ол кезде аудан партиясының бірінші хатшысы болған Аманолла Рамазанов деген азаматты айтып кеткен дұрыс, ол болмағанда бәлкім музей 3 жыл бойы жұмыс естемес еді.
Алдымен, музейдің ашылу мәселесін көтерген Қаныш Сәтбаевтың жары Таисия жеңгеміз. Сонымен бірге, Қаныш Сәтбаевтің жанында көп жыл бірге қызмет еткен шәкірті, менің туған ағам Жәмінов Қалкен. Ол 3 жыл қатарынан жеңгейдің қолдауымен сонау Алматыдан академиктің жеке заттарын, кітаптарын, тастарын жеткізіп тұрды. Оны мен өз көзіммен көрдім. Себебі ол Баянауылға келгенде міндетті түрде біздің үйге – Южный совхозына (қазіргі Ж.Шанин ауылына) келетін. Сонда қандай себептермен ауылға келгенін айтып отыратын.
Сонымен бірге, 1970 жылдары музейдің жаңа ғимаратын салып беруге ықпал еткен Қанат Болатұлы Даржұманов деген азаматты атап өту керек. Ол 10 жылдай уақыт аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды, – деді көзкөрген ақсақал.
Биыл – Қалкен Жәміновтың туғанына 100 жыл толды. Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» газеттерінде Жолдыбай Жәміновтың мақалалары басылды. Ал, «Ақбеттау» журналы мен «Aiqara.kz» порталында Қалкен Жәміновтің «Өмірдің өзі – бір мектеп» атты естелігі жарияланды. Естеліктің «Сәтбаевтар отбасымен алғашқы танысу» және «Жеңгейдің тапсырмасы» бөлімдерінде Қаныш Сәтбаев туралы, ұстаз есімін ардақтау жолындағы еңбегі жайлы мол мәлімет берілді.
Нығмет Жәміновтың айтуынша, жазушы Медеу Сәрсекені Сәтбаев туралы кітап жазуға құлшындыра түскен де Таисия Сәтбаева мен Қалкен Жәмінов болатын.
– Кеше ғана институтты аяқтаған қарапайым жігіт Қаныштай алып адам туралы кітапты ойда жоқта жаза алмайды. Медеу Сәрсекені жеңгемізге таныстырған Қалкен аға мен Қалмұқан Исабаевтар болатын. Олар сыныптас достар еді, бір ауылда – бір мектепте оқыған балалар. Бірін-бірі жақсы білген, өмірлерінің соңына дейін араласқан. Алдымен Таисия жеңгеміз Қалкен ағамызды Баянауылға іс-сапарға жөнелткізіп, естеліктер жинауға, Қаныш туралы мақалалар жазуға ықпал еткен. Бұны Қалкен өзінің естеліктерінде жазады. Мәселе көтерілген кездеҚалмұқанға «Кітапты сен жаз» дегенде – ол бірден «Мен жаза алмаймын» деген. Сосын ол екеуі жаза алатын адамды іздеуге кіріседі, себебі Қаныш аға туралы жазғанда міндетті түрде жазушының геология, тау-кен ғылымынан болғаны абзал еді. Ал Медеу Сәрсекеніңтәмамдаған білімі осыған тұспа-тұс келіп тұр еді. Сондықтан онымен танысып сөйлескесін бірден жеңгейдің үйіне алып келеді.Алайда бұл турасында Қалмұқан Исабаев та, Медеу Сәрсеке де,осы жәйіттен хабардар болған Әлкей Марғұлан да өздерінің кітаптарында бірде-бір сөзжазып кетпеген. Олар бұны айтудың қажеті шамалы деп ойлаған шығар. Амандық болса жақында профессор ағамыздың естеліктері жазылған кітап жарыққа шығады, сонда ол туралы жазылатын болады. Сондықтан алдағы уақытта Таисия жеңгейдің музейде сақталған суретін қайта өңдеп шығарып, музейге табыстау да ойымыздағы мақсатымыздың бірі,- дейді ақсақал.
Нығмет ақсақал ерекше атап отырған жерлесіміз Қалкен Жәміновтың академиктің қоғамдық негіздегі музейінде болғаны туралы музей қорындағы жәдігерлерде – облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарырарқа самалы») газетінің 1967 жылы 17 ақпанда шыққан санында жарияланған «Ғалым музейі ашылды» мақаласында жазылған.
Бүгінгі іс-шара Олжас Сүлейменов айтқандай, «тауларды аласартпай, даланы биіктетудің» шынайы көрінісі бола білді.
Айбек Оралхан
