2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды.

Құжатты тарихи деуімізге жетелейтін негіз жоқ емес. Өкінішке қарай, қоғамның басым бөлігі «артық білім – кітапта» екенін қаперге алмай кетті. Ой-сананы тек сандық технологиялардың игілігімен азықтандыруға ойысып алдық. Сондықтан да Президенттің бұл Жарлығын аса бір қажет шақта шыққан һәм ұлттың интеллектуалдық болашағына бағытталған стратегиялық қадам деп қабылдау керек. Кітап атаулы – адамзат өркениетінің жады, ойлау мәдениетінің негізі, кітап оқитын қоғам – озық қоғам. Бұл – ешқашан өзгермейтін аксиома.

Бүгінгі технологиялық дәуірде ақпарат ағыны күшейіп, адамның назары секундтармен өлшенетін кезеңде кітаптың орны қандай? Неліктен жеткіншектер мен жастардың кітапқа деген қызығушылығы әлсіреп барады? Цифрлық кітап жүйесі мен жасанды интеллект кітапханалардың болашағын қалай өзгертеді? Осы сауалдарға тереңірек үңілуді, нақты шараларды қолға алуды уақыттың өзі талап етіп отыр.

Кітаптан тым алшақтап кеткен «альфа буынның» бүгінгі сипатына қарап, «осының түбі қайда апарып соғар екен» деген алаңдаушылыққа салынып, дәл қазір қоғам – қуғын, құндылық – қашқын болып тұрғанын тарқататын ой-толғамды жиі ұсынып келеміз.

… Бұрынғысын қазбаламай-ақ қояйын. Тек соңғы он жылдың өзінде еліміздегі кітап индустриясы тым қатты дамыды. Баспаханалардан  шығып жатқан кітапта қисап жоқ. Алуан-алуан тақырыпты арқау етеді. Әп-әйдік формасы бар, сырт-келбеті – мұқабасы жұтынып тұр. Саны көп. Бірақ сапа ше? Өкінішке қарай, қатталып, қаптап шығып жатқан кітаптың оқылуы тым құлдырап кетті. Кітап көп, оқырман аз. Сөре – толы, сана  -бос.

Оның үстіне, ондаған кітап шығарса да, жұрттың арасынан өзін таппай жүрген ақын-жазушы сымақтар да көбейді. Өзін-өзі қаламгер жариялаған, өз көлеңкесін өзі биіктеткен, жұрттың сұранысын емес, жеке амбициясын ғана күйттеген «жазарман» қауым қаптады. Бұл – әдебиет үшін емес, атақ үшін туған өнімдер заманын елестетеді.

Кітаптың сыйлануы – мұрат емес, оқылуы – мұрат. Ал бізде кітап көбіне сыйлыққа, есепке, есеп беруге, көрмеге, фотоға арналған атрибутқа айналды. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде кітап индустриясында «Ай дер ажа, қой дер қожа» жоқ. Әлін білмеген әркім де жазарманға айналып кетті. Тіпті, ондайлар соңғы уақытта күрт көбейді. Сүзгі жоқ жерде сапа да болмайтыны белгілі ғой.

Осы күнгі жылпостар жолын тауып, қоғамға берері, рухани құндылыққа қосары жоқ шимай-шатпақтарын да оп-оңай кітап қып шығара қояды. Баспа бар, ақша бар. Ал жауапкершілік ше? Бірақ ондай дүмбілез дүниені жиырма-отыз адам ғана, оның өзінде қалам ұстап, қара көрсетіп жүрген таныс-тамырлары ғана оқыған болады. Талдау жоқ. Талқылау жоқ. Сараптау жоқ. Салмақтау жоқ. Әдеби орта үнсіз. Жалпы бұқараға, әсіресе жас ұрпаққа шығып жатқан жинақтардан келіп-кетері шамалы. Төңірек біткен марғау. Оқылмайды. Халтура да оқылмайды, классика да (егер ол соңғы кезеңде бар болса) оқылмайды. Бұл – қауіпті тенденция.

Бұрын кітап оқуға құмарлардың өзі осы күні айнып қалды. Оқырманды халтурщиктер мен халтура шығармалар әбден айнытты. Дүбәра жинақтар жұртты теріс қаратты. Сенім жоғалған жерде қызығушылық та өледі.

Шынайы да өткір сын деген соңғы отыз жылда әбден тоқырап, тоқтаған соң, кітапқұмарлықтың бұрынғы қалыбы да құлдырады. Әдеби сын – әдебиеттің иммунитеті, деген сөз бар. Ал иммунитеті жоқ ағза қалай әлсіресе, әдебиет те солай әлсіреп барады.

Көңілжықпастық пен жағынуды, жақсы көрінуді, мақтау мен мадақты ғана көздеген сын-сымақ һәм сыншы-сымақ арамызда толып жүр. Бірін-бірі көтермелеу, қолдан жұлдыз жасау, жасанды бедел қалыптастыру – үйреншікті құбылысқа айналды. Бірақ бұлай ойлайтын өрелілер тым азайып барады. Шетімізден өлерменбіз.

Кітап оқуға уақыт бөлу дегенің аулақта қалып, жұрттың бәрі дерлік желілерге желімделді. Экран – құдай, көлемі бір тұтам жылдам ақпарат – жалғыз өлшем.

Бұған дейінгісі әншейін-тұғын. Ал соңғы кездері әлеуметтік желілер кеңістігінде шындықпен «шатағы шамалы», нақтылықтан ауылы алыс, фактіні бұра тартқан ақпарат анағұрлым артты. Істерге іс, ұрынарға қара таппай, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп ұсынатын жылпостар көбейді. Талғамы таяз, сараптауға сауаты, салмақтауға санасы, өңдеуге өресі жетпейтін аңғал жұртты иіріміне иліктіріп, бәлду-бұлдырға иландырып тастайтын ақпарат борап тұр.

Желідегі желіккен, есінеп отырып еріккен, оның үстіне аз білетін кісіге не айтып, не жазып, не көрсетіп берсең де маржан бола беретінін кейбір «қызық» қуғандар жақсы пайдаланып жүр. Манипуляция дегенің тіптен дәуірлеп кетті.

Жаһандық Медиакоммуникацияның дамуы соншалықты, ілесе алмаудамыз. Жасанды интеллект адамзат өмірінде, қызметінде, күллі салада дендеуде. Әсіресе, білім-ғылым, мәдениет бағыттарында кеңінен қолданысқа ене түскен нейро-желінің қызметі жап-жақсы-ақ. Бірақ таяу болашақта бетпе-бет келетін қауіп-қатерлер де үрейлендіреді. Киберқылмыс, Кибертеррор, Киберсоғыс атаулыны 80,90-шы жылдардан бертінге дейін фильмдерден ғана көріп, Фантастика деп қоя салатын едік.

ЖИ СУПЕРИНТЕЛЛЕКТ сатысына жеткенде, адамзаттың ақыл-санасынан асып түседі дегенге көз жете бастады. Жоғары технологиялар арқылы адам баласының қолымен жасалатын автономды машиналар адамзаттың өзін жоюға жол ашады деген болжамдар да жоқ емес. Біз қаншалықты дайынбыз? Біздің ой-өріс, санамыз қаншалықты дайын?

Ал ой-өріс, сана құндылықтары – тек сапалы кітаптарда. Кітап оқу дегеніңіздің өзі – ұлт сапасының көрсеткіші, ұлттың интеллеутуалдық деңгейі! Өйткені кез келген мемлекеттің мәдени және интеллектуалдық деңгейі азаматтарының кітап оқу белсенділігімен өлшенеді. Жер бетінде айтарлықтай дамыған деген елдердің  барлығында да оқу мәдениеті әрдайым жоғарыда тұр. Бұл – тарихи шындық. Технологиясы мен ғылымы, адами әлеуеті анағұрлым алда деп саналатын Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Германия сынды елдерде кітап оқу – күнделікті өмір салтына айналған ұлттық құндылық.

Кітап оқудың құндылығы қайсы дерсіз? Күнделікті оқу ғадеті, әлбетте, адамның сөздік қорын молайтады. Ол – ақиқат. Бірақ мұнан да маңызды игіліктері бар екенін естен шығаратынымыз өкінішті. Сын тұрғысынан ойлау қабілетінің дамуы, зерделеу мен сараптау машығының кеңеюі, қиял мен шығармашылыққа ұмтылыс, дүниетанымның өрістеуі, сезім мен эмоциялық қалыптың жетілуі, ең негізгісі – сана мен ұлттық рухтың нығаюы – кітап оқу арқылы жұғысып-сіңісетін құндылықтар. Аға буын өкілдеріне мұны айтып-дәлелдеп жату – артық. Ал, кейінгі толқын мұндай дәлелдемелерге аса зәру болып отырған жайы бар.

Оқу дәстүрінен қалыс қалған қоғам жеңіл ақпаратқа түпкілікті тәуелді болып, терең ойлау қабілетін біртіндеп жоғалтады. Оны бүгінгі жағдай айқын көрсетіп келеді. Интернет иіріміндегі, әлеуметтік желілердегі қысқа бейне-баяндар мен үздіксіз контент адамның миын жылдам қабылдауға үйреткенімен, күрделі мәтінді сараптап-зерделеп оқуға жетелей алмайды. Осы форматқа бой үйретіп, желіге әбден жатып алған кейінгі буын күрделі мәтіндерді қабылдауға еш төзбейтін болып алды.

Бүгінгі қоғамдағы кітап оқу мәдениетінің кенжелеп қалуына нендей факторлардың әсер етіп отырғанын бәріміз бес саусағымыздай білетін сияқтымыз. Бірақ – үнсізбіз. Цифрлық технологияларға тәуелділіктің сананы билеп-төстеп алғаны соншалықты, осы күнгі шәкірттің көбі қысқа сөйлемді қырық қатемен зорға айтып шығады. Жады деген жұмыс істеуден қалып барады.

Иә, қазіргі жеткіншек бос уақытын көбіне смартфонмен өткізеді. TikTok, Instagram, YouTube платформаларындағы қысқа форматты контент санаға тез әсер етеді ғой. Есесіне, ұзақ мәтін оқуға деген қызығушылық төмендейді.

Жоғарыда кітап оқып өскен аға буынға оның пайдасын тарқатып түсіндіріп, дәлелдеп жату артық дедік. Өкінішке қарай, сол дәстүрдің пайдасын, жөні мен жосығын жақсы біледі деген үлкендеріміз өз ұрпағына келгенде, ешқандай қауқар қыла алмайтын пұшайман күйге түстік. Сандық технологиялар дәуірінің салтанат құруымен бірге отбасындағы тәрбиенің тұрпаты да өзгерістерге ұшырады. Жас бала кітаппен достасудың қалыбын отбасынан үйренеді дейміз. Егер ата-анасы кітап бетін ашпаса, шаңырақта кітап қоры болмаса, бала санасында оқу мәдениеті қайтіп қалыптаспақ? Осылайша, бала біткеннің отбасындағы негізгі серігіне айналған құрал – телефон.

Өкінішті жайттың тағы бірі – осы күнгі кітап насихатының әлсіздігі, пәрменсіздігі. Біз көп жағдайда кітап оқуды міндет ретінде ғана қабылдауға көштік. Әр адамның жан қалауымен астасып жататындай күнделікті әрі қызықты салтқа айналмай қалды. Өйткені, бұл салттың насихаты мен дәріптелуі көңіл көншітпейді. БАҚ пен цифрлық платформаларда кітап, оны оқудың пайдасы, өмірлік игілігі туралы сапалы контент азайып кетті.

Бос уақытының жоқтығына емес, босқа өтіп жатқан уақытының көптігіне алаңдауға тиіс қайбір ағайынның күнделікті тірлікте кітаптың бір бетін де ашпайтыны – қасірет. «Басы артық дүниеге уақытым тапшы» деген көзқарас қалыптасқан.

Осы күні жылдам табыс табуға құлшынған жастардың кейбірі кітап оқуды «пайдасыз» деп те қабылдайды. Мақсаты жалғыз – аз уақытта көл-көсір табыс әкелетін ақпаратқа ғана ұмтылу. Олар күнделікті кітапқа үңілу ұзақ мерзімді интеллектуалдық инвестиция һәм әр адамның рухани иммунитеті екенін ұққысы жоқ.

Ақпараттық манипуляция күш алған бүгінгі кезеңде жалған ақпаратты ажырата білуде, кез келген ортада өз ойын жүйелі жеткізуде, пікірталас мәдениетінің биік өлшемін көрсетуде, ұлттық құндылықтарды тереңнен түсінуде көп оқитын адамның ғана асығы алшы түсетінін білсек керек еді.

Қала берді, кітап – адамды жалғыздықтан құтқаратын рухани серік. Әсіресе жасөспірім шақта көркем әдебиет оқу мінездің, талғамның және адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына ерекше әсер етеді.

Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, Ілияс Есенберлиннің, Шерхан Мұртазаның, Әбіш Кекілбайұлының және тағы да басқа алыптардың шығармаларын оқыған ұрпақтың танымы мен рухани әлемі әлдеқайда бай болатынын әр ұстаз үнемі айтып-ақ келеді.

Назар аударарлық тұстың тағы бірі – осы күні кітап тек қағаз форматымен ғана шектелмейді. Электронды кітаптар, аудиокітаптар, мобильді кітапханалар жаңа буынның оқу дағдысына бейімделіп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында атап көрсетілген «Бірыңғай ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру» бастамасы  – еліміз, қоғамымыз үшін өте маңызды қадам. Бұл жүйе арқылы елдегі барлық кітап қорын бір базаға жинақтауға, шалғай ауылдардағы оқырманға қолжетімділік тудыруға, қазақ әдебиетін әлемге цифрлық форматта таратуға, жастардың смартфон арқылы кітап оқуына мүмкіндік жасауға кеңінен ықпал етері сөзсіз.

Оның үстіне цифрлық кітап жүйесі деген уақыт пен кеңістікті еш шектемейді. Бір ғана смартфон арқылы мыңдаған кітапқа қол жеткізуге әбден болады.

Ал енді дүниені дүбірлетіп тұрған жасанды интеллект пен кітапханалар жүйесінің өзара байланыстағы жаңа дәуірінен нені күтуге болады? Сөз жоқ, кез келген салада ЖИ-ден айналып өте алмайтынымыз – анық та қанық мәселе. Сол секілді жасанды интеллект технологиялары кітапхана саласын да түбегейлі өзгертуі мүмкін. Болашақ кітапханалары тек сөре-сөре кітап сақтайтын орын емес, интеллектуалдық орталыққа айналады деген болжам бар. Тіпті, қазірдің өзінде кітапханалар желісі ішінара ЖИ платформаларын пайдалануға бет бұрып жатыр. Бірақ, әркім әрқалай дегендей нұсқада. Алдағы уақытта мұның ұтымды һәм тиімді бірыңғай жүйесін іске қосу жоспарлануда.

AI жүйелерін кітапханаға кіріктіруден аларымыз не? Мыслы, AI жүйесінің ұсынысы арқылы оқырман өзін қызықтырған кітапты таба алады. Мұны – бір деңіз. Екіншіден, ЖИ жәрдемі арқылы кез келген тілдегі әдебиет шығармаларының мәтіндерін автоматты түрде өзіне қажетті тілге аударып, қысқаша мазмұнын дайындай алады. ЖИ арқылы сирек кездесетін әдебиеттер қорын цифрландырып, іздеу жүйесін жеңілдетуге жол ашылады. Оқушы қауымға оқу траекториясын қалыптастыру оңай болады. AI арқылы аудиокітаптарды автоматты дыбыстауға мүмкіндік туады.

Таяу болашақта кітапханадағы виртуалды ассистенттер оқырманға: «Сізге осындай тақырыптағы шығармалар ұнайды ма? Сізге осы автордың шығармаларын оқуға кеңес береміз» деп бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беретін деңгейге дейін жетеді.

Десек те, жасанды интеллект дегеніңіз ешуақытта кітаптың орнын алмастыра алмайды. ЖИ тек тек оқуға жетелейтін, бағыт беретін  көпір болуы тиіс. Негізгі міндет – адамды ойлауға үйрету.

Мемлекет басшысының алға қойып отырған мақсаты – кітапқұмар ұлт қалыптастыру. Оның жолын жаңа Жарлықта айқындап берді. Зерделі ұлт қалыптастыру үшін бірнеше маңызды бағытқа назар аудару қажет.

Біріншіден, отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту. Әр үйде шағын кітапхана болуы керек. Ата-ана баламен бірге кітап оқыса, оның берері мен әсері әлдеқайда қуатты, нәтижелі болады.

Екіншіден, білім ордаларындағы, әсіресе, мектептегі оқу мәдениетін түбегейлі өзгерту. Кітапты тек міндетті бағдарлама ретінде емес, шығармашылық еркіндік алаңы ретінде ұсыну қажет. Бұл ретте пікірталас клубтары, әдеби подкасттар, бук-трейлерлер, оқырман челлендждері тиімді нәтиже берері даусыз.

Үшіншіден, кітапты медиа кеңістікке шығару. TikTok, YouTube, Instagram платформаларында кітап туралы сапалы қазақша контент көбейсе, жастардың қызығушылығы да артады. Әлбетте, бұл процесс жоқ емес, бірақ тым аз.

Төртіншіден, жас авторларды қолдау. Жас жазушылар мен ақындардың шығармаларын насихаттау жаңа оқырман буынын қалыптастырады. Бұл жұмыс Павлодарда жақсы жолға қойылып келеді. Өңірімізде орта буын қаламгерлер, соның ішінде жазушы, өлкетанушы Бейбіт Бөжен бастаған ұйтқы топ «Леп» атты қоғамдық бірлестік құрған болатын. Осы бірлестік батыл іске кірісіп, жас авторларға үлкен қолдау, бағыт-бағдар беріп отыр. Былтыр жас қаламгерлердің байқауын өткізіп, жаңа авторлармен қатар оқырмандар санының артуына ықпал етті. Әсіресе, бұл қоғамдастыққа мкетеп жасындағы балалардың қызығушылық тудырып отырғаны ерекше қуантады. Серпіліс зор.

Әрине, Президент пәрменімен алға мақсат қойылып, міндет жүктелген соң жер-жердегі кітапханалардың сапалы әрі нәтижеге жеткізерлік қызметін одан ары дамытып-жаңғырту ісіне мейлінше маңыз берілмек. Кітапханалар заманауи коворкинг, медиаорталық, пікір алмасу алаңына айналуы керек дейміз. Осыған дейін кітапханаларда коворкинг орталықтар жаппай ашылған еді. Бірақ солардың шаруасы соңғыда сұйылып қалды. Әйтеуір жасап қойып, бар деп ойлап, бармағыңды сора бер деген тірлік болып кеткен сыңайлы.

Түптеп келгенде, Президент бастамасы – руханиятқа жасалған ірі инвестиция. Қоғамды тек экономика емес, интеллект дамытатынын естен шығармауымыз керек. Ал интеллектінің іргетасы – кітап, әдебиет, сөз.

Егер біз болашақта тек технологияны меңгерген емес, сонымен қатар ұлттық санасы биік, ойлай алатын, талдай алатын, мәдениеті жоғары ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, онда кітап оқу мәдениетін ұлттық идеология деңгейіне көтеруіміз қажет.

Мемлекет басшысының жаңа Жарлығын жүзеге асыру бойынша құзырлы құрылымдар не айтады?

Қазақстан Респубикасы Премьер Министірінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханым: «Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді. Олардың қызметін жыл сайын миллиондаған азамат пайдаланады. Кейінгі жылдары кітапханалардың цифрлық мүмкіндіктері де артып келеді. Электронды кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайыз өсіп, 718 мың адамға жетті. Ал кейінгі бес жылда электронды форматтағы кітаптарды 9 миллионнан астам адам пайдаланған.

Ең бастысы, қоғамда кітапқа деген қызығушылық артып келе жатқаны бәрімізді қуантады. Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс еселене түсті. Тек соңғы жылдың өзінде бұл көрсеткіш 75 пайыз өсті. Қазақ классикасына және қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларына деген сұраныс та 50 пайыз өсті. Ендігі міндет – осы оң үрдісті жүйелі түрде қолдау және одан әрі дамыту.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жаңа форматтағы кітапханалар құру, оларды көпфункционалды қоғамдық кеңістік ретінде дамыту, цифрлық құралдарды кеңінен енгізу және азаматтардың сапалы білім мен ақпаратқа қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасады.

Президенттің «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында елімізде 36 қалалық және ауылдық кітапхана жаңғыртылды. 2026 жылы тағы 30 кітапхананы жаңғырту жоспарланып отыр.

Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – жалпыға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру. Аталған платформа еліміздегі кітапхана қорларын бір жүйеге біріктіріп, өңірлердегі оқырмандарға қажетті әдебиет пен білім ресурстарына еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар отандық жазушылар мен ақындарды қолдау, кітап шығару ісін дамыту, баспалар мен кітап таратушылардың жұмысын ынталандыру, ұлттық әдеби мұрамызды ел ішінде және шетелде кеңінен насихаттау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Алдағы уақытта «Кітапхана және баспа ісі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы әзірленеді. Кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға арналған Ұлттық сыйлық тағайындалады. Сонымен бірге «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылып, жасанды интеллект дәуіріндегі кітап пен кітап оқу мәдениетінің жаңа бағыттарын айқындайтын 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.

Мемлекет басшысының жарлығы кітапхана мен кітап ісі саласына тың серпін береді деп сенемін. Ең бастысы, бұл кітап оқитын, ойланатын, ізденетін, білімді әрі жасампаз ұлт қалыптастыру жолындағы нақты қадам болмақ. Үкімет Мемлекет басшысы Жарлығында белгіленген міндеттерді сапалы орындауға атсалысады», – деді.

Ал Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов: «Бұл – біз үшін, жазушылар, оқырмандар, баспагерлер және кітапханашылар үшін ерекше оқиға. Президентіміз айтқан «Оқитын ұлт» бағдарламасына орай Мәдениет және ақпарат министрлігі жүйелі түрде жұмыс істеп келеді.  Жарлықтағы басым бағыттар, атап айтқанда:

-кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;

-оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;

-туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;

-баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;

-ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау деген тұжырымдар көңіл қуантады.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының үкіметіне берілген 9 тапсырма да нақты. Біз, Қазақстан Жазушылар одағы  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке берген маңызды тапсырмаларының уақытында іске асуына белсене араласатынымызды мәлімдейміз», – деп атап көрсетті.

Жарлық бар, енді баршамызға іске сәт!

Зерделі, зейінді ұлт болып ұйыса түсудің шаруасын бірлесе көтерейік, ағайын!

Асыл ӘБІШЕВ.

 

Добавить комментарий