Елімізде білім беру саласын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда. Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беру саласына жасанды интеллектіні – AI жүйесін енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім тек технологиялық жаңалық қана емес, сонымен бірге, елдің адами капиталын дамытуға бағытталған стратегиялық бастама.

Президент қол қойған Жарлық мазмұнына үңіліп көрсек, алдағы жылдары мектептегі білім беру тәсілі, мұғалімнің рөлі, оқушының оқу форматы түбегейлі өзгеруі мүмкін. Алдағы өзгерістің өзегі неде және берері не? Осы төңіректе біраз ой қозғап көрелік.
Жалпы, ЖИ – соңғы кезеңде біздің тұрақты назарымыздағы тақырып. Осы бағытта көпшілікке бірқатар танымдық мақалалар мен подкаст жобаларын ұсындық. Сондай-ақ, білім ордаларымен байланыс жасау аясында да бұл тақырыпты әрдайым алға шығарып келеміз. Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Жарлықтың мазмұны, онда көзделген тармақтарды жүзеге асыру еліміздің білім жүйесін қай тарапқа бастайды, нендей нәтиже береді, не өзгермек?
Жалпылай алғанда, Жарлықтың негізгі мақсаты – Қазақстанда заманауи, икемді және инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыру. Бүгінде жаһанда жасанды интеллект бағыты қарқынды дамып келеді. Сөз жоқ, білім беру жүйесі осы өзгерістерге ілесуі тиіс. Көштен қалмай, жаңашылдықтарға ілесу үшін де жаңа бастамалар қолға алынып отырған жайы бар.

Зерделей келсек, жаңа технологияға бет бұрғызған жаңа дәуірдің жаңаша бастамалары бірнеше маңызды бағытты қамтиды.
Біріншіден, дербестендірілген оқыту бағыты – яғни, персонализация. Негізінен, әр оқушының тұлғалық даму әлеуеті, қабілеті, қарқыны, қызығушылығы әртүрлі ғой. Мұндағы маңызды тұс сол – жасанды интеллект дербес ерекшеліктерді ескеріп, әр балаға жеке оқу бағдарламасын ұсына алады.
Екіншіден, цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағыты. Әлбетте, жасанды интеллектпен жұмыс жүргізу – жоғары жылдамдықтағы әрі сапалы интернет желісінің болуына тікелей тәуелді. Сондықтан да еліміздегі барлық мектептер жоғары жылдамдықтағы интернетпен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл қаншалықты реттеледі? Жарлықтың талабы да осы болып отырған соң, Үкімет пен жергілікті билік осы істі тиянақты түрде жолға қоюға міндетті. Әсіресе, шалғай ауылдардағы білім ордаларының мүмкіндіктері алдыңғы кезекте ескерілуі қажет.

Үшіншіден, білім беруші педагогтердің, яғни, мұғалімдердің рөлін күшейту бағыты. Жасанды интеллект – AI жүйесі деген мұғалімді алмастырмайды, керісінше, оның жұмысын жеңілдететін құралға айналуға тиісті. Ал біздің мамандар жаңа технологияларды ұтқыр пайдалануға қашалықты дайын? Міне, осы мәселе алдыңғы кезекке шығып, нақты жұмыстар жүзеге асырылмақшы. Кез келген педагог-маман жаңа технологиялардың тілін меңгеруге маңыз бере қарауы керек. Онсыз болмайды, іс жүрмейді. Ендеше, мамандарды оқытып-үйрету мәселесі де шешімін тауып, арнайы жұмыстар қолға алынады деген сөз.
Төртіншіден, мәліметтер мен деректердің қауіпсіздігі бағыты. Жасанды интеллект жаппай қолданысқа енуімен қатар, жеке тұлғалардың – бұл жерде оқушылардың дербес мәліметтері ыждаһатты қорғалып, ол бойыша арнайы стандарттар енгізіледі деп күтілуде.
Міне, жасанды интеллектіні енгізумен байланысты нақты қадамдар жасауда осындай бірнеше тармақтарды үйлестіріп-реттеу қажеттілігі туындап отыр. Мұның барлығы, әрине, айтуға ғана оңай.
Президент Жарлығын жүзеге асыру бойынша нақты мерзімдер мен міндеттер де белгіленгені мәлім. Ол дегеніңіз реформаның сөзсіз әрі жүйелі түрде іске асатынын көрсетеді.
Нақты тапсырмаға сәйкес, еліміздің Үкіметі 2026–2029 жылдарды қамти отырып, осы жылдың 1 шілдесіне дейін арнайы жоспар әзірлеп, ұсынуы тиіс. Кешенді жоспар нені мақсат тұтады? Оны да тарқатып көрелік. Жоспар-құжатта AI жүйесін орта білім саласына енгізудің кезеңдері, қаржыландыру тетіктері, білім беру мазмұнын жаңарту, мұғалімдерді даярлау секілді жоғарыда атап көрсетілген маңызды мақсаттар мен бағыттар қамтылады.

Әлбетте, жаңа жүйе бірден барлық мектепке енгізілмейді. Алдымен пилоттық жобалар іске қосылады. Біздің еліміз әлемдегі AI саласының беделді мамандарының бірі Ли Кай-Фудың ұсынымдарын негізге алады деген дерек бар. Өйткені, оның жобалары дәл қазіргі уақытта өзінің өміршеңдігін әрі тиімділігін әбден танытып отыр.
Бастапқы қадамда, яғни пилоттық мектептерде AI арқылы оқытудың жүйесі тестіленеді, ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылық талданады, біздің ортадағы қолданысқа тиімді әдіс-тәсілдер, яғни лайықты модельдер анықталады. Осылайша, келесі қадамдардың нақты келбет-мазмұны айқындала түседі. Оның үстіне, кезек күттірмей маңыз беретін тұстар да алға шығады.
Келесі мәселе – инфрақұрылымдық һәм техникалық мүмкіндіктер, сондай-ақ оны жаңарту. Бұл бағытты нақты жүзеге асыру арқылы 2026 жылдың 1 тамызына дейін еліміздегі барлық мектептерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту, білім ордаларының қолданысындағы компьютерлерді, серверлерді, цифрлық платформаларды жаңарту міндеті қойылып отыр. Бұл – аса ауқымды шаруа. Бірақ, Мемлекет басшысы нақты мерзімді белгіледі дедік. Ендеше атқарушы билік осы мерзімге дейін екілене жұмыс жасауға міндетті. Өйткені, тағы айтамыз, технологиялық қамтамасыз ету, яғни, инфрақұрылым мәселесі – көзделген реформаның ең маңызды кезеңдерінің әрі басты қажеттіліктерінің бірі. Әлбетте, технологиясыз AI жүйесін енгізу еш мүмкін емес.
Нәтижеге жетудің мазмұндық тетігі қандай? Ол – бірыңғай стандарттарды енгізу. Осы мақсатта 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін AI жүйесін қолданудың бірыңғай ережелері бекітілмек. Сонымен қатар, академиялық адалдық нормалары да күшейтіліп, бағалау жүйесі жаңартылады. Бұл жерде мынаны атап өткім келеді: оқушылар AI-ды тек көмекші құрал ретінде қолдануы тиіс, ал көшіру немесе дайын жауаптарды пайдалану шектеледі.

Жоғарыда мұғалім-мамандарды даярлау мәселесінің маңыздылығы туралы айтып өттік. Сөз жоқ, жаңа жүйеде мұғалімнің орны мен рөлі мейлінше өзгереді, жауапкершілік артады. Мұғалім-маман бұрынғысынша тек ақпарат жеткізуші тұлға ретінде ғана қалып қоймай, сонымен бірге, бағыт беруші, сарапшы-аналитик, ментор деңгейіне дейін шығуы қажет. Бұл қаншалықты мүмкін? Бұл мақсатқа жету үшін педагог-мамандарға арнайы курстар, үздіксіз кәсіби даму бағдарламалары, AI құралдарын қолдану тренингтері енгізіледі деп жоспарланып отыр.
Енді негізгісіне ойысалық. Негізгісі дегеніміз – жаңа жүйені, тың бастаманы, түптеп келгенде, ЖИ жүйесін енгізу оқушыларымызға не береді, олардың жаңа формат пен талаптарға білімденуіне қаншалықты әсер етеді деген мәселелер.
Егер Жарлық мазмұнындағы мақсат-міндеттер мерзімінде, сапалы жүзеге асар болса, жасанды интеллектіні енгізу оқушылар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Атап айтсақ, жеке оқу траекториясы іске қосылады. Бұл ретте әр оқушы өз қабілет-деңгейімен, өзіндік қарқынымен оқиды, ізденеді, пайымдайды, түйіндейді. Мысалы, біреу математиканы тез меңгерсе, екіншісі қосымша түсіндірулерге мүмкіндік алады. Қателерді жылдам талдауға, олармен жұмыс жасауға жол ашылады. AI жүйесі оқушының әлсіз тұстарын анықтап, дербес тұрғыда нақты ұсыныс бере алады. Негізінде, бұл үрдіс қазірдің өзінде ішінара қолданысқа ене түскен.
Келесі бір мүмкіндік – қызықты оқу форматы, яғни қызығушылық һәм жан қалауы бойынша әрекет ету мүмкіндіктері. Тарқатып айтсақ, ЖИ арқылы интерактивті тапсырмалар, виртуалды симуляциялар, ойын форматындағы оқу-жаттығу, түйсіну, талдау, сараптау-бағалау әрекеттері барынша артады.
Бұл айтылғандар – ЖИ арқылы білім мен тәрбиелеу мүмкіндіктерінің шамалы ширегі ғана. Біз атап көрсеткеннен де өзге мүмкіншіліктер мол.
Қоғам арасында «ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтық» туралы әңгіме аз айтылып жүрген жоқ. Жаңа бетбұрысты жүзеге асыру бұл мәселеге қаншалықты оң ықпал ете алады, деген сауалдың туындайтыны да заңды. Жаңа жүйе енгізілген кезде мүмкін болып көрініп жүрген алшақтық азая ма? Бұл ретте біз мынаны терең ұығынуымыз керек – Президент Жарлығының ең маңызды мақсаттарының бірі – білім сапасындағы теңсіздікті жою.
Әлбетте, дәл қазіргі уақытта қала мектептерінде мүмкіндік көптеу, ал ауыл мектептерінде ресурстар шектеулі екені жасырын емес. Жаңа бастаманы – AI-ді енгізу арқылы онлайн білім беру мүмкіншіліктері теңестіріледі. Бұл – бір. Екіншіден, үздік мұғалімдердің сабақ-дәрістері барлық оқушыға қолжетімді бола алады. Үшіншіден, сапалы контент тек сол білім ордасының аумағына ғана емес, тұтас елге таралады. Міне, осындай мүмкіндіктер күтілуде. Бірақ, соған сай инфрақұрылым мен техника қажет. Оны жоғарыда айттық.
Жасанды интеллектінің пайдасымен қоса қауіп-қатері де аз емес, деген сөз естіліп жатады. Мұндағы қауіп-қатерлер мен тәуекелдердің сипаты қандай? Әрине, кез келген жаңашылдық сияқты, бұл реформаның да өзіндік тәуекелдері бар. Олар – технологияға тәуелділік, академиялық адалдықтың бұзылу мүмкіндігі, мәліметтер мен деректер қауіпсіздігіне қатысты мәселелер. Мемлекет басшысының Жарлығында бұл мәселелерге ерекше назар аударылғанын атап өткім келеді. Сондықтан да барлық мәселе назарда.
Түптеп келгенде, білім саласына жаңа технологияны, ЖИ-ді енгізу Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор қадам болып отыр. Бұл бастама тек білім саласын ғана емес, елдің болашағын айқындайды.
Жасанды интеллектіні ерте меңгерген ұрпақ жылдам құбылып отырған заманауи еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті болады, жаңа мамандықтарды игереді, цифрлық экономиканы дамытуға үлес әкеледі. Қысқасы, бұл – ұзақ мерзімді инвестиция.
Қорыта айтар болсам, осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Жарлық – Қазақстан білім беру жүйесінің жаңа кезеңге қадам басқанын білдіреді. Алдағы жылдары мектептер тек білім беретін орын ғана емес, технология мен интеллект тоғысқан инновациялық орталыққа айналуы қажет.
Ең бастысы – бұл өзгерістердің табысты болуы мұғалімдерге, инфрақұрылымға және дұрыс іске асыруға байланысты. Егер жоспар жүйелі жүзеге асса, Қазақстан Орталық Азиядағы білім беру реформасының көшбасшысына айналуы әбден мүмкін.
Асыл ӘБІШЕВ,
Педагог-журналист.
