Екібастұз қаласының өнер кеңістігі жаңа мазмұнмен толыға түсуде. Өткен жылдың соңын ала қаладағы «Өнер» мәдениет сарайы жанынан «Ертіс-Баян» театры шымылдығын тұрген-тұғын. Бұл бастама қала тұрғындарының рухани өміріне тың леп әкелді. Жас театр аз уақыттың ішінде көрермен ықыласына бөленіп, өзінің шығармашылық әлеуетін таныта бастады. Алдағы уақытта өнер ұжымы өзінің алғашқы гастрольдік сапарына шығып, Павлодар қаласындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ театры сахнасында өнер көрсетпекші. Мұның өзі жас театр үшін үлкен тәжірибе болатыны сөзсіз. Жалпы, «Ертіс-Баянның» болашағы қандай, жас театрды одан әрі дамытудың жоспарлары бар ма?  

Біз осы және өзге де сауалдарды Екібастұз қаласындағы «Өнер» мәдениет сарайының директоры, жаңа театрдың құрылуына ұйытқы болған Талғат Қайратұлы Сағынтаевқа қойған едік.

– Талғат Қайратұлы, Екібастұз қаласында театр ашу идеясы қалай туындап еді? Бастаманың негізгі мақсаты қандай болды?

– Мен 2022 жылы Екібастұз қаласындағы «Өнер» қалалық мәдениет сарайына директор болып тағайындалдым. Шығармашылық идеялардың тереңіне сүңги жүріп, «осы біздің қалаға тың серпіліс боларлықтай тағы не жетіспейді?» деген ой мені жиі мазалайтын. Түрлі жоспарлар түзіп, ой елегінен өткізген сәттерім көп. Жалпы, өзімнің мамандығым – кәсіби актерлік. Бір ойым – неге энергетиктер мен кеншілердің қаласынан сахна арқылы рухани кесек дүниелер ұсынатын, жүртшылыққа ой салып, бағыт беретін өнер ұжымын ашпасқа дегенге келіп тіреле берді. Осы мәселені қайта-қайта зерделеп, сараптап, пысықтап көрдім. Әлбетте, театр ұжымын құру -айтуға ғана оңай дүние. Оның сыртында қаншама қажеттіліктер туындайтыны даусыз ғой. Ішкі қобалжу-қорқыныштарым да осының төңірегінде болғаны шын. Дгенмен, уақыт өте берді. Менің ой-сараптауым да әбден пісіп-жетілген сәтте тәуекел жасап, Екібастұз қаласының әкімі Аян Уахитұлының қабылдауына барып, ойымды жеткізуге, ұсынысымды алға тартуға бекіндім. Жалпы, қала әкімі жаңа әрі тың идеяларға жақтас адам. Қаланың кез келген саласына қан жүгірте алатын идеяларды ерекше құптап-қолдайтынын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Менің де идея-ұсынысым қолдаусыз қалмайтынына сенімді болған едім. Түптеп келгенде, дәл солай болды да. Аян Уахитұлы ой-ұсынысымды мұқият тыңдап алып, бірден құптап, өз тарапынан ақыл-кеңес, пікір қосып, келісім берді. Сондай-ақ, мұндай жақсы бастамаға қолдан келген қолдаудың барлығын да жасайтынын жеткізді. Сол күнгі менің желпінісімді сөзбен айтып жеткізу қиын-ау. Міне, осылайша «Ертіс-Баян» театры дүниеге келді.

– «Өнер» мәдениет сарайының базасында театр құру барысында қандай қиындықтар кездесті?

– Әрине қиындықсыз, жеңіл іс болмайды. «Өнер» қалалық мәдениет сарайы мерекелік іс-шараларға арналған мекеме болғандықтан, жаңа ұжымды жасақтау, оның қажеттіліктерін үйлестіру барысында бірқатар қиындық туындағаны рас. Біріншіден, мұндағы қызметкерлерімізге театрдың жұмыс әдісі мүлде таныс емес еді. Негізінен, театр жұмысы 24/7 еңбектенуді талап еткендіктен, әуел баста көпшілікке тансық дүние болып көрінген-тұғын. «Осынымыз қалай болар екен?» – деген күмәнді ойдың жетегінде жүргендер аз болмады. Бастапқыда «дыбыс режиссері, жарық қоюшы және сахна жұмысшылары» сияқты мамандардың жетіспеушілігі қиындық тудырды. Десек те, ұжым мұның бәрі ретке келетініне нық сенді, өзара қолдау жасауға тырысты. Сенім мен қолдаудың арқасында алғашқы күмәнді ойларды да еңсердік, қажеттіліктерімізді де барынша түгендеп, жасақтап алдық. Бұған жергілікті билік те ерекше жәрдем көрсетті. Сөйтіп қазірге дейін мүмкіндіктерімізді арттырып, алға қарай талпыныс жасаудамыз.

– Режиссер Бибіажар Диханмен әріптестік қалай басталды? Оның театр дамуына қосып отырған үлесін қалай бағалайсыз?

– Театрдың жүрегі, әрине, ол – режиссер. Театр жұмысы басталмай тұрып «көркемдік жетекші» іздедім. Осы жұмыс барысында түрлі театрлардың директорларымен хабарласа отырып, Бибіажар деген қарындасымды таптым. Таныса келе, өз жерлесім болып шықты. Ең қызығы сол – оның да мақсаты театр ашып, елге қызмет ету екен. Бибіажар Астана қаласында Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде білім алған. Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов театрының негізін қалаушы Ерсайын Тәпенов ағамыздың шәкірті болып шықты. Бірден тіл табысып, жұмысқа кірісіп кеттік. Көркемдік жетекшімен ақылдаса отырып, жаңа театрға кәсіби актерларды шақыру мақсатында 2025 жылы арнайы Астана қаласына сапарлап бардық. Сол тұстағы дипломдық спектакльдерді көріп, болашақ жас мамандарды жіті назарымызға алдық. Осылайша, ықыласы бар жас мамандарға өз ұсынысымызды айтып, жоғарғы білімді 13 актерді Екібастұз қаласына алып келдік. Атақты Меруерт Өтекешованың және Айгүл Иманбаеваның шәкірттері біздің қаламыздың мәдениетін дамыту үшін қызмет етуге келді. Бұл жерде ерекше алғысты қала әкімі Аян Уахитұлына айтқым келеді. Бізге 18 бірлік штат беріп, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етті. Жоғарыда айтып өткенімдей, театрдың жүрегі – режиссер. Жалындап тұрған жас мамандарды іріктеп, електен өткізіп, қаламызға келуіне тікелей ықпал еткен Бибіажар болатын. Оның театрға деген осындай еңбектерін жоғары бағалаймын. Мен ғана емес, барлық әріптестеріміз ерекше құрмет танытады.

– Алғашқы қойылым ретінде «Қош, махаббат!» драмасының таңдалуына не себеп болды?

– «Дүниені құтқаратын сұлулық» деген ғой. Ал сұлулық – сезім қылын қозғайтын, жүрек біткенді толғандыратын ерекше жаратылыс-құбылыс. Ол – Поэзия, Махаббат! Мұқағали: «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» дейді. Адам өмірі де солай. Меніңше, тірліктегі не нәрсе болса да махаббаттан бастау алады. Біздің театр ашу идеямыз да өнерге деген махаббаттан басталды ғой түптеп келгенде. Ананың балаға деген, баланың анаға деген махаббаты, бір-біріне ынтық болған жүректердің – ғашықтардың махаббаты… Өкінішке қарай, біздің қоғамымызда бүгін жарасып, ертең таласып, түбі ажырасып кетіп жатқан жастар аз болмай тұр. Бұл – үлкен қасірет. Ұлтқа төнген, болашаққа төнген қасірет. Оның себебі не? Мұның алдын алу үшін не жетіспей жатыр? Тәрбиедегі олқы кеткен тұстарымыз қайсы? Міне, осындай өзекті сауалдар әркімді де толғандырып, мазалайды деп ойлаймын. Желіккен һәм желөкпе, уақытша һәм алдамшы сезім емес, шынайы, азаматтық, адамгершілік қасиеттермен үндескен нағыз махаббат жетпіспейді көбімізде. «Сезімсіз серіден, безбүйрек келіннен сақта» деп айтып отыратын үлкендер. Сана мен сезім бастапқы тәрбиемен жұғысып-сіңіседі. Сана мен сезім оқу-тоқумен, жақсыны танумен, ғибаратты сөзді түйсінумен дариды. Өкінішке қарай, осыны ұғынатындар азайып барады. Нәтижесі – тұрақсыздық, опазсыздық, отбасының талқандалуы. Міне, осы тақырып қоғам арасында маңызға ие болғандықтан, жұрт алдына – сахнаға шығаруды ұйғардық. Қойылым арқылы ой қозғауды құп көрдік. Ал қаншалықты ой сала алғанымызды көрермен білер.

Ей, күнәдән пәк, жас жандар,

Махаббатпен ойнағанды тастаңдар! – деп Мұқағали ағамыз бекер айтпаған шығар деген өткір оймен осы шығармаға таңдау жасаған едік. Жалпы, ұнаған секілді жұртшылыққа.

– Қазіргі таңда театр репертуарын қалыптастыруда қандай бағыттарға басымдық беріліп отыр?

– Бүгінгі күнге дейін біздің ұжыммен сахнаға екі туынды шығарылды. Олар – «Қош, Махаббат!» – мелодрама, «Ғашықтар хикаясы» – комедия. Алдағы уақытта түрлі жанрдағы спектакльдерді өз көрермендерімізге ұсынатын боламыз. Оған жоспар түзіп, жұмыс істеп жатырмыз.

– Иә, жоғарыда айтылған екі қойылымды да мен Екібастұз қаласына арнайы барып, тамашаладым. Тұтастай алғанда, өзіме ұнады. Ал жуырда сахналанған «Ғашықтар хикаясы» қойылымы көрермен тарапынан тіптен ерекше ықыласқа ие болғанын көрдік. Мұндай табыс сіздер үшін нені білдіреді?

– Дұрыс айтасыз, «Ғашықтар хикаясы» қойылымын көрермен өте жақсы қабылдады. Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршаған жандар театрға келіп, алаң қылған мәселелерін бірауық ұмытып, бір сәт серпіліп, сергіп, демалып қалды деп айтсам да болады. Актерлердің жастық энергетикасы, пластикасы, сахнадағы ойыны Екібастұз халқын бірден баурап алды деп айта аламын.

– Көрерменнің театрға деген қызығушылығы сіз күткен деңгейде ме? Жалпы, екібастұздық көрерменнің талғамын қалай сипаттар едіңіз?

– Әлбетте, бұл – алғашқы қадам. Тың жоба. Өйткені, театр бағыты Екібастұзға тың дүние еді. Көрерменді баураудың, театрға тартудың әрине, өз қиындықтары бар. Жұртшылықтың ықылас-қалауын дөп басу, талғамын тану – үлкен шеберлікті қажет ететін машақатты әрі жауапкершілікке ие жұмыс. Біз осы бағытта да талғаммен жұмыс жасауға тырысып келеміз. Дегенмен, Екібастұз жұртшылығының 30-40 проценті ауылдан қоныс аударып келген, қазақылықтың қаймағын сақтаған, сөз өнерінің қасиетін жұрт болғандықтан, театрымыз көрерменнен кенде бола қоймас деп санаймын. Түптеп келгенде, тиянақты, сапалы жұмыс жүргізуіміз керек. Дәл қазіргі уақытта маңыздысы осы.

– Театрға жеке ғимарат беру мәселесі қаншалықты өзекті? Бұл бағытта нақты қандай жоспарлар бар?

– «Ертіс-Баян» театрының алғашқы шымылдығы түрілген кешке Павлодар облысының әкімі Асайын Қуандықұлы Байханов мырза арнайы келіп қатысқан еді. Осы кеште ол театр құру идеясын алға тартқан азаматтарға, қала жұртшылығына ерекше алғысын білдіріп, өз сөзінде болашақта Екібастұз театры үшін жаңа ғимараттың мәселесін де шешу қажеттігін де айтқан болатын. Мұны қала әкімі Аян Уахитұлы да құптап-қолдап, қазіргі уақытта оның жолдары қарастырылуда. Көрінген таудың алыстығы жоқ дегендей, алдағы уақытта жеке ғимаратымыз да болады деп сенеміз.

– Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин «Самғау» қосымша білім беру орталығымен бірлесіп, жас көрермендер театрын ашу идеясын да айтып қалды. Бұл жөнінде сіз не дейсіз?

– Біздің әріптестеріміз өз ісінің мамандары болғандықтан, мәдениет және білім бөлімдерімен келісе отырып, қаламыздағы «Самғау», «Қайнар» секілді балалар орталықтарында қосымша дәріс беріп, өз білімдерімен бөлісуде. Бұл да бір қуантарлық іс деп ойлаймын. Алдағы уақытта жас шәкірттермен де үлкен жобалар жасауға жететін күн туар деген үмітім бар. Әзірге, жұмыстар жүргізілуде.

– Жас театр ұжымының шығармашылық әлеуетін арттыру үшін қандай жобалар немесе жоспарлар қарастырылуда?

– Жалпы актерді шыңдайтын не десек, ол – ең алыдмен деңгейі биік фестивальдер мен гастрольдер. Алға қойған, болашаққа көзделген арман, мақсат-міндеттеріміз көп. Аймақтық театрлармен тереземізді теңестіру мақсатында сенімді қадамдар жасаудамыз. Осы мақсаттың аясында Павлодар облысының қара шаңырағы саналатын Жүсіпбек Аймауытов театрынан және көрермендерден бата алу миссиясымен мамыр айының 12-13 күндері гастрольдік іс-сапар жоспарлап отырмыз. Міне, осы тектес жопарлы жұмыстарымыз баршылық. Оның барлығы да уақытымен жүзеге аса береді. Ең бастысы – біздің ұжымның тәжірибе жинап, қанат қатайтуы.

– Театрды аймақтық деңгейден республикалық деңгейге шығару үшін қандай қадамдар қажет деп ойлайсыз? Алдағы 3–5 жылда «Ертіс-Баян» театры қандай деңгейге жетеді деп жоспарлап отырсыз?

– Мысалы, театрда 50 әртіс болса, оған 150 адам қызмет етеді. Бізде ондай мүмкіндік әзірге жоқ. Бірақ алдағы бес жылдықта театрымыз өзге өнер ұжымдарымен теңесіп, өзіміздің жеке ғимаратта, басқа ұжымдар сияқты үздіксіз мәдениетке, руханиятқа, Екібастұз жұртшылығына тынбай қызмет етеді деп сенеміз!

– Екібастұздағы «Ертіс-Баян» театры – бұл тек жаңа мәдени нысан ғана емес, ол – жас таланттардың ордасы, рухани дамудың маңызды алаңы. Алдағы уақытта бұл театрдың биік белестерді бағындыратынына сенім мол. Әңгімеңізге оқырман атынан алғыс білдіреміз!

Әңгімелескен – Асыл ӘБІШЕВ.

Екібастұз қаласы.

Добавить комментарий