Биыл – ақын, ұстаз, Қазақ КСР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ы.Алтынсарин және С.Торайғыров атындағы медальдердің иегері, Баянауыл ауданының және Павлодар облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зекебай Солтанбаевтың туғанына 95 жыл. Мерейтойға орай облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы ұйымдастырған «Қаламы – қасиет, сөзі – өсиет!» атты оқушылар арасындағы мүшәйра өткізді. Оқырман назарына жыр додасында жүлдегер атанған шығармаларды ұсынамыз.

Абыз ғұмыр
Жер-анамыз толғатып бусанғанда,
Су жүгіріп тамырлы жусандарға,
Көктемменен көктепті Абыз атам,
Көк белін Басшіліктің нұр шалғанда.
Батасынан Мәшһүрдің маздап бағы,
Ғұмырының ғажайып қоздапты әні.
Зекебайдай зейінді ұлды әлдилеп,
Егіндінің ататын жазғы ақ таңы.
Мұғалімдік бұйырып пешенеге,
Ізгіліксіз өмірдің несі өнеге?!
Махаббаты халықтың Ұстазына,
Жылдан жылға түсуде еселене.
Имандылық дәріптеп дәрісіне,
Назар салды шәкірттің әр ісіне.
Естіген жан елітіп қосылатын,
«Егіндібұлағының вальсіне».
Дүлдүл ақын қалдырды аңыз-дүбір,
Теңіздің толқынындай тәрізді бір.
Жалғасар шуақ шашып ғасырға әлі,
Айнасы Адамдықтың – Абыз ғұмыр!
Ескі жол
Үйімізден емес мектеп онша алыс,
Аралықта күнделікті зор шабыс.
Шыға сала соқпақ жолға түсеміз,
Өткерсек те қанша көктем, қанша қыс.
Жонын төсеп ескі сүрлеу жайыла,
Жүгіресің ой қосылып ойыңа.
Қайтарда да ескі жолға түсемін,
Қуат беріп жеткізеді бойыма.
Өз-өзімді сыбырлатып шақтар қай,
Қоймайтынмын оған сырды ақтармай.
Жаңа жолға түсуіме тынымсыз
ескі жолым еңбек етіп жатқандай.
Салих САМЕТ,
Аққулы жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы.

Зекебай Солтанбайұлына
Ақсақал, келем сізге көп кешікпей,
Бұл мен ғой Сәрсенбайдың немересі.
Найқалып тұрған әлем, көр бесіктей,
Қонады қорқау ойлар неден осы?
Ақертіс ағам салсын бір портрет,
Баянның айлы түнін ілбіп тұрған.
Ағарған қар бүркеніп шыңын Ақбет,
Асқар тау аспанына түндік құрған.
«Әкелеп» Айшуағың елестей ме,
Жанарың кеуіп біткен, білем оны.
Сұм тағдыр шуақ сәуле, егес кейде,
Ажалдың міне осылай түлеп оғы.
Басшылық кеңсесіне таңғалмас кім,
Сең сана таласқандар тақ үшін де.
Шабыт бұл теңіз біткен тарпаң тасқын,
Кір шалмас аппақ ардың мәнісінде.
Көктемнің көзі келер, тұнық бұлақ,
«Егінді валісімен» тербеліп тал.
Жап жасыл нұрдан аспан, төгіп құрақ.
Пәк сазға бұл ерекше деген ықпал.
Ақсақал.
Күмбез.
Дала.
Қыр асқан күн,
Күнтізбе көрсетіп тұр үш жыл уақыт.
Алқабы гүл біткеннің көп асқардың,
«Баянның гүлдері» тұр бізді уатып!
Сағыныш жүр санада
«Асқақ арманы – арқада, арқада жүрген
Ақсақалдардың көргем жоқ ақсағандарын! »
Алтынбек Елемесұлы
Сағыныш жүр санада, тергеп мені,
Тәйірі, неге жанды шер кептеді?..
Иісі сол ауылдың еске түссе,
Елестер кешкі жайлау Төр бөктегі.
Санаға сарқып жырын көңілдегі
Кеттік те біз қалаға көп іргелі.
Ауылда аула аралап ойнағанда,
Өбетін өкпек болып Өмір демі.
Баянда бір балауса ән болатын,
Бәрі де сол әуезден мәнді ұғатын.
«Баянның гүлдері» деп ерке қыздар,
Шалқытып шырқауды да сән қылатын.
Жасыл көл, жылы құшақ Жасыбай да,
Зау биік Ақбет те тұр, ғашық ойға.
Күмбездер көк тіреген күрсінеді,
Сабынды, самал ессе тасымай ма?..
Қашан да текті қылып қыр мен тасын,
Ақша бұлт тамызбайтын көнген жасын.
Бұлағын кір шалмаған қанып ішсең,
Сұлуын табиғаттың енді ұғарсың.
Тәспі күн, өтті білем аңдамай ақ,
Ел едік естімеген жалған аят.
Бұқардай сөз қозғаса Мәшһүр бабам,
Табатын өлі-тірі жанға тоят.
Көбі жоқ біз білетін жайсаңдардың,
Қайраты қалған дейсің қай шалдардың?
Зекебай ақсақалдың мысы болса,
Ақылын түзететін ай шалғанның!..
Нұрсәт СӘРСЕНБАЙ,
Ақсу қаласының Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы.

Ақбеттауымның абызы
Мәшһүрде – сөздің маңызы,
Ұрпаққа мұра аңызы.
Солтанбайұлы Зекебай –
Ақбеттауымның абызы.
Қаламын терең қармаған,
Қиялмен қиян шарлаған.
Мәшһүр Жүсіп бабама,
Бірнеше кітап арнаған.
Өзгеше болған ұстамы,
Ауылда тұрып қыс-жазы.
Мойындатқан қазақты,
Ұстаздардың ұстазы.
Көңілі сәби, пәк еді,
Сыпайы жұртқа сәлемі.
Санаулы сіздей қариялар
қартая білген әдемі.
Ел құрмет тұтқан мұғалім,
Ұлардай шулар ұланың.
Ән менен қосқан жырына,
Егінді ерке бұлағын.
Әр сөзі астарлы мақалдай,
Жастарға берген батаң бай.
Ұмытпаймыз мәңгілік,
Зекебай зерек атамды-ай!
Қара жерге апарып көм мейлі,
Ұлы адам мәңгі өлмейді.
Шамшырағы шайырдың.
Балалар барда сөнбейді!
Ауылыңды ұмытпа!
Туған жерім Жаңажол,
Қасиет тұнған дала мол.
Ауылыңды ұмытпа,
Мейлі ержет, бала бол!
Төрт түлік бәрі бағады,
Аттары алтын тағалы.
Көктем келсе сарқырап,
Ащысу өзен ағады.
Күллі жұртқа аты аңыз,
Зиярат етіп жатамыз.
Таңдаған екен ауылымды,
Мәшһүр Жүсіп атамыз.
Бағала әрбір уақытты,
Өскен ел, ортаң, уа, құтты.
Балалығы өткен ауылда,
Адамның бәрі бақытты!
Інжу ЖҰМКЕН,
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектептің оқушысы.

Зекебай Солтанбайұлына арнау
Өмірінің әрбір күні үлгілі,
Өнегелі ұрпақтарға тірлігі.
Солтанбаев Зекебайдай ұстазға,
Қалам тербеп, жыр жазайын бұл күні!
Ағартушы-педагог боп елдегі,
Соғыс, азап жылдарды да көргені.
Адал еңбек, маңдай терін төгіпті,
Орны болып білімнің қақ төрдегі.
Мақтанышпен атын айтам бүгін мен,
Әдебиеттің қыр-сырына үңілген,
Иеленіп «Алтынсарин» медалін,
Озық болған әрқашанда біліммен.
Еңбегі бар өшпейтіндей жыр-дастан,
Ақын ата қаламымен сырласқан,
Жазушылар одағына мүше боп,
Айтқан сөзі асқарлар мен шың басқан.
Біліп оны қадірлейді халық көп,
Ұрпақтар да жыр жазады танып көп.
Солтанбаев Зекебайдай ұстаздың,
Асыл атын жүрейікші дәріптеп.
Қазақстаным
Отанымды жырға қосқым келеді,
Отан – ана, Отан – бақыт себебі.
Мен туғаннан анамыздай аялап,
Қамқорлығын көрсететін кең еді.
Ұлан-байтақ, дархан далам, жерім бар,
Сол жерімде сансыз байлық кенім бар.
Барлық елге тарататын достығын,
Қазақстан – ең сүйікті елім бар.
Өзгелерді достықпенен таң қылып,
Тілек тілеп, жыр жазайық, ән қылып,
Үлгі болсын тыныштықпен еліміз,
Бейбітшілік жасай берсін мәңгілік.
Қазақстан, қосам сені өлеңге,
Өмір сүрем, ғажап елде, өр елде.
Әнұраным бар әлемде шырқалсын,
Көк Туымыз желбіресін төбемде.
Әбіш БИКЖАНОВ
Тереңкөл жалпы білім беру мектебінің оқушысы.

Ақбет абызы
Асу де едің, белес те едің таумысың,
Қайталанбас ғасыр өтіп, күн туса.
Күнге жетпей қарайланған жанбысың,
Айдай жарық шаша тұра, түн туса.
Самал желдей келешектен есер нұр,
Көңіл алдай алмайды ешкім қайткенмен.
Жаның ғана, жылы лебін кешер құр,
Көре алмассың, бұл қасірет жайтпен тең.
Абызына Ақбетімнің көз салсам,
Елестейді нар тұлғаның тұрғаны.
Көзбен көріп білмей тұра сөз салсам,
Алып от боп жанатындай құр жаны.
Өмір бойы еңбек қылған ел үшін,
Шығарғандай оны жоққа демеймін.
Абызымның айтқаны тек келісім,
Мен оны тек айға тылсым теңеймін.
Дара дерсің, дана дерсің кемеңгер.
Өмірі оның не ертегі, не елес,
Зекебайдай тағы туар демеңдер,
Ол сөздерің не ертегі, не елес!
Мектебім асыл, аяулы алтын бесігім
Мектебім асыл, аяулы алтын бесігім,
Қашан барсам да ашық тұратын есігің.
Шәкірттеріңді сусындатып біліммен,
Мерейің тассын, мәңгі жасасын есімің!
Алпыс жыл өтті – тарихқа толы тағдырың,
Талай бозбала, бойжеткен көрді таң нұрын.
Ұстаздар нұры жүректе қалған мәңгілік,
Арманға қанат қақтырған сенің әр күнің.
Ұлағат мекен – тарихқа толы тағдыры,
Ұрпаққа мұра – білім мен ойдың даңғылы.
Тұлғалар шыққан төрінен талай ғасырда,
Сөнбеген шоқтай, есінде елдің барлығы.
Қабырғасында – үміт пен арман үндескен,
Шәкірттің үні – самғаған құстай күн кешкен.
Қасиет тұнған қимас бір алтын мекенім,
Жүректе мәңгі жақсылықтармен жүздескен.
Алдияр ҚАЙРАТ,
Ы.Алтынсарин атындағы меткеп-интернаттың оқушысы, Павлодар қаласы.

Арнау
Кең даламнан талай сыр оқылады,
Сондықтан да сөнбейді отым әлі.
Қазаққа талай ерді сыйлады ғой,
Киелі Баянауыл топырағы.
Жасыбайдың жасырар жасы нені,
Ғылым сүйген жандар ғой – ғасыр емі.
Халқымның мұрасын зерделеген
Зекебайдай ұланым, асыл еді.
Тепкі көріп өмір дер, тас бауырдан,
Өтіпті қилы заман, сан ауырдан.
Тағдырдың тәлкегіне ерте түсіп,
Дәмін татты өмірдің әр алуан.
Әдебиеттің әлемін аралаған,
Қиындықтың барына қарамаған.
Ұстаздықты ту етіп өмір бойы,
Сан жылдарын сарп етті саналы адам.
Жармасып ілімнің ілмегінен,
Айырылып, тәтті түс түндерінен,
Өмір бойы түспеді, Ыбырайдай
Ұстаздықтың ұлылық мінберінен.
Ауылыма
Бір уыс топырағың, алтын маған,
Қайсы бар өз ауылын сағынбаған.
Анашымнан аумайды бейнең сенің,
Бөбегін маңдайынан бір қақпаған.
Балалығым қалды әне, анау елде,
Бәрі таныс мына маң, мынау бел де.
Паң даланың түпкірін шарлағанмен,
Түп қазығым қағылған, мына жерде.
Балалықтың аспаны көшкенменен,
Сағым болған балдәурен көш кернеген.
Туған жердің топырақ, ауасында,
Айбыным мен рухым көкке өрлеген.
Түндеріңде талай мен сыр ақтарғам,
Ойын күлкі құлайды қыраттардан,
Туған жердің самалы әуен болып,
Түк кетпейді шіркін-ай құлақтардан.
Еркеш ҚАЖЕТ,
оқушы, Атамекен кенті.
