Әлбетте, Конституция – қайсыбір мемлекеттің болмасын дамуын айқындайтын басты құжат. Негізгі Заң елдің саяси жүйесін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік билік тармақтарының қызметін реттеуші аса жоғары маңызға ие.
Жалпыхалықтық референдумға ұсынылған Конституцияның жаңа жобасы – біздің еліміздің болашағына бағытталған маңызды тарихи қадам.

2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық Референдум – әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін саяси оқиға. Бұл – тек заңды өзгерту ғана емес, мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын, халықтың ерік-жігерін білдіретін маңызды таңдау.
Конституцияның жаңа жобасы Қазақстанның саяси, әлеуметтік және экономикалық жаңаруына серпін беруді мақсат етеді. Құжатта мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтарын кеңейту, қоғамдық институттардың рөлін арттыру және елдің халықаралық беделін нығайту мәселелері нақты көрініс тапқан.
Жаңа жобада мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігін қалыптастыруға ерекше мән берілген. Бұл өз кезегінде халықтың билікке деген сенімін арттырып, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттілікті нығайтуға ықпал етеді.
Конституцияның жаңа жобасында азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылып отыр. Бұған дейін бұл салады өзекті мәселелер жиі алдан шығып келген болса, жаңа реформалардан соң қызмет көрсетудің тіиімділіктері мен қолайлылықтары барынша жолға қойылмақ. Әр азаматтың сапалы әрі қолжетімді, уақытылы медициналық көмек алуға құқығы нақты әрі айқын көрсетіледі.
Сонымен қатар мемлекет халықтың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу, заманауи медициналық технологияларды енгізу және ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға міндеттеме алады.
Мұндай конституциялық кепілдіктер денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуі керек.
Білім – ұлттың болашағын айқындайтын стратегиялық сала. Конституцияның жаңа жобасында сапалы білім алуға тең мүмкіндік беру, білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және ғылымды дамыту мәселелері кеңінен қамтылған. Әлбетте, бұл мақсаттар бұған дейін де маңызға ие болатын-ды. Десек те, жаңа жоба бойынша мұның тиімділі мен нақты нәтижесін көру үшін механизмдерін, яғни тетіктерін жүйелі ету көзделіп отыр.
Бұл өзгерістер оқушылар мен студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, заманауи білім беру технологияларын енгізуге және мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар білім беру саласын жетілдіру арқылы елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, инновациялық экономика қалыптастыруға жол ашылады. Оның үстіне қазіргі кезең технология мен жасанды интеллектінің дәуірлеген, үлкен сұраныс пен өзгерістерге жетелейтін шақ болып тұр. Жаһан жаппай технологияның көшіне түскенде, біздің тысқары қалуымыз – аса зор кемшілік. Білім саласында осы бағытта ауқымды жұмыстар алда тұрғанын қаперге алуымыз қажет.
Жаңа Конституция жобасында заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырылады.
Құқық қорғау органдарының қызметі ашық әрі тиімді болуына, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейтуге және әр азаматтың әділ сотқа қол жеткізуіне ерекше мән беріледі.
Бұл өзгерістер қоғамдағы әділеттілік қағидаларын нығайтып, құқықтық мемлекет құруға мүмкіндік береді.
Конституцияның жаңа жобасы азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруға бағытталған. Қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен белсенді азаматтардың ел басқару үдерісіне қатысуына кең мүмкіндіктер қарастырылған.
Бұл өз кезегінде қоғамдағы ашықтық пен демократиялық мәдениетті нығайтып, мемлекет пен халық арасындағы диалогты күшейтеді.
Азаматтық қоғамның дамуы – тұрақты әрі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.
Жаңа Конституция жобасында жастар саясатына ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет жас ұрпақтың білім алуына, кәсіби дамуына, шығармашылық және ғылыми әлеуетін жүзеге асыруына қолдау көрсетуге міндеттеледі.
Жастарды қолдау арқылы еліміздің инновациялық және интеллектуалдық дамуына жол ашылады. Сонымен қатар жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы елдің демократиялық дамуына оң әсер етеді.
Конституцияның жаңа жобасы Қазақстанның халықаралық аренадағы орны мен беделін нығайтуға да бағытталған. Елдің бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына негізделген сыртқы саясаты жалғасын табады.
Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосатын үлесін арттырып, халықаралық ұйымдардағы рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Референдум – халықтың тарихи таңдауы. Ол – демократиялық қоғамның маңызды институттарының бірі. Референдум арқылы халық мемлекет дамуының стратегиялық бағытын анықтауға тікелей қатысады.
2026 жылғы 15 наурызда өтетін Референдум – еліміздің жаңару жолындағы маңызды белес. Халқымыз бірлік пен ұйысу арқылы ғана жаңа өзгерістерге қол жеткізе алады.
Әрбір азаматтың бұл тарихи үдеріске белсенді қатысуы – еліміздің болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан барша қазақстандықтарды Референдумға қатысып, ел дамуының жаңа кезеңіне бірге қадам басуға үндеу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Жаңа Конституция – әділетті, дамыған және болашағы жарқын Қазақстанды қалыптастырудың берік негізі.
Асыл ӘБІШЕВ,
«Aiqara.kz» ақпараттық порталының бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» белгісінің иегері,
ақын-пудицист, тілімгер.
