Қазір әлеуметтік желі бетінде билікке қатысты, жалпы қоғамдағы келеңсіздік жөнінде көп жазылады. Сол жазатындардың біреуі – менің өзім.

Бірақ кеше Екібастұзға бір топ адам референдум мәселесімен келгенде, «қолдайық» деп сөз сөйледім. Неге?

Бүгінде әлемде болып жатқан жағдайдан бәріміз хабардармыз. Бір елдердің аспанынан бомба жауып, бейбіт халық қырылып, енді бір елдер ішерге ас таба алмай отыр. Қарап отырсақ, қазір әлемдегі саяси оқиғалар, қарулы қақтығыстар – толқыны аспанға атып жатқан теңізге ұқсайды. Біздің еліміз осы буырқанған теңіздің ортасындағы бір тыныштық, бейбітшілік аралы секілді. Құдай осыдан айырмаса екен дейміз!

Бізге ең бірінші керегі – тыныштық, осы бейбіт аспанды сақтап қалу. Ең бірінші – бейбітшілік!

Оны сақтау үшін тек ауызбірлік пен ынтымақ керек екені айтпаса да белгілі.

Конституция жобасын бәріміз де қарап шықтық. Көңілге түйткіл салатын жерлері бар екені айтылып жатыр. Әсіресе, 9-шы баптың 2-ші тармағы жайлы көп дау-дамай туындады.

Бірақ оған да көну керек. Неге дейсіз ғой? Себебі бұның артында үлкен мемлекеттік саясат тұр. Бірақ оны билік те, депутаттар да ашық айта алмайды. Айтуға болмайды. Әйтпесе «қазақ тілі – жалғыз ғана мемлекеттік тіл» деп қуана-қуана жариялар еді. Жариялай алмайды.

Оған себеп – бүгінде терістіктегі көршіміздің тірлігін көріп отырмыз. Олар біздің ішкі саясатымызға, тіпті кадр саясатына дейін араласып қояды. Оны жақсы білесіздер. Сондықтан тіл мәселесі қазір тиіп кетсең үзіліп қалатын нәзік жіп секілді. Біздің тыныштығымызды бұзам дегендер үшін осы тіл мәселесін сылтау етуге жетіп-ақ тұр.

Қараңыздар, біздер халқының 90 пайызы жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан емеспіз. Қазақстанда тұрғындардың 40 пайызға жуығы басқа ұлт өкілдері. Құдай бетін әрі қылсын, егер қазір қоғамда дүмпу туа қалса, біздің тіліміз түгілі, еліміздің тәуелсіздігіне қарсы шығатын қазақстандықтар жоқ емес. Оны несіне жасырамыз?

Осыны ұмытпауымыз керек! Бұның аяғы жақсылыққа апармайтыны белгілі.

Сондықтан ең бірінші елдегі тыныштықты сақтау керек деп ойлаймын, өз басым.

Ал тіл түзелу үшін – ең әуелі әрбір қазаққа азаматтық сана керек. Ол әзірше қандастарымызда болмай тұр.

Ел аман, жұрт тыныш болса, тіл де түзелер деп сенейік. Ол үшін бір мысал келтіре кетейін. Австро-Венгрия империясы кезінде ресми тіл неміс тілі мен венгр тілі болып, империя құрамындағы чех секілді көптеген ұлттар тілінен айырылып қала жаздаған. Бірақ уақыт өте келе бәрі өзгерді. Чехия қазір Еуропадағы алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Яғни олардың тілдерін қалпына келтірген – ұлттық намыс пен азаматтық сана деген сөз. Бізге сол керек қазір!

Сайлау БАЙБОСЫН, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ерейментау және Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы, Павлодар облыстық «Ақбеттау» журналының редакторы.

Добавить комментарий