Бір өлең – бір әлем

Жан азабы
(баллада)
Көңіл шіркін келмесе де көнгісі,
Қарттық жеңген – бұрынғыдан кем күші.
Бұйырғанға «бір Алла» деп бойсұнып,
Бұйығылау ғұмыр кешті сол кісі.
Тірі жанға тимесін деп кесірім,
Тірлігінде теріп жеді несібін.
Есігі ашық болғанымен өзгеге,
Өзі ешкімнің ашпайтұғын есігін.
Уралаған ұран қоспас дабылға,
Біреу болса, сол кісі еді ауылда.
Құрдастары Жеңіс тойын тойлайтын,
Тосырқайды тоғызыншы мамырға.
Асып туған айласы мен шарғысы,
Жас күнінде жігіт бопты бар мысы.
Желдей ескен, құлақ түрсең жел сөзге,
Арқалаған ауыр дейтін қарғысы.
Көпсінді ме,
көрген бейнет өтеуі –
кем дүние кетіңкіреп кетеуі.
Даңғарадай дарбазалы жер тамда,
Бар болғаны – кемпірімен екеуі.
Ал жалғызы…
қырыққа кеп – сүр бойдақ.
Бір-екі жыл тракторды жүрді айдап.
Содан кейін кетіп қалған қалаға,
Ана байғұс алаңдайды ұлды ойлап.
Көңіл шіркін келмесе де көнгісі,
Ажалына қарсы тұрар кем күші.
Өзекті өртер өкініштен өксіпті,
Дүниеден өтерінде сол кісі.
«Әкем марқұм серігі еді сардардың,
Деп жүргенде: «Ұрпағымды жалғар кім?»
Кіндігімді кескен екен жорықта,
Жауға сілтер қанды жүзі қанжардың.
Алты жаста тартып мініп ат жалын,
Ойқастадым төбеліндей қасқаның.
Көрген түстей өте шықты зу етіп,
Сұлу құшқан жігітшілік жас шағым.
Кең даламның –
қызыл қуған, ақ қашып,
әбүйірі алқам-салқам жатты ашық.
Жаңа үкімет жарылқамақ жарлыны,
ұжым болды – бір ортаға топтасып.
Жыланшықтың жағасында ел бар-ды,
Қоқаңдап кеп қорадағы малды алды,
мылтық тіреп қоймадағы дәнді алды,
Иен дүзде, иесі жоқ көң қалды?
Ұрандатқан кілең шолақ белсенді;
Еңіретті, езіп-жаншып еңсеңді.
Шыбын жаның – шүберекке түйулі,
Үш адамның үкімімен өлшенді.
Әулекінің әдеті ғой қашанғы,
Төбеңде ойнап, шаш ал десе бас алды.
Жылан емес Жыланшықтан ел көшті,
Ауыл едік, бауыр едік асарлы.
Опық жеген оққа байлап туысын,
Бүйтіп сенің ел болғаның құрысын.
Қарауылы қалт жібермес қанқұмар,
Большевикке ішің қалай жібісін?
Қарашаның қанын көріп төгілген,
қасіреттен қабырғасы сөгілген.
Тартқан азап, тауқыметтен көз ашпай,
Әкем де өтті, шешем де өтті өмірден.
Түсініксіз түйткілі көп мен үшін,
Зұлымдықтың кеңейтпек пе өрісін?
Совет-герман басталды деп соғысын.
Бұйрық жетті:
«Отан қорғау – борышың!»
Қайсарлығын қара, кілең өндірдің,
Сарбаз болып, сапқа тұрмақ тең құрбым.
Тастүлектей жау жапырар жасымда,
Үрей билеп, жігерімді жер қылдым.
Қашпақ болсаң, керек емес енді ырбың,
Тәуекелге дәл осындай бел будым.
Жыланшықты жалдап өттім құлаштап,
Ұясына құлағанда теңбіл күн.
Айта берсең, таусылмайтын жыры көп,
Құм ішінде баскесер көп, ұры көп.
Ауыл шауып, кісі өлтіріп, ел тонап,
Күн өткіздім қарақшының бірі боп.
Жан азабын тартып, талай сенделдім,
Алла білмек, алдағысын сезген кім?
Бір жорықтан қайтарымда таң алды,
Жұпынылау бір ауылға кез болдым.
Көшкен жұрттан ауыл ма екен, кешіккен,
Күн шығыс жақ,
таяқ тастам мешіттен –
киіз үйден шыққан әлсіз дауысқа
Елең етіп, кіріп бардым – есіктен.
– Аға, – деді жас келіншек өтіне,
Толғақ қысқан қан жүгіріп бетіне.
– Тез жетіңіз!
Емші кемпір бар еді…
Осы ауылдың қоныс тепкен шетіне.
Жатыр дейсің – бұл бейбақты кім елеп,
Аянышым оянды ма бір ерек?
Алып ұшып жетіп барсам, о, тоба,
Емші кемпір жүре алмайды – мүгедек.
Мұқатса да,
мұндай қорлық болар ма?
Тұрып қалдым сөз таба алмай табанда.
Ызғарлы екен!
Ызбарлана зірк етті:
Әй, не тұрыс?
Кеттік әне, қол арба.
Арбаға сап, дөңге қарай зауладым.
Емші кемпір – көзбен шолған жан-жағын,
кейігенде кейпі қандай үрейлі!
(Дөңгелегі кетті, білем, арбаның).
Жалт бұрылып қарап едім артыма –
жол шетінде аунап жатты заржағым.
Мынау тағы мен күтпеген не сұмдық?..
Көңіліңнің ала қоймас қошын құп
кемпір қалды,
келген ізбен мен кеттім,
Кежегемді кері тартып кесірлік.
Тамыздағы таңғы ызғардан түршігіп,
Үлгірген кез үміт сыйлар күн шығып.
Киіз үйге кіріп келсем күрсініп:
Байғұс келін басын сүйеп сандыққа,
Бауырында қыбырлайды тіршілік.
Еткен жандай шаңыраққа иелік,
Көңілге бір мамыражай күй еніп.
Шаршадым ба, буын босап бір сәтке,
Қалғып кеттім керегеге сүйеніп.
Көзімді ашсам,
сыртта жаңбыр тысырлап,
Екі мұңлық дым сезбейді пысылдап.
Бас жағына барлап едім баланың,
Аждаһадай әбжылан тұр ысылдап.
Жөргекке орап, құндақтаған әйбаттап,
періштені
сәл кідірсем, жайратпақ.
Лақтырдым кеп бар күшіммен құлаштай,
қол созым жер –
іргедегі қайрақты ап.
Көрсетпегі осы ма еді, пәнидің,
Есігінен неге аттадым қара үйдің?
Қарғыс атқыр қағыс кетіп қайрағым,
Еңбегіне тиді барып сәбидің.
Сорлы ананың кейпін көрмей зарлаған,
Тұра қаштым құм ішіне жалма-жан…
Жан азабын тартып келем мен солай,
Күнәм ауыр – жас өмірді жалмаған.
Жеңілсем де, жігерім жоқ жасыған.
Ірің болды іштегі шер осыдан:
Қасіреттен қайғы жұттым,
қайтейін,
Құндақтағы сәби көрсем, шошынам».
Осыны айтып… (бақұлдасу белгісі).
Ақыретке келмесе де көнгісі,
Жаратқанның дәргейінде енді ісі.
Жан азабы жан алқымға тығылып,
Жантәсілім етті дейді сол кісі.
Өлім жолы өзгеріссіз, сол қалып,
«Жақсы адам» деп бәтуа айтты кең халық.
Топыраққа қара да бір, xан да бір,
Жансыз тәнді жатырқамас жер – мамық.
Көтере алмай қайғы жүгін зіл батпан,
Жылай-жылай көздің жасын құрғатқан.
Жылға жетпей кемпірі де көз жұмды,
Жүрегіне жібімейтін мұң қатқан.
Ауыр ойдың жетегіне шырмалып,
Мағынасыз көрген қызық – құр жарық.
Жан азабы жегідей жеп қу жанын,
Өтті осылай дүниеден бір ғаріп.
Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Астана қаласы.
