Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы

Әділет Шопен – 1996 жылы 16 наурызда Қарағандыда дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Мектеп қабырғасын 2013 жылы Теміртау қаласы № 9 лицейде бітіріп, сол жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-ға журналистика мамандығына оқуға түсті. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинақта, анталогияда жарық көрген, республикалық баспасөз беттерінде, әдеби сайттарда жиі жарияланып тұрады.

Белгісіз күйші. Белгісіз күй
(Поэма)
Дүйсенбіұлы Нұрақай – азан шақырып қойған аты Нұрахмет. Күйшінің туған жылы жайында ақпарат жоқ. Көшелі өнерді серік қылғанын таныған жұрты Нұрахмет күйшіні еркелетіп, Нұрақай атапты. Арғы атасы Атығай Құлеке Тәңірбердіұлының соңына ерген жеті батырдың бірі деседі. «Нұрақай күйді іліп-қағып тартушы еді, байыппен шертуші еді, қолындағы домбырасы қылықты қыздай үн қатушы еді», – деп еске алысады екен көз көргендер. «Нұрақай «Терісқақпай» күйін қандай толқытады», – деушілер де болыпты. Нұрақай – Атығай руынан шыққан Мәмбет батырдың тікелей ұрпағы.
Жаңа құрылған «Бірлік» колхозының бірінші бригадасында Нұрақай күйші, екінші бригадасында Нұртазаұлы Дәули деген күйші тұрса, көрші отырған «Балуан» колхозында Айтбай шебер өмір сүріпті. «Дәули домбыраны бебеулетіп дауылдатып тартады, домбырасының шанағынан бір үйір жылқыны айдап шыққандай қылады, арынды күйлерді шалқытады. Өзі алып адам болды. Көмбе сыпырып, теңге іліп, көкпар тартты», – деп айтады білетіндер. 1980 жылдарға дейін өмір сүрген екі күйші, бір шебер жайында бар ақпарат осы. Турасында осы ғана. Өзім ұстап жүрген домбыраның тарихын сұраушыларға: «Шебер мен күйші 1937–1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен аман қалмаған», – деп білмей айтып жүріппін. Ал, «Екі күйші мен шебер бертінге дейін өмір сүрді», – дегенді естігенде, таңданысымда шек болмады. Ілияс Жансүгіров «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Елде Тойтан деген күйші болды, ол, қырық күй тартушы еді. Тойтанмен бірге қырық күй өлді», – деп жазғаны бар. Нұрақай мен Дәули қанша күйді өзімен бірге ала кетті екен? «Домбырасының шанағынан бір үйір жылқыны айдап шыққандай қылушы еді», – деген қандай ғажап теңеу. Кешегі Рүстембек Омаровтың қайратты күйшілігін, уытты дыбысын еске салардай. «Нұрақайдың қолындағы домбырасы қылықты қыздай үн қатушы еді», – дегені бүгінгі Сәрсенғали Жүзбаев күйшілігін суреттегендей сөз емес пе?Енді, Ілияс Жансүгіров жазған Тойтан өнерпаздың күйшілігі жайында бірауыз сөз айта алмағаныңдай, Нұрақай мен Дәули күйші турасында да ләм дей алмаймыз. Неге? 1955 жылы Қытаймен шекара ашылып, Совет Одағының азаматы деп танылғандар қайта орала бастайды. «Бірлік» колхозына келген көштің ішінде тек қазақ ұлтынан ғана емес, ұйғыр, өзбекті де қоныстандырады. 1954–1960 жылдары жүргізілген тың игеру науқанын желеу етіп, сол колхозға белорус, орыс, кәріс ұлттарын да қоса отырғызады. Колхоздасу жылдары бой көтерген қазақ мектебінде орыс сыныбы ашылып, аралас мектеп құрылады. «Бірлі»к колхозының дүкеніне жұмасына екі рет автолавкамен арақ әкеліне бастайды. Көп ұзамай арақты жұманың соңына дейін жеткізбеу әдетке айналады. Кейбір келіншек: «Қызыл арақ әкелмеші, тек қана ақ әкелші», – дейтінді шығарады. «Бірлік» колхозы құрылғанға дейін ол жердің аты – Сарықамыс, Нұрақай күйшінің ата қонысы Бірінші бригада – Қызылағаш, Дәули күйшінің ауылы Екінші бригада – Ұзынағаш, Сергеевка – Тасөткел, Семиполка – Қоскөл, Спасовка – Қоржынкөл, Николаевка – Көбеш аталыпты. Сызылтып Ақан серінің «Маңмаңгеріне» салып отырған ауыл бірнеше жылдың ішінде гүжілдетіп, орыстың халық әні «Ой, мороз, морозға» басады. Нұрақайдың жұрты «Терісқақпайдан» теріс айналыпты. Өнерлісін еркелетіп, домбырасына үкі тағып, қыз жасауына ерекше мән беріп, ән баптап, күй шалқытып, шежіре шерткен елдің келбеті осылай құбылады.Сәбеңмен болған әңгіменің ұзын-ырғасы – осы. Қызылжардан келгеніме жарты ай өтсе де, «Кішкене ғана арық шал еді, Нұрақай күйші» деген сөз ойымнан кетпей қойды. Көкшетау, Қызылжар өңірлерінде күйші болмауы мүмкін емес деп топшылаушы едім. Мысалы, Біржан салдың «Теміртас» әнінің құрылымы аспаптық музыкаға тым жақын. Тіпті «Қосбасар» күйін әнге айналдырған сынды. «Теміртасты» тыңдап отырған жан Сенбектің «Наз қосбасарын», Әбдінің «Тәубә қосбасары», «Мұң қосбасары» сынды күйлерді ойша бір шолып өткендей болады (Біз бұл жерде Біржан сал Арқа күйшілерінің күйін әнге айналдырды дегенді меңзеп отырғамыз жоқ. Әбди, Сенбектерден сал Біржанның заманы ертерек. Тек вокалдық музыка мен аспаптық музыканың тамырластығы жайында ғана айтып отырмыз). Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды алып тұлғалардың қалыптасуына қиссашылдық, күйшілік дәстүрдің ықпалы болмауы мүмкін емес. Біржан салдың Ақкөл-Жайылмаға келгенінде Әлхамбек шеберді шақыртып алып: «Естайдың даусына келетін домбыра шауып бер және домбырада қолы жүгіретін болсын», – деп тапсырма бергенін бірнеше мақалада жаздым. Керекудегі Әлхамбекті танып отырған Біржан сал Көкше мен Қызылжар өңіріндегі күйдің жайын білмеуі мүмкін емес. Әрине, түптеп келгенде, бұл долбар ғана. Бір күйдің үнтаспасы қалмаған соң сөз сөйлеу де оңай емес. Ақкөл-Жайылмада өмір сүрген қиссашы Ыбырайдың Темірболаты қиссаны ұмытпас үшін қамыстың арасына барып жырлапты деген дерек бар. Арқаның әні мен күйіне салынған тыйым Ақкөлді де айналып өтпеген. Десе де өзім көрген Кәкен, Лөкөтбай нағашыларымның домбыра шертуі, әсіресе Кәкен ақсақалдың ән салуынан Естай дәуірінің самалы есіп тұратын.Нұрақайдан күй де, ұрпақ та қалмапты. Қартайғанда бір інісінің қолында тұрып, сол шаңырақта бақиға аттаныпты. Екі күйші, бір шеберден қалған жалғыз белгі – мен ұстап жүрген қоңыр домбыра ғана. Сол домбырамен «Қоңыр», «Көкейкесті», «Қырмызы қосбасар», «Бозайғыр», «Сарыжайлау» сынды сүбелі күйлерді республикалық телеарналар мен радиода, Роза Бағланова атындағы Мемлекеттік академиялық «Қазақконцерт» сахнасында, Қазақ ұлттық өнер университеті залында талай тарттым. Алладан рұқсат болса, әлі де шертеміз.Жұпар үнді домбырамның үзіліп қайта жалғанған мойнына тағылған пернелер бір ауылдың, бәлки бір ұлттың өткен күнінен сыр шертіп тұратындай.
Қайрат АЙТБАЙ,
күйші, өнертанушы
І. БӨЛМЕ ІШІ. БЕЛГІСІЗ КҮЙШІ
1
Шерткенде,
Кәрі ағаштан күй шықпайды,
мұңлы бір адам түрегеледі
бөлме ішінде,
Ол өз тәніне сүрініп құлайды.
Түс ішінде түс көріп,
Ұйқысы оянып, өңі қалғиды.
Тылсымнан созылған бір әуен
өзім жоқ әлемді шығарып тастайды маған.
Өмір күйге, күй үзіліске айналады
Әлдебір күйші… аты жоқ,
ешқашан ешкім шертпеген
күйді орындайды
Ол күй бөлме ішінде тоқтап тұрады
Кейін соңынан басына қарай
шертіле жөнеледі
2
Ол шексіздікті тоқтамай ішіп,
қайғыны қомағайлана жеп тартады.
Ешқашан есіңе түспейтін түстей,
белгісіз күйші.
Неткен күй!
Алып мұхитта жүзіп жүрген
ең соңғы балық,
Жердің астынан бетіне шыққан
көне қала боп тартылады
Бөлме ішіндегі заттар мен жиһаздардың
жаны бар екенін айтып,
Есік сықыры мен қабырғалардың
мәңгілігін шертеді
Суырма ішіндегі ескі револьвердің
жалғыз оғы бар барабанындай
қанша атқаннан атылып
өлеріңді білмейтін
белгісіз Күй,
Өз кезегімізді күтіп отырамыз
белгісіз күйші екеуміз
Ұшқан оқ өзін жай ғана
құспын деп ойлар,
Ғұмырымның ең шетіне
шығарып тыңдатасың,
Өзіне қол салғысы келетін адамның
алғаш ғашық болу секілді әуен.
Белгісіз қуыстан
өзіңе атылып шыққан
жабайы қабандай әуеннен,
Күй арасындағы үзілістерге тығылам,
тыңдап отырып,
күйдің ешқашан ешқайда
қашып құтылуға болмайтын
үй екенін түсінемін,
Себебі,
Мен күйдің ішіне кіріп көргім келеді,
бөлмелеріңді аралап
Қайдан тайып түскеніңді,
неден шегінгеніңді,
неден басталмай жатып
аяқталғаныңды,
Менің ішіме кіріп адасқан күйді,
күйдің ішіне кіріп адасқан
өзіммен жолықтырып,
Сені менің қойылмаған
сезімдеріме нүкте ғып,
Мен сенің жаңа пернең
болғым келеді,
Себебі,
сенің даусың кемелдене
түскенін қалаймын
Кәрі ағаш сенің бар құдіретіңді
бере алмай қалады Күй,
Мен де – сен ешқайда шығып
шыға алмай қалатын Үй.
3
Көзін ашып отырып
түс көретін адамдайсың
Белгісіз күйші
Онда неге саусағың дірілдейді?
Күйлерің күйген сүттің дәміндей неге,
Күзгі жапырақтың суық қанындай,
Қағысыңнан ауа өсіп шығады.
Осы жолы өзіңді орындап отырсың.
Сұқ саусағың
өткен шаққа лап қойғысы келгенмен
Болашақты өртеген.
Өмірдің уақытша екенін
толғанып тартылдың,
Қос ішегің ақыретіме дейін
аспалы көпір боп,
Сен шерткен күйіңнің аспаны
қою қараңғылана берген сайын,
Одан ішіміздегі жұлдыздар
жарқырай түседі
Сен жаңа жауған қарға із қалмайтын табан,
Көлеңкесі жоқ адам.
Ол іздер өзіңе қараған
көзге айналады
Жиһаздарға жарақат
салмайықшы,
Ол екеуміз түсінісе
алатын жалғыз – тіл.
Мен сөзбен үндемеуге
болатынын сөйледім,
күймен шертілуге
болмайтынын шерттің сен
Сөзін ұмытқан адамды
іздедім, сөйлесуге,
Ұмыт болған тыңдауды
іздеген шығарсың шертілуге
Егер адамдарды
тек көлеңкесіне қарап санар болса,
Біз бірге саналып кететін едік
Күйің –менің сөзіме
салынған біртүрлі үй,
оның жалғыз тұрғыны – мұң.
Ешкімнің есінде
қалмаймыз біз,
Ғасырдың түбіне батамыз
Аспан мен мұхиттың айнасында,
Мәңгілік ұйқыда жатамыз.
Ұйықтауға келгенбіз бұл жаққа,
Сен Күй шертілген
кезде ұйықтайсың,
Мен өмір сүргенде.
Күйің перне мен перненің арасында
өмір сүретін тыныштық,
Өлең – ой мен тілдің
арасында жазылған айқай.
Қаға қаға ішетін суға
айналдырып жіберуге бола ма домбыраны,
Мен жеп көруге болатын кітап шығарам.
4
Терең түсінген сайын
өмір сүру уақыты
қысқара түседі күйдің,
Келген жағың мен
кететін жағыңа дейін
ұзара тартылғанмен ішегі
Сол үшін де қайғы
өміршең келеді, бәлкім
Сол үшін де
заттармен ғана доспын.
Бүгін репертуарыңда
шанағыңа дейін кеп
құлайтын бүтін Күз,
Белгісіз күйші,
біз –
Жалғыздық топырағын әкеп
себілген тұқымбыз
Терезе өмір мен біздің
арамыздағы жылтыр перде,
Өмір сүруге деген талпыныстан
пайда болады – өмір.
Бақсыларша бір бөлмеден
бір бөлмеген қозғалатын тәніміз
тіп-тік көлеңке құлатады,
сенің домбыраңнан
төгілетін қоңыр күй
жапырақтың қоңырына
айналып кетеді,
қаланы қозғалтпай
қоя тұрсақ қайтеді бүгін,
қабырғаларға түскен сызық
әжімге айналғанша,
ешқашан кездеспеген екеуміз
бір-бірімізге бөтен болғанша,
түсіңде сермеп ештеңе
өзгерте алмайтын қолдарша,
екеуміз күннің түнейтін
жерін тауып алармыз бүгін.
5
Бөлме кіреберісіндегі
жуас табалдырықтар
адамға сүрінеді
Сенің саусақтарыңа
шалынған қос ішек секілді
Ешкі ішектің аясында
саусақтар тентек баладай,
Сен бүгін тағы есімі жоқ
күйлеріңді тулатып,
Есігі жоқ түстерді құлатасың.
Бір ырғақтың жаңғырығы
бір ырғақты бергенде қайталай,
Күзді суытып аламыз байқамай.
Содан бері біз терезеге
көп қарайтын боп алдық
Бөлме ішіндегі ештеңені,
терезе сыртындағы бос көше кестелеген.
Қазір,
Айналамызда Отаннан
басқа ештеңе жоқ.
6
Уақыттың үстіне уақыт өсіп шықты бүгін,
Күйің шертілуін тоқтатпады
Сен кез келген аты жоқ күйіңді
кездейсоқ бастай салсасың
Содан біздің әңгімеміз кісілене түседі
Сен қалжыңдағанда
біраз уақытқа ғайып боласың
Таным-түйсігімнің
дүрсілді тынысына
қатқан толғаныс беріп
Төсекке қарай итермелейтін дабылға
шалдықтым мен
Ештеңе жоқ әлемде барлықпын мен,
Сен келесі бір күйіңді
жұбатып отырдың
Мен күздің суық желіне
қыраулатып отырдым
Апамның илеген наны
секілді ауа-райы
Бөлме ішінде кешегі
аспаннан қалған жарық.
Күн жарығы түскенде
көрінетін тозаңдар
Бөлме мемлекетіндегі халық
Солар сенің тыңдармандарың
Менің оқырмандарым
Бұл пәтерге көзқарасың мен күйіңді
біраз күнге тұрақтатуыңа болады
Сенің мұңды ырғағыңа қосылып
Оны қайталағым келді
Жұмбағын шешкім келіп,
Қолымнан келмейді
Сосын өзімнің туған
түрімді өзіме сақтап қоям.
7
Бүгін тағы қандай мұңды жаңартасың
Күйіңнің жасы қаншада?
Біз жаратудан үзіліс алғанда
Бөлме арасындағы
табалдырықтар қозғалып
Саусақ ұшымен қос пернені
кісінеткенің сонша,
Ол жерден атып шығады атбасты адам.
Күйіңнің аялдамасы шайтантиегі
Өмірдің аялдамасы адамның сүйегі.
Сенің орындалатын күйлерің
менің орындалмайтын армандарым секілді
Нәзік мұңның қоршауындағы
Әрбірі кері қайтқанда
көшеге айналып кеткен
Әр қаққаныңда
әлі тумаған жарақаттарды күрсінеді
Олар сөздеріммен астасып
өзар іштей қалсұрасып кетеді
Өзін күлталқан ғып өшіргісі келетін
жарық жүреді бөлме іші,
Екі перне – кеңістікке
қараған екі көзі уақыттың.
8
Келесі бір күйің
сәбидің қызылиегін
жарған тістей мазасыз
Бөлмедегілердің жаназасын
шығарып отыр ол қазасыз.
Мен сенің қасыңда отырдым,
саусақтарыңның оты көзімді сүйді.
Сен тағы бір өмір жараттың,
Көзімен өзіне-өзі қарағанды.
Сен кезекті шығармаңды орындап отыр
ғайып болдың күйші,
Көне домбыраң ғана қалды.
Шығармаң орындала берді,
Кейін ол тоғызыншы
ғаламшарға айналып кетті
Адамның ең соңғы сәтінен дем қайырып,
Ажалдың салмағын өлшейді домбыра
Жадым – түннің тілінен тамшылаған
түстер мен құйрығы жоқ
ойларды құятын шелек.
домбыраң анан әлем мен
мына әлемнің арасында өскен терек
жасың ұлғайған сайын уақыт жасара береді,
ешқашан орындалмаған күйлер
көкірегіңде күмбірлеп тұрады –
неге шыңылдай береді құлағым?
9
Осы жолғы орындауың
мені үйге қайтарсыншы белгісіз күйші
Алғаш алты жасымда
өлім туралы ойланған кезіме
Алты жасар
ауылдағы ескі үйіме
Бұл алғаш
үй алдындағы қайыңды әке кескенде
бұтақтың жылағанын
көргеннен басталған жарақат,
Содан ойым мен жадым
ұзақ сапарға шығып кеткен
Содан бері сөздерім бұтаққа айналған
Жадым көпқабатты үйлердің
арасына қарап өскен терек қазір
Бүгін Күй –
қазірге дейінге болмысымыздан
қалған бірдеңелермен
өзін құрап ап тартылды,
Өмірге деген қоса соқса ғой зауқымды
Жатарда жұмсақ жастықтың қатты
қолдары желкеме батады
Көпқабатты үлкен үйдің ергежейлі
көлеңкесі қорқытып жатады,
Ай – терезенің ернеуіне кеп
сөнетін қорлық,
Белгісіз күйші екеуміз
ортақ түс көретін болдық.
Үлкен үрейге айналатынымызды
білдік пе өскенде
Түсімде жылап жатыр екенмін,
көз жасы үстімнен ары-бері домалап
Адамның бәрі жұмақ пен
тозаққа иланыпты деймін,
құдайға обал-ақ.
Бір алапат дауыл
жұлып әкетіпті шатырды,
Қарауға беттеп орнымнан тұрсам
перделері жабылған
терезесі жоқ үйде жатырмын…
10
Солайша таң ата
өз тәніме келіп, кеттім
Бал қосылған қара шай
берейін сізге досым
Пернелер арасында
уақыт аралары балаша секірсін
Әрбір перне кішкене өлім секілді,
Бетәлпетін көрсетпейді уақыт
Ол үнемі алдымызда жүргендіктен
Бүкірленген алып арқа
Барлығын дүниенің
төртбұрышына үш әріппен жөнелтейік –
«КҮЙ» деген,
сол болсын бөлме ішінде таңғы ритуал,
таң шапағын балконда суытып.
Ернеуінде көгершіндер шағылысып
Көліктер көшелерді,
адамдар қаланы ұмытқан
Тек ештеңе ұмытпас уақыт
Ол сенің ішіңе толықтай енгенде
Тәніңді ортадан бөлгенде
Ақ көлеңке шығады
Кейін олар бөлме ішінде ғайып болады
Ақ көлеңке қараңдап
көрінеді көшелерден,
Тамыры жоқ әлдене
ішіңде өсе берген.
Кезекті бір күн құмырсқаның
ішінде өлген,
Бөлме жарығы –
еденнің түсін көрген
Бүгін күйқоржыныңнан
ешқандай атауы жоқ
әуендер шықпады
Біз қар секілді жапалақтап
жаууды үйрендік.
11
Мен пәтерден көшеге
шығып кетпейінше
бұл жерде өмір бар,
Бүгін күйің кенет,
кездейсоқ,
жап-жасыл орындалды
Ішінен орман шыға
келер ме екен деп…
Күйің шарықтау шегіне жеткенде,
Сен менің бөлмемде күй шерткен күндерден
Өзіңнің жоқ екеніңді тауып алдың
Шертілген күйлерің
жиһаздың жадына таспаланған
Кірпіктер қоштасу жыртығын
тігері анық еді
Ақырғы күйіңде ақыретің зарығып өлді,
Болар ма енді көнеден
бөлмеде жолығар күн,
Сен орныңнан тұра бергенде
өзіңнің жоқ екеніңді
тауып алдың тағы да.
Елесің де қалмады
ақ көлеңке көшті, қонды да
Ғайып болдың
Қалып қойды орыңда ескі домбыра.
«Түсіме салынған үй» кітабынан.
