(Жалғасы)

Суретте Қалкен Жәмінұлы отбасымен, зайыбы Құсни Қасымжанқызы және ұлы Әсет
Өмір өткелдері
Кейінгі кезде «Сәтбаев» деген кітабында Имашевты жақсы көрсетіп, Сәтбаевты қудалауға салған Қонаев деп жазады. Мүмкін солай да шығар. Өйткені ол да адам баласы ғой, біреулердің сөзіне ерген шығар. Бұлай дейтін себебім, Қанекеңді бай тұқымы деп, соңдықтан Кенесарыны, тағы басқа шешендерді мадақтап жазды деп қуғындап, Қазақ академиясының президенттігінен алып тастап, орнына Қонаевты (ол да атақты бай баласы) тағайындады. Сәтбаев геологиялық ғылымдар институтында директор болып қалды.
Сол кезде, қашан Д.Қонаев академиядан кеткенше, таңертеңгі жұмысын Қанекеннің кабинетіне көшіріп, ақылдасудан бастайтын. Күнде таңертең жұмысқа келгенде Қонаев сонда бір сағат, кейде одан да ұзақ уақыт отыратын деп Абдулқабырова және тағы басқа да бірталай институт ғалымдары әзіл қылып айтатын. Сөйтсе де, Қонаев Қанекең өлгеннен кейін неге өзгеріп, ертедегі достық, адалдықты ұмытып кетті деген ой жүректен кетпейді.
Сейфуллин де, Қонаев та, Имашев та, басқа да солар қатарлас адамдар бұл күнде марқұм болды ғой. Осы даудың басында Сейфуллин тұрғандай, Қонаевты қарсы қоюшы да сол сияқты. Өйткені екеуі Мәскеуде бірге оқыпты. Қонаевтың әйелі Сейфуллиннің немере қарындасы, оларды бірге қосқанда өзі көрінеді. Қанекеннің көзі тірісінде Сейфуллин оны жамандап, жек көремін деп тіл қатпайтын. Маған «Қаныш көмек берген жоқ» деген сөзін алғаш рет Жезқазғанда айтқан еді. Сол кезде ойыма күдік келіп, осының арты не болар екен деп ойлағам.
Сол жерде жүргенде, Қанекеңді жерлеп келген жылы күзде маған алып шығып, күйеу баласын ертіп алып, Ұлытау жағына, Торғай даласына шығып кеттік. Қанекеңді жерлеуге жібермегендігін ескеріп, басқаларды ерітпей, мені алғаны сол екен деп ойладым да қойдым.
Жол бойы Қанекеңнің оған сенбегені туралы біраз айтты. Жезқазғаннан Алматыға кеткенде экспедицияға бастық қылып оны тағайындамай, Штифановты қойғанын айтты.
Әркімнің маған Саид Сейфуллин жайлы айтқан «түбінде сақтанып жүр, екіжүзді адам ғой» деген сөздері есіме жиі түсті. Осы Сейфуллин 70 жасқа толған тойына үйіне шақырып, сол күні Қонаев та болғанын ұзақ мерзім бойы сөйлескенін айтып мақтан етті. Өзі тартатын сигаретін беріп еді, «сендер де тартып көріңдер» деп бізге бір-бір сигареттен таратты. Осының алдында Сейфуллиннің інісі айыпты болып, ісі сотқа берілетіндігін айтып, соған Қонаевтың араласуын өтініп барғанын айтты. Кейінгі барғанында оның ісі аяқталғанын айтып, алғыс білдірдім деп шаттана сөйлегені әлі есімде.
Осы сөздерден кейін Қонаевтың Жезқазғанды толық зерттеп, оны маңызды қылып есептелетін менің жұмысымды Сәтбаев тартып алды деп жазғаны еске түсті. Сөйтіп, Сейфуллин өзінің күйеу баласы Қонаев арқылы Қанекенді тарихтан алып тастау арам пиғылы болды. Әрине, осындай Қонаевқа жақын адам жамандап тұрған соң, Сәтбаев туралы Қазақстанда ешбір кітап жарық көрмесін деген бұйрықтың шығуына таң қалуға болмайды. Және Қанекеңнің 70, 80 жылдық мерейтойын өткізуге наразылық білдіргені де осы «қайнағаның» сөзіне байланысты болуы мүмкін.
Мені көзі тірісінде Қазақстанда жүргенде жақсы қолдайтын Иван Иванович Бок (өзімнің ұстазым, ҚСРО Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның бірнеше кен орындарын ашқан геолог) еді. Ол кеткеннен кейін де, оның бар кезінде де өте мықты қол ұшын беріп, бар көмегін көрсеткен Арықтай Қайыпұлы болатын (Орталық Қазақстанда Ақмая сирек металл кен орнын ашқан адам. Арықтай Қайыпұлының Ащысай және Зырянов кендерінде жүргізген зерттеулері жаңа кентас қабаттарын табуға, кендердің жалпы қорын анықтауға мүмкіндік беріп, Алтай қаласында қорғасын комбинатының салынуына негіз болды). Ал сырттай ақылын айтып көмектесіп отыратын өзімнің аға тұтар жерлесім Әлкей Марғұлан еді. Солардың бар кезінде аса көп қиындық көріп, Сейфуллиннің сабауына жеңіл ұшыраған жоқпын. Бірақ оның мықты шәкірттері бірталай опасыздық жасап жіберді.
Еліміздің кең орындарын зерттеу нәтижелерін ескеру жайлы
Соңғы 1985 жылдары Жезқазғанда тағы да оның түбегейлі қорын кейінгі жүргізілген бұрғылау жұмыстарына сәйкес жаңадан есептеу жұмысын жүргізген болыпты. Қарағанды геологиялық басқармасының шешімі бойынша (геолог Орловтың ұйғарымы) қосарлама элементтерді есептеу жұмысы маған және Орловаға (қызы геохимиялық зерттеу жүргізетін) жүктелді. Осыған орай геологиялық институттың Жезқазған лабораториясы атынан шарт жасасып, жұмысқа араласып кеттім. Әрине, өткен жиырма жыл ішінде көптеген жаңалықтар қосылған, комбинаттың өзі өте көп химиялық талдауларды (рений, күміс, кадмий тағы басқа элементтерге) жасапты. Осылардың барлығын түгел пайдаға асыру керек еді. Онымен қатар Қанекеңнің көзі тірісінде салынбай қалған мыс қорыту зауыты мен оны рафинациялап тазартатын бөлім де осы комбинатта жұмысты уәкілетті түрде жасайтын болған. Міне, сол рафинадтау бөлімінде тазартылған мыстан біршама алтын алынатыны анықталған, ал күміс болса ол ертеден белгілі қоспа. Міне, осы алтын туралы сөз көтергенім өзіме қастандық жасағаным болды.
Мәселе, тазартылмаған мыстың мөлшері 98%, ал оны рафинадтағаннан (тазартқаннан) кейін 99,99% болады. Демек, бұл теңдесі жоқ ең жоғары сапалы мыс деген сөз.
Алтын Жезқазған рудасында анықталған емес. Оның мысқа қоспа түрінде қайдан пайда болғанын білу қажет болды. Сондықтан зауытқа келіп түскен байытылған рудадан басқалардың құрамын түгелдей қарастырып, әртүрлі талдаулардан өткізу қажет екендігі айқындалды. Сондықтан зауытқа кіруге рұқсат алып, соның ішіндегі әртүрлі бөлімдерді байқап жүргенде бір жағдайға тап болдым. Бір бөлменің бұрышында шамасы 150-160 келіге жететін перренат жатыр екен. Ол руданы қорытқанда зауыт түтінінен шығатын газды суытқанда перренат (перекись рения) пайда болады. ГКЗ-ның шешімі бойынша Жезқазған рудасынан ренийді түгелдей таза (90 пайызға дейін) қоспаға айналдырады екен, кейін одан таза рений алады. Ренийдің құндылығы мыстан бірнеше жүз есе артық. Егер технологияны жетілдіріп, ренийді толығымен алуға болатын болса, ол түгелдей таза өндірілетін болып есептеледі. Ал рений мен бірге болатын таза радиоактивті осмийді (Os 187) қоссақ, онда бұрын ұмытылып жатқан перренат пудрасының құны зауыттың бір айлық мерзімде қорытылған мысына тең түседі деп айтуға да болады.
Зауытта руданы қорытудағы температураны жоғарылату үшін оған пирит қосады екен. Демек, жұмбақ алтынның қайдан келгені сөзсіз осы пиритпен байланысты шешіліп тұрғандай. Сол пирит үйілген жерге барып, оның тазалығын көру үшін руда қорытылып жатқан жерге баруға рұқсат алуға тура келді. Сонымен жүріп, ертеңіне перренаттан проба алайық деп келсем, орны тап-таза. Ішінде жүрген жұмыскерлерден сұрасам, перренатты химиктер алып кеткенін, қашан әкеткенін де білмейді, ешкім ештеңе көрмепті. Әрине, бұл таңқаларлық жұмыс. Зауытта мысты тазартқанда алтын алынатынын біледі, бірақ қайдан келіп жатқанын адам білмейді. Осы мәселемен Жезказған тау-металлургиялық комбинатының директоры Тамерлан Михайлович Урумовқа жолығуға ниеттеніп жүргенде, іссапар мерзімі бітіп қалды. Алматыға оралғанымда жиналған материалдарды реттеп, комбинаттың химиялық және спектральды талдауын ретке келтіріп бастадым. Сол мезетте Қанекеңнің 90 жылдық мерекесіне дайындық басталды. Соның дайындығына кірісіп кеттім. Біздер Баянауылда өткен мерекеге барып, қайта оралғанымда менің пенсияға шығып қойғанымды жариялаған директор бұйрығы қолыма тиді. Не айтасың, жасың 63-ке толғанын директордың білгені Жезқазғанның алтыны, перренаты қой деп ойладым. Комбинатпен жасалған шартты жұмысты басқалар атқаратын болыпты.
Мен Т.Урумовпен неге сөйлесе алмағанымды сонда ғана білдім. Ол менің зауытта болғанымды, жоғалғанды перренатты көргенімді естіп біліпті де, қабылдауды бас тартыпты. Көмектеседі деген көмекшіні де өз қызметінен босатып жіберіпті. Тегі біздің директормен келісіп, маған жұмысты аяқтауға мүмкіндік бермей, шектен тыс шығуыма көмектескен де сол болуы керек.
Қолым босады, енді басшыларға өз ойымды айтамын деп жүріп, сырқаттанып қалдым. Тіпті төсектен де түру ауыр болды. Оларға барып айтамын дегенім: Ол жерде руда құрамын зерттеп жүріп, сол рудалармен бірге кездесетін пириттің алтыны барлығы. Сонымен қатар Қостанай жеріндегі темір рудасы шығатын кендердің құрамында пирит қабаттары бар екені. Әсіресе, біздің көңілімізді бұрған Қашар (Качар) кені. Онда темір рудасының үстіңгі қабатында пирит қабаты кездеседі. Соңғы қабат рудасын «қалдық» деп есептеп, басқа тау жыныстарындай сыртқа үйіле береді. Оларды жолға да төсеген. Ал мыс рудасын жеке үйеді екен. Пириттің құрамын зерттегенде, онда 15 граммға дейін алтын кездесетіні анықталды. Қазіргі уақытта алтынды рудалардың өндірістік маңызы бар деп 5 грамм алтын болса есепке алынады. Ал Қашар жеріндегі алтыны бар пиритті жолға төсеп жатыр. Олар айтқанымды ескеріп, зерттеу жүргізетін болды.
Осы жағдайға байланысты жоғарғы орындардағыларға пікірім мынадай: Қазақстан жеріндегі зауыттардың өнімдерін жан-жақты зерттеп, әсіресе пиритті пайдаланатын зауыттардан өндірілетін өнімдерде қымбат бағалы заттар кездессе, оны жергілікті мемлекеттік банктер бақылауға алып, құнды металдарды сол банкте сақтау мүмкіндігін жасау. Мысалы, Жезқазған зауытының өндіретін перренатын, тазартылған мыстан шығатын алтын, күміс тағы басқа құнды металдар тек қана Ұлттық банктің бақылауына алынып, үкімет қазынасына қосылып отыруы қажет деп есептеймін.
(Соңы)
