Біз бір кезде «шаршадым» деген шарасыз сөзді тек ауыр еңбекпен күн көрген адамнан еститін едік. Бүгін бұл сөзді шалжиып жатқан күйде күрсіне айтатындар көбейді. Таңнан кешке дейін төсектен тұрмай-ақ уақыт өткізу – ендігі жерде біреулер үшін еркелік емес, әдетке, тіпті өмір салтына айналып барады. Замандық терминология бұны «бэдроттинг» деп атапты. Атауы жат болғанымен, заты бізге де бөтен емес.

Жалқаулықтың жаңа кейпі десек те, жамылғы астынан қоғамның ішкі шаршауы сезіледі.

Қазақстанға бұл құбылыс қайдан келді? Біз бір кезде «Жүргенге жөргем ілінеді», «Әрекетке – берекет» деген ел едік, бүгін «Жатқанға да құдай береді» дейтін күйге түстік? Мәселе адамның төсекте телефонға телміріп жатқанында емес, мәселе – оның ойы мен еркі сол жерге байланып қалғанында. Жатып алып телефон шұқылау – уақыт өлтірумен қатар, өз-өзіңе деген сенімді де өлтіру. Себебі адам әрекет етпеген сайын өзін қажетсіз сезінеді. Ал өзін қажетсіз сезінген адам қоғамнан шеттей бастайды. Қоғамнан қашады. Біз бұны жеке адамның мәселесі деп қарап жүрміз. Шындығында, бұл – ұлттық сипат ала бастаған дерт.

Қазақ – көшпелі халық. Біздің философиямыз қозғалыстан туған. Жол үстінде ой – серік, қозғала жүріп мінез шыңдалады. «Жатқанға жан жуымас» деген сөзді бабалар бекер айтпаған. Ал бүгінгі бэдроттинг сол рухани кодты іштен ірітетін көрініс.

Әлеуметтік желі бізге жалған жұбаныш ұсынады: «Ештеңе істемесең де болады», «шаршағаның заңды», «өзіңді ая» дейді мотиваторлар.

Аяу мен жауапкершіліктің арасы – тым жақын. Бірін шектен асырсақ, екіншісі жойылады. Ал жауапкершілік жоғалған жерде азамат қалыптаспайды.

Қазақстанда әсіресе жастар осы күйге тез түседі. Қалаларда бұл күй күйзелістен туады. Бәсеке көп, талап жоғары, тірек аз.

Ауылда – мүмкіндік тапшылығынан. Қимылдағысы келеді, бірақ бағыт жоқ.

Екеуінің соңы бір: әрекетсіздік.

Бэдроттинг – демалыс емес. Демалыс – адамды сергітеді. Ал бэдроттинг – адамды ез етеді. Демалған адам орнынан тұрады, ал бэдроттингке түскен бойкүйездікке ұрынады.

Ендеше, не істеу керек?

Ұрандату, жастарға ақыл айту да жеткіліксіз. Ең алдымен, әрекетке құштарлықты қайта ояту керек. Еңбек тек табыс көзі емес, адамды адам ететін құрал екенін ұғындыру қажет. Қоғам шынайы еңбекті көріп, бағалай бастағанда ғана, жастың да жаны қозғалады.

Бізге бүгін цифрлық ермек емес, тірі орта керек. Кітап оқылатын, пікір айтылатын, ой бөлісілетін орта. Өйткені ой қозғалған жерде адам да қозғалады.

Бэдроттинг ұзаққа созылса – сана салғырттанады. Ал салғырт сана ұлтты алға сүйремейді.

 

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий