
…Баяғы бір заманды бір сұлу қызды алам деп жігіт келсе, қыз: «Мен жұмбақ айтам, соны тапқан жігітке тием», – депті.
– Жақсы, айтыңыз жұмбағыңызды, – дейді сонда жігіт. Қыз жұмбақ айтады:
– Балқан тау да балқан тау,
Басына шыққан кім екен?
Жолда тұрған жоңышқа,
Ат семірткен кім екен?
Жез бұйдалы нар тайлақ,
Оны көрген бар ма екен?
Желдеп кеткен жеті атан,
Оны көрген бар ма екен?
Қайта шөккен қарт бура,
Оны көрген бар ма екен?
Егіз қозы сүйексіз,
Оны көрген бар ма екен?
Айдалада желі арқан,
Оны көрген бар ма екен?
Жай, жай кілем, жай кілем,
Оны көрген бар ма екен?
Түр, түр кілем, түр кілем,
Оны көрген бар ма екен?
– Жұмбағыңыз онша қиын емес екен, – деп, жігіт шешуін айтады:
– Балқан тау да балқан тау,
Басына шыққан базаршы.
Жолда тұрған жоңышқа,
Ат семірткен жолаушы.
Жез бұйдалы нар тайлақ,
Бикешіңіз болмаса?
Желдеп кеткен жеті атан,
Жеті ағаңыз болмаса?
Қайта шөккен қарт бура,
Қайын атаңыз болмаса.
Егіз қозы сүйексіз,
Екі емшегің болмаса?
Айдалада желі арқан,
Түлкі бақыр болмаса?
Айдалада қу қазық,
Қояныңыз болмаса.
Жай, жай кілем, жай кілем,
Жазылып жатқан жер болар.
Түр-түр кілем, түр кілем,
Түріліп шыққан күн болар.
– Таптым ба, тәлім қыз, енді не амалың бар? – дейді жігіт.
– Таптың, жігітім, енді саған тиемін, – дейді қыз.
Жігіт пен қыздың жұмбақ айтысы
Жігіттің жұмбағы:
Тағы да отырмын мен жұмбақ ойлап,
Дүлдүлді сахараға қойдым байлап.
Басында бұлбұл отыр үйдің сайрап,
Бір гауһар қойнында тұрар жайнап.
Дарияның жағасында құрағы бар,
Жел тисе жанып кетер өрттей қаулап.
Азар білгіш болсаң да бір сасарсың,
Тауып бер жұмбағымның бәрін ойлап.
Қыздың шешуі:
Болғанда – ақыл дария, кеудең – дүлдүл,
Басында сайрап тұрған тілің бұлбұл.
Қойныңнан шыққан гауһар – екі көзің,
Соққан жел дауылдатып айтқан сөзің.
Дарияның жанып кеткен құрақтары,
Адамның қатты шыққан – ашуы-дүр
Бәрі де адамзаттың денесі екен,
Таптым ба, жұмбағыңды енді білдір.
Жігіттің жұмбағы:
Бір жайын тынбай жүрер дөп-дөңгелек,
Ұясы үш жүз алпыс болса керек.
Тағы да торға толған асыл шөлмек,
Мәнісін ғылым ғана тауып білмек.
Аспаннан алты арыстан ақырады,
Гүлденіп миуалар алты терек,
Ғаламға он сегіз мың пайда бермек.
Айдаһар Қап тауынан ақырғанда,
Ұяға құмырсқаның бәрі кірмек.
Сөзімді мен сөйледім түйдек-түйдек,
Пендеге қымбат болар мұны білмек.
Тауып бер жұмбағымды бәрін ойлап,
Шешенсің сен бір жүйрік, ақылың зерек.
Қыздың шешуі:
Ай мен Күн тынбай жүрген аспандағы,
Ажалдан құтылмассың қашсаң-дағы.
Ісіне жаратылыс тамаша қыл,
Сол күннің үш жүз алпыс кірер орны.
Жұмыртқа жиырма төрт сағаттарын,
Күн мен түн көрсетеді қанаттарын.
Аспаннан алты арыстан ақырғаны,
Қар жауып, қарлы боран қыс болғаны.
Гүлденсе миуаланып алты терек,
Аспанда торғай жырлап жаз болғаны.
Аспанның жеті қараңғы сарайлары,
Ішінде сансыз жанар жұлдыздары.
Мәнісі осы сөздің болмас па осы,
Таптым ба жұмбағыңды, төрем кәні!
«Қазақ жұмбақтары» (Үшінші басылым, Алматы «Қазақ университеті» 2020 жыл, Құрастырған С.Аманжолов)
кітабынан қысқартылып алынды.
