Ерулік
Жарасқан Мырзамұратов – 1982 жылы Өзбекстан Республикасы, Науаи облысының Кенимех ауданында туған. 2005-2010 жылдары Шымкент қаласында оқыды, мамандығы – филолог. 2011-2024 жылдары өзінің туған жерінде мектепте, газет редакциясында қызмет атқарған.
Жарасқан Мырзамұратов 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Павлодар қаласында өткен халықаралық мүшәйрада арнайы жүлдені иеледі. 2022 жылы Астана қаласында өткен «Наурыз-бата» халықаралық байқауында жүлделі орынға қол жеткізді. Ал 2024 жылы «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағының «Ұлы дала» кітап шығару байқауында жеңімпаз болып, «Ақиқаттың дәмі ащы» атты өлеңдер жинағы шықты. Бірнеше поэзиялық, прозалық кітаптары жарық көрген. Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі.
Шекараның арғы бетіндегі ақын бауырымыз жуырда жүрегі жалаудай желбіреп, Атажұртқа, яғни Павлодар облысының Екібастұз қаласына қоныс аударды. Өз ортамызға осындай талантты ақын келіп қосылғанына біз де қуаныштымыз. Оқырман назарына ақының жыр-топтамасын ұсынамыз.
Сұлулық
Сұлулық жоқ – бақта құс сайратпаған,
Сұлулық жоқ – көкте нұр жайнатпаған.
Тірлікте түнек ғалам кімге керек?
Жер бақытсыз – қасын кеп Ай қақпаған.
Сұлулық – қоңыр құлын ойнақтаған.
Сұлулық – жазда тұрса жайнап далам.
Сұлулық – күбі майын ақ жеңешем,
Ұсынса әзілімен жайлап маған.
Бұлақ сұлу – әз әнін сай жаттаған.
Гүл сұлу – көктем айы – май баптаған.
Қыз сұлу – қараниет, қаскүнемді,
Таптырмас тұнығына бойлатпаған.
Маған сұлу – табиғат, аймақ, ғалам,
Көргенде төрге озар, тойлап балаң.
Сұлулық – көгілдірдің қарағаны,
Бұла оймен апталап, айлап маған.
Намысымды өсірген қайрап бабам,
Сұлулық жасасын!, – деп байрақты алам!
Сұлулықты қорғауға қызғыш құс пен
Махамбет бабам сынды айбаттанам!
Әрбір бабам – бір-бір тарих, мың елес
Тірлік үшін түскен кеше додаға,
Бабам жатыр тошалада – молада.
Қиялымның қанатымен сомдаймын,
Ер тұлғасын қарауменен обаға!
Анау шыңның өр қиясы – бабам-дүр!
Шын назарын аударғандай маған бір.
Құлпытас пен балбалтастар егіліп,
Олар айтты айтпағанды заман сыр.
Әрбір бабам – бір-бір тарих, мың елес,
Өр рухы қалай ғана жебемес.
Құлпытас пен балбалға сыр шерттің деп
Күндес-Күн де шығаруда төбелес…
Жоғалғалы жайраны мен кіл елік,
Мұңлы дала түксиеді, түнеріп.
Бабам ізін тауып едім, көз жазбай,
Жынды жел кеп көміп кетті елеріп.
Бабам көзі – ойпат, жазық, төбе-шың,
Дәлелдеуде оны уақыт – төрешім.
…Моласына бабамның кеп ақ жаңбыр
Менен бұрын көз жасыңды төгесің.
Көз жасыңды төгесің кеп, жаңбырым.
Жаһанда мен – мұңлығың да, зарлығың!
…Мені кімдер жоқтар екен бір күні,
Құрдымына тартқан кезде тағдырым!
Он сегіз жас
Қиялдың мініп алып құлагерін,
Бетке алар шақ арманның құба белін.
Толған айдай толықсып, жүзіңде нұр,
Он сегіз жас екен-ау бұла-керім.
Он сегіз жас – көктемгі қыр гүліндей,
Жайнаған күн жоғалды бір білінбей.
Қызғалтақ-қыз, сирень гүл – аруларды,
Сал-самал боп сүюмен жүрдім ылғи.
Он сегіз жас – кез ғой ол тау тұлғалы,
Он сегіз жас – жігер, намыс, қарқындағы.
…Он сегіз жас – сағыныш,
Ініме мен
оқтын-оқтын қарадым артымдағы…
***
Қарағаны – көгілдір қарағаны,
Қарағаным – көңілім бар алаңы.
Құлын мүсін сол көкем көз талдырар,
Өмірімнің сияқты дара мәні.
Лебізін айт желдейін ізгі ескен,
Түнде түстен кетпейді, күндіз естен.
Әспеттесем: ақ айдын, үміт-ерді,
Еліктірмей қоймады, жүздірместен.
Идірумен бозінген – тұла бойды,
Есті алып, еркем қайдан шыға қойды?!
Сезімнің шұғыласына шомылдырып,
Мөп-мөлдір еткені-ай тұман ойды.
Гүл-ерні – нақ жауқазын, сетер еді,
Білгені – тоқсан тоғыз, жетелі еді.
Қылышты ханға-дағы бас имейтін,
Еркімді сол құрғырың некеледі!