«Есің кетсе, естіге кіріптарсың,

Ең бастысын ұмытқансың…» дейтін еді ғой Мұхтар Шаханов Отырар дастанында.

Жоғары сыныптардан бастап, студенттік шақта жалғасып, бертінге дейін оны-мұны өлең түгілі тұтас дастан-поэмаларды жатқа соға беретін едік-ау. Қазір ше? Рас, кейде шағын ғана өлеңнің бір шумағын еске түсіре алмай, күмілжуге айналдық. Бұрынғы жатқа соғатын дүниелердің басым бөлігін ұмыттық. Жадыны албасты басты деген осы шығар.

Мектепте (Алтынсарин гимназиясы) қатар оқып өскен Багдат Дүйсеновтің жадына қайран қалатын едік. Небір поэмаларды жаттап алып, әсерлі етіп оқығанда жанды баурайтын-ды. Бағдаттың бүгінгі жадында сол тұста жатталып қалғандар қаншалықты сақталғанын білмеймін. Өзім ұяттымын, қысқасы.

Баянауылдың Жаңажолында, Мәшһүр Жүсіп ауылында Жумкен Сейітов ақын мекен етеді. Айтпақшы, жоғарыда сөз етілген Бағдат ақын да сол ауылдан. Жұмкен ағамыз ес біліп, кейін өнер жолына түсіп, айтысқа қатысып, түрлі ортада, алуан жағдайларда талай жыр шумақтарын төгілткен. Әлі де солай. Осы кісі сөз сөйлегенде, әңгіме барысында өзгенің ғана емес, осыдан пәленбай жылы, пәлендей жағдайда табан астында шығарып айтқан өз шумақтарын да қаз-қалпында жатқа соғады! Сонау бір жылдардан естелік айтқанда небір оқиғаларды еске оп-оңай түсіріп, соған байланысты туындаған тармақтарды еш қиналмай төгілте береді.

Қайсыбір айтыстағы өз айтқандарын жұптасқан ақындардың сөздерімен қоса ақтарады.

Бір қызығы сол, Жұмекең ойына келіп, көкірегіне құйылған тармақтарды қағазға жазып, сақтамайды. Тек мықтап жаттап, жадыға сақтап, реті келген жерде төге салады.

Жұмкен аға редакцияға ара-тұра келе қалғанда:

– Аға, жадыңызда жатталған талай жылғы дүниені қағазға түсіріп, біздің қолға тигізсеңізші, – деймін үнемі.

– Ой, бауырым, әуелде әдет болмаған нәрсе, орта жолдан асқан соң жұғыспайды екен ғой. Қағазға түсіріп отыруға жоқпын, рас. Шығармашылық жолымдағы үлкен кемшілік болар бұл. Балаларға қашанғы «диктовка» жасап отырайын. Әурелегендей боламын ба деп  тартыншақтайсың сол. Бірақ қолға алайын осы шаруаны, – дейді ағам.

«Қолға алайын» дегені деген қалпында қала береді. Бірер мәрте мен Жұмекең қалаға, редакцияға келе қалғанда отырғызып қойып, диктофонды қосып, шамалы дүниесін жазып алғанмын. Кейін оны қағазға түсірдім. Бірақ көл-көсір дүниенің тамшысы ғана еді ол.

Жадыға сенуге болмайды деп ойлаймын жалпы. Жұмекең шын мәнінде бұл істі қолға алуы қажет. Қолұшын беруге әрдайым әзірміз. Мұны өзіне де айттым. Жымияды да қояды.

Жұмекеңнің жадында арғы-бергі тарихтан сыр шертетін көп мәлімет сақталған. Бұл да болса, өлкетану, тұлғатану, өнертану бағыттарына тың деректер қосатыны даусыз.

Жұмекеңнің артық байлық, артық дүние, өзгелердей өлермендік жасап, атақ-марапат сұрамайтынын Ертіс-Баян өңірінің өнерсүйер жұрты жақсы біледі. Әрдайым бір тоға, қарапайым қалпында, бұйырғанға қанағат қылып жүре береді.

Жаңажолдағы үлкен әулеттің бас шаңырағында түтін түтетіп, ауласындағы төрт түлігін өргізіп, бала-шағасының қызығына кенеліп жүріп жатыр.

«Алпысты алқымдағанда мына бала мені тракторға отырғызып, шабындыққа жегіп қойды» дейді ұлы, ақын Тлекті меңзей. Жалпы, Әке мен Баланың арасындағы жарасымды қарым-қатынасы, үйлесімді сөз қағысуы көрер көзге, естір құлаққа ерекше сүйсініс сыйлайды. Оның үстіне екеуі де айтыс ақыны болса…

Алла берген Тілегі мен келіні бүгінде үлкен әулеттің, қарашаңырақтың берекесін ойдағыдай үйлестіріп, өнегелі отбасы атанған. Бұл шаңыраққа қазақтың талай маңдайалды азаматтары бас сұғып, дәм татып, ризалықпен батасын бергенін еститінбіз.

Осы шаңыраққа біз де табан тіреп, Жұмекеңнің мазмұнды әңгімесіне, түйдек-түйдек жырына құлақ түрдік.

Осы күні көл-көсір материалды бір жерде сақтауға мүмкіндік беретін «жесткий диск» деген бар ғой. Жұмкен ақынның жадының қасында «жесткий дискіңіздің» өзі әдірем қалатын шығар деп түйдім. Жұмекең бұл жолы бізге бас-аяғы 500 шумақтан тұратын толғау шығарғанын айтты! Сол толғауын төгілтті-ай! Адам, Тағдыр, Тірлік, Болмыс, Жақсы мен Жаман, Арамдық пен Адалдық, Әділдік – бәрі-бәрі біте қайнасып жатқан толғау бізді түрлі ойға жетелеп, түйін жасатып, тұшындырды, өмірдің жөн-жосығын түсіндірді.

Алла разы болсын айтып:  «Жұмеке, енді осы толғау да тек жадыңызда ғана жатталып қалмай, ұқыптап қағазға түсіріліп, жұрттың назарына ұсынылуы керек!» дестік.

Ақындар әулетіндегі мәжіліс айтыссыз өтсін бе?! Бұл күні айтыс жасап, бір дуылдасып қалдық. Жұмкен аға бастап, ұлы Тілек іліп әкетіп, от ауыз, орақ тілді Алпысбай асқақтатып, көрім сөз қағысқа куә болдық.

Баянтаудың арда азаматы Жұмкен ақынға, әулетіне Алла нәсіп пен береке бұйырта берсін! Аман жүріңіз, аға!

Қазынаңызды қағазға түсіріп, елмен бөлісуді ысырып тастамаңыз!

 

Асыл ӘЛІМЖАНҰЛЫ.

Добавить комментарий