Жаңғырық: «Айдын» – 20 жыл
Тілеубек Ғалымұлы Ғалымов (Қалымов) 1955 жылы 27 наурыз күні Баянауыл ауданы Ж.Аймауытов атындағы кеңшарда дүниеге келген. Аудандық «Баянтау», облыстық «Сарыарқа самалы», «Ақжаулық» газеттерінде өлең, әңгімелері және түрлі тақырыпты арқау еткен мақалалары үздіксіз жарияланып, шығармашылығы көпшілікке кеңінен таныла түскен еді.. Оның туындылары – өлеңдері, әңгімелері мен танымдық мақалалары Астанада шығып тұрған «Сарыарқа», «Жаңа Сарыарқа» журналдарында да тұрақты жарияланды. Кейін «Негр бала», сондай-ақ шағын әңгімелерінің жинақтары жарық көрген.
Жаназа
(әңгіме)
Жәмила апай келіні Люба ауырғаннан бері бір есі шығып, бір есі кіріп өзін қоярға жер таппаған. Өйтетін де жөні бар енді. Діні, тілі бөлек болса да келіндерінің ішіндегі нағыз биязысы, өзін аялы алақанына салып әлдилеп күтіп, әлпештейтін де осы келіні еді. Әлдеқалай ауырып-сырқап, не қабағына кірбің түсіп, көңіліне қаяу ұялағанын байқай қалса:
– Апа бір жеріңіз ауырып отыр ма, әлде біздің бірімізге ренжідіңіз бе, – деп сұрап мұның көңілін аулауға тырысатын. Сөйтіп, түйткілі көп тіршіліктің көңілге түсірген болмашы қаяуын жылы қабағымен, жайдары мінезімен әп-сәтте-ақ жуып-шайып жіберетін. Ондайда бұл:
– Е, кәрі кісінің қыңқыл-сыңқылы қала ма, сендердің алдарыңда алсын, – деп шын көңілден тілей отырып, осындай келінге тап қылған тағдырына, Люба сияқты ойлы, орыс орманының бір бұлбұлын шаңырағына әкеп қонақтандырған ұлына риза, тәуба дер еді.
Сол көңіліне үміт, көзіне қуаныш болған келінінің төсек тартып жатып қалғанына бірер айдың жүзі болған. Күннен-күнге суы суалған арнадай кеуіп, кеміп бара жатқанын мұның шыққыр көзі көрмейді емес, көріп те, біліп те отыр. Тек қолдан келер қайраны жоқ. Аһ ұрып, жан дүниесі күйзеле қиналдың-ау жарығым, дейді іштей толғанып. Сондай сәтте Любаның келін болып осы шаңырақтың есігін алғаш аттағаны есіне оралады. Ой алла-ай, сондағы асылық ойы, артық ауыз пікірі үшін жаратқан иесі мұны жазғырып жатпағай да. Пендешілік-ай десеңші. Үлкен ұлы Жанат Ленинград қаласынан институт бітірген жылы осы Любаны ерте келген. Жанаттың жанындағы орыс қызын көріп, мұны неге жорырларын біле алмай аңтарылған әкесі мен шешесіне:
– Әке, апа, келін әпер деп қыңқылдап қоймаушы едіңіздер, мына кісі келіндеріңіз, – деген жымия күліп.
– Не дейді жаным, құдай-ау, – деп Жәмила біртүрлі шошып кеткен. Аққұба, қыр мұрынды, көк көз, иман жүзді, орта бойлы, қуыршақтай ғана әдемі киінген сұлу қыз:
– Здравствуйте апа, ата, – деп бұларға сәлем берген. Оның тілерсегін соққан тоқпақтай сары шашына көзі түсіп шалына қараған. Ақсақалының аузын жымырайта жұмып, тісін басып, өңі өзгеріп сала бергенін бұл енді болмаса отағасының аттың басын босатқалы тұрғанын байқап, еріксіз жүзіне күлкі үйіріп:
– Е, келін осы ма, – деді сасқалақтап. Жоғары шық айналайын, – деп босаға аттаттырған, сөйтіп үйге кірген бетте бақытты бол құлыным деп маңдайынан аналық мейірімін төге сүйген. Оның мұнысын көңіліне кіді алып қалған Құдайберген:
– Мына ит қайтеді, сен зайыры осылай боларын білгенсің ғой, – деп күңкілдеп далаға шыға жөнелген. Сонан бірер күн:
– Сүйекке таңба түсірдің шірік неме. Қазақтың қызы құрып қалғандай… орыстан қыз алып, – деп бұлқан-талқан болып ашуланған. Сонан соң біршама сабасына түскен. Жарықтық топырағы торқа болсын, есті адам еді ғой. Әлде өмірінің ұзақ емес екендігін сезді ме екен, көп ұзамай балаларға батасын беріп дүрілдетіп той жасаған.
Обалы нешік Люба да бұларды жатсынбай қазақы тірлікке қоян-қолтық араласып, тіпті бір жылдың ішінде қазақ тілін біршама үйренгендігі соншалық бұлармен енді қиналмай-ақ сөйлесетін болған. Өзі мектепте мұғалім, орыс тілінен сабақ береді. Үй шаруасына да мығым. Басқаны былай қойғанда, сойылған қойдың ішек-қарнын аршып, соғымның етін бұзуды да үйреніп алған. Енесін апа деп, үлкен кісіні апа деп алдарынан өтпейтін әдептілігін айтсайшы. Қайнылары мен қайын сіңлілерін, басқа да осы қара шаңыраққа қарасты айнала тұрсын, көрші көлемнің де, ауылдастарының да ықыласына, алғысына бөленген.
…Қойны құтты болып келесі жылы Әсет атты тентекті өмірге әкелген. Оның мұнысын жақсы ырымға жорыған Жәмилә тек оқыған неме елдің келіндері құсап бір баламен тоқтап қалмаса жарар еді деп күдіктенетін. Алланың бергеніне шүкір, тәубә, үйелменді, сүйелменді үш ұл, екі қыз дүниеге әкеліп, шал-кемпірдің көңіл күдіктерін сейілтіп қана қоймай, қуанышқа бөлеп риясыз көңілден ризашылықтарын арттырған. Содан ел ішінде келін болсаң Любадай бол, қызметін де істейді, қарт ата-анасын да бағады, шаруасына да мығым дейтін сүйсініп. Бәрі босағадан ғой.
Солай болса солай да шығар. Любадан кейін де үш келін түсірді. Бәрін де жеке отау қылып шығарды. Үбірлі-шүбірлі болып, әрқайсысы өз жолдарын тауып кетті. әйтсе де бұл үшін Любаның орны бөлек. Тіпті Любамен кейде абысыны сияқты сырласатын кездері де жоқ емес.
– Осы қызым, Жанат екеуің қалай танысып жүрсіңдер, – деген бірде одан сыр тарта сөйлеп.
– Е, апа, ол бір қызық кез ғой, – деген ол сол бір оралмас кезеңді сағынышпен еске алып. Жанат екеуіміз бір группада оқыдық. Бірде оның қолынан Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты кітабын көрдім. Өзі оқып болған соң маған беруін өтіндім. Бұл кітап жайлы баспасөз беттерінен біріне-біріне қарама-қайшы бірнеше рецензиялар оқыған едім, солардың қай-қайсысы болмасын «Абай жолы» Мұхтар Әуезовтың қаламынан туған әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылатын керемет қызықты дүние болуымен қатар қазақтардың өмір энциклопедиясы екендігін мойындайтын. Қолыма тиген алғашқы күннен менде ұлы жазушының алыстағы қазақ қырындағы кейіпкерлерімен араласып, тіпті туысып кеткендей болдым. Тоғжан, Әйгерім сияқты жаны жайсаң сұлу қыздар, олардың өмірі маған қатты әсер етті. Нанасыз ба, осы кітапты оқығаннан кейін мен шашымды бұрығыдай қидыртпайтын болдым. Шашымның ұзын болып өскенін қаладым. Сөйтіп, Мұқаңның ұлы шығармасы Жанат екеуімізді өзара тіл табыстырып алғашқыда сырлас, дос қылса, ақыр соңында бір-бірімізді ұнаттық. Сізге келін болып шыға келдім.
– Ой ботам сол, сөйтіп мұнда келмей жатып-ақ қазақтардың тұрмыс, тіршілігін әлгі… кім еді ие, Мұхтардың кітабы арқылы оқып білдім де. Ақылыңнан айналайын сол. Келінін мейірлене бетінен сүйген.
***
Құдасы Николай қайтыс болғанда Құдайберген мен Жәмилә апай, Жанат, Люба төртеуі Ленинградқа барып, топырақ салып қайтқан. Құдағиы Анна Ивановна бір жақсы адам екен. Жары өліп, жаны жабырқап жүрсе де құда-құдағиын бәйек болып күтіп, жаны қалмаған. Артық ауыс мінезі жоқ, бар тілегі жалғыз қызы Люба мен оның күйеуі Жанаттың үстінде ұлты орыс демесең қазақтың бір батагөй бала-шағасына бақыт тілеген кейуанасы дерлік, «анасын көріп қызын ал» деген қанатты қағида Жәмиланың ойына оралған. Любаның ашық жарқын, өзгелерге мейірімді болып өсуі Анна Ивановнаның берген тәрбесі ғой деп түйген ол. Ауылға келген соң да Жәмиланың ойынан құдағи шықпай қойған. Оның үстіне келіні мамама жалғыз қиын болды-ау, тағы бір баласы болса ғой, жалғыздық көрмес еді, жанында болар еді деп күрсініп, мұңданатын, кейде жанарын жаспен жылап та алатын.
Бір күні Жәмила апай дастархан басында сөз бастады:
– Әй Құдайберген, сенің қандай ойың бар, анау келінің алыста жалғыз қалған анасын аңсап құса болып жүдеп бітті. Жанат екеуі құдағимен хабарласып, көнсе осында көшіріп алса қайтеді, – деген ақсақалының жүзіне барлай қарап.
– Мұның жөн екен, бәйбіше. Бұдан да тар заманда өмір сүрдік қой және біздің құдайға шүкір бұлардан басқа да ұлдарымыз бен келіндеріміз бар ғой. Дүйсен кенжеңді үйлендіріп, Жанаттарды жеке отау қылып шығаруға да болады, тек сенімен менікі жай ой ғой. Балалармен Анна Ивановна өздері ақылдасып, шешсін, мен қарсы емеспін деген ішіп отырған шыныаяғын төңкеріп.
Ақсақалы екеуінің осы шешімін Жанат пен Любаға айтқанда келінінің жабыңқы қабағы жадырап, көңілденіп сала берген.
– Олай десеңіздер Жанат екеуіміз мамаммен телефонмен сөйлесейік деген. Олар мән-жайды айтып сөйлескен екен, құдағи: «Биыл әуре болмаңдар, шалымды жерлеп үлгермей жатып қаша көшкенім жөн болмас, құдай жазса келер жылы көшіп келермін» депті. Сол жылы күзде кенжесі Дүйсен үйленіп, қариялар Жанат пен Любаны айтқандай-ақ басқа балалары секілді отау үй қылып жеке шығарды.
Содан келесі жылы құдағиы Анна айтқан сөзінде тұрып бұлардың ауылына көшіп келіп қоныстанған. Бір ғажабы Жәмила мен Анна тез тіл табысып, бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын халге жеткен. Бұл жағдай балаларының да, көрші-көлемнің де назарынан тыс қалмаған. Біреуің орысша, біреуің қазақша білмейсіңдер, сөйте тұра күні бойы әңгімелесіп, мәз болып жатқандарың, сонда қалай ұғысасыңдар дейді ғой манағы. Сонда Жәмила апай:
– Е, ол орысша, мен қазақша сөйлеймін, әйтсе де өзара ұғысып жатамыз, – дейтін жымиып.
Аннаның бөлмесінде бірде әлдеқалай бас сұға қалған Жәмила оның шоқынып жатқанының үстінен түсті. Өне-бой тіксініп, біртүрлі шошынып қалғаны. Тіпті, оған қараған түрінен Аннаны тұңғыш рет көрген бе дер едіңіз.
Тіпті ол осы бір діні бөлек басқа ұлттың өкілі өзінің тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін иіткен ұлының енесі, өзінің құдағиы екенін де есінен шығарып алғандай еді. Міне, Анна да құдайына құлшылық етіп бұған назар аударған. «Ұялған тек тұрмастың» кері ме екен, басқа аузына ештеңе түспеген Жәмила мына кісі кім, – деп суретті нұсқаған.
– Е, бұл ма, біздің пайғамбарымыз Исус Христос қой.
– Ә, солай ма құдайларыңыздың суреті бар екен ғой, құдай адамның көзіне көрінбейді дейтіні қайда біздің молдалардың, – деген аңқау Жәмила біртүрлі таңқалып.
-Жоқ, Жәмила, бүкіл адамзат баласының құдайы біреу ғана, тек сенім, дін бөлек, сендер Мұхаммед пайғамбарға, яғни ислам дініне, ал біз христиан дініне сенеміз, – деді Анна оған өз білгенінше айтып түсіндіріп.
***
Былтыр қоңыр күзде отағасы Құдайберген жетпіс үш мүшелінде жер бетіндегі тіршілік тынысын аяқтап, о дүниеге аттанып кете барды. Оның қырқын өткізген соң Жанат өз қолына, яғни үлкен үйге көшіп келді. Өйткені, кенжелері Дүйсен қызмет бабымен көрші ауылға қоныс аударған. Жанаттардың қайтадан көшіп келуі шалы өліп, көңіліне азды-көпті қаяу түскен Жәмилаға біршама қуат беріп, демеу болғандай еді. Тек аяқ астынан келінінің ауырып қалуы ана көңілін еріксіз алаң еткен.
***
Жанат келіншегін бірден-ақ үлкен қаладағы білгір дәрігерлерге апарып көрсетті. Ауруханада жатқанына да бір айдың жүзі болуға жақындаған. Кеше Жанатпен бірге оның көңілін сұрауға арнайы барған Жәмила палатасына кіріп келінін көргенде шошып кетті. Толықша келген жанның бір айдың ішінде қу сүйегіне ілініп, қармаққа шаншар еті қалмағанын көргенде іші әлдебір жаманшылықты сезіп, көңілі қүрғыры құлазып сала берген:
– Құлыным, қалайсың, – деген оның жанына қойылған орындыққа отыра беріп, маңдайынан иіскеп. Нені болсын бетке айтатын турашыл мінезі ме екен, Люба хал-жағдайын күлбілтелемей нашар, деген аса баяу үнмен. Сонан соң асыға-аптыға: -Апа, Жанат мені мұнда қалдыра көрмеңіздерші, күннен-күнге әлсіреп бара жатқан сияқтымын. Әлі де әл-қуатымның бар, есімнің дұрыс кезінде балаларымды бір көріп, маңдайынан бір иіскейінші. Сонда бәлкім дертім жеңілдеп, уайымым азаяр, – деп әрбір сөзін үзіп-жұлып әзер айтқан. Жәмила келінін мұнда қалдырудың арты өкініш екенін жақсы түсінген. Оның беті бері қарамайтынын білгендіктен де болар, дәрігер де рұқсат еткен. Сонан соң Жанатты жеке алып қалып:
– Ал Жанат, өзіңе берік бол, бұл асқынып кеткен рак, қолда бар мүмкіндікті толық сарқа жұмсадық, әзірге оған қарсы қояр ем табылмай талайлардың өмір гүлінің ерте үзіліп кетіп жатқанын өзің де білесің ғой, өкінішті деген, бір айдан бері азды-көпті араласып, біршама таныс болып қалған дәрігер күрсіне сөйлеп:
– Қолдан келер көмек жоқтығы өкінішті.
***
Үйге келген жерде Любаның өңі кіріп, көңілі тасып сала берген. Бұрын дым сызбай жатқан жан бір кесе ыстық сүт ішіп, Жәмиланы да, балаларын да, басқа ағайындарын да азды-көпті үміттендіріп тастағандай еді. Үлкен ұлы он бірдегі Әсеттен бастап, Айгүл, Асқар, Маржан, тіпті ең кішісі төрт жасар Алтайдың өзі қуаныштан жүздері бал-бұл жанып, төңірегінде асыр салып ойнап, алаңсыз күй кешкен.
– О, құдай жамандығыңды көрсете көрме, – деп екі ана жаратушы жалғызға іштей жалбарынумен болған. Ал Люба болса, мұның барлығы да бір сәттік алдамшы нәрсе екенін, халінің сәт санап нашарлап бара жатқанын айқын аңғарған. Сондықтан да ол балалар да ұйықтап, үлкен кісілер өз бөлмелеріне кетіп, Жанат екеуі жеке қалған сәтте Люба қинала отырып сөз бастаған:
– Жанат, сен мені сүйдің, мен сені сүйдім. Тағдыр қосып, бір-бірімізге адал жар болдық. Бақытымыз да, бағымыз да бүлдіршіндей балаларымыз еді. Соларды сыйлаған тәңірге мың алғыс. Мен өзімді бақытты жанмын деп білемін. Тіпті, өмір гүлім жастай қурағалы жатқанын жан-дүниеммен сезе тұра өзімді саған кездескенім үшін бақытты санаймын. Әттең, балалар жас. Люба жанарына лүпілдей қалған мөлдір жасты еттен арылып құр сүйегі қалған қолындағы орамалымен баяу сүрткен. Сонан соң үзілген ойын онан әрі жалғап:
– Жанат, сенен өтінішім болсын, мен өлген соң әйел алма демеймін. Бірақ ол сені ғана емес, балаларды да сүйетін адам болсын, қос қария тірі боса олар жыламас та. Сонан соң саған айтар соңғы өтінішім бар. Тек орындасаң ғана айтамын.
– Айт Люба, орындаймын.
– Мен осы алыстағы қазақ даласына бір сен үшін, саған деген махаббатым үшін келген едім. Сол пәк сезім, адал ниет үстінде кетіп барамын. Сенімен өткізген ләззаты да бақытты жандарым үшін тағдырыма алғыс айтамын. Ол осы сәт ықылық атып іркіліп қалған. Жанат көзіндегі жасын сүртіп, басындағы жастығын түзеп болған соң барып сөзін онан әрі жалғастырған. «Адамнан жасырмағанды алладан жасырма» дейді ғой сіздің халық. Сен екеуіміздің ой-арманымыз, мақсат-мүддеміз, тіпті тағдырымыз бірдей болғанмен ұлтымыз да, дініміз де бөлек жандармыз ғой. Бір сөзбен менің жабдығымды қазақша жасчарсың. Ел-жұрттан ұят болар, қалай мегенмен мен мұндағы елдің біразына келін, кейбіріне жеңге болдым ғой. Ал бірақ… менің сүйегімді орыс зиратына қойғызарсың, қалай да қалай, мен христиан дініненмін ғой. Мынау қым-қуыт тіршілікте адасқанымыз аздай, о дүниеде де адасып, өз діндестерімнен бөлініп қалғым келмейді, – деп бетін басып солқылдап жылап жіберген.
Үстіне әлдекім мұздай су құйып жібергендей болған Жанат алғашқыда не айтарын білмей есі шығып кеткен. Біраздан кейін ең бірінші Любаны жұбату қажет екендігін түсінген ол:
– Қойшы, Люба, қайдағыны айтпай, өлмейсің, – деп келіншегінің шашын саусақтарымен салалап, сау кезіндегідей еркелетіп, жұбатуға тырысқан. Бұл сәтте көз алдына кешегі бақытты кездері, ләззатты шақтары елестеп, «соның бәрі енді бір-ақ сәтте тынады-ау» деген ауыр ой еңсесін езіп, соның солай болатынына сенгісі келмей ойша аласұрған. Үмітсіз шайтан, мүмкін жазылар. Оның осы бір ойын сезіп қалғандай Люба:
– Жо-жоқ, Жанат. Күдеріңді үз. Тек менің өтінішімді аяқ асты қалдырмайтыныңа уәдеңді бер, – деген алқына сөйлеп.
– Жарайды, тілегіңді бердім. Сол сәт Жанаттың жан дүниесі құлазып, ет жүрегі езілгендігі соншалық, еңіреп жылап қоя берген. Бір сәт өзін-өзі тежеген Жанат Любаға көз салған еді. Люба оның алақанын қос қолымен уқалап, әлсіз ғана «рахмет» деп тіл қатқан.
***
Содан екі-үш күннен соң түс ауа Люба үн-түнсіз үзіліп кете барды. Жанат оның қонағасына үлкен ту бие сойдыртып, көрші совхоздан молда шақыртты. Қыс айы болса да ағайын-туыстар, ел адамдары өте көп жиналды. Көбі жұма күні қайтыс болған адамның жаны жаннәтта, келін иманды екен десіп жатты. Тек тырнақ астынан кір іздеп отыратын, жұртқа жұғымсыз қылығымен қараусыз қаңбақ шал атанған селдір сақалды кісі:
– Жұма күні өлген мұсылман ғана иманды, ал кәпірдің иманды болар, болмасын бір алланың өзі біледі. Тәйт әрі, шуламай тыныш отырыңдар, – деп тыйып тастаған. Ал бұл сәтте сүйекке түскен кемпірлер жөн-жобаларын алып та болған. Намаз шығарар кезде:
– Моллеке, сіз мына көрші совхоздан келдіңіз. Бұл ауылдағы елдің бәрін жыға тани бермейсіз. Марқұм мына келін басқа ұлттың өкілі, бізден діні де бөлек. Бұған намаз шығаруға болар ма екен, бұл жөнінде шариғатта не айтылған, – деді «қаңбақ» шал суырыла сөйлеп.
– Шариғатта не айтылғанында сенің не шаруаң бар. Ақы иесі мына тұрған Жанат, елді намазға шақырды, неге шығармайсыңдар, – деді ел белсенділерінің бірі өктем сөйлеп.
– Өй, сен сондай кеудемсоқтығыңды қойшы өзі. Сен айтты екен деп діні бөлек адамға намаз шығартып, ертең дозақта шырылдар жайымыз жоқ, – дейді жаңағы орнынан жалбақтай көтеріліп.
– Сіз не дейсіз, байлауыңызды айтсаңызшы молдеке, – дескен қарттар жағы шулап.
– Енді, айтқанда қайдан білейін. Орыс қызына намаз шығарып құдайға кінәлі болып жүрмесек.
– Сіз өзі құранда бұл жөнінде не делінген, соны айтпайсыз ба?
– Оны мен қайдан білейін. Құранды оқып, түсінуге менің шамам жете бере ме, – деп молдеке шындыққа көшкен. Содан мәселенің қиынға қарай бет бұрғанын аңғарған ауыл ақсақалдарының бірі:
– Екі адам мұсылман деп куәлік берсін, сонан соң намаз шығаруға болады. Бұл кезде молданы ортаға алған Жанат, Жәмила шешей олардың туыстары бір ту биенің құнын молданың қалтасына сүңгітіп те жіберген еді. Әлде сол әсер етті ме, әлде ауыл ақсақалының қисынды сөзіне құлақ түрді ме, молда райдан қайтып:
– Қане, мына марқұмды мұсылман еді деп кім куәлік береді деген жұртқа қарап. Куәлік берем деушілер көп болғанмен, молда әлде неден Жәмила апай мен Жанатты қалаған. Сүйекті алып шығар кезде айтқан Жәмила апайдың зарлы үні жұрттың сай-сүйегін сырқыратып, көздеріне жас үйірген. Міне, намаз шығарылып, енді мәйітті алып жүрер шақта Анна Ивановна шашын жұла жүгіріп дауыс қылып, мәйіттің үстіне келіп құлады.
– Люба қызым, кешір мені, мен сенің соңғы тілегіңді орындауым керек, – деп өкірген. Әлден соң есін жиып, сіздерге рахмет, қызымды осыншалықты қадірлеп, соңғы сапарға шығарып салып жатырсыздар. Рәсімдеріңізді де жасадыңыздар. Енді біз де рәсімімізді жасайық, рұқсат беріңіздер, – деді күңірене күйзеліп. Жұрт қинала бастарын шайқағанмен Жанат:
«Келіндеріңіздің соңғы тілегі еді» деген соң бірде-бірі үндей алған жоқ. Любаның мәйітін осындағы бірер орыс ағайындар қызыл матамен қапталған ағаш табытқа салып алдына крест қойылған машина орыс зиратына қарай ала жөнелді. Мола басына Иван поп өз дінінің рәсімін орындауға кірісті. Әлден соң табытты қабірге түсіріп, үстін топырақпен жаба бастады.
– Мамамды неге қазақ бейітіне қоймады, басына крест қойғандары несі? – деп ойлады айнала төңірегінде не болып жатқанын толық түсіне алмаған Әсет. Жанат күбірлеп «Люба, біз енді о дүниеде де кездеспейтін шығармыз. Сен басқа діндесің, мен басқа… Мәңгілікке, мәңгі айрылысқанымыз осы-ау Люба. Қош, менің сүйікті де, қасіретті махаббатым». Жанаттың көзінен бір тамшы ыстық жас ыршып түсті.
-Қош, Люба, жарым, – деп күбірлеп табытқа бір уыс топырақ тастаған Жанаттың мұсылманшылық әдетпен бетін сипап жатқанын көргенде қыстың аязы іштеріне түскендей жұрттың көбі тіксініп, оған жалт қарасқа. Бұл кезде таң атқаннан сырғи соғып тұрған қарлы боран өршеленіп, іш тарта ышқына көз аштырмай үдеп берген. Дүниені алай-дүлей еткен боран Жанаттың ішкі дүниесіне де еніп кеткендей жанын ойран-асыр күйге түсіріп әлем-топырық болды да кетті. Ол қайда, неге кетіп бара жатқанын да сезбеді. Бұрқыраған боран жұтып бара жатқандай бет-алды маңый берген жігіттің қолына жүгіріп келіп жармасқан Әсет «папа, бері жүр, үйге қарай» деп жетектей берген. Бірақ оны көңіл көзімен көріп қабылдай алмаған Жанат әшейін соқыр сезіммен ере берді. Жан әлеміндегі астан-кестен арпалыс әлі арылып болмаған.