Алматы қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен аса көрнекті ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми мол мұрасына арналған «Қаныш Сәтбаев және қазақ руханияты» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Ұлттық ғылым мен руханияттың мерейлі сәтінің көрінісі болып, конференция аясында «Қаныш шығармаларының академиялық толық жинағы» атты бес томдығының тұсаукесері өткізілді. Алғаш рет жарық көрген жинаққа ғалымның геология және минералогия саласындағы зерттеулерімен қатар, публицистикалық еңбектері, сирек суреттері мен мұрағаттық құжаттары топтастырылып енгізілген. Мәтіндер текстологиялық тұрғыдан сараланып, ғылыми нақтылықпен қайта өңделген.
Бұл толымды еңбек ғалымдардың ізденісі нәтижесінде жарық көрген аса құнды ғылыми басылым болып табылады. Жаңа академиялық бес томдық жинақ – Қаныш Сәтбаевтың ғылыми стилі мен ойлау мәдениетін шынайы жеткізетін, ұлттық ғылым мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттайтын бірегей еңбек десек те артық айтқандық емес.
Бұл маңызды жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің «Академик Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми-мәдени мұрасын зерттеу – Қазақстандағы ғылыми мектептердің дамуына жол» атты мақсатты бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жобаны Satbayev University және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бірлесе атқаруда. Қазақстанда академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми-мәдени мұрасын жүйелеуге бағытталған маңызды жоба осылайша іске асты.
Академиялық редакциялық кеңесті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек басқарды. Кеңес құрамына ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі Алтынбек Нухұлы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры, профессор Дархан Ахмед-Заки, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Байбатша, Жобаларды басқару институтының директоры, PhD Бахытжан Әміралинова, филология ғылымдарының кандидаттары Әлмира Қалиева мен Светлана Ананьева енді.
Өткен жылы академиктің 125 жылдығы және өмірден өткеніне 60 жыл болғандығы Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы ізін жаңаша зерделеуге түрткі болды. Бес томдық толық академиялық жинақ осы мұраны жүйелеп, ғылыми айналымға енгізуді көздейді. Жинаққа ғалымның 1923–1963 жылдар аралығындағы еңбектері енгізіліп, көпшілігі алғаш рет кириллицаға көшірілді.
Бірінші томға (707 бет) оның араб графикасымен жазылған кен өндіру, зауыт жұмысы және теміржолдың ықпалы туралы мақалалары енсе, екінші томда (685 бет) ғылыми баяндамалар, үшінші томда (759 бет) – соғыс жылдарындағы еңбектері топтастырылған. Төртінші (926 бет) және бесінші (830 бет) томдар ғалымның тың игеру, ғылымды ұйымдастыру, қоғам мен мәдениетке қатысты ой-пікірлерін қамтиды. Әр томға ғылыми-анықтамалық аппарат қосылған: ғылыми түсініктемелер, есімдер көрсеткіші, мақалаларда аталған геологтар туралы қысқаша деректер, сол кезеңнің хаттары мен фотосуреттері берілген. Эпистолярлық мұра да енгізіліп, ғалымның тұлғалық болмысы, адами қасиеттері жан-жақты ашыла түскен. Әсіресе мақалалардың алғашқы жарияланған орындары жайлы мәліметтер зерттеушілер үшін құнды. Бұл ауқымды әрі жүйелі жинақ Сәтбаевтың ғылымдағы, қоғамдағы орны мен рөлін жаңа деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.
Қаныш Сәтбаев – бар өмірін ғылымға арнаған аса көрнекті ғалым-геолог, мемлекет және қоғам қайраткері. Оның бірегей зерттеулері елдің экономикасы мен өнеркәсібінің дамуына орасан зор үлес қосты. Заңғар тұлға Қазақ жерінің мол қазына байлығын ашып, бүгінгі ұрпаққа қалдырды. Оның ғылым, тарих және мәдениет салаларындағы энциклопедиялық білімі – өз замандастарын әрдайым таңғалдырып отырған.
Болашақ академиктің алғашқы жарияланған еңбектері қазақ халқының ән мен күйге бай көркем поэзиялық дүниесіне, яғни, ұлттық музыка мәдениетіне арналды. Студент кезінен бастап өмірінің соңына дейін Қаныш Сәтбаев қазақ фольклоры, әдебиеті мен өнеріне ерекше қызығушылық танытқан. 1927 жылы Мәскеуде оның алғы сөзімен және редакциясымен «Ер Едіге» эпосының ғылыми басылымы жарық көрді. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы алғашқылардың бірі болып мақала жариялады. Айта берсе, мұндай еңбектері де өте көп. Сонымен қатар, оның еңбектерінде әдебиеттану мен өнертанудың болашақ бағыттары анықталып, айшықталып берілген.
Ғұлама-академиктің бес томдық ғылыми жинағын құрастырушылар архивтер мен кітапханаларда ауқымды жұмыс жүргізді. Оның жарияланымдары түпнұсқалармен салыстырылып, айырмашылықтар мен нақтылануы тиіс тұстар айқындалды. Мақалалар хронологиялық тәртіппен орналастырылып, авторлық редакция қалпына келтірілді.
Редакция алқасы мен құрастырушылар атынан «Ғылым ордасы» РМК-ның Орталық ғылыми кітапханасына, ҚР Ұлттық кітапханасына, ҚР Орталық мемлекеттік архивіне Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын жинап, жүйелеуге, экспедиция кезіндегі, шетел сапарларындағы, отбасы ортасындағы сирек суреттерді табуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреміз.
Ғылыми түсіндірмелермен жабдықталған Қ.И.Сәтбаевтың еңбектері еліміздің геологиялық ғылымының дамуы, ХХ ғасырдың 20–60 жылдарындағы тарихи үдерістер, индустриялық Қазақстанның қалыптасуы тарихымен қызығатын мамандар мен жалпы оқырман үшін құнды еңбек болмақ.
«Қаныш шығармаларының академиялық толық жинағы» – ғұламаның ел дамуына қосқан үлесін жан-жақты көрсететін, ғылыми қауым мен оқырман үшін, жалпы, болашақ зерттеушілер үшін іргелі әрі бағыт-бағдар беретін таптырмас дереккөз болатындығынына да күмән келтірмейміз.
Бұл басылым – Қазақ Елінің алыбы, ұлт мақтанышы Қаныш Сәтбаевтың мол мұрасын жүйелі түрде ұсынатын, жас ұрпаққа үлгі болатын, уақытпен өлшенбейтін рухани құндылық болып табылады.
Конференцияға еліміздің ғылым, білім, мәдениет саласының белгілі өкілдері қатысты. Басты ұйымдастырушы әрі модератор болған академик Кенжехан Матыжанов Сәтбаевтың ұлт руханияты мен әдебиетіне қосқан зор үлесін атап өтіп, жаңа жинақтың ғылыми маңызын жан-жақты баяндады.
Бұдан басқа баяндамаларды келесідей тақырыптарда «Қаныш – қазақ руханиятының қамқоршысы» – академик Алтынбек Нұхұлы, «Ұстаз ұлағаты» – академик Серікбек Дәукеев, «Инженерлік ой-сана және ұлттық рух» –профессор Ұлықпан Сыдықов, «Қаныш Сәтбаев және ұлттық сананың жаңғыруы» – профессор Әділхан Байбатша, «Қаныш Сәтбаев планетасы» – профессор Серік Негимов және тағы да басқа танымал ғалымдар құттықтау сөздер арнады. Музыкатанушы, әнші Еркін Шүкіман – «Қаныш Сәтбаев және қазақтың музыкалық мұрасы» тақырыбында сөз сөйлеп, конференция соңында ғалым жинаған халық әндерін орындап, ерекше әсер сыйлап, шараға рухани тереңдік пен шабыт берді. Конференция жұмысына Халықаралық Әлкей Марғұлан қорының президенті, ғұлама-археологтің қызы Дәнел Марғұлан, белгілі композитор, публицист және қоғам қайраткері, Еуразиялық мәдениет қорының президенті Ерұлан Қанапиянов, «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің басшысы Қайыргелді Абылғазин және т.б. жанашыр қауым қатысты. Сонымен қатар, шара барысында көрме ұйымдастырылып, көрермен қатысушылар назарына Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі қызықты әрі мазмұнды материалдар ұсынылды.
«Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының» қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде баяндамамның соңында «Академик Қаныш Сәтбаевты насихаттауда сіңірген еңбегі үшін» деген жазуы бар I, II, III дәрежелі ордендермен марапаттау рәсімін өткіздім. Алтын түстес I дәрежелі орденмен есімі елімізге кеңінен танымал, Қанышты ұстаз тұтып, тәлімін алған, өткен жылы «Академик К.И.Сатпаев и большая медь Казахстана» атты тамаша кітапты жазып шыққан, 90-ның төрінде отырған, академик ағамыз Сұлтанбек Қожахметовті марапаттадық. Өткен жылы осындай орденмен Ұлттық Ғылым академиясының президенті болған, академик Серікбек Дәукеевті Академияның жиналысында «Қазақтың Қанышы» атты жазушы Медеу Сәрсекенің кітабын шығаруға демеуші болғандығын арнайы атап өтіп, марапаттап едік. Күміс түстес II-дәрежелі орденмен осы бес томдықтың жарыққа шығуына зор үлес қосқан авторлары ретінде академик Кенжехан Матыжанов, профессорлар Ұлықпан Сыдықов пен Әділхан Байбатша марапатталды. Аталған ағаларымыздың әрбіреуінің Ұлы ғұлама Қаныш Сәтбаевты насихаттаудағы орындары ерекше екендігі мен үшін де мәртебе!
Алтынбек НУХҰЛЫ,
Академик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты.