Сәдуақас Шорманов атындағы «Халқына сөзі құнды, өзі сыйлы Сәкен ағай» облыстық студенттер мүшәйрасының жүлдегер жырларын оқырман назарына ұсынамыз.
Бөрі-ғұмыр
(Сәдуақас Шормановқа)
Мен өзіңнен, зар заман, шөлдеп едім,
Басымды алып тынарсың көрге менің,
Заман өтіп барады, заман өтіп,
Айналдырып ұршықтай дөңгелегін.
Хан да өткен жалғаннан, қара да шын,
Алып қашып жүретін қара басын,
Қарсы шапты қасқайып бөрі ғұмыр,
Қазағымды қорқаулар талағасын.
Қорықпаған қоғамның шатағынан,
Шибөрінің көрінбей қатарынан,
Бөлтірігін бермеді, қандауызым,
Алып кетіп дұшпанның апанынан.
Жалғанның жалындаған өрті бүгін,
Өжетсінер өзекте өлтіріп үн,
Батырлықтың байрағын көтерем деп
Бөрі-бүлік жасап жүр бөлтірігің.
Қилы заман аңсаумен, жүр тағысын,
Санасыздың сыңсыған сылтауы үшін,
Сормаңдайлы қазағың жанын берер,
Шормандайын асылдың ұрпағы үшін.
Тыңдағанда алаштың ғұмыр әнін,
Қылқобыздай кеудемде құбылады үн,
Арланымды аңсаймын естігенде
Ай астында көк бөрі ұлығанын…
Есенкелді ЖӘНІБЕК,
М.Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті,
Бас жүлде иегері.
Сәдуақастың тулауы
(Сәдуақас Шорманов атынан. «Басшы» қолжазбасын аяқтағанда…
Бұл өлең Сәдуақас Шормановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында туды. «Басшы» атты қолжазбасын оқып шыққанда түйген ойым болатын)
Айта алмаспын, жаза алмаспын ақпар мың,
Ақпар іздеп, сөз қоржынын ақтардым.
Оқырманмен тілдесуге келгенде,
Тиек болар, сүбелі сөз саптармын.
Күннен туған, шуағымын ақ таңның,
Түн бойласа, кеште бірге батқанмын.
Таласып-ақ, ұясына жеткізбей,
Түлетіп ем, тастүлегін қатпардың.
Тарих бетін, қалқам, қанша ақтардың,
Жалғасы едің, рухы биік сақтардың.
Адамзатқа дейін қанша күн өтсе,
Куәсімін сол бір өткен шақтардың.
Сөз-құдірет, тулағанда шаттандым,
Іздеп тауып, бізден кейін жаттар кім?!
Соңымыздан өшпестей із қалар ма,
Жазуындай тасқа түскен хаттардың?!
Абзал РЫМБЕК,
Торайғыров университетінің студенті,
І орын иегері.
Ақкелін…
Ақкелін!
Бір келін толғатты…
Неге аспан тып-тыныш, меңіреу?
Күркіреп, жай ойнақ салмайды
Тек қана сәби үн. Еңіреу…
Ақкелін!
Сендегі құба бел,
Қоңыр жел, қара жер сын қайда?
Кешегі «Сәдуақас» туғанда
Құтырған табиғат-жын қайда?
Ақкелін!
Қырат, төбелер,
Үнсіздік. Үндес нала түн,
Баянтау, сендерге не болған?
Шыңғырған дауыстан шығатын,
Жаңғырық естімей қалатын.
Ақкелін!
Тау-тас тірілсе,
Жан бітіп жылғаға сәби деп,
Қашанғы «Сәдуақас» іздейсің?
Құшаққа алсаңшы әлдилеп…
Ақкелін!
Тарих куәгер –
Тәлкегін көрген тағдырдың
Запыран жұтқан тектілер,
Бүгінгі «сәби» кім енді?
Көк бөрі ме еді, көк тірер?
Ақ пейіл
Ақкелін кеше гөр!
Жер-ана жесір қалыпты…
Тұлғалар деген тұғырды
Түлкілер алып қойыпты…
Табасын таса архивтен
Сәдуақас деген алыпты.
Алып та емес екен ғой…
«Сәбилер» жұтып қойыпты…
***
Сәдуақас өткенге – жыл-ғасыр…
Мұғжиза көңілге – Мың ғасыр!
Жанболат АБАЙХАН,
Торайғыров университетінің магистранты,
ІІ орын иегері.
«Ардақ»
Көк Баянның қаһарындай жырым дүр,
Тағдыр толғап махаббатың сырын бір.
Сүйген жүрек сыздап өтті, от кешіп,
Сағыныштан сөнбей қалған мұңын біл.
Жер Анаға беріп састы маралын,
Жаспен жуып, мұңмен басты жанарын.
Жырға көмген Нұридасын білмеп ед,
Құмға сіңген тамшыдай боп жатарын.
Жыл өткенмен тастай алмай наланы,
Ескі күндер тырнай берді сананы.
Жалғыздықтың салмағынан сескеніп,
Жүрек іздеп тұрды оттай пананы.
Жазамын деп жардай болған жараны,
Құбылады нардай тағдыр тарамы.
Өмір қосқан Зейнеп, бірақ ер жанын,
Бедеу әйел тастай жаншып барады.
Өмір дейтін өзекте – шер мен мұңдар,
Жылкелдінің ішіне түскен кім бар?
Адалдықтықтың жалауы жылқышы да,
Қақтығысып жатса да сөз бен сындар.
Жылқышының қызы бар Мәкен деген,
Жарқыраған жұлдыздай көркем дер ем.
Бір арнаға құйылған бұлақтай боп,
Жөн сұрасып көріскен Сәкенменен.
Тағдырдың тар жолында тоғысқандай,
Тауқыметтің тұманы болысқандай.
Зейнеп сезген дүрсілін қос жүректің,
Көлеңкедей ілесті қалыс қалмай.
Ер Сәкеннің жоқтығын пайдаланып,
Сырттан салды тұзақты айла тауып.
Жылкелдіге жол тартты қамықпастан,
Өткір тілін қылыштай қайрап алып.
Көшті солай Бестауға жылқышы жақ,
Көшті сезім бұлттардай мұң құшып ап.
Сәкен келді сапардан түк те сезбей,
Көңілі мен жерігін құлқы сынап.
Мәкен де жоқ, көңілін орнықтырар,
Зейнептің бар амалы қорлық болар.
Сәкен тауып шешпеді түйіндеуді,
Оймен болды елігін жолықтырар.
Махаббат жеп Сәкеннің асқар жанын,
Бас тартуға қимады басты арманын.
Жүрегінде жыр тұнды құдіретті,
Кең далада боздатқан жасар әнін.
Мән іздеген кей шаққа шын үздігер,
Ән іздеген бейбақты кім түсінер?
Ұлы өлеңге ән тапқан – іні Жәкен,
Ән тудырды арқалы жұрт сүйсінер.
Қоңыр күйдей жүректен түлеп шыққан,
Төзімі – шым темірдей, жүрек жұтқан.
«Ардақ» атпен бүркенген Мәкен ару,
Сәкен сері басқадан бөлек тұтқан.
Қайран сезім, адасқан тағдырлар-ай,
Ойран сенім, тоз болған том жылдар-ай.
Қарагердей асаулықты бірден басар,
Домбыраның сазындай сам жырлар-ай.
«Ардақ» әні дәл солай етек жайды,
Жырға бөлеп тербетті терек, сайды.
Ән мәңгілік, әз халықтың жүрегінде,
Сағыныштан жаралған дерек жайлы.
Жамбыл АБЫЛҚАС,
М.Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті,
ІІ орын иегері.
Сарп еткізген ғұмырын, халық үшін
Көш керуен, өмірдің тізбегінен
Тарландардан өшпейтін із көрінген.
Бағасына жетпеспіз біздер мейлі
Ассақ-тағы асқар шың, түз белінен.
Алашымның сөгілмес керегесі
Көз алдымда талпынған ел егесі.
Тар заманда тарықпай тарпаң басқан –
Шорман бидің Сәдуақас немересі.
Қар жастанып, Қаржаста туған екен
Ел ері боп, белін бек буған екен.
«Құтты болсын!» тілекпен Шорман биге
Әлдебек би атанған Мұқан келген.
Өркендеген Әлдебек батасынан ,
Асқан солай ғұмырдың жотасынан.
Мұсадайын әкенің ізін басып,
Тәлім алған Шормандай атасынан.
Жастайынан қолына Құран алған,
«Алашым» деп шарқ ұрып, ұран салған.
Құбыла ұшқан құстармен қалқып кеткен
Қол жеткізбес, құрғыр-ау бұлан арман.
Сарп еткізген ғұмырын, халық үшін,
Жояр кімдер жалғаннан ғаріп күшін?
Қараңғылық тұманын жайпап өткен
Үміт жалғар алыптар жарығысың.
Тастан қатты, әттең-ай, ғұмыр неткен
Ел деп өлер, ерлерім құрып кеткен.
Жұмыр басты пенденің бұрынырақ,
Жаратқанның сотына бұрын жеткен.
Бағдәулет ТӨЛЕУХАН,
М.Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті,
«Қ.И.Сәтбаев қоғамдық қорының» арнайы жүлдесінің иегері.
Тар дәуірде де тура жолынан таймаған
(Садуақас Шормановқа арнау)
Қадымы ғұмыр,
Жарығы жұмыр жерді алған,
Шерменде болып, шаттығын көміп шерді алған.
Өткен күнімді шектеусіз қарап отырған,
Қырандай еркін жоқ шығар, шіркін, менде арман.
Өзегім кетті өкініш тулап төккен мұң,
Қынжылды жаным өрімін көріп өткеннің.
Тамырын қазып сүңгісем тарих ішіне,
Сұңғыла жыр барғ сырлары жұмбақ от пен мұң.
Күш алып ардан,
Құсалы қалған, тау бабам,
Жабығу қалып, жаныңды жырмен жаулаған.
Ер Сәкен сөйлеп жатқанда елдің алдында,
Көмейі алтын бұлбұл құстайын сайраған.
Білетін мәңгі
Жүретін жанды тербетіп,
Көрсетіп өттің мұсылмандықтың келбетін.
Алтын сөздермен көмкерген ғалам нұрындай,
Сәулелі қылды Ер Сәкен басқан, жер бетін.
Ақ келін жатты ақ айдың шомып нұрына,
Құдай да өзі қарасып жүрді құлына.
Баянда жатты бауырын ашып әрқашан,
Батасын беріп, байрақты болған ұлына.
Иман нұрына шомылып алып жайнаған,
Дұғада болды сен үшін бәлкім ай, ғалам.
Шүкірмен сөйлеп, бастаған сөздің асылын,
Тар дәуірде де тура жолынан таймаған.
Сонда да тағдыр алып адамды қинадың,
Қайтейін жұмыр жердің бетіне сыймадың.
Өзгеріп кетер кім білсін қазақ бір күні,
Сыйласа егер Сәдуақастың иманын!
Сабина РАМАЗАНОВА,
Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің студенті,
«Қ.И.Сәтбаев қоғамдық қорының» арнайы жүлдесінің иегері.
Ұмытсақ, егер өзіңді кеш, ақтаңгерім
(Сәдуақас Шормановқа)
Жаныңды іздедім жел өбіп жатқан қайыңнан,
Тәніңді іздедім, заманға батқан уайымнан.
Ақкеліндегі ақ боз үй тербетіп алып,
Аймалап сүйіп кеткендей ақ маңдайыңнан,
Замана келіп түрленіп, түн бермегенде,
Зарлы әуен шығып даламды мұң кернегенде,
Бір алып шықты тұрпатты тұлғасы биік,
Жинақтап, теріп, жалынды жыр берген елге.
Ұмытсақ, егер өзіңді кеш, ақтаңгерім,
Жетпеспіз әлі бағаңа болсақ та керім.
Намысың сынбай, сүрінбей патша алдында да,
Нар қазақтарды бұғаудан босатқан ерім.
Қамшы ғұмырда, жан болдың жыры мақпалдан,
Биіктеу болды біз үшін құның ақ таңнан,
Темір тор келіп салмастан жаныңа тұстау,
Тәңір қолына түрмеден бұрын аттанған.
Тұлпардай тулап тұсамыс салды құлынға,
Көрінбес сонда тәңірдің жарлығы мұнда,
Қазақ деп жүдеп терледің тынымсыз жүріп,
Баяннан шыққын Баянды бар ғұмырыңда.
Ербол БОЛАТ,
Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің студенті,
«Aiqara.kz» порталының арнайы жүлдесінің иегері.
Сөнбей қалған тектіліктің шоғын үрлеп
(Сәкен ағайға)
Жаршысы жақпар шыңның құт пен қайрат,
Тектілік өз отауын тіккен аймақ.
Баянсыз жалған күнін кім сүрмеді,
Баянның басындағы бұлтпен ойнап.
Болса егер қай кеудеде өр намыс бар,
Тағдыры тағайындар тор, қамыттар.
Сөнбей қалған тектіліктің шоғын үрлеп,
Отын қайта тұтатты Шормановтар…
Небір кездер басыңа келді-ау даусыз,
Шегір көздер құл қылып елді арбаусыз.
Сәкен ағай жырларын маздатқан ед,
Ел ордасыз қалғанда
Жер қорғаусыз…
Ғылымның бәрін жиған тәрізді маң,
Қаумалап келген
Қараңғылықпен алысты ұлан.
Бөктерінен Баянның ғұмыр бастап,
Мектебінен түлеген Қаныш қыран.
Тарихымды алса да өңдеп ұлық,
Қонақтап кеп,
Салғандар көп төрде бүлік.
Қазақтардың егізіндей қайсарлығы
Кеткендей соларменен көрге кіріп…
Рамазан ДӘУРЕНБЕКҰЛЫ,
Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің студенті,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Баянауыл аудандық филиалының арнайы жүлдесінің иегері.