Батып кете жаздадым

10 жасыма дейін бұрынғы Семей облысы, Бесқарағай ауданы, Бөденелі ауылында тұрдық. Ертістің сол жағалауында, Курчатов қаласынан 60 шақырымдай жоғарырақ тұрған қазақы ауыл еді. Ертістің арғы бетіндегі «Долонь»  совхозының бөлімшесі болды. 200-дей үйі бар ауылда мыңға жуық адам тату-тәтті өмір сүріп жатты. Сегіз жылдық мектебі болды. Әкей – завуч, шешей – неміс тілі пәнінің мұғалімі…

Бала Ғабит әкесі Көпжасардың алдында тұр (1967-1968 жылдар)

Жаз шығысымен ауылдың барлық қарасирақ баласы күндерін Ертіс жағасында өткізеді. Жоғары-төмен жөңкілген үлкенді-кішілі кемелерді қызықтаймыз. Өкіріп, ыңыранып, сықырлап сынып кетердей болып құм, тас, көмір, ағаш тиеген ауыр баржалар өтеді. Зырылдай зулап ақшаңқан «Ракета», «Беларусьтар» ә дегеніңше бұрылысқа сіңіп, көзден ғайып болып жатады.

Улап-шулап, сырнайлатып-кернейлетіп, қарқ-қарқ күліп, тарсылдата билеп екі-үш қабатты жолаушылар пароходы бізге беймәлім өмірден хабар беріп, тамсантып, таң қалдырып, «е, мұндай да өмір болады екен-ау» дегізіп өте шығады…

Кемелер саябырсыған сәттерде бізден ересектеу балалар арғы бетке жүзіп өтіп, дәмі өле-өлгенше таңдайыңнан кетпес қап-қара мойыл бұтақшаларын әкеледі…

«Ұлдар жақ», «Қыздар жақ», Аққұм, Тастақ деген жерлері болды. Бір күні «Ұлдар жағынан» «Қыздар жағына» жорыққа шықтық. Екі арада суға кіріп тұратын мүйіс болатын. Сол мүйісті сумен айналып өтпекші болдық. Алды-артымызда ересектеу балалар бар.

Бір мезетте менің аяғым жерге тимей кетті, жанұшыра қол-аяғымды ербеңдетемін. «Итше, итше малты!», – дейді артымдағы бала. Бар күшімді жинап, қол-аяғымды бірдей қозғап, бір батып, бір шығып келе жатқанда башпайым қайтадан құмға тигендей болды. Бір қызығы, осыдан кейін итше де, адамша да, басқаша да малтып үйреніп алдым.

Добавить комментарий