
Әр мемлекеттің өркениетті даму жолы оның заңға деген құрметінен, адам құқығына берген бағасынан және қоғамда әділеттілік қағидаттарын орнықтыра білуінен көрінеді. Қазақстанның да болашағы құқықтық мәдениеті жоғары, жауапкершілігі берік, азаматтарының қадір-қасиеті құрметтелетін қоғам қалыптастырумен тығыз байланысты. Осы мұратқа жетуде Ата Заңның орны айрықша.
Конституция еліміздің құқықтық жүйесінің негізін қалайды. Онда мемлекеттің басты құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы қатынастардың негізгі қағидаттары айқындалған. Адамның өміріне, ар-намысына, еркіндігіне құрметпен қарау құқықтық мемлекеттің басты өлшемдерінің бірі саналады. Сондықтан Ата Заңды құрметтеу әрбір азаматтың өз еліне, қоғамына және айналасындағы адамдарға деген құрметінен бастау алады.
Әділетті Қазақстан құру идеясының түпкі мәні де осы құндылықтармен сабақтас. Әділеттілік қоғамның барлық саласында көрініс табуға тиіс. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе таныстық байланыстарына қарамастан, оның құқығы бірдей қорғалуы қажет. Еңбек еткен адамның еңбегі лайықты бағаланып, білімге ұмтылған жастың қабілетін дамытуына мүмкіндік жасалғанда ғана қоғамдағы әділеттілікке деген сенім нығаяды.
Заң үстемдігі орныққан елде ешкім өзінің лауазымын немесе ықпалын жеке мүддесі үшін пайдаланбауы керек. Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты халықтың игілігіне қызмет ету болса, азаматтардың билікке деген сенімі де арта түседі. Ашықтық, есептілік, шешім қабылдаудағы адалдық пен жауапкершілік әділетті қоғамның берік тірегіне айналуы қажет. Өйткені әділетсіздікке көз жұму қоғамның тұтастығына нұқсан келтіріп, адамдардың ортақ болашаққа деген сенімін әлсіретеді.
Дегенмен әділеттілікті тек мемлекеттік органдардан талап етумен шектелуге болмайды. Оның күнделікті өмірде орнығуына әрқайсымыз жауаптымыз. Кезекте өзгенің құқығын сыйлау, уәдеге берік болу, біреудің еңбегін иемденбеу, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау секілді қарапайым әрекеттердің өзі азаматтық мәдениеттің деңгейін көрсетеді. Өз құқығын білетін адам өзгенің де құқығын құрметтеуге міндетті.
Бұл тұрғыда отбасы мен мектептің тәрбиелік маңызы ерекше. Бала әділдіктің мәнін үлкендердің ісінен, ұстаздың оқушыға деген қарым-қатынасынан, айналасындағы адамдардың адалдығынан ұғынады. Жас ұрпаққа заңды жаттатып қана қоймай, оның адам өміріндегі маңызын түсіндіру қажет. Өз пікірін еркін білдіре алатын, өзгенің көзқарасын сыйлайтын, әділетсіздікке заңды жолмен қарсы тұра білетін ұрпақ елдің дамуына зор үлес қосады.
Ата Заңның өміршеңдігі оның қағидаттарының күнделікті тіршілікте қаншалықты жүзеге асатынымен өлшенеді. Әділеттілік ұран күйінде қалмай, әрбір шешімнің, әрбір істің адамгершілік өлшеміне айналғанда ғана қоғам сапалық тұрғыдан өзгереді. Еліміздің ертеңі заңды құрметтейтін, адал еңбекті бағалайтын, ортақ мүддені жеке пайдадан жоғары қоя білетін азаматтардың қолында. Әділетті Қазақстанды қалыптастыру бүгінгі әрбір азаматтың саналы таңдауы мен нақты ісінен басталады.
Асыл ӘБІШЕВ
