Павлодарда – Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада белгілі ақын, публицист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Жұмағали Қоғабайдың «Ана тіл үшін ат үстінен түспеген жылдар» атты еңбегінің тұсаукесері өтті.

Тағылымды шарада қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында атқарылған сан жылдық еңбек сараланып, ұлт руханиятына қызмет еткен азаматтардың өнегесі ұлықталды.

Жаңа жинақтың басты ерекшелігі – Екібастұз қалалық «Қазақ тілі» қоғамының 1990–2022 жылдар аралығындағы қызметін қамтуы. Кітапта ана тілінің қоғамдық қолданысын кеңейтуге бағытталған бастамалар, тарихи оқиғалар, мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге күш-жігерін жұмсаған азаматтардың еңбегі жинақталған. Бұл кезең еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды тарихи өзгерістермен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздік қарсаңындағы ұлттық жаңғыру, егемен мемлекет қалыптастыру, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі орнын нығайту – осы жылдардың өзекті мәселелері болды.

Әсіресе Екібастұз секілді өндірісті, көпұлтты қалада қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үлкен табандылықты, ұйымдастырушылық қабілетті және азаматтық жауапкершілікті талап етті. Сондықтан бұл басылымды бір қоғамдық ұйымның ғана емес, тұтас бір кезеңдегі тіл жанашырларының ортақ еңбегін танытатын тарихи-танымдық туынды ретінде бағалауға болады.

Кітаптың тұсаукесерінде Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, байланыс саласының ардагері Батырбек Мусин және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Бағдат Мусин онлайн форматта ізгі тілектерін жеткізді. Басқосуда профессор Айман Зейнулина, жазушы Серік Елікбай, журналистер Болат Аманбаев пен Дәлелхан Әбдіхалық жаңа еңбектің тарихи-танымдық маңызы жөнінде пікір білдірді.

Ал кітап авторы Жұмағали Қоғабай жинақтың жазылу тарихына тоқталып, еңбектің дүниеге келу жолын әңгімеледі.

Жұмағали Қоғабай – әдеби шығармашылықпен қатар, қоғамдық мәселелерге белсене араласып келе жатқан қаламгер. Оның шығармашылық мұрасында поэзия, публицистика, деректі проза және тарихи-танымдық еңбектер елеулі орын алады. Әр жылдары жарық көрген «Екібастұздан ескен леп», «Дүмпуі көп дүние», «Жаңбырлы күн», «Дала қыраны туралы хикая», «Қырандарым, самғай бер» секілді кітаптары қаламгердің тақырыптық ізденісінің кеңдігін көрсетеді. Сонымен бірге оның шығармаларында туған жер тарихы, елге еңбегі сіңген тұлғалар, қоғамдық өмір мен рухани құндылықтар мәселесі көрініс тапқан. Жазушының жаңа еңбегі осы шығармашылық бағыттың заңды жалғасы іспетті. Мұнда көркем сөз бен қоғамдық жауапкершілік, азаматтық ұстаным мен тарихи жады өзара сабақтасады.

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру – тек мемлекеттік мекемелердің немесе қоғамдық ұйымдардың міндеті емес. Бұл – ұлттың рухани тұтастығына, мәдени сабақтастығына және келешек ұрпақтың ұлттық болмысына тікелей қатысты мәселе. Тілдің өміршеңдігі оның күнделікті қолданысымен, білім мен ғылымдағы, мәдениет пен ақпарат кеңістігіндегі орнымен өлшенеді. Ал осы мақсат жолында тер төккен азаматтардың еңбегін құжаттап, тарихқа айналдырудың маңызы ерекше.

Жұмағали Қоғабайдың жаңа туындысы осы тұрғыдан құнды. Өйткені қоғамдық қозғалыстардың тарихы көбіне сол кезеңнің белсенді қатысушыларының естеліктерінде, архивтік құжаттарында, баспасөз материалдарында сақталады. Оларды жинақтап, жүйелеу – келешек зерттеушілер үшін де маңызды іс. «Ана тіл үшін ат үстінен түспеген жылдар» – өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, бүгінгі қоғамға ой салатын еңбек. Кітаптың тарихи құндылығы Екібастұз өңіріндегі тіл қозғалысының шежіресін сақтаумен шектелмейді. Ол мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан азаматтардың есімдерін ұлықтауға, олардың қоғамдық қызметін кейінгі буынға таныстыруға мүмкіндік береді.

Мұндай басылымдардың жастар үшін де тәрбиелік мәні зор. Өйткені ана тіліне құрмет құрғақ ұранмен емес, нақты іспен, табанды еңбекпен, азаматтық жауапкершілікпен қалыптасады. Тіл үшін күрескен ұрпақтың еңбегін тану – бүгінгі ұрпақтың сол құндылықты сақтап, дамыту жолындағы жауапкершілігін арттыра түседі. Сондықтан Жұмағали Қоғабайдың жаңа энциклопедиясын қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі орнын нығайту жолында атқарылған жұмыстардың маңызды жылнамасы, ұлт руханиятына қосылған салмақты үлес деуге толық негіз бар.

Түйіндей айтқанда, ана тілінің абыройы – ұлттың абыройы. Ал сол абырой жолында ат үстінен түспей еңбек еткен азаматтардың есімін тарихта қалдыру – бүгінгі буынның парызы.

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий