Елдің өркендеу деңгейі тек ірі қалалардың сәулетімен, зәулім ғимараттарымен немесе экономикалық көрсеткіштерімен ғана өлшенбейді. Мемлекеттің шынайы даму дәрежесі шалғай ауылдағы тұрғынның тұрмысынан, баланың сапалы білім алу мүмкіндігінен, азаматтың медициналық көмекке қолжетімділігінен, елді мекендердің әлеуметтік жағдайынан да айқын көрінеді. Сондықтан ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық алшақтықты азайту – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына тікелей ықпал ететін стратегиялық міндет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында көтерілген ауқымды құрылыс, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, өңірлердің әлеуетін арттыру мәселелері осы тұрғыдан ерекше назар аудартады. Өйткені халықтың өмір сапасын жақсарту ең алдымен күнделікті тұрмысқа қажетті инфрақұрылымның қолжетімді болуынан басталады.

Ауыл мен қаланың мүмкіндіктерін жақындату дегеніміз олардың сыртқы келбетін бірдей ету емес. Бұл – қай жерде тұрса да, әрбір азаматтың білім алуға, денсаулығын сақтауға, еңбек етуге, мәдени және рухани игіліктерді пайдалануға лайықты жағдайы болуы деген сөз.

Әлеуметтік инфрақұрылым – өмір сапасының негізі

Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында азаматтарды толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Президенттің пайымынша, халықтың тұрмыс сапасын көтеру үшін еліміздің барлық аймағында құрылыс жұмыстарын жандандыру қажет.

Осы мақсатта 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Сондай-ақ 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажеттігі айтылды. Бұл – алдағы кезеңге белгіленген қаржыландыру жоспары.

Алайда мұндай ауқымды бағдарламаның нәтижелілігі бөлінген қаражаттың көлемімен ғана өлшенбеуге тиіс. Ең бастысы – салынған әрбір нысанның халыққа нақты қызмет көрсетуі.

Мәселен, ауылда жаңа мектеп бой көтерсе, оның заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, білікті педагогтердің жеткілікті болуы, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалуы маңызды. Сол сияқты жаңадан салынған медициналық мекеме дәрігерлермен, қажетті жабдықтармен және тұрақты қызмет көрсету жүйесімен қамтылмаса, тұрғындардың мәселесі толық шешілмейді.

Демек, инфрақұрылымдық жаңғырудың түпкі мақсаты ғимарат санын көбейту емес, көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру болуы қажет.

Ауыл болашағы – ел болашағы

Қазақ үшін ауыл – жай ғана географиялық мекен емес. Ол – ұлттық тәрбиенің, дәстүр мен сабақтастықтың, еңбек мәдениеті мен рухани құндылықтардың алтын бесігі. Сондықтан ауылды дамыту мәселесіне тек экономикалық көрсеткіштер тұрғысынан қарау жеткіліксіз.

Бүгінде ауылдық жерлердегі өзекті мәселелердің бірі – жастардың үлкен қалаларға қоныс аударуы. Оның себептері әртүрлі. Бірі сапалы білім іздейді, екіншісі тұрақты жұмыс пен лайықты табыс табуды көздейді, енді бірі балаларын дамытуға мүмкіндік мол ортаны таңдайды.

Мұндай жағдайда ауылдың келешегі тек тұрғын үй салумен немесе жол жөндеумен шешілмейді. Ауылда өмір сүруге, еңбек етуге және болашақ жоспар құруға жеткілікті жағдай қалыптастыру қажет.

Әсіресе, ауыл жастарының кәсіпкерлікпен айналысуына, жаңа технологияларды игеруіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және шағын өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік берудің маңызы зор.

Президент Жолдауында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілді. Өнім өндірумен қатар, оны сақтау, өңдеу және нарыққа жеткізу жүйесін жетілдіру қажеттігі айтылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл экономикасының әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың табыс көздерін көбейтуге де ықпал ете алады.

Ауыл тұрғыны өз жерінде тұрақты жұмыс істеп, лайықты табыс тапса, сапалы медициналық және білім беру қызметтерін пайдалана алса, оның қалаға көшу қажеттілігі де азаюы мүмкін.

Білім мен денсаулық: мүмкіндік бәріне ортақ болуы керек

Ауыл мен қала арасындағы айырмашылық айқын байқалатын салалардың бірі – білім беру. Бүгінгі бала қай жерде дүниеге келгеніне немесе қай елді мекенде тұратынына қарамастан, өз қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс.

Ауыл мектебіндегі дарынды оқушының ғылыми жобаларға, шығармашылық байқауларға, олимпиадаларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі қаладағы қатарластарынан кем болмауы қажет.

Ол үшін мектеп ғимаратын жаңартумен шектелмей, сапалы интернет, заманауи зертхана, кітапхана, спорт және шығармашылық үйірмелер жүйесін дамыту маңызды.

Дәл осындай талап денсаулық сақтау саласына да қатысты. Жолдауда медициналық инфрақұрылымды кеңейту, перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларын салу жоспарлары жарияланды.

Бұл бастамаларды жүзеге асыру барысында шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін де назардан шығармаған жөн.

Ауылдағы адам қарапайым тексеруден өту үшін ондаған немесе жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр болмауы керек. Ал шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда уақыт пен қашықтық адам өміріне қауіп төндірмеуге тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту – әлеуметтік әділдіктің маңызды өлшемдерінің бірі.

Өңірлердің өркендеуі – ортақ мүдде

Қазақстанның әр аймағының экономикалық, табиғи және өндірістік ерекшеліктері бар. Сондықтан өңірлік даму саясаты осы айырмашылықтарды ескеруге тиіс.

Мәселен, біздің өңір, Павлодар облысы – өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Мұнда энергетика, металлургия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға мүмкіндік бар.

Алайда облыстың даму деңгейін тек Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының өндірістік көрсеткіштерімен бағалау жеткіліксіз. Аудан орталықтары мен шалғай ауылдардың әлеуметтік жағдайы да өңірдің жалпы даму сапасын көрсетеді.

Баянауыл, Аққулы, Ертіс, Железин, Тереңкөл және басқа да аудандардағы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мәселелері өңірлік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болуға тиіс.

Бұл жерде елді мекендердің нақты қажеттіліктерін анықтау айрықша мәнге ие. Бір ауылға жол мен ауыз су мәселесін шешу өзекті болса, екінші елді мекенге мектепті жаңарту немесе медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру маңызды болуы мүмкін.

Сондықтан инфрақұрылымдық жобалар жоғарыдан белгіленген жалпы жоспармен ғана емес, жергілікті тұрғындардың сұранысымен де ұштасуы қажет.

Жолдаудан кейін, 29 қазанда өткен Үкімет отырысында министрліктер мен әкімдіктерге 2026 жылдың соңына дейін өңірлердің қажеттіліктерін талдап, жолдарды, инженерлік желілерді, білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын салу мен жаңғырту жобаларының тізбесін қалыптастыру тапсырылды.

Бұл жұмыстың ашық жүргізілуі, жобаларды іріктеу өлшемдерінің түсінікті болуы және тұрғындардың пікірінің ескерілуі аса маңызды.

Құрылыстың нәтижесі – халық игілігі

Президент көтерген ауқымды құрылыс бастамасы өңірлердегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді кешенді шешуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру үшін бірнеше маңызды талап сақталуы қажет.

Ең алдымен, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына баса мән берілуі тиіс. Әрбір жобаның құны, құрылыс мерзімі, сапасы және пайдалануға берілгеннен кейінгі қызметі тұрақты бақылауда болғаны жөн.

Екіншіден, жаңадан салынған нысандарды күтіп ұстау мәселесі алдын ала шешілуі керек. Құрылыс аяқталғанымен, ғимаратты пайдалануға қажетті мамандар мен қаржы қарастырылмаса, оның әлеуметтік тиімділігі төмендейді.

Үшіншіден, өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, инфрақұрылымдық жобалардың экономикалық қайтарымына да назар аударған дұрыс.

Мысалы, жаңа жол тек қатынасты жақсартып қоймай, кәсіпкерліктің дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарыққа жетуіне, тұрғындардың еңбек мүмкіндіктерінің кеңеюіне қызмет етуі тиіс.

Осылайша инфрақұрылым құрылысы жеке-дара шара емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін кешенді тетікке айналады.

Әділетті даму – баршаға ортақ мүмкіндік

Қоғамдағы әлеуметтік әділдік ұғымы азаматтардың заң алдындағы теңдігімен ғана шектелмейді. Оның маңызды қыры – адамның тұрғылықты жеріне қарамастан, негізгі қоғамдық игіліктерді пайдалана алуы.

Ауылда туған бала мен қалада өскен баланың қабілеті мен талантына қарай дамуына жағдай жасау, әрбір азаматтың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуі, еңбек ету және кәсіп бастау мүмкіндіктерін кеңейту – осы ұстанымның нақты көріністері.

Әрине, ауыл мен қаланың барлық мүмкіндігін толық бірдей ету оңай емес. Елді мекендердің халқы, орналасуы, экономикалық әлеуеті мен қажеттіліктері әртүрлі. Дегенмен бұл айырмашылықтар азаматтардың негізгі әлеуметтік құқықтары мен мүмкіндіктерінің шектелуіне себеп болмауы тиіс.

Президент Жолдауында белгіленген инфрақұрылымдық жаңғыру міндеттерінің қоғамдық маңызы да осында.

Түптеп келгенде, ел дамуының ең басты көрсеткіші – адам. Қанша нысан салынғаны, қанша шақырым жол жөнделгені немесе қанша қаржы игерілгені маңызды болғанымен, олардың барлығы халықтың өмір сапасындағы нақты өзгерістер арқылы бағалануы қажет.

Ауыл мен қала арасындағы алшақтық азайып, әрбір елді мекенде лайықты өмір сүруге жағдай жасалған сайын елдің әлеуметтік тұтастығы да нығая түседі.

Өркениетті мемлекеттің келбеті оның ең ірі қалаларынан ғана емес, ең шалғай ауылдарының тұрмысынан да танылады. Сондықтан ауыл мен қалаға ортақ даму мүмкіндігін қалыптастыру – бүгінгі күннің міндеті ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий