Бейбіт БӨЖЕН

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, “LEP” әдеби бірлестігінің төрағасы

 

Атамды жүрмін сағынып…
(терме)

Сүліктей қылып баптаған,
Мінгізген тайға ақтабан,
Қамшыны берген қолыма,
Тобылғыменен саптаған.
-Тақымың болсын тастай, – деп,
Арқамнан қағып мақтаған.
Атамды жүрмін сағынып…

Үйірден ұстап құнанды,
-Ерттеп мін, – деген құлаңды.
Аралап баба бейітін,
Таспалап айтқан мұрамды.
Мінәжат еткен Аллаға,
Әлһамнан бастап құранды.
Атамды жүрмін сағынып…

Шалғысын шыңдап салғызған,
Маңдайды терге малғызған.
Астыма төсеп шапанын,
Шежіре шертіп жазғызған.
Жеті атамды жаттатқан,
Бабадан қалған жалғыз дән.
Атамды жүрмін сағынып…

Жусанның иісі аңқыған,
Сөзінен болат балқыған.
Сақал мен мұртын бастырып,
Жайдары жаздай жалқы жан.
Қонақтан құлақ әкеліп,
Мейірі тасып шалқыған.
Атамды жүрмін сағынып…

Беліне арқан буынған,
Көріктен темір суырған.
Тентекті салып тезіне,
Бидайдай қылып қуырған.
Батасын алып қалмаққа,
Соңынан жастар шұбырған,
Атамды жүрмін сағынып…

Дүние – тұйық сақина,
Кім жетер Сіздей сақиға.
Бір күнім жатқан қасыңда,
Бес күндігіме тати ма?
Аялдатпаған ажал-оқ,
Кебіндеп алған бақиға,
Атамды жүрмін сағынып…

Добавить комментарий