Ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп, мәдениеттер арасын жалғаған көрнекті ақын, аудармашы, кинодраматург, қаламгердің 75 жылдық мерейтойына арналған толғаныс.

Әдебиетте өзіндік қолтаңба қалдыру – дарынның еншісі. Ал сол қолтаңба арқылы әртүрлі мәдениеттер мен дәуірлерді өзара сабақтастыру – азаматтық жауапкершілік пен зияткерлік ізденісті талап ететін биік міндет. Сөз өнерінің қадірін терең түсініп, поэзия мен прозада, аударма мен кинематографияда, баспа ісі мен қоғамдық ой кеңістігінде өзіндік жол қалыптастырған Бақытжан Қанапияновтың шығармашылығы – ұлттық болмысты жалпыадамзаттық құндылықтармен ұштастырған парасаттың жарқын көрінісі. Жетпіс бес жасқа толған қаламгердің өмір жолы – бір суреткердің ғұмырнамасы ғана емес, жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұлт руханиятымен біте қайнасқан шығармашылық шежіре.

Бақытжан Мұсаханұлының шығармашылық болмысы – ұзақ жылдар бойғы үздіксіз ізденістің, қасиетті сөзге деген адалдықтың жемісі. Герольд Бельгердің: «Бақытжанның тегі терең, тамыры бай, өзі – шын мәніндегі еңбекқор, Поэзияға жан-тәнімен ғашық, уақыт пен кеңістіктегі өзін сергек сезінетін сезімтал жан», – деген бағасы қаламгердің ішкі әлемі мен шығармашылық қуатын дәл танытады. Бұл пікірді қаламдастары да қуаттайды. Солардың қатарында «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров та бар. Бақытжан Қанапиянов – ақындық шабыттың жетегінде ғана жүретін суреткер емес, сөздің ішкі қисыны мен көркемдік қуатын терең меңгерген, мәдениеттер арасындағы рухани байланыстың қатпарлы сырларына үңіле білетін ойшыл қаламгер.

Қаламгердің әдебиет алдындағы еңбегі, әсіресе, аудармашылық қызметінен айқын көрінеді. Абайдың терең ойлы, тағылымы мол шығармаларын орыс тіліне тәржімалап, қазақтың рухани қазынасын өзге жұртқа танытуы – ұлттық мәдениет алдындағы перзенттік парыздың жарқын үлгісі. Өз туындыларының оннан астам тілге аударылып, Америка, Ұлыбритания, Франция, Польша, Ресей және басқа да елдерде жарық көруі қазақ әдебиетінің әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын айқындай түседі. Бұл – ұлттық танымның жалпыадамзаттық ой-сезіммен үндесе алатынының да белгісі. Сонымен қатар Жұматай Жақыпбаев, Есенғали Раушанов, Дәуітәлі Стамбеков, Ғалым Жайлыбай, Несіпбек Айтұлы секілді көрнекті ақындардың Бақытжан Қанапиянов өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалауы – сөз өнеріндегі шығармашылық үндестік пен рухани жақындықтың айғағы.

Ертіс өңірінен түлеп ұшып, ел мәдениетінің өрісін кеңейткен қаламгердің жетістіктерін туған жері мен жерлестері әрдайым мақтан тұтады. С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен салтанатты кездесуде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай және Ертіс ауданының Құрметті азаматы Самат Маненов қаламгер шығармашылығының қадір-қасиетіне тоқталды. Олардың пікірлерінен Бақытжан Қанапиянов туындыларына тән туған халқына деген құрмет, ұлттық болмысқа адалдық пен адамдық парасат айқын аңғарылады. Туған өлкенің ықыласы мен рухани қолдауы – қаламгердің шығармашылық жігерін жанып, жаңа ізденістерге жетелейтін қастерлі қуат.

Бақытжан Қанапиянов шығармашылығының тағы бір арналы саласы – тұлғалар арасындағы достық пен рухани серіктестік. Баспа үйінің директоры Ләйлә Утебаева таныстырған «Айдың арғы беті…» / «По ту сторону Луны» атты кітап – қаламгердің жарты ғасыр бойы сыйласып, сырласып, ой бөліскен ағасы, көрнекті философ әрі мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің рухына арналған терең толғаныс. Бұл еңбек – естеліктер топтамасы ғана емес, ұлттық зиялы қауымның бірнеше буынына ортақ арман-мұратты, зияткерлік ізденістер мен рухани сабақтастықты танытатын шежіре.

Мұхтар Әуезовтің елу томдық толық шығармалар жинағын жарыққа шығаруда Мұрат Әуезов пен Бақытжан Қанапияновтың бірлесе атқарған еңбегі де қазақ руханиятына қосылған қомақты үлес саналады. Мұндай ортақ мұрат жолындағы ынтымақ ұрпақтар арасындағы рухани жалғастықтың қадірін тереңдете түседі. «Ат тұяғын тай басар» деген халық даналығының мәні де осындай сабақтастықтан, кейінгі буынға аманат болып қалатын өнегеден көрінеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Бақытжан Қанапияновтың азаматтық болмысы мен рухани парасаты шығармашылығынан да, қоғамдық қызметінен де айқын танылады. Сөз өнеріне адалдығымен, ұлт мәдениетіне сіңірген еңбегімен үлгі болып келе жатқан қаламгердің мұрасы өскелең ұрпаққа биік адамгершілік пен азаматтық жауапкершілікті ұғындыратын рухани мектеп болып қала бермек.

Жетпіс бес жас – жүріп өткен жолға ой жүгіртіп, атқарылған істің мәнін бағамдайтын мерейлі белес. Осы белестен қарағанда, Бақытжан Қанапияновтың шығармашылық мұрасы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, ұлт руханиятының қымбат қазынасына айналғаны анық аңғарылады. Өйткені уақыт пен кеңістіктің шегінен асып, адамзаттық парасатқа қызмет еткен сөздің ғұмыры ұзақ. Шынайы әдебиеттің өлшемі де – оның дәуірлерді жалғап, ұрпақтар жүрегіне жол таба білуінде.

Айбек ОРАЛХАН

Добавить комментарий