Павлодардағы Торайғыров университетінде белгілі ғалым, жазушы, әдебиеттанушы, алаштанушы, абайтанушы, мұхтартанушы Тұрсын Жұртбаймен тағылымды кездесу өтті. Қазақ руханиятының көрнекті өкілімен өткен басқосуға университет студенттері, оқытушы-ғалымдар мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесуде Алаш мұрасы, тарихи ақиқат, ұлттық руханият және ғылыми ізденістің жауапкершілігі туралы келелі әңгіме өрбіді.

Рухани жүздесу қазақ әдебиеті мен тарихының терең қатпарларын зерттеп, ұлт зиялыларының көмескіленген мұрасын жаңғыртуға саналы ғұмырын арнаған ғалымның шығармашылық және ғылыми жолымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Тұрсын Жұртбай – қазақ әдебиеттануы мен тарих ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар, әсіресе Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлерінің тағдырын зерттеуде айрықша еңбек сіңірген тұлға. Оның ғылыми ізденістері ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды ашуға, саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін ел жадында жаңғыртуға және олардың тарихи қызметіне әділ баға беруге бағытталған.

Кездесу барысында Тұрсын Жұртбай өзінің алаштану саласына алғаш ден қойған кезеңдерін, ғылыми ізденіске жетелеген себептерді, осы бағыттағы алғашқы қадамдарын кеңінен әңгімеледі.

Ғалымның әңгімесінен Алаш тарихын зерттеудің жай ғана ғылыми қызығушылық емес, ұлт алдындағы үлкен жауапкершілік екені аңғарылды. Әсіресе, кеңестік идеологияның қатаң шектеулері жағдайында Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерделеу, олардың өмірі мен қызметіне қатысты тарихи деректерді іздестіру оңайға соқпағаны белгілі.

Тұрсын Жұртбай осы салаға бет бұрған тұстағы ғылыми ортаның ерекшеліктеріне, зерттеу жұмыстарының қалыптасу кезеңдеріне тоқталды. Сонымен қатар ғылым жолында өзіне бағыт-бағдар берген, ізденістеріне ықпал еткен ұстаздары туралы естеліктерімен бөлісті.

Ұстаз бен шәкірт сабақтастығы, ғылыми мектептің қалыптасуы, зерттеушінің тарихи шындық алдындағы жауапкершілігі туралы әңгімелер кездесудің тағылымдық мазмұнын тереңдете түсті.

Ғалымның өмірлік тәжірибесі ғылымға енді қадам басқан жастар үшін ерекше мәнге ие болды. Өйткені үлкен ғылыми жаңалықтың артында табанды ізденіс, үздіксіз еңбек, дерекке адалдық пен азаматтық ұстаным жататыны осындай өмірлік жолдар арқылы айқындала түседі.

Тұрсын Жұртбайдың ғылыми шығармашылығында Алаш қозғалысының тарихы айрықша орын алады. Оның «Ұраным – Алаш!..» атты іргелі зерттеуі қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін, олардың ұлттық мемлекеттілік жолындағы күресін және тоталитарлық жүйе тұсындағы қасіретті тағдырын зерделеуге арналған.

Бұл еңбек Алаш қайраткерлерінің өмірбаянын баяндаумен ғана шектелмей, олардың идеялық мұратын, тарихи кезеңнің қайшылықтарын, ұлт мүддесі жолындағы күрестің мәнін ашуға бағытталған.

Алаш қозғалысы – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы саяси және рухани жаңғыруының аса маңызды кезеңі. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы және олардың серіктері көтерген елдік, жер, тіл, білім, ғылым мәселелері бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін де маңызын жоғалтқан жоқ.

Осы тұрғыдан алғанда, Тұрсын Жұртбайдың зерттеушілік еңбегі тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғыртумен қатар, Алаш идеясының қоғамдық және рухани мәнін терең түсінуге жол ашады.

Көрнекті ғалымның шығармашылық болмысын Абай мен Мұхтар Әуезов мұрасынан бөліп қарастыру мүмкін емес. Абайдың рухани әлемі, қазақ қоғамының болмысына қатысты философиялық ойлары, адамгершілік пен білім туралы ұстанымдары – ұлттың рухани дамуын түсінудің маңызды негізі. Ал Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы қазақ әдебиетінің көркемдік биігін ғана емес, тұтас бір дәуірдің қоғамдық, тарихи және мәдени тынысын танытады.

Тұрсын Жұртбайдың әуезовтану бағытындағы зерттеулері жазушының шығармашылық әлемін, тұлғалық болмысын және өмір сүрген дәуірінің күрделі шындығын тереңірек тануға ықпал еткен еңбектер қатарында.

Алаштану, абайтану және мұхтартану – бір-бірінен оқшау тұрған ғылыми салалар емес. Оларды біріктіретін ортақ арқау – қазақ халқының рухани тұтастығы, тарихи жады және ұлттық сананың қалыптасу жолы.

Тағылымды басқосу біржақты баяндаумен шектелген жоқ. Кездесуге қатысқан тыңдармандар, әсіресе университет студенттері ғалымға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Тұрсын Жұртбай қойылған сұрақтарға мазмұнды жауап беріп, өзінің ғылыми ізденістері мен өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, ой бөлісті. Жастардың белгілі ғалыммен тікелей сұхбаттасуы кездесудің маңызын арттыра түсті. Өйткені кітаптан оқыған тарихи дерек пен сол деректі ұзақ жылдар бойы зерттеген адамның өз аузынан естіген әңгімесінің әсері бөлек.

Мұндай жүздесулер жас ұрпақтың тарихқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың сыни ойлауына, ғылыми ізденіске ынтасына және ұлттық құндылықтарға деген көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді. Әсіресе, ақпарат ағыны күшейген қазіргі кезеңде тарихи шындықты дерек арқылы танудың, ғылыми тұжырым мен жорамалдың ара-жігін ажырата білудің маңызы айрықша.

Кездесу барысында Тұрсын Жұртбайдың қазақ ғылымы мен руханиятына сіңірген еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді. Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан ғалымға Алғыс хат табыс етті. Бұл – саналы ғұмырын ұлт тарихының ақтаңдақтарын ашуға, Алаш мұрасын зерттеуге және қазақ руханиятының дамуына арнаған тұлғаның еңбегіне көрсетілген ілтипаттың белгісі.

Сонымен қатар Торайғыров университетінің басшылығы да мәртебелі мейманға құрмет көрсетіп, ғылыми және рухани мұраны насихаттаудағы еңбегіне ризашылық білдірді.

Тұрсын Жұртбаймен өткен кездесу – белгілі ғалымның шығармашылық өмірбаянымен танысу ғана емес, ұлт тарихына, әдебиеті мен рухани мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берген тағылымды басқосу. Алаш қайраткерлерінің арманы, олардың ұлт болашағы жолындағы күресі, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытындағы ғылыми ізденістер – бүгінгі қоғам үшін де өзекті мәселелер.

Тарихты тану – ұлттың жүріп өткен жолынан сабақ шығару, тарихи тәжірибені бүгінгі қоғамдық санамен сабақтастыру және келешек алдындағы жауапкершілікті сезіну. Осы тұрғыдан алғанда, Торайғыров университетінде ұйымдастырылған рухани жүздесудің тағылымы мол. Ғылымға адалдық, тарихи шындыққа құрмет, ұстазға тағзым, ұлт мұрасына жанашырлық – кездесудің өн бойынан көрініс тапқан басты құндылықтар.

Алаш мұрасын ардақтау – өткенге құрмет қана емес, тәуелсіз елдің ертеңіне қызмет ету. Ал сол мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеп, ұрпақ санасына сіңіру – Тұрсын Жұртбай сынды ғалымдардың ұлт алдындағы өлшеусіз еңбегі.

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий