Оқиға туралы ақпарат алу мен таратудан не түйдік?
Маңғыстауда, Каспий теңізінде болған қайғылы оқиға бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Қазақ даласы күңіреніп, бақилық болған сарбаздар үшін ет-жүрегі езіліп-егілмеген адам жоқ. Орны толмас трагедия!
Бірақ осындай ауыр сәтте қоғам тағы бір күрделі мәселемен бетпе-бет келгенін көрдік. Ол – жалған ақпарат, ескі бейнежазбаларды жаңа оқиғаға телу, расталмаған мәліметті ақиқаттай тарату және әлеуметтік желідегі алып-қашпа әңгімеге сену.
Қайғы үстіндегі қоғамды ақпараттық дүрбелеңнен қалай қорғаймыз? Жасанды интеллект дәуірінде шындық пен жалғанды қалай ажыратамыз? Бұл сауалдар дәл қазір аса өзекті әрі ашық күйінде тұр.
Ресми деректен бастайық. 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай орын алды. Қорғаныс министрлігінің 25 қыркүйектегі ресми ақпараты бойынша, жауынгерлік оқу-жаттығу міндетін орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Алғашқы күні із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің денесі 25 қыркүйек күні табылып, іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.
Оқиғаның нақты себептері мен оған әкелген шешімдерге қатысты тергеу жалғасып жатқандықтан, тексеру қорытындысына дейін жекелеген нұсқаларды түпкілікті факт ретінде қабылдамай алмаймыз. Тек қылмыстық іс қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Алайда дәл осындай кезеңде ақпараттық кеңістікте ресми деректен озып кетуге тырысатын басқа «ақпарат тасқыны» пайда болады. Біреу естігенін жазады. Екіншісі оны тексеріп жатпастан, дереу өзгелермен бөліседі. Үшінші адам оған эмоциялық тақырып қойып, жаңаша реңк береді. Төртіншісі бұрынғы оқиғаның видеосын жаңа жағдайға тіркеп, мәселені нанымды сипаттағысы келеді. Осылайша, бірнеше сағаттың ішінде әуелгі жорамал «дерекке», сан мәрте бөлісілген өтірік «шындыққа» ұқсап шыға келеді. Мәселе жалған ақпараттың бар екенінде ғана емес. Мәселе – қоғамның оны қабылдауға, әрі қарай таратуға тым бейім болып бара жатқанында.
Ақтаудағы оқиға деп тараған видео
Маңғыстаудағы оқиға орын алысымен әлеуметтік желілерде әскери қызметшілердің тікұшақтан суға секіріп жатқан бейнежазбасы тарап, оны кейбір парақшалар Ақтау маңындағы қайғылы жағдаймен байланыстырғанын көрді жұрт.
Алайда Factcheck.kz жүргізген тексеру бұл видеодағы кадрлардың Ақтаудағы оқиғаға еш қатысы жоқ екенін көрсетті. Фактчек бұл бейненің бұған дейін де интернетте жарияланғанын анықтап берді. Айта кетелік, қазіргі дезинформацияның кең тараған тәсілдерінің бірі мынандай схемада өріледі: ескі видео + жаңа тақырып + эмоциялық мәтін = миллиондаған адамның жаңсақ түсінігі. Ең қауіптісі сол – мұндай материал сырттай қарағанда өтірікке еш ұқсамауы мүмкін. Қарап отырсаңыз, видеода шынымен де әскери адамдар, су, тікұшақ бар. Бірақ оның уақыты, орны және контексті мүлде басқа. Қоғам осының ара-жігін ажырата алмағандықтан, екшемей, талғамай шынайы ретінде қабылдап, сенеді. Осы күнгі ақпарат әлемінде «көзіммен көрдім» дегеннің өзі жеткіліксіз болып қалды. Енді: «Бұл қашан түсірілді?», «Қай жерде түсірілді?», «Оны алғаш кім жариялады?», «Ресми орган растады ма?» деген басты һәм негізгі төрт сұрақ қойылуы қажет.
Фейк неге тез тарайды?
Жалған ақпараттың шындықтан бір артықшылығы сол – фейк адамның эмоциясына тез әсер етеді. «Шұғыл!», «Мынаны халықтан жасырып отыр!», «Тез таратыңыз!», «БАҚ мұны көрсетпейді!», «Нағыз шындық осы!» деген тіркестер бекер қолданылмайды. Мұндай сөздер адамды ойланудан бұрын әрекет етуге итермелейді. Сөйтіп, адам ақпаратты түпкілікті оқып үлгерместен «Бөлісу» батырмасын басады. Міне, осы жерде әлеуметтік желінің өз алгоритмі де іске қосыла кетеді. Қатты эмоция туғызған жазбаға пікір көп жазылады, ол көп бөлісіледі, демек платформа оны ауқымды кеңістікке алып шығып, тағы да көбірек адамға көрсетеді. Нәтижесінде ақпараттың ақиқаттығы емес, таралымдылығы алдыңғы орынға шығып кете береді.
Ал қайғылы оқиғалар кезінде оның салдары бірнеше есе ауыр болатынын ешқайсымыз да қаперге алғымыз жоқ. Кез келген оқиғаның ар жағында жапа шеккендердің, қаза тапқан адамдардың ата-анасы, туған-туыстары, жары, балалары, бауырлары отырады. Мұндай алмағайып сәттерде жалған ақпарат таратуды медиасауатсыздық дей салуға да болмайды, біле білсек, бұл адам тағдырына жауапкершілікпен қараудың мәселесі!
Жалғаншының көздегені не?
Жалған ақпарат таратуға бейілділердің барлығының да мақсаты бірдей деп айту дұрыс болмас. Біреу шынымен де жаңылысады. Екінші біреу ақпаратты екшеп-тексерудің жолы мен жөн-жосығын дұрыс білмейді. Енді біреу жаңалық-ақпарды елден бұрын жеткізгісі келеді. Тағы біреу өз парақшасына қаралым мен жазылушы жинауға жанталасып ұмтылады.
Өкініштісі сол, кейбір жағдайда жалған немесе манипуляциялық ақпарат аудиторияның ашу-ызасын күшейтуге, мемлекеттік институттарға сенімсіздік туғызуға, белгілі бір көзқарасты таңуға немесе алаяқтық мақсатқа пайдаланылуы әбден мүмкін. Сайып келгенде, әрбір күмәнді ақпараттың артынан міндетті түрде «құпия күш» іздеудің еш қажеті жоқ. Бірақ оның кімге және не үшін пайдалы екенін сұрау – медиасауаттылықтың маңызды қағидасы.
«Бәрі жіберіп жатыр!»
Біздің тағы бір осал тұсымыз бар. WhatsApp платформасы арқылы қайсыбір туысымыз ақпарат жіберсе, соған қалпетімен сенеміз. Белгілі блогер айтса, оған да сенеміз. Мыңдаған адам бөліссе, онда мәселе рас шығар деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде ақпараттың сенімділігін оның қанша мәрте бөлісілгені анықтамайды. Кез келген ақпараттың құнын оның ресми дереккөзі ғана анықтайды.
Миллион рет таратылса да, өтірік – бәрібір өтірік. Ал ресми құжат – түпкілікті әрі шынайы ресми дерек. Біздің қоғам кез келген жаңалық, оқиға, ақпарат туралы сөз қозғалғанда «Кім айтты?» дегеннен бұрын «Дереккөзі қайда?» деп сұрап үйренуі, сол бойынша анық-қанығын айқындауы керек-ау. Міне, бізге нақты осыны қалыптастыру маңызды болып отыр.
Мына бір мәселенің де ара-жігін ажыратып алу маңызды: «Ресми ақпаратқа сүйену керек» деген ұстаным мемлекеттік органдарға ешқандай сұрақ қоймау керек дегенді білдірмейді. Керісінше. Журналист те, қоғам да: «Неліктен мұндай жағдай болды? Қауіпсіздік талаптары сақталды ма? Кім жауапты? Техника мен жеке құрам тиісті деңгейде қамтамасыз етілді ме? Мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін не өзгереді?» деген сұрақтарды қоюға толық құқылы. Бірақ сұрақ қою мен дәлелсіз айып тағудың арасы екі бөлек. Осыны естен шығармасақ керек. Жалпы, журналистиканың міндеті ресми мәліметті жай көшіріп жариялау емес, оны басқа сенімді деректермен салыстыру, мамандарға сұрақ қою, қайшылық болса көрсету, тергеу нәтижесін бақылау. Яғни ежелден қалыптасқан дұрыс қағида мынау ғой: ресми дерек – тәуелсіз тексеру – кәсіби сараптама.
Оқиға нені көрсетіп, неге түрткі болды?
Аса ауыр оқиға күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау және марқұмдардың отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Президенттің 24 қыркүйектегі №334 өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Ал 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Оның орнына бұған дейін Қарулы Күштердің Арнайы операциялар күштерін басқарған генерал-майор Айдос Мырзахметов тағайындалды.
Кеше Президент қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізіп, Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды. Президент жаңа Қорғаныс министріне әскери басқару жүйесін жетілдіру, жеке құрамның қауіпсіздігін күшейту және қордаланған мәселелерді шешуге қатысты міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысы бұл кеңесте Маңғыстаудағы оқиғаға қатысты өзінің бағасын да жариялады. Президент офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі мәселесін көтеріп, оқу-жаттығудың не себепті жоспарланғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сәйкес болғанын тексеруді талап етті. Сонымен бірге Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Қорғаныс министрлігіне он күн ішінде әскерді реформалау жөніндегі арнайы жоспар әзірлеу тапсырылды. Жоспарда бюджет қаражатын тиімді пайдалану, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып Қарулы Күштерді жаңарту, кадрларды ашық критерийлермен іріктеу, әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігін басымдыққа қою сияқты бағыттар қамтылатыны айтылды. Демек, мәселе бір қайғылы оқиғаның себептерін анықтаумен ғана шектелмей, армиядағы жүйелік өзгерістер мәселесіне ұласып отыр.
Жасанды интеллект және ақпараттық кеңістік
Рас, бұрындары «ооо, фотосы бар екен», «еее, видеосын көрдім» деген сөз ақпараттың растығына едәуір салмақ беріп, кәдімгідей сендіретін-ді. Қазір жағдай тіптен өзгерді. Жасанды интеллект кез келген адамның дауысын нақты ұқсатып шығара алады, айнытпай дыбыстап береді. Кез келген бет-бейнені өзге видеоға нанымды етіп орналастырып, кіріктіріп жібереді. Еешқашан һәм еш жерде болмаған оқиғаның фотосын оңай-ақ жасап береді. Шынайы кадрды өзгертіп, оған мүлде басқа мағына енгізеді, түрлендіреді. Бір кем дүниесі сол, қайсысы нақты, қайсысы жалған һәм жасанды екенін ажырату қиындау болады. Оның үстіне әр күмәнді фото мен видеоны ЖИ жасаған деп қабылдау да қате түсінік. Сонда қайтпек керек?
Мысалы, Маңғыстау оқиғасына еш қатысы жоқ тікұшақ видеосы жалған ақпарат жасау үшін міндетті түрде күрделі жасанды интеллект қажет еместігін көрсетеді. Кейде бұрынғы шынайы видеоны алып, астына жалған түсініктеме жазудың өзі жеткілікті. Сондықтан бүгінгі медиасауаттың басты сұрағы: «Бұл шын фото ма?» емес, «Бұл фото дәл осы оқиғаға қатысты ма?» деген болуы керек-ау.
Ал ең бастысы – желі біткенді жағаламай, кез келген мәселе бойынша тек ресми ақпарат көздеріне ғана жүгінуді әдетке айналдыру!
Ақпаратты тексерудің «5 қадам» ережесі
Әр қателік, әр бұрыс қадам, әр бұрыс түсінік – болашақтың сабағы. Еегер әлеуметтік желіден қандайда бір төтенше жағдай, апат, адам өлімі, соғыс, табиғи апат немесе мемлекеттік маңызды шешім туралы ақпарат көрсеңіз, оны бірден таратуға ұмтылудың қажеті жоқ.
Бірінші қадам – ТОҚТА. Өзіңді артық әрі жалған түсініктен теже. Эмоцияға беріліп «бөлісу» батырмасын баспаңыз.
Екінші қадам – ДЕРЕККӨЗДІ ТЕКСЕР. Ақпаратты кім жариялады? Қорғаныс министрлігі ме? Төтенше жағдайлар министрлігі ме? Полиция ма? Әкімдік пе? Ақорда ма? Әлде аты-жөні белгісіз Telegram арнасы ма?
Үшінші қадам – УАҚЫТЫН ТЕКСЕР. Видео қашан түсірілді? Бүгін бе, былтыр ма? Әлде бес жыл бұрын ба? Міне, осы қадамның маңызы аса зор. Өкінішке қарай, ескі видеоны жаңа оқиға ретінде тарату – қазіргі фейктің ең кең тараған түрлерінің бірі.
Төртінші қадам – КЕМІ ЕКІ СЕНІМДІ ДЕРЕКПЕН САЛЫСТЫР. Есіңізде болсын, кез келген мәселеге көз жеткізу, түсінік алу үшін бір ғана парақшаның мәлімет-ақпарына сүйенбеңіз. Бұл ретте ресми органның хабарламасын, беделді ақпарат агенттіктерін және фактчекинг ресурстарын салыстырыңыз.
Бесінші қадам – КҮМӘН БОЛСА, ТАРАТПА. Сіздің талғамыңыздың деңгейі де осыдан айқын байқалады. Бұл қағиданы мықтап ұстансаңыз, мыңдаған фейктің жолын кесер еді.
Маңыздысы – бірінші болу емес, дұрыс болу!
Бұл енді журналистерге, блогерлерге, Telegram арна әкімшілеріне және аудиториясы үлкен әлеуметтік желі қолданушыларына қатысты қағида дер едім. Ақпараттық бәсекеде бәріміз бірінші болуға, жаңалықты жұрттан бұрын жеткізуге асығамыз, рас. Бірақ адам өлімі болған жерде секунд қуудың ешқандай қажеті жоқ деп ойлаймын. Мұндайда асығып, бәсекеге түсудің өзі де артықтау. Жаңалықты бес минут кеш жариялағаннан қоғам ұтылмайды. Ал тексерілмеген мәліметті бес минут ерте таратып, қаза тапқан адамның отбасына, туған-туыстарына, жалпы қоғамға жалған хабар жеткізу – орны толмайтын моральдық зардап әкелуі мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайда журналистиканың басты өлшемі: ЖЫЛДАМДЫҚ ЕМЕС – ДӘЛДІК. Мұны жауапкершілік жүгінін ауқымын түсінетін әр журналист-әріптесім жақсы білуге тиіс.
Мемлекеттік органдар нендей сабақ алды?
Жалған ақпаратпен күрестің барлық жауапкершілігін қарапайым азаматтарға артып қою, әрине, әділетсіз. Жалпы, фейк дегенің көбіне көп ақпараттық вакуумда жақсы өседі. Егер ресми ақпарат кешіксе, түсініксіз болса немесе бірнеше ведомство бір-біріне қайшы мәлімет берсе, біріне бірі сілтейтін болса, онда бос кеңістікті әлеуметтік желідегі жорамал мен болжам толтырады. Сондықтан төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдар ақпаратты барынша жедел беруге; бір орталықтан үйлестіруге; нақты уақытын көрсетуге; расталған және әлі расталмаған мәліметті ажыратуға; бұрынғы ақпарат өзгерсе, оны ашық түсіндіруге; журналистердің сұрақтарына жүйелі жауап беруге тиіс. Бұл жаңалық емес, солай болып та жүр. Бірақ кейде соқпақтан шығып кетіп жатады. Қысқасы, фейкпен күрестің ең тиімді жолы сол – ақпараттық вакуумды тыйым емес, сапалы әрі жедел ақпарат толтыруы керек.
«Жеткізуші» һәм «Тұтынушы»
Рас, соңғы кездері әлеуметтік желілер кеңістігінде шындықпен «шатағы шамалы», нақтылықтан ауылы алыс, фактіні бұра тартқан ақпарат анағұрлым артты. Істерге іс, ұрынарға қара таппай, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп ұсынатын жылпостар көбейді. Талғамы таяз, сараптауға сауаты, салмақтауға санасы, өңдеуге өресі жетпейтін аңғал жұртты иіріміне иліктіріп, бәлду-бұлдырға иландырып тастайтын ақпарат борап тұр.
Желідегі желіккен, есінеп отырып еріккен, оның үстіне аз білетін кісіге не айтып, не жазып, не көрсетіп берсең де маржан бола беретінін кейбір «қызық» қуғандар жақсы пайдаланып жүр. Манипуляция дегенің тіптен дәуірлеп кетті.
Жалпы, ақпаратты Жеткізуші (поставщик) және Тұтынушы (потребитель) деген ұғым бар. Тірлігімізге ғаламтор еніп, әлеуметтік желілер салтанат құрғалы бері Ақпаратты Жеткізуші мен Тұтынушы мидай араласып, біте қайнасып, оның соңы құнсыз қойыртпаққа тойдыруда.
Ақпаратты жеткізу кәсіби мамандардың еншісіндегі шаруа еді ғой. Тұтынушы соларға ғана жүгінетін-ді. Қазіргі қойыртпақ сол – тұтынушы да жөні мен жосығы келсін-келмесін, әйтеуір ақпарат таратамын деп арамтер болып, білек сыбанып, өлермендікке салынып кетті. Сайып келгенде, бүгінгінің талабы – көл-көсір ақпарды талғамай жұта беруді тоқтатып, ақпаратты екшеп, салмақтап қабылдауға үйрену. Айқайлаған тақырыбы болғанымен, айтары жоқ, айдалаға лаққан, бұл қоғамға түк опа бермес, адастыру мен шатыстыруды мұрат еткен дүниелерге абайлап қарау қажеттігі туындап отыр.
Дәл қазіргі қазақ қоғамының әр тәулігі желіге телмірумен, соған ғана тәуелділікпен өтіп жатыр. Таңның атысы, кештің батысы интернет ақтарып, желі біткеннің қоясын қопарып, сөз аңдумен, өсек пен төсек мәселесін қуумен, лайк басып, пікір жазып, дүмбілез дүниені оңды-солды таратып-бөлісумен уақыт өткіземіз. Кейде желіден минут сайын жылтыңдаған қайсыбіреулерге қарап, «осылар күнделікті, міндетті жұмысын істей ме екен өзі, әлде күнұзын желіге желімделгендей уақыт өткізіп қана қайта ма екен» деп ойлайсың.
Интернеттің иіріміне ене қалсаң, оны-мұны желіде отырып алып, бірімен-бірі айтысып-қырқысқан, егесіп-жұлқысқан, шаптанып-шарпысқан қазақты көресің. Жүрегің айниды, рас! Әлеуметтік платформалардағы өзара агрессия мен жұлысып-жауласқан жұрт бетпе-бет кездесе қалса, бірін-бірі талайтындай болып, зәреңді алады.
Әлбетте, әлеуметтік желілерде тұтас қоғамды, соның ішінде азаматтық-рухани азыққа аса зәру өскелең ұрпақты тәрбиелейтін, жүрекке рух, көкірекке құндылық дарытар жазбалар, тәлім һәм тағылым таратар түрлі мазмұндағы дүниелер жоқ емес. Бірақ аз. Оң дерлік мұндай материалдардың қаралымы мен оқылымы да маңдымайды. Қала берді, өмірлік рухани азық, тәрбие болатын материалдарға үңіліп, тұшынудың орнына, итше абалап, шаптанып шығып, лаққан-қыртқан пікір қазып қалдыратын, жұрттың арасында дау-дамайды ушықтыра түсетін әумесерлердің қатары да қалыңдап кетті.
Бұрын ақпарат тарататындар негізінен газет, радио мен телевизия еді. Қазір смартфоны бар әр адам – шағын ақпарат құралы. Бір адамның WhatsApp-тағы «пересылкасы» бірнеше минутта жүздеген адамға жетеді. Сондықтан ақпараттық жауапкершілік журналистің ғана кәсіби міндеті емес. Ол – әр азаматтың міндеті. «Мен тек біреуден келгенді жібердім» деген сөз жауапкершілікті жоймайды. Сіз бөліскен ақпараттан кейін бір отбасы үрейленуі мүмкін. Бір адамның ар-намысына нұқсан келуі мүмкін. Қоғамда дүрбелең тууы мүмкін. Алаяқтар пайда табуы мүмкін. Сондықтан ақпаратты бөліспес бұрын бірнеше секунд ойланып алу – цифрлық қоғамдағы азаматтық мәдениеттің бір бөлігі.
«Ақпараттық иммунитет» керек!
Маңғыстаудағы қайғылы жағдай бір ғана әскери немесе қауіпсіздік мәселесін емес, қоғамның ақпарат тұтыну мәдениетін де алдымызға шығарды. Қараңызшы, біз балаларға жолдан қалай өту керегін үйретеміз. Бейтаныс адамға есік ашпау керегін айтамыз. Банк картасының құпиясөзін ешкімге бермеуді ескертеміз. Енді дәл сондай деңгейде: «Интернеттен көргеннің бәріне сенбе» деген қағиданы да үйрететін уақыт келді.
Медиасауат мектеп бағдарламасының шетінде тұрған қосымша тақырып емес, қазіргі адамның қауіпсіздік дағдысына айналуы керек. Өйткені жасанды интеллект дамыған сайын жалған ақпарат нашарламайды. Керісінше, сапасы артады. Жалған дауыс табиғиға жақындайды. Жалған видео шынайырақ болады. Жалған фотоны көзбен ажырату қиындай береді. Сонда адамның ең мықты қорғанысы технология емес, сыни ойлау қабілеті болмақ.
Маңғыстаудағы қайғылы оқиға – ең алдымен адам қазасы. Оны сенсацияға, қаралым жинайтын контентке немесе дәлелсіз болжамдардың алаңына айналдыруға болмайды. Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына құрмет те осыдан басталады. Тексерілмеген мәліметті таратпау – кішкентай әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде оның қоғамдық маңызы үлкен. Өйткені ақпараттық қауіпсіздік тек мемлекеттің міндеті емес. Ол – журналистің де, блогердің де, мұғалімнің де, ата-ананың да, әлеуметтік желідегі қарапайым қолданушының да жауапкершілігі.
Бәлкім, бүгіннен бастап әрқайсымыз өзімізге бір ғана қарапайым ереже енгізуіміз керек шығар: ОҚЫДЫМ – БІРДЕН СЕНБЕЙМІН. КӨРДІМ – БІРДЕН ТАРАТПАЙМЫН.
ТЕКСЕРЕМІН – СОДАН КЕЙІН ҒАНА БӨЛІСЕМІН.
Ақпарат көбейген сайын шындық көбеймейді. Шындыққа жету үшін енді адамның өзі ізденуі керек. Ал жасанды интеллект дәуіріндегі ең бағалы қабілет – ақпаратты көп білу емес, ақиқат пен жалғанның арасын ажырата білу.
Асыл ӘБІШЕВ.
