Біраз жыл бұрын жасанды интеллект болашақтың технологиясы деп, оған онша-мұнша мән-маңыз бере қоймайтын едік. Не өзгерді? Өзгергені сол – ЖИ дәл қазір еңбек нарығын, білімді, ғылымды, медицинаны, өндірісті, ақпарат кеңістігін өзгертіп жатқан нақты күшке айналды. Түбінде жасанды интеллект адам мүмкіндігін еселейтін құрал болып қала ма, әлде бір күні адам бақылауынан шығып кететін жүйе ретінде қалыптасады ма? Соңғы уақытта әлемдегі ең ықпалды  компаниялар басшыларының өздері ЖИ-дің даму қарқынына сақтықпен қарауға шақыра бастауы бұл жоғарыдағы сауалдарды бұрынғыдан да өзекті етіп отыр.

Шыны керек, осыдан бірнеше жыл бұрын жасанды интеллект туралы әңгіме көбіне «ол адамның жұмысын тартып ала ма?» деген сауал төңірегінде өрбитін. Қазір мәселе әлдеқайда күрделі деңгейге жетті. Осы күні ЖИ тек мәтін жазып, сурет жасап, бағдарламалық код құрып қана отырған жоқ. Агенттік жүйелер бірнеше кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындай алады, ғылыми зерттеулерге қатысады және ЖИ-діңғ жаңа буын жүйелерін әзірлеуге көмектесе бастады.

Стэнфорд университетінің биылғы жылғы AI индекс жөніндегі есебінде генеративті ЖИ-дің соңғы үш жылдағы қолданыс деңгейі шамамен 53 пайызға жеткені көрсетілген. Сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы ЖИ-ді тұрақты қолданатынын айтаған. Ал сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы генеративті ЖИ-ді кемінде бір бизнес функциясына енгізген.

Демек, біз технологияның пайда болуын емес, оның қоғамға жаппай енуінің салдарын талқылайтын кезеңге келіп жеттік.

Алдағы жылдардағы ең үлкен өзгерістердің бірі еңбек нарығында болуы ықтимал. Мұны барлық сарапшылар алға тартады. «ЖИ миллиондаған адамды бір күнде жұмыссыз қалдырады» деген қарапайым болжам да жиі айтылады. Бірақ мұндай болжамдар ЖИ болашағының нақты әрі толық болмысын ашып көрсете алмайды әзірше.

Халықаралық еңбек ұйымы 2025 жылы жүргізген зерттеуге сүйенсек, әлемдегі әр төртінші қызметкердің мамандығы белгілі бір деңгейде генеративті ЖИ ықпалына ұшырайды. Десек те, көп ретте жоғалатын мамандықтың өзі емес, оның тікелей міндеттері өзгерістерге түсетінін ұғуымыз керек.

Қазіргі күні ЖИ-дің енуімен бірге жұртшылық өзгерістің алғашқы белгілерімен де бетпе-бет келуде. Мысалы, Стэнфорд университетінің AI индекс дерегінде ЖИ-мен тікелей байланысты мамандықтаржа жаңа жүйелер салтанат құра бастаған. Бұл еңбек нарығына енді қосылған жастарға бас қайғы юолыр отырса керек. Соның салдарынан АҚШ-та 22–25 жастағы бағдарлама жасаушылардың жұмыспен қамтылуы 2024 жылдан бері 20 пайызға төмендеген. Тіпті, зерттеуге тартылған ұйымдардың үштен бірі алдағы жылы ЖИ есебінен жұмыс күшін қысқартуды көздейтінін айтқан. Бұл үрдіс біртін-біртін жылжуда. Ал жалпы экономикалық кеңістікте жаппай жұмыссыздық әзірге тіркелген жоқ. Осыған қарап, болашақтағы басты бәсеке «адам немесе машина» арасында ғана болмауы мүмкін деген ой туады. Бәсеке тек ЖИ-ді жеріне жеткізе меңгерген адам мен ЖИ-ді меңгермеген адамның арасында өрістеуі мүмкін.

Мысалы, ақпараттық кеңістікте қызмет ететін бір журналист ЖИ-ден қауіп-қатер көреді. Ал екінші журналист оны үлкен көлемдегі құжаттарды талдауға, сұхбатқа дайындалуға, деректер арасындағы байланысты іздеуге пайдаланады.

Енді бір мұғалім технологияны оқушының орнына тапсырма орындайтын құрал ретінде қабылдайды. Екіншісі оны әр баланың деңгейіне сәйкес оқу материалын әзірлейтін көмекшіге айналдырады.

Дәрігер, инженер, заңгер, агроном, дизайнер үшін де мәселе осындай.

Бұл процесс дәл қазір жүріп жатыр. Мысалы, осы күні әлеуметтік желілерде мектептердің білім беруіне қатысты ЖИ-мен жасалған мақсат-міндеттер, көрнекіліктер, сабақ әдіс-тәсілдерінің дайын нұқалары көбейіп те кетті.

Адамның артықшылығы енді ақпаратты есте сақтау көлемімен ғана өлшенбейді. Мәселені дұрыс қоя білу, сыни ойлау, деректі тексеру, контексті түсіну, моральдық жауапкершілік және адамдармен қарым-қатынас жасау әлдеқайда құнды қабілетке айналуы мүмкін.

Anthropic компаниясы осы аптада жариялаған деректерінде өзінің Claude жүйесі компания ішіндегі ЖИ зерттеулері мен әзірлемелерінің едәуір бөлігіне қатысып отырғанын хабарлады. 2026 жылғы тамыздағы өлшем бойынша Claude Anthropic-тегі ЖИ зерттеу жұмыстарының 26 пайызында жетекші деңгейде жұмыс атқарған, ал «адаммен бірлесіп жұмыс істейтін» немесе одан жоғары деңгейдегі үлесі 90 пайыздан асқан.

ЖИ-дің жаңа модельдері мен мүмкіндіктері күн санап артып келеді десек те болады. Жасанды интеллект уақыт өткен сайын өзінің неғұрлым қуатты жүйесін жасауға тікелей өзі араласуда.

Бұған дейін адам ЖИ-дің алғашқы буынын жасап шығаруға бір жыл жұмсайтын-ды. Енді ЖИ-дің өзі адам жасайтын сол жұмысты бірнеше айға қысқартса ше? Келесі модель одан да мықты болып, келесі буынды одан әрі тез жасаса ше?

Міне, осы цикл үздіксіз әрі жедел қалыпқа енетін болса, жетілген технологиялық прогресс адамның түсінігінен, бағалауы және реттеу қабілетінен озып кетуі әбден мүмкін. Адамзатқа күрделі қиындықтар әкелуі мүмкін дәл осы жағдай.

Мұны осы салада жүрген зерттеуші мамандар жиі ескертіп келеді. Бұл сценарийдің нақты қашан немесе қандай деңгейде жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Әйтеуір тәуекел дерлік болжам көп.

 Нақ осы мәселені ең өткір көтеріп жүргендердің бірі – Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеи. Ол жуырда ғана барлық әріптестеріне үн қатып, алдыңғы қатарлы ЖИ жүйелерін әзірлеудің қарқынын дұрыс әрі ұтымды басқаруға шақырды. Бұл ретте Амодеи тиімді дерлік үш бағытты ұсынды. Олар – ЖИ компанияларына тәуелсіз сарапшылардың еркін әрі жан-жақтылы қолжетімділігін қамтамасыз ету, алдыңғы қатарлы зертханалардың қауіпсіздік мәселелері бойынша үйлесімді әрекет етуі және халықаралық ынтымақтастықты мейлінше күшейту.

Тіпті Anthropic компаниясы ашықтық танытып, өз жүйелерін тәуелсіз үшінші тарап бағалаушыларына қолжетімді ету және олардың қауіпсіздік шараларын тексеруіне мүмкіндік беру жоспарын да жариялады. Мұндағы түйін – ЖИ компаниясы өзін-өзі ғана тексермеуі керек деген қағида.

Мысалы, ұшақ өндіруші компания өз ұшағының қауіпсіз екенін өзі ғана шешпейтіні сияқты, аса қуатты ЖИ жасаушы да оның қоғам үшін қауіпсіздігін жалғыз өзі бағаламауы керек деген көзқарас пен ұстаным күшейіп келеді.

Әлемдік алпауыт OpenAI⁠ басшысы Сэм Альтманның соңғы мәлімдемелері де ерекше назар аудартады. Осы айдың басындағы сұхбатында ол келесі буындағы модельдердің мүмкіндіктері айтарлықтай күшейетінін айтып, қазіргі кезеңді жауапкершілік жүгі ауырлайтын уақыт ретінде сипаттады. Оның айтуынша, ЖИ-дің кейінгі модельдері қабілеттілік бойынша адам деңгейінен әлдеқайда асып барады және индустрия бұрын кездеспеген жағдайда жұмыс істеп жатыр.

OpenAI-дың қазіргі ресми ұстанымында аса қуатты ЖИ адамзатқа пайда әкелуі үшін оны басқару мәселесінде қоғамның хабардар болуы және демократиялық талқылау маңызды екені айтылған. Компания қауіптер, инциденттер және қорғаныс шаралары туралы ашықтықты арттыру қажет деп есептейді. Соңғы апталарда OpenAI міндетті ұлттық қауіпсіздік талаптарын және тәуелсіз қауіпсіздік бағалауларын қолдайтынын да мәлімдеді. Бұл маңызды өзгерістер күтіп тұрғанын айғақтайды. ЖИ индустриясының алдыңғы шебіндегі компаниялардың өздері енді «технологияны барынша жылдам жасау» мәселесімен қатар «оны қаншалықты жылдам әрі қауіпсіз шығаруға болады?» деген сұрақты өкптеп көтеріп отыр.

 Илон Маск ЖИ тәуекелдерін жаңа айтып жүрген жоқ. Ол 2023 жылы аса қуатты жүйелерді әзірлеуді уақытша тоқтатып, қауіпсіздік тетіктерін қалыптастыруға шақырған ашық хатты қолдағандардың қатарында болды. Ал 2026 жылғы қыркүйекте Дарио Амодеидің даму қарқынын тежеу туралы үндеуін қолдап, оның алаңдаушылығымен келісетінін де білдірді.

Сонымен бірге Масктың өзі алдыңғы қатарлы компаниясы арқылы ЖИ модельдерін белсенді дамытып келеді. Оның кәсіпорны мемлекеттік секторда ЖИ-ді кеңінен енгізу тиімді болуы үшін қызметкерлерді жаңа құралдармен жұмыс істеуге үйрету қажеттігін атап көрсетеді.

Осы күнгі бір кем дүние не десеңіз ол мынау: технологиялық өндіріс салсындағы алпауыт компаниялар бұл жолдағы өзара бәсеке һәм жарысты тоқтата алмайды. Бірақ жарыстың бақылаусыз жүруінен де, өнімдерінің адам ырқынан шығып кетуінен де қауіптенеді.

Өткенде осы сұрақты маған бір замандасым қойды. Бұл сұраққа не дерімді білмей, тосылып қалдым, рас. Әрине, технология жасудың бел ортасында жүрмегендіктен ештеңе дей алмаймыз. Тек сарапшылардың пікіріне жүгінеміз. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ-ді бір мемлекеттің басқаруы деген іс жүзінде өте қиын мәселе!

Өйткені ЖИ модельдері бір мемлекетте жасалып, екінші елдің дата-орталығында есептеліп, үшінші мемлекеттегі миллиондаған адамға қызмет көрсете алады. Бұл бағытта әр мемлекеттің өз ұлттық заңдары қажет болғанымен, олар әлемдік тұрғыда жаппай басқаруға жеткіліксіз болуы мүмкін.

Аса қуатты әрі жалпы мақсаттағы ЖИ жүйелерінің кейбір тәуекелдері қазірдің өзінде байқалып отырғанын әлемдік сарапшылар мойындайды. Тіпті кейбір ықтимал қауіптердің салдары ауыр болуы да мүмкін екенін ескертеді.

Қауіпсіздік саласында қорғаныс амал-тәсілдерін ойластырудың маңызы зор екені осыдан-ақ белгілі.  Бірақ қазіргі қорғаныс әдістерінің ешқайсысы абсолютті кепілдік бермейтінін де сарапшылар алға тартады.

Осы себепті болашақ халықаралық басқарудың ықтимал жүйесінде кем дегенде тәуелсіз тестілеу, қауіпті мүмкіндіктерді ортақ өлшеммен бағалау, инциденттер туралы міндетті хабарлау, есептеу қуаты мен аса қуатты модельдерді бақылау, киберқауіпсіздік және мемлекетаралық келісімдер маңызды болуы мүмкін.

Әлбетте, қорғаныс амалдары мен шараларының мақсаты ЖИ-ді тоқтату емес. Басқару тетігін реттеу һәм үйлестіру. Тәуекел туралы айту технологияның пайдасын жоққа шығармайды.

Керісінше, ЖИ медицинада жаңа дәрілерді іздеуді, ғылымдағы есептеулерді, инженерлік жобалауды, білім берудегі жеке оқыту жүйелерін, өндірісті автоматтандыруды және мемлекеттік қызметтерді түбегейлі өзгертуі мүмкін.

OpenAI-дың экономикалық саясат жөніндегі материалында алдыңғы қатарлы ЖИ жүйесі аурулардың алдын алу мен емдеуді жеделдету, азық-түлік тапшылығына қарсы технологияларды жетілдіру, климаттық өзгерістерге бейімделу және таза энергетика саласындағы ғылыми жаңалықтарды тездету мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Сонымен бірге компания жұмыс орындарының бір бөлігі жоғалып, бір бөлігі өзгеріп, жаңа кәсіптердің пайда болатынын да мойындайды. Сондықтан мәселе «ЖИ жақсы ма, жаман ба?» деген қарабайыр таңдауда емес. Оны кім, қандай мақсатпен және қандай ережемен қолданады? Міне, әлемді алаңдатқан қазіргі негізгі сұрақ осы.

ЖИ-дің аса қуатты дәуіріне дайындалу – тек ChatGPT-ге дұрыс сұрақ жазуды үйрену емес, әлбетте. Оның мәні тым тереңде жатыр.

Біріншіден, әркімге де ЖИ бойынша терең сауаттылық қажет. Қолданушы адам өзі пайдаланып отырған модельдің не істей алатынын ғана емес, оның неге қателесетінін, «галлюцинацияның» не екенін, деректің қайдан алынғанын тексерудің маңызын түсінуі тиіс.

Екіншіден, сыни ойлау бұрынғыдан да маңызды. ЖИ бірнеше секундта сенімді көрінетін жалған мәтін, сурет, дауыс немесе видео жасай алатын қоғамда «көрдім –  демек бәрі де рас» қағидасы жарамсыз болып қалады. Жалған дүние көбейген кезеңде абайлап, сауаттылықпен назар аударсақ керек.

Үшіншіден, дерекпен жұмыс істеу қабілеті қажет. Ақпаратты табу емес, оның сенімділігін анықтау басты құндылыққа айналады.

Төртіншіден, әр маман өз кәсібіндегі ЖИ құралдарын меңгеруі керек. Мұғалімге – білім берудегі ЖИ, журналистке – ақпарат іздеу мен талдау құралдары, дәрігерге – медициналық жүйелер, инженерге – модельдеу және автоматтандыру платформалары туралы сауаттылық қажет.

Бесіншіден, адамға тән қабілеттерді күшейту керек: шығармашылық, эмпатия, жауапкершілік, көшбасшылық, келіссөз, мәдени контексті түсіну және моральдық шешім қабылдау.

Алтыншыдан, балаларға дайын жауап алуды емес, дұрыс сұрақ қоюды үйрету маңызға ие болуда. Өйткені болашақта ақпарат тапшылығы болмайды. Керісінше, ақпарат шектен тыс көп болады. Сол кезде адамның артықшылығы – ақпаратты жатқа білуде емес, оның ішінен ақиқатты ажыратып, мағына жасап, жауапкершілікпен шешім қабылдай алуында. Біз балаларды осыған бағыттауымыз керек. Ол үшін үлкендер өзіміз осы жағынан сауатты болғанымыз абзал.

Жасанды интеллект адамзат тарихындағы электр энергиясы, интернет немесе өнеркәсіптік революциямен салыстыруға келетін технологиялық бетбұрыс болуы мүмкін. Бірақ оның бір ерекшелігі бар: бұрынғы машиналар адамның физикалық еңбегін алмастырса, ЖИ адамның интеллектуалдық, яғни ақыл-ой қызметінің өзіне кіріп келеді. Сондықтан бұл жолғы өзгеріс тек экономикаға қатысты десек, қателесеміз. Өйткені Жи технологиялары мен жүйелері адамның қоғамдағы орны туралы түсінігімізді де түбегейлі өзгертуі мүмкін.

 Мұғалімнің міндеті қандай, егер оқушының жанында тәулік бойы жеке цифрлық тәлімгер болса?

Бағдарламашы не істейді, егер кодтың басым бөлігін ЖИ жазса?

Ғалымның рөлі қандай болады, егер жаңа гипотезаларды электронды машина өзі ұсына бастаса?

Көпшілікті алаңдатқан бұл сұрақтардың дайын жауабы жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: ЖИ дәуіріне дайындалудың ең нашар жолы – одан қорқып, сырт айналу. Екінші қауіпті жол – оған ойланбастан толық сену. Меніңше, ең дұрыс бағыт осы екеуінің ортасында.

Жасанды интеллектіні адамды алмастыратын «жау» емес, адамның мүмкіндігін арттыратын құрал ету керек. Бірақ мұндай мүмкіндік өздігінен жүзеге аспайды. Ол үшін білім беру жүйесі өзгеруі, еңбек нарығы қайта даярлауға бейімделуі, мемлекеттер жаңа құқықтық тетіктер жасауы, технологиялық компаниялар тәуелсіз бақылауға ашық болуы қажет.

Ең бастысы – адам ЖИ-ді басқару қабілетін жоғалтпауы тиіс. Жоғарыда сөз болған һәм әлемді әбігерге салып отырған негізгі мәселе де осы. ХХІ ғасырдың басты бәсекесі «адам ба, әлде жасанды интеллект пе?» деген сұрақпен шешілмеуі мүмкін. Нағыз мәселе мынау – адамзат өзі жасаған интеллектіні өзінің игілігіне бағыттай ала ма?

Жасанды интеллект дәуірінің тағдырын технологияның қуаты ғана емес, осы сұраққа берілетін жауап айқындайтын болады.

Шаруамыз бітпесін!

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий